Әрқашан ізгілік танытыңдар
“Нұрдағы өмірдің өнімі — нағыз игілік, әділдік, шындық” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:9).
1. Қазіргі уақытта миллиондаған адамдар Забур 30:20-да жазылған сөздерге қосылатынын қалай көрсетуде?
АДАМЗАТ баласы істей алатын ең үлкен жақсылық — Ехобаны дәріптеу. Бүгінде миллиондаған адамдар ізгілігі үшін Құдайды мадақтап, Оны дәріптеуде. Ехобаның шын берілген Куәгерлері ретінде біз Забур жыршысына шын жүректен қосыламыз. Ол былай деп жырлаған еді: “Өзіңнен қорқатындар үшін сақтап отырған игі істерің қаншама көп десеңші!” (Забур 30:20, СА).
2, 3. Егер шәкірт дайындау ісіміз бен жағымды іс-әрекетіміз қатар жүрмесе не болар еді?
2 Ехобаның алдындағы қастерлі қорқынышымыз ізгілігі үшін Оны дәріптеуге талпындырады. Сондай-ақ, бұндай қорқыныш Ехобаны ‘мадақтауға... алғыс айтуға... патшалығының салтанатты даңқын уағыздауға’ талпындырады (Забур 144:10—13). Сол себепті біз Патшалықты уағыздау және шәкірт дайындау ісіне құлшына ат салысудамыз (Матай 24:14; 28:19, 20). Әрине уағыздау ісіміз бен жағымды мінез-құлық, жүріс-тұрысымыз қатар жүруі керек. Олай болмаған жағдайда Ехобаның киелі есіміне кір келтіреміз.
3 Көп адамдар Құдайға құлшылық етемін деп айтады, бірақ олардың іс-әрекеттері Оның рухының жетелеуімен жазылған Сөзінде көрсетілген үлгіге сай келмейді. Жақсылық жасап жүрміз деген сөздеріне сай өмір сүрмейтіндерге қатысты елші Пауыл былай деп жазған болатын: “Сен басқаларды үйретіп жүрсең де, қалайша өз іліміңді өзің ұстанбайсың?! “Ұрлама” дей тұра ұрлағаның не? “Неке адалдығын бұзба” дей тұра оны өзің бұзғаның қалай... сендерге бола Құдайдың атының қорланатындығы туралы алдын ала жазылған” (Римдіктерге 2:21, 22, 24).
4. Игі істеріміздің қандай әсері бар?
4 Ехобаның есіміне кір келтірудің орнына игі істеріміз арқылы оны дәріптеуге тырысамыз. Олай еткеніміз мәсіхшілер қауымына жатпайтын адамдарға жақсы әсер етеді. Алдымен бұл бізге қарсы сөйлейтіндерге тойтарыс беруімізге көмектеседі (1 Петір 2:15). Одан да маңыздырағы біздің жақсы мінез-құлық, жүріс-тұрысымыз адамдарды Ехобаның ұйымына тартып, Оны дәріптеуге және мәңгі өмір сүруге жол ашады (Елшілердің істері 13:48).
5. Біз қазір қандай сұрақтарды қарастыруымыз керек?
5 Кемелсіз болғандықтан, Ехобаны масқаралап, шындықты іздеп жүрген адамдарға кедергі болатын іс-әрекеттен аулақ болу оңай емес. Мұндай істерден қалай аулақ бола алар екенбіз? Іс жүзінде қалай ізгілік танытуымызға болады?
Нұрдағы өмірдің өнімі
6. ‘Түнектегі адамдардың бекер істерінің’ кейбіреулері қандай, ал мәсіхшілерде ненің өнімі анық көрінуі керек?
6 Өмірімізді Құдайға арнаған мәсіхшілер ретінде ‘түнектегі адамдардың бекер істерінен’ аулақ болуымызға көмектесетін нәрсеге иеміз. Олардың арасында жалған сөйлеу, ұрлау, қорлайтын сөз айту, жыныстық қатынас туралы әдепсіз әңгіме, ұятты іс-әрекет, тұрпайы қалжың және маскүнемдік сияқты Құдайды масқаралайтын істер бар (Ефестіктерге 4:25, 28, 31; 5:3, 4, 11, 12, 18). Мұндай істерге араласудың орнына, біз ‘нұрдың адамдары ретінде әрекет етеміз’. Елші Пауыл былай дейді: “Нұрдағы өмірдің өнімі — нағыз игілік, әділдік, шындық” (Ефестіктерге 5:8, 9). Сол себепті нұрда жүріп қана біз ізгілік таныта аламыз. Бірақ бұл жерде қандай нұр туралы айтылып тұр екен?
7. Үнемі ізгіліктің өнімін таныта беру үшін не істеуіміз керек?
7 Кемелсіз болғанымызбен, егер рухани нұрда жүретін болсақ, ізгілік таныта аламыз. “Қадамдарымды сөздерің жарқыратады, өмір жолыма шырақтай нұрын шашады”,— деп жырлаған болатын Забур жыршысы (Забур 118:105). Егер ‘игілікті’ істер арқылы ‘нұрдағы өмірдің өнімін’ әрдайым танытқымыз келсе, Құдай Сөзіндегі, мәсіхшілер әдебиеттерінде мұқият қарастырылатын және мәсіхшілер кездесуінде талқыланатын рухани нұрдың пайдасын үздіксіз көруіміз керек (Лұқа 12:42; Римдіктерге 15:4; Еврейлерге 10:24, 25). Сондай-ақ, ‘дүние үшін Нұр’ болып табылатын және ‘Құдайдың салтанатты ұлылығы жарқырап көрінетін’ Иса Мәсіхтің үлгісі мен тәлімдеріне ерекше көңіл аударуымыз керек (Жохан 8:12; Еврейлерге 1:1—3).
Рухтың жемісі
8. Біз не себепті ізгілік таныта аламыз?
8 Рухани нұрдың ізгілік танытуымызға көмектесіп жатқаны сөзсіз. Сонымен қатар Құдайдың киелі рухы, немесе әсер етуші күші, басшылық етіп отырғандықтан да, біз бұл қасиетті таныта аламыз. Ізгілік ‘киелі рух жетілдіретін игілікті жемістің’ бөлігі болып табылады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Егер Ехобаның киелі рухының басшылығына бағынатын болсақ, игі істерге бай боламыз.
9. Лұқа 11:9—13 тармақтарда жазылған Исаның сөздеріне сай қалай әрекет ете аламыз?
9 Рухтың жемісі болып табылатын ізгілік таныту арқылы Ехобаға жағуды шын жүректен қалағанымыз Исаның сөздеріне сай әрекет етуге талпындыруы керек. Ол былай деген болатын: “Құдайдан сұраңдар, сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда сендерге ашылады! Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, есік қағып тұрғанға ашылады. Араларыңдағы қандай әке балық сұраған баласына жылан берер еді? Не жұмыртқа сұраса, шаян берер ме еді? Сонымен өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білесіңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсіз!” (Лұқа 11:9—13). Ехобаның рухын өтініп дұға етіп, Исаның кеңесін қолданайық, сонда киелі рухтың жемісі болып табылатын ізгілікті әрдайым таныта алатын боламыз.
“Жақсылық істей бер”
10. Мысырдан шығу 34:6, 7 тармақтарда Ехобаның ізгілігінің қандай жақтары айтылған?
10 Құдай Сөзіндегі рухани нұрдың және Құдайдың киелі рухының көмегімен біз ‘жақсылық істей береміз’ (Римдіктерге 13:3). Киелі кітапты үнемі зерттеу арқылы Ехобаның ізгілігіне қалай еліктей алатынымызды білген үстіне біле түсеміз. Осының алдындағы мақалада Мысырдан шығу 34:6, 7-де жазылған Мұсаға жария етілген Құдайдың ізгілігінің түрлі салаларын қарастырдық. Онда былай деп жазылған: “Жаратқан Ие! Жаратқан Ие! Рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, сүйіспеншілігі берік, әрдайым сөзінде тұрады; Ол сүйіспеншілігін мыңдағандарға ұдайы көрсетеді, тіпті Өзіне қарсы шығып әділетсіздік жасап, күнәға батқан адамды да кешіруге дайын. Ал (қасарысқан күнәкарды) жазалаусыз қалдырмайды. Аталарының жасаған әділетсіз істері үшін балалары мен немерелерін, тіпті шөберелері мен шөпшектерін де жазалайды”. Ехобаның ізгілігінің осы жақтарын мұқият қарастырғанымыз, ‘жақсылық істей беруімізге’ көмектеседі.
11. Ехобаның мейірімді де қайырымды екенін білгеніміз бізге қалай әсер етуі керек?
11 Құдайдың бұл сөздері мейірімді де қайырымды болуда Ехобаға еліктеуіміз керек екенін ескертеді. “Мейірімділер бақытты: Құдайдың мейірімі соларға түседі!” — деген болатын Иса (Матай 5:7; Лұқа 6:36). Ехобаның қайырымды екенін түсінгеніміз өзгелермен қарым-қатынасымызда, олардың ішінде біз уағыз айтқан адамдар да бар, бізді де қайырымды да ілтипатты бола білуге талпындырады. Бұлай еткеніміз Пауылдың кеңесіне сай болады. Ол былай деген болатын: “Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенін біліңдер” (Қолостықтарға 4:6).
12. а) Құдай қаһарлануға асықпайтын болғандықтан, біз өзгелерге байланысты қалай әрекет етуіміз керек? ә) Ехобаның рақымдылығы бізді не істеуге талпындырады?
12 Құдай қаһарлануға асықпайтын болғандықтан, ‘жақсылық істей беруге’ деген ниетіміз бауырластарымыздың болмашы кемшіліктеріне шыдамды болып, көңілімізді олардың жақсы қасиеттеріне бұруға талпындырады (Матай 7:5; Жақып 1:19). Ехобаның рақымдылығы, тіпті тым қиын жағдай ларда да, айнымас сүйіспеншілік танытуға талпындырады. Бұлай етудің өте қажет екені күмәнсіз (Нақыл сөздер 19:22).
13. ‘Әрдайым сөзінде тұратын’ Ехобаға еліктеу үшін қалай әрекет етуіміз керек?
13 Көктегі Әкеміз әрдайым сөзінде тұратын немесе “өте шыншыл” [СА], болғандықтан, “Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға” ұмтылып, ‘шындықтың хабарын уағыздаймыз’ (2 Қорынттықтарға 6:3—7). Ехобаның көзінде жиіркенішті жеті қылықтың арасында ‘жалған тіл’ мен ‘өсек айтып, жалған куәлік беру’ бар (Нақыл сөздер 6:16—19). Сол себепті Құдайға ұнағымыз келгендіктен, ‘өтірікті тастап... шындықты айтамыз’ (Ефестіктерге 4:25). Осы маңызды нәрселерге байланысты әрдайым ізгілік танытудан таймайық.
14. Біз неліктен кешірімшіл болуымыз керек?
14 Құдайдың Мұсаға айтқандары бізді кешірімшіл болуға да талпындыруы керек, өйткені Ехоба кешіруге дайын (Матай 6:14, 15). Әрине, Ехоба өкінбейтін күнәкарларды жазалайды. Сол себепті қауымның рухани тазалығын сақтауға байланысты біз ізгілікке қатысты Ол орнатқан үлгіні ұстануымыз керек (Леуіліктер 5:1; 1 Қорынттықтарға 5:11, 12; 1 Тімотеге 5:22).
“Ерекше ден қойыңдар”
15, 16. Пауылдың Ефестіктерге 5:15—19-да жазылған кеңесі әрі қарай да ізгілік таныта беруімізге қалай көмектеседі?
15 Айналамызда қоршаған зұлымдыққа қарамастан, әрі қарай да ізгілік таныту үшін, Құдайдың рухына кенеліп, қадамымызға ден қоюымыз керек. Осыған сәйкес, Пауыл Ефестегі мәсіхшілерді былай деп талпындырды: “Парасатсыз емес, парасатты өмір сүруге ерекше ден қойыңдар: жақсылық жасауға әр мүмкіндікті пайдаланыңдар, себебі қазіргі күндер зұлымдыққа толы. Сондықтан ақымақ болмай, Құдайдың еркін біліп алыңдар. Арақ-шарап ішіп, мас болмаңдар, бұл жүгенсіздікке апарады! Қайта, Киелі Рухқа кенеле беріңдер! Бір-біріңді Забур жырлары, мадақтау өлеңдері және Киелі Рух дарытқан [“рухани”, ЖД] әндер арқылы жігерлендіріп, Иемізді ән-күймен шын жүректен дәріптеңдер” (Ефестіктерге 5:15—19). Осы қиын-қыстау соңғы дәуірде бұл біз үшін өте қажет кеңес екені сөзсіз (2 Тімотеге 3:1).
16 Егер әрі қарай да ізгілік танытқымыз келсе, көктен келген даналыққа мойынсұнатындай қадамымызға ерекше ден қоюымыз керек (Жақып 3:17). Ауыр күнәлардан аулақ болып, киелі рухқа кенеліп, өмірімізде оның басшылық етуіне мүмкіндік беруіміз керек (Ғалаттықтарға 5:19—25). Мәсіхшілердің жиналыстары мен конгресстерінде берілетін рухани тәлімдерді өмірімізде қолдану арқылы әрі қарай да жақсылық істей беруге қабілетті боламыз. Сондай-ақ Пауылдың Ефестіктерге жазған сөздері ғибадат ету үшін бас қосқан кездесулеріміздің басым көпшілігінде шын жүректен “рухани әндер” айтуға мүмкіндігіміздің бар екенін есімізге салады. Ол әндердің көбісінде ізгілік сияқты рухани қасиеттерге көңіл аударылады.
17. Жағдайларына байланысты жиналысқа үнемі келіп тұруға мүмкіндіктері жоқ, сырқаты ауыр бауырластарымыз не нәрсеге сенімді бола алады?
17 Ауыр созылмалы аурумен ауыратын болғандықтан мәсіхшілер кездесуіне үнемі бара алмайтын бауырластарымыз жөнінде не айтуға болады? Әрдайым рухани бауырластарымен бірігіп Ехобаға ғибадат ете алмайтын болғандықтан, олардың ұнжырғасы түсіңкі болуы мүмкін. Алайда олар Ехобаның өздерінің жағдайларын түсінетініне, шындық жолында сақтайтынына, киелі рухын беретініне және жақсы істер жасай берулеріне көмектесетініне сенімді болуларына болады (Ишая 57:15).
18. Әрдайым ізгілік танытуымызға не көмектеседі?
18 Әрдайым ізігілік таныту үшін, кіммен араласатынымызға мұқият болып, “жақсылықты жек көретін” адамдардан аулақ болуымыз керек (2 Тімотеге 3:2—5; 1 Қорынттықтарға 15:33). Осы кеңесті ұстанғанымыз “Құдайдың Киелі Рухын ренжітуден аулақ” болып, оның басшылығына қарсы әрекет етпеуімізге көмектеседі (Ефестіктерге 4:30). Сондай-ақ өмірлерінен ізгілікті жақсы көретіндіктері және Ехобаның киелі рухының жетелеуімен жүретіндіктері көрінетін адамдармен жақын араласқанымыз, игі істер жасауымызға септігін тигізеді (Амос 5:15; Римдіктерге 8:14; Ғалаттықтарға 5:18).
Ізгіліктің нәтижесі жақсы болады
19—21. Ізгілік танытқанның қандай әсері блатынын көрсететін оқиғаларды әңгімелеп беріңдерші.
19 Рухани жарықта жүргеніміз, Құдайдың рухының басшылығына бағынуымыз және қадамымызға ерекше ден қойғанымыз жаман нәрселерден аулақ болып, ‘жақсылық істей беруімізге’ көмектеседі. Ал бұл өз кезегінде жақсы нәтиже береді. Оңтүстік Африкада тұратын Зонгезиле атты Ехоба Куәгерінің басынан өткен оқиғаны қарастырып көрейікші. Бір күні таңертең мектепке келе жатып ол, өзінің жинақ кассасындағы азғана ақшасын тексере кетуді шешеді. Банкомат қателесіп, 42 000 рэндке (6 000 АҚШ доллары) артық соманы есептеп шығарады. Банк күзетшісі және өзгелер де ақшаны алып, өз атына өзге бір банкке салуға кеңес береді. Өзімен бірге тұратын Куәгер ерлі-зайыптылар ғана өзіне ешқандай соманы алмағаны үшін оны мақтайды.
20 Келесі жұмыс күні Зонгезиле банк қызметкерлеріне қателікті хабарлайды. Сонда оның есеп шотының нөмірі, қателесіп өз ақшаларын дұрыс салмаған дәулетті бизнесменнің нөміріне ұқсас екендігі анықталады. Зонгезилдің ешқандай ақшасын жаратып жібермегеніне таңқалған бизнесмен одан: “Қай дінді ұстанасың”,— деп сұрайды. Зонгезил өзінің Ехоба Куәгері екенін айтады. Жылы сөздермен мақтау айтқан банк қызметкері оған былай деді: “Барлық адамдардың Ехоба Куәгерлері сияқты шыншыл болғанын қалар едік”. Шынында да шыншылдық пен ізгілік өзгелердің Ехобаны дәріптеуіне себеп болады (Еврейлерге 13:18).
21 Жақсы әсері болуы үшін міндетті түрде көрнекті түрде ізгілік көрсету қажет емес. Мысалы, Самао аралдарының бірінде толық уақытты уағыздаушы ретінде қызмет атқаратын бір жас Куәгердің жергілікті ауруханаға баруы керек болады. Дәрігерге көріну үшін адамдар кезек күтіп тұрады, сол уақытта Куәгер өзінен кейін тұрған егделеу келген әйелдің қатты ауырып тұрғанын байқайды. Сөйтіп өзінің орнына оны жіберіп, ертерек дәрігерлік көмек алуының қамын жасайды. Тағы бір жолы Куәгер ол кісіні дүкенде жолықтырады. Ол кісі Куәгерді және оның ауруханадағы игілікті ісін еске алып, былай дейді: “Енді мен Ехоба Куәгерлерінің шын мәнінде жақындарын жақсы көретінін білемін”. Бұған дейін ол кісі Патшалық туралы хабарға құлақ аспаған болса, енді Куәгер көрсеткен ізгіліктен жақсы нәтиже шықты. Ол үй жағдайында Киелі кітапты зерттеу жайлы ұсынысты қабыл алып, Құдай Сөзінен білім ала бастады.
22. ‘Жақсылық істей берудің’ аса бір керемет жолы қандай?
22 Әрине, сендер ізгілік танытқанның маңызды екендігін көрсететін оқиғаларды айтып бере алатын боларсыңдар. ‘Жақсылық істей берудің’ аса бір керемет жолы, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды тарату ісіне үзбей ат салысу (Матай 24:14). Бұл істің әсіресе шындықты қабылдайтын адамдар үшін жасалып жатқан игі істердің бірі екенін түсініп, осы маңызды істегі құлшынысымызды барлық уақытта сақтағаймыз. Ең маңыздысы біздің қызметіміз бен игі істеріміз ізгіліктің қайнар көзі болып табылатын Ехобаны дәріптейді (Матай 19:16, 17).
Әрі қарай да ‘жақсылық істей беріңдер’
23. Неліктен мәсіхшілер қызметі игі іс болып табылады?
23 Біздің қызметіміздің игілікті іс екені даусыз. Соның нәтижесінде өзімізді де, Киелі кітаптың хабарына құлақ асып, мәңгі өмірге алып баратын жолға түскен адамдарды да құтқара аламыз (Матай 7:13, 14; 1 Тімотеге 4:16). Сол себепті қандай да бір шешім қабылдау керек болғанда, жақсылық істей беруді қалағанымыз өзімізден былай деп сұрауға талпындырса керек: ‘Бұл шешім менің Патшалықты уағыздау ісіме қалай әсер етеді? Мен қарастырып отырған әрекет шын мәнінде пайдалы ма? Ол менің өзгелердің “мәңгілік... Ізгі хабарды” қабыл алып, Ехоба Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болуларына көмектесуіме септігін тигізе ме?’ (Аян 14:6). Патшалық ісіне көбірек қатысуға мүмкіндік беретін шешім қабылдағанымыз шексіз қуанышқа бөлейді (Матай 6:33; Елшілердің істері 20:35).
24, 25. Қауымда игі істер жасаудың кейбір жолдары қандай және әрқашан ізгілік танытатын болсақ, не нәрсеге сенімді бола аламыз?
24 Ізгіліктен жақсы нәтиже шығатынын ешқашан жете бағаламай жүрмейік. Мәсіхшілер қауымын қолдап, оның көркеюіне септігімізді тигізу арқылы әрқашан осы қасиетті танытатын боламыз. Мәсіхшілер жиналысына әрдайым келіп, оған қатысқанымыздың игі іс екені анық. Біздің жиналысқа келгеніміздің өзі бауырластарымызды жігерлендіреді, ал жақсы дайындалған түсініктеріміз оларды рухани нығайта түседі. Материалдық заттарымызды Патшалық Сарайының қажеттіліктеріне жұмсап, оны күтуге көмектескеніміз де игілік жасағанымыз болып табылады (4 Патшалықтар 22:3—7; 2 Қорынттықтарға 9:6, 7). “Сондықтан мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!” (Ғалаттықтарға 6:10).
25 Әрбір ізгілік таныту қажет болатын жағдайдың барлығын атап өту мүмкін емес. Сол себепті қиыншылыққа кезіккен жағдайда Жазбалардан басшылық іздеп, Ехобадан киелі рухын өтініп дұға етелік және Оның ізгі де кемелді ниетін орындау үшін қолымыздан келгеннің барлығын істелік (Римдіктерге 2:9, 10; 12:2). Әрқашан ізгілік танытатын болсақ, Ехобаның молынан батасын төгетініне сенімді болуымызға болады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Біз үшін ең игілікті іс не болып табылады?
• Неліктен ізгілік “нұрдағы өмірдің өнімі” аталады?
• Неліктен ізгілік “рух жетілдіретін игілікті жеміс” аталады?
• Жақсы мінез-құлқымыздың, жүріс-тұрысымыздың қандай әсері бар?
[25-беттегі сурет]
Құдайдың Сөзі мен киелі рухы ізгілік танытуымызға көмектеседі
[26-беттегі суреттер]
Ізгілік танытқанымыз жақсы нәтиже береді