Оқырмандардың сауалдары
Мәсіхшілер жақын туыстардың некелесуіне тыйым салатын Мұсаның заңына қаншалықты бағынулары керек?
Ехобаның Исраил халқына берген Заңында үйлену салтанаты мен салт-жоралары егжей-тегжейлі жазылмаған. Бірақ онда белгілі бір туыстардың некелесуіне болмайтындығы айтылған. Мысалы, Леуіліктер 18:6—20 (СА) тармақтарда “ет жақын” туыстардың қайсысымен некеге тұруға болмайтындығының тізімі бар. Сондай-ақ онда қандай туыстардың жыныстық қатынаста болуына тыйым салынатындығы егжей-тегжейлі түсіндірілген. Әрине, мәсіхшілер Мұсаның заңына бағынышты емес, сол себепті оны орындауға да міндетті емес (Ефестіктерге 2:15; Қолостықтарға 2:14). Сөйткенмен де, бұл дегеніміз мәсіхшілер жар таңдағанда аталмыш мәселеге көңіл бөлмесе де болады дегенді білдірмейді. Бұл мәселеге көңіл қою керектігінің бірнеше себебі бар.
Ең алдымен, жақын туыстардың арасындағы некеге тұру мәселесін ретке келтіретін мемлекеттік заңдар бар және мәсіхшілер, негізінде, өздері тұрып жатқан елдің заңдарына бағынулары керек (Матай 22:21; Римдіктерге 13:1). Әрине, мұндай заңдар әр елде әр түрлі. Қазіргі уақытта мұндай заңдардың көбісінде алдымен генетикалық факторлар есепке алынады. Жақын туыстардың некеге тұруы балаларын генетикалық ақауларға немесе ауруларға анағұрлым бейім ететіндігі белгілі нәрсе. Осындай себептермен, сондай-ақ ‘мемлекеттік билікке’ бағынатын болғандықтан, мәсіхшілер некеге тұруға қатысты жергілікті заңдарға мойынсұнады.
Сонымен қатар қай елде ненің орынды, ненің орынсыз екеніне қатысты сұрақ туады. Кез келген мәдениетте жақын туыстардың некелесуіне қатысты мәселелерді ретке келтіретін ережелер мен әдет-ғұрыптар бар, өйткені жиі мұндай некелер қан араласу ретінде қарастырылып, тыйым салынады. Әр елдің мәдениетіне қарай жақын туыстардың некелесуіне қатысты салынатын тыйым әр түрлі болғанмен, “Британ энциклопедиясында” “жалпы айтқанда, адамдардың генетикалық туыстығы қаншалықты жақын болса, олардың жыныстық қатынаста болуына соншалықты қатты тыйым салынады” деп ескерілген. Сонымен, қан араласу болмаған күнде де, мәсіхшілер жергілікті тұрғындардың әдет-ғұрыптарына немесе сезіміне немқұрайды қарамайды, осылайша олар мәсіхшілер қауымына да, Құдайдың атына да кір келтірмейтін болады (2 Қорынттықтарға 6:3).
Құдай берген ар-ұжданды да ұмытпаған жөн. Барлық адамдар дұрыс пен бұрысты, жаман мен жақсыны айыра білу қабілетімен туылады (Римдіктерге 2:15). Адамның ар-ұжданы жаман қылықтардың әсерінен бүлініп, сезімсіз болып кетпеген болса, оған ненің дұрыс әрі орынды, ал ненің жағымсыз әрі ерсі екенін айтып отырады. Исраил халқына жақын туысымен некеге тұруға болмайтындығына қатысты заң бергенде Ехоба осыған меңзеген болатын. Біз былай деп оқимыз: “Өздерің өмір сүрген Мысыр жерінің тұрғындарындай әрекет етпеңдер, Өзім алып бара жатқан Қанахан елінің тұрғындары жасайтын әрекеттерді де жасамаңдар, олардың заңдарымен де жүрмеңдер” (Леуіліктер 18:3, СА). Мәсіхшілер Киелі кітапқа сәйкес машықталған ар-ұждандарын қорғаштап, оған осы дүниенің жақсылық пен жамандыққа қатысты ой қалпының әсер етуіне жол бермейді (Ефестіктерге 4:17—19).
Бұдан қандай тұжырым жасауға болады? Мәсіхшілер Мұсаның заңына бағынышты болмағанымен, ар-ұжданы оларға мәсіхшілер үшін әкесі мен қызы, анасы мен баласы, ағасы мен қарындасы сияқты жақын туыстардың некеге тұруы мүлдем жат нәрсе екендігін айтадыa. Ал алыс туыстарымен некеге тұруға қатысты, мәсіхшілер заңды неке мәселесін ретке келтіретін жергілікті заңдар мен белгілі ортада және мәдениеттерде қабылданған ережелердің бар екендігін мойындайды. Киелі кітаптағы: ‘Некеге барлығың да құрметпен қараңдар’,— деген бұйрыққа мойынсұну үшін мәсіхшілердің барлығы жоғарыда айтылған нәрселермен санасуы керек (Еврейлерге 13:4).
[Сілтеме]
a Көбірек мәлімет алу үшін “Күзет мұнарасы” журналының 1980 жылғы 1 наурыздағы санының 13, 14-беттеріндегі “Жақын туысымен некеге тұру мәселесіне мәсіхшілер қалай қарайды?” (ор.) мақаласын қараңдар.
Қалайша мәсіхші әйелдің Құдайға адал бола тұра, өз дінінің мейрамдарын тойлайтын күйеуіне мойынсұнуына болады?
Мұндай жағдайда мәсіхші әйелден даналық пен ілтипаттылық талап етіледі. Сонымен қатар оның байсалды көзқараста болғаны абзал. Иса осыған ұқсас мәселеде мынадай кеңес берген: “Патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер” (Матай 22:21). Рас, ол мұнда кейінірек мәсіхшілерге берілген мемлекеттік билігі барларға бағыну міндетіне қатысты айтқан (Римдіктерге 13:1). Сөйткенмен де, Исаның бұл кеңесін әйелдің Құдай алдында жауапты екенін мойындай тұра, Киелі жазбаларда жазылғандай, сенуші болмаса да, күйеуіне бағынуы керектігі жөніндегі міндетіне де қатысты қолдануға болады.
Киелі кітаппен таныс адам онда мәсіхшінің ең алдымен Құдіретті Құдайдың алдында өзінің жауапкершілігін мойындап, қандай жағдайда болсын оған адал болуы керек екеніне ерекше мән берілетіндігін жоққа шығармайды (Елшілердің істері 5:29). Сөйтсе де көп жағдайларда мәсіхші өзі бағынышты Құдайға сенбейтін адамның өтінішін не талабын Құдайдың жоғарғы ережелерін бұзбай-ақ орындауына болады.
Даниял кітабының 3-тарауында біз үшін үлгі боларлықтай мысал жазылған — бұл үш еврей туралы әңгіме. Оларға қожасы Набуходоносор өзгелермен бірге Деир алаңына келуді бұйырады. Онда жалған тәңірлерге табынушылыққа қатысты әрекеттердің болатынын білетін үш еврей, егер мүмкін болса онда бармай қалғысы келген болса керек. Бәлкім, Даниял бармаудың жолын тапқан болар, ал мынау үшеуінде ондай мүмкіндік болмағанb. Сол себепті олар Деир алаңына келулерімен белгілі бір шамада мемлекет басшысына мойынсұнды, бірақ Құдайға ұнамсыз әрекет жасамады, тіпті олай ету ойларына да кіріп шықпады (Даниял 3:1—18).
Сол сияқты қандай да бір мейрамның қарсаңында сенбейтін күйеуі мәсіхші әйелінен, мүмкін болса аулақ болғысы келетін нәрсені істеуді өтінуі немесе талап етуі мүмкін. Мысалы, қандай да бір мейрам күні өзгелермен сол мейрамды тойлау үшін, белгілі бір тағам пісіріп беруді өтінетін болар. Немесе сол күні отбасымен (әйелін қоса алғанда) түгел өзінің туыстарына түскі не кешкі тамаққа баруын немесе жай ғана қонаққа баруын талап етуі мүмкін. Я болмаса, мейрам қарсаңында әйелі дүкенге баратын болса, күйеуі одан өзіне қажетті нәрселерді — мейрамға арнайы дайындалған азық-түлік, қандайда бір заттар немесе сыйлық орайтын қағаз не открыткалар — ала келуін өтінетін шығар.
Мәсіхші әйел жалған тәңірлерге құлшылық етуге қатыспағанмен, күйеуі осындай өтініш жасаса оның не істеуіне болады? Өйткені күйеуі отағасы ғой, сондай-ақ Құдай Сөзінде: “Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар! Иемізбен байланыстағы сендердің осылай істегендерің жөн”,— делінген (Қолостықтарға 3:18). Осындай жағдайда ол күйеуін басшысы ретінде сыйлай тұра, Құдайға да адал болып қала ала ма? Ең алдымен Ехобаға мойынсұна тұра, күйеуін басшысы ретінде қабылдау принципін де бұзбау үшін, ол мұндай жағдайда қалай ілтипатты болып, даналықпен әрекет етуіне болатынын шешіп алуы керек.
Бәлкім, күйеуі әйелінен өзі жақсы көретін немесе әдетте сол мейрамның кезінде жасалатын тағам дайындауды өтінетін болар. Әрине, әйелі күйеуіне сүйіспеншілік танытып, әрі оны отағасы ретінде сыйлауды қалайды. Егер күйеуінің өтініші қандай да бір мейрамға қатысты болса, әйелінің оның өтінішін орындауына бола ма? Кейбір мәсіхші әйелдер мұны жай ғана күйеуінің күнделікті тағамға қатысты өтініші ретінде қабылдап, ар-ұжданының азабына салынбай-ақ дайындай береді. Әрине, мұндай жағдайда күйеуі мейрамды атап өтетін болса да, мәсіхші әйел оның осыған қатысты жасаған өтінішін ерекше мән беріп қабылдамайды. Сонымен қатар қандай да бір айдың не жылдың белгілі бір күні күйеуі әйелінің өзімен бірге туыстарына қонаққа баруын талап етуі мүмкін. Егер бұл мейрам күні болса ше, оның күйеуімен бірге баруына бола ма? Немесе дүкенге бара жатқанда күйеуінің өтініші бойынша, не үшін қолданатынын айырып жатпай-ақ, әкел деген заттарын әкеле салуға даяр ма?
Әрине, мәсіхші әйелдер өз әрекетінің өзгелерге қалай әсер ететіндігін ескереді (Філіпіліктерге 2:4). Үш еврей Деир алаңына бара жатқандарын өзгелердің көргенін қаламаған болар, сол іспетті, мәсіхші әйел де, өзгелердің оны қандай да бір мейрамға қатысады екен деген ойда болғанын қаламайды. Сол себепті ол алдын ала күйеуімен ілтипатты түрде сөйлесіп көруге тырысады. Бәлкім, ол әйелін сүйетін әрі сыйлайтын болғандықтан, оның сезімін ескеріп, мейрамға дайындықты өзі жасайтын болар. Сонымен қатар күйеуі әйелі жалған діннің салт-жораларына қатысудан бас тартқанда өзінің де, әйелінің де ыңғайсыз жағдайда қалмағанын қаласа керек-ті. Иә, алдын ала жайымен әңгімелесетін болса, бұл мәселені тату шешуге болады (Нақыл сөздер 22:3).
Сонымен, адал мәсіхшілер жағдайды жан-жақты салмақтап-саралап, қалай әрекет ету керек екенін шешіп алулары керек. Ең бастысы үш еврей сияқты Құдайға мойынсұну (1 Қорынттықтарға 10:31). Осыны ескере отырып, әрбір мәсіхші отбасы мүшесінің немесе өздері бағынуы тиіс өзге адамның өтінішін орындағанда ар-ұжданына қайшы әрекет жасамау үшін не істеу керек екенін өздері шешулері керек.
[Сілтеме]
b “Күзет мұнарасы” (ор.) журналының 2001 жылғы 1 тамыздағы “Оқырмандардың сауалдары” айдарын қараңдар.