Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w01 1.12. 24—29 бет.
  • Адасқан балаға қалай көмектесуге болады?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Адасқан балаға қалай көмектесуге болады?
  • 2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Кейбіреулердің шындықтан кетуге бел бууының себептері
  • Құдайға жақындаңдар
  • Төзімді, бірақ нанымдарыңа берік болыңдар
  • Жасөспірім қауымнан шығарылғанда
  • Өзгелер қалай көмектесе алады
  • Берілмеңдер!
  • Баланы нәресте күнінен тәрбиелеңдер
    Отбасы бақытының сыры
  • Ата-аналар, балаларыңды сүйіспеншілікпен тәрбиелеңдер
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ата-ана, балаңызға шомылдыру рәсіміне дайын болуға көмектесіп жүрсіз бе?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
  • Үйде бүлікші бар ма?
    Отбасы бақытының сыры
Көбірек мәлімет
2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w01 1.12. 24—29 бет.

Адасқан балаға қалай көмектесуге болады?

‘[Ол] жоғалған еді — табылды. Сондықтан қуануымыз керек’ (ЛҰҚА 15:32).

1, 2. а) Кейбір жасөспірімдер шындыққа қалай қарайды? ә) Мұндай жағдайда ата-аналар мен балалар қандай сезімде болуы мүмкін?

“МЕН ҚАУЫМНАН кетемін!” Балаларын мәсіхші етіп тәрбиелеуге тырысатын Құдайдан қорқатын ата-ана үшін мұндай сөзді есту қандай ауыр десеңші! Кейбір жасөспірімдер қауымнан кеткісі келіп жүргенін ашықтан-ашық айтпайды, жай әншейін ‘беттеген бағытынан ауытқып’ кетеді (Еврейлерге 2:1). Мұндай жасөспірімдердің көпшілігі Исаның астарлы әңгімесіндегі әкесінің үйін тастап, алыс бір елге барып еншісіне берілген бар мал-мүлкін шашып, ысырап қылған адасқан ұлға ұқсайды (Лұқа 15:11—16).

2 Әрине, Ехоба Куәгерлерінің бәрі бірдей мұндай қиын жағдайға кезіге бермейді, ал оған кезіккендердің көңілін ешқандай сөздермен толықтай жұбату мүмкін емес. Алайда мұндай жағдайда тілазар баланың өзінің де қандай бақытсыздыққа ұшырайтынын ұмытпаған жөн. Бәлкім, ол ар-ұжданының алдында азап шегіп жүрген болар. Иса айтқан астарлы әңгімедегі адасқан ұл, әкесінің қуанышына орай, ақыр аяғында ‘ақылға келді’. Адасқан жасөспірімдердің ‘ақылға келуіне’ ата-аналары мен қауым мүшелері қалай көмектесе алады? (Лұқа 15:17).

Кейбіреулердің шындықтан кетуге бел бууының себептері

3. Қандай себептермен жасөспірімдер мәсіхшілердің қауымын тастап кетуі мүмкін?

3 Жүздеген мың жасөспірімдер мәсіхшілердің қауымында қуана-қуана қызмет етіп жүр. Алайда неге кейбір жастар қауымды тастап кетеді? Бәлкім, олар осы дүниенің қандай да бір қызығынан құр қалып бара жатқандай сезінетін болар (2 Тімотеге 4:10). Я болмаса, оларға Ехобаның қамқорлықпен жасаған шектеулерінің аясы тым тар болып көрінетін шығар. Ар-ұжданының таза болмауы, қарама-қарсы жыныстыларға деген ынтызарлық, құрбыларына ұнамды болу — осындай нәрселердің барлығы жасөспірімнің Ехобаның халқынан кетуіне себеп болуы мүмкін. Жасөспірім ата-анасы немесе басқа мәсіхшілер екіжүзділік танытып жүр деген ойға келгендіктен де Ехобаға қызмет етуін доғаруы ықтимал.

4. Жасөспірімдердің шындық жолынан адасуының басты себебі жиі не нәрсе болып табылады?

4 Әдетте баланың көзқарасы мен іс-әрекетінен бүліктің байқалуы оның рухани әлсіздігінің белгісі болып табылады, әрі бұл оның көңілінде не бар екенін көрсетеді (Нақыл сөздер 15:13; Матай 12:34). Қандай себептермен жасөспірім шындық жолынан адаспасын, проблеманың көзі онда “шындық туралы тура білімнің” жоқтығы болып табылады (2 Тімотеге 3:7, ЖД). Жасөспірімдердің Ехобаға ойланбастан ғибадат ете бермей, онымен тығыз қарым-қатынас дамытқанының маңызы зор. Олардың бұлай етуіне не көмектеседі?

Құдайға жақындаңдар

5. Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамыту үшін жасөспірімге не қажет?

5 Жақып: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”,— деп жазған (Жақып 4:8). Жасөспірімнің Құдайға жақындауы үшін оның Құдай Сөзіне сүйіспеншілік дамытуына көмектесу керек (Забур 33:9). Алдымен оған “сүт”, яғни Киелі кітаптың негізгі ілімі, қажет. Біртіндеп Құдай Сөзі қуанышқа бөлеп, оның ‘қатты тағамға’, яғни терең рухани нәрселерге, сүйіспеншілігі оянып, рухани толысуы жылдам болады (Еврейлерге 5:11—14; Забур 1:2). Бір жасөспірімнің мойындауынша, кезінде ол осы дүниенің әлегімен жүрген екен, алайда ол біртіндеп рухани құндылықтарды бағалайтын болыпты. Оның бұлай өзгеруіне не көмектесті екен? Оған Киелі кітапты толық оқып шығу кеңес етіліпті, содан, ол белгілі бір кестені ұстанып, Киелі кітапты үздіксіз оқи бастапты. Иә, Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін Киелі кітапты үнемі оқығанның маңызы зор.

6, 7. Қалай ата-аналар балаларының бойында Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілік дамыта алады?

6 Ата-аналардың балаларының бойында Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілік дамытуға көмектесуінің маңызы қаншалықты зор десеңші! Бір отбасында үнемі отбасымен бірге зерттеу жүргізіледі екен, сөйтсе де бұл сол үйдің жасөспірім қызының бұзақылармен араласуына кедергі болмапты. Отбасымен бірге зерттеуге қатысты ол: “Әкем сұрақ қойғанда басымды бір көтерместен жауабын оқып бере салатынмын”,— деп есіне алды. Дана ата-аналар отбасымен бірге зерттеу кезінде балаларымен белгілі бір мәліметті талқылап қана қоймайды, олар тәлім беру шеберлігін қолданады (2 Тімотеге 4:2, ЖД). Зерттеу қызықты болу үшін, жасөспірім зерттеліп жатқан мәліметтің өзіне қандай қатысы бар екенін түсінуі керек. Неге талқыланып жатқан мәліметке қатысты оның жеке ойын сұрап, сосын оны мұқият тыңдамасқа? Балаларыңды талқыланып жатқан мәліметті өмірде қалай қолдануға болатыны туралы ойлануға талпындырыңдарa.

7 Жазбаларды талқылауды қызықты етіп өткізуге тырысыңдар. Орынды болған жағдайда, Киелі кітаптағы кейбір жағдайлар мен оқиғаларды балалардың ойнап көрсетуін өтініңдер. Талқыланып жатқан оқиғаның қай жерде болғанын және ондағы табиғаттың қандай болғанын олардың көз алдына елестетуіне көмектесіңдер. Көмек ретінде географиялық карталар мен кестелерді қолданыңдар. Иә, кішкене қиялдап жіберсе болғаны, отбасымен зерттеуді қызықты етіп, әрі түрлендіріп өткізуге болады. Сонымен қатар ата-аналар өздерінің де Ехобамен қарым-қатынасының жақсы екендігіне көз жеткізулері керек. Олар өздері Құдайға қаншалықты жақын болса, балаларының оған жақындауына соншалықты жақсы көмектесе алады (Заңды қайталау 6:5—7).

8. Құдайға жақындауға дұға қалай көмектеседі?

8 Дұға ету де Құдайға жақындауға көмектеседі. Бір жасөспірім қыз не мәсіхшілік жолды таңдарын, не өзінің көзқарастарымен келіспейтін достарымен қатынасуды таңдарын білмей дал болыпты (Жақып 4:4). Ол не істеді екен? “Мен өмірімде бірінші рет,— деп мойындады ол,— Ехобаға бар көңіліммен дұға етіп, қандай сезімде жүргенімді айттым”. Біраз уақыт өткен соң қауымнан ол қыз ашық сырласа алатын дос тапқанда, мұны өзінің дұғасына берілген жауап деп қабылдайды. Ехобаның өзіне бағыт беріп отырғанын сезінген қыз онымен жеке қарым-қатынасын нығайта бастайды. Ата-аналар дұғаларының сапасын жақсарту арқылы балаларына көмектесе алады. Отбасымен бірге дұға айтқанда ата-аналар көкейінде жүрген нәрселердің бәрін ашып айтуына болады, сонда балалары олардың Ехобамен достық қарым-қатынаста екендіктерін түсінеді.

Төзімді, бірақ нанымдарыңа берік болыңдар

9, 10. Ехоба тоң мойын қыңыр исраилдіктерге қатысты қалай асқан төзімділіктің үлгісін көрсетті?

9 Жасөспірім шындық жолынан ауытқи бастағанда, бәлкім, оқшаулануға тырысатын шығар, әрі ата-анасының онымен рухани тақырыптарға сөйлесуіне қарсылық білдіретін болар. Осындай ауыр жағдайда ата-аналардың не істеуіне болады? Ертедегі Исраил халқына қатысты Ехобаның қалай әрекет еткенін көрейікші. Ол “тоң мойын қыңыр” исраилдіктерге тоғыз жүз жылдан астам уақыт бойы шыдамдылықпен қамқорлық етіп келіп, содан кейін ғана оларды өздері таңдаған заңсыз жолда қалдырды (Мысырдан шығу 34:9; 2 Шежірелер 36:17—21; Римдіктерге 10:21). Исраилдіктер қайта-қайта “сынай” бергенімен, Ехоба оларға “рақымды” болды. Ол “көп рет ашуынан қайтып, барынша қаһарланған жоқ” (Забур 77:38—42, СА). Оларға қатысты Құдай өзін мінсіз ұстаған. Сүюші ата-аналар көмектесу үшін күш салып жатқандары балаларына сол заматта әсер ете қоймаған жағдайда Ехобаға еліктеп төзімділік танытады.

10 Асқан төзімді болу деген жай ғана ұзақ уақыт бойы төзімділік танытуды білдірмейді; ол — бұзылған қарым-қатынастың қайтадан қалпына келуіне деген үмітті жоғалтпауды білдіреді. Ехоба асқан төзімді болудың үлгісін көрсеткен болатын. Ол исраилдіктерге “қайта-қайта” хабаршыларын жіберіп, бірінші болып қадамдар жасаған. Ехоба, ‘[исраилдіктердің] Құдайдың хабаршыларын мазақ қылып, [Оның] сөздеріне күлгеніне’ қарамастан, ‘өз халқына жаны ашыған’ (2 Шежірелер 36:15, 16). Ол исраилдіктерді: “Әрқайсың зұлым жолдарыңнан бет бұрыңдар”,— деп шақырған (Еремия 25:4, 5, СА). Сөйткенмен де Ехоба өзінің әділетті принциптерінен таймаған. Исраилдіктер Құдайға ‘бет бұрып’, оның жолына қайта түсулері керек еді.

11. Ата-аналар шындық жолынан ауытқи бастаған балаларына қатысты, әділетті принциптерге берік бола тұра, қалай асқан төзімділік таныта алады?

11 Ата-аналар шындық жолынан ауытқи бастаған балаларының ақылға келетініне деген үмітін үзбей, асқан төзімділік танытып Ехобаға еліктеулеріне болады. Үміттерін жоғалтпауларымен ата-аналар қарым-қатынас жолын бөгемейді немесе бұзылған қарым-қатынасты қалпына келтіру үшін бірінші болып қадам жасайды. Әділетті принциптерді берік ұстана отырып, ата-аналар балаларын “қайта-қайта” шындық жолына оралуға шақыруына болады.

Жасөспірім қауымнан шығарылғанда

12. Қауымнан шығарылған өздерімен бірге тұратын жасөспірімге қатысты ата-аналардың қандай жауапкершілігі бар?

12 Ата-аналарымен тұратын жасөспірім ауыр күнә жасап, тәубесіне келмей, содан оны қауымнан аластатқан жағдайда не істеуге болады? Бала ата-анасымен бірге тұратын болғандықтан, олар баяғыша оған Құдай Сөзіне сәйкес тәлім-тәрбие беріп, жөнге салуға жауапты. Мұны қалай жүзеге асыруға болады? (Нақыл сөздер 6:20—22; 29:17).

13. Ата-аналардың күнә жасап қойған баласының жүрегіне қалай жол табуына болады?

13 Мұндай мүмкіндіктердің бірі — әрі ең жақсысы — баламен Киелі кітапты оқып зерттеу арқылы тәлім беріп, жөнге салу. Ата-аналардың баласының қыңырлығына көңіл аударуының қажеті жоқ, қайта, оның жүрегінде не бар екенін түсінуге тырысқандары дұрыс. Оның рухани ауруы қаншалықты ауыр? (Нақыл сөздер 20:5). Әлі де болса, оның жүрегіне жол табу мүмкін бе? Ол үшін қандай тармақтарды қолданған дұрыс? Елші Пауыл бізді мынаған сендіреді: “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзі өткір семсердің қайсысынан да өткір, бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткендей, ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды” (Еврейлерге 4:12). Иә, ата-аналар жай ғана балаларына енді қайтып күнә жасамау керек екендігін айтып қана қоюдан әлдеқайда көп нәрсе істей алады. Өз тарапынан күш салу арқылы олар айығу процесіне бастама беріп, оның әрі қарай дамуына ықпал ете алады.

14. Адасқан жасөспірім Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін ең алдымен қандай қадам жасауы керек және бұған ата-анасы қалай көмектесе алады?

14 Қателескен бала Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіруі керек. Осыған қатысты жасалатын бірінші қадам — ‘[“өкініп”, СА]... теріс жолдан қайту’ (Елшілердің істері 3:19; Ишая 55:6, 7). Баласының өкінуіне көмектесу үшін ата-аналар, ‘зұлымдыққа кезіккенде сабырлы болып’, егер ол қыңырлық танытса, ‘кішіпейілділікпен тәлім берулері’ керек (2 Тімотеге 2:24—26, ЖД). Олар балаларын “әшкерелеу” сөзінің Киелі кітаптағы мағынасына сай әшкерелеуі керек. “Әшкерелеу” деп аударылған грек сөзін “көзін жеткізу” деп те аударуға болады (Аян 3:19; Жохан 16:8). Баланы осылайша әшкерелеу оның теріс жолда екендігіне көзін жеткізуді білдіреді. Әрине, бұл оңай нәрсе емес. Мүмкін болған жағдайларда ата-анасының Киелі кітаптағы принциптерге қайшы келмейтін әдістерді қолданып, баласының жүрегіне үн қатуына болады. Олар баласының ‘зұлымдықты жек көріп, жақсылықты сүю’ керек екенін түсінуіне көмектесу үшін күш салулары керек (Амос 5:15, СА). Бәлкім, ол ‘ақылға келіп, өзінің еркіне бағындыру үшін ұстап алған шайтанның тұзағынан босанатын’ болар.

15. Ехобамен қарым-қатынасты қалпына келтірудегі дұғаның алатын орны қандай?

15 Дұға етпей Ехобамен қарым-қатынасты қалпына келтіру мүмкін емес. Әрине, бұрын мәсіхшілердің қауымында болып, ал енді болса күнә жасап, әрі онысына өкінбейтіндер үшін ешкім де ‘сиынбауы’ керек (1 Жохан 5:16, 17; Еремия 7:16—20; Еврейлерге 10:26, 27). Алайда ата-аналардың осы жағдайда дұрыс әрекет ету үшін Ехобадан даналық сұрауларына болады (Жақып 1:5). Егер қауымнан шығарылған жасөспірім өкінетінін көрсетсе, бірақ ‘Құдайдың алдында сөз еркіндігі’ жоқ болса, ата-анасы, Құдай олардың балаларын кешіруге негіз бар деп тапса, Оның еркінің орындалуын сұрап дұға етуіне болады (1 Жохан 3:21, ЖД). Осындай дұғаларды естіген бала, бәлкім, Ехобаның мейірімді Құдай екендігін ұғынатын боларb (Мысырдан шығу 34:6, 7; Жақып 5:16).

16. Қауымнан шығарылған жасөспірімнің отбасына біз қалай көмектесе аламыз?

16 Егер суға шомылдыру рәсімінен өткен жасөспірім қауымнан шығарылса, қауым мүшелерінің бұдан былай онымен араласпайтындығына үміт артылады (1 Қорынттықтарға 5:11; 2 Жохан 10, 11). Бәлкім, мұндай әрекет жасөспірімнің “ақылға келіп”, Құдайдың қорған іспетті қауымына қайта оралуына көмектесетін болар (Лұқа 15:17). Оның қауымға қайта оралатын-оралмайтынына қарамастан, қауым мүшелерінің жасөспірімнің отбасын жігерлендіріп тұруына болады. Барлығымыз да оның отбасына “жанашырлық” таныту үшін, әрі “барынша қайғыға ортақтасушы” болу үшін мүмкіндік іздей аламыз (1 Петір 3:8, 9, ЖД).

Өзгелер қалай көмектесе алады

17. Рухани әлсіреп қалған жасөспірімге көмектескісі келсе, қауым мүшелері нені есте ұстаулары керек?

17 Мәсіхшілердің қауымынан шығарылмаған, бірақ рухани әлсіреп қалған жасөспірім жөнінде не деуге болады? Елші Пауыл: “Бір мүше ауырса, бәрі бірге ауырады”,— деп жазған болатын (1 Қорынттықтарға 12:26). Қауым мүшелерінің мұндай жасөспірімге ерекше көңіл қоюларына болады. Әрине, абай болған да жөн, өйткені рухани әлсіреген бала өзгелерге кері әсер етуі мүмкін (Ғалаттықтарға 5:7—9). Бір қауымның ересектері рухани әлсіреп қалған жасөспірімдерге игі ниетпен көмектескісі келіп, әйгілі музыкалық шығармаларды ойнау үшін оларға өзара бас қосып тұруды ұсынады. Мұндай ұсынысқа жастар бірауыздан келісе кетеді, әрі мұндай жиындар оларға ұнап та қалады, алайда олардың бір-біріне кері әсер еткені соншалық, жастар қауым жиналысын тастап кетеді (1 Қорынттықтарға 15:33; Яһуда 22, 23). Рухани әлсіреп қалған жасөспірімнің сауығуы үшін, рухани басшылықтан жұрдай жиындар емес, оны рухани нәрселерді сүюге талпындыратын қарым-қатынас қажетc.

18. Исаның астарлы әңгімесіндегі әкенің көзқарасына біздің қалай еліктеуімізге болады?

18 Қауымды қалдырып кеткеннен кейін қайтадан Патшалық Сарайына немесе конгреске келген жасөспірімнің қандай сезімде болатынын ойлап көріңдерші. Біз оны, Исаның астарлы әңгімесіндегі әкенің адасқан ұлын қуанышпен қарсы алғанындай, зор қуанышпен қарсы алуымыз керек емес пе? (Лұқа 15:18—20, 25—32). Мәсіхшілердің қауымын қалдырып кетіп, кейіннен облыстық конгреске келген бір жасөспірім былай деді: “Мен сияқтылармен ешкімнің шаруасы жоқ қой деп ойлаған болатынмын, бірақ бауырластар келіп менімен амандасып жатты. Бұл маған қатты әсер етті”. Ол қайтадан Киелі кітапты зерттеуді бастап, соңынан суға шомылдыру рәсімінен өтті.

Берілмеңдер!

19, 20. Неге адасқан баладан күдер үзбеген дұрыс?

19 Жолдан адасқан баланың ‘ақылға келуіне’ көмектесу үшін, шыдамдылық қажет, алайда бұл ата-аналарға да, өзгелерге де оңайға түспейді. Сөйтсе де, берілмеңдер! “Кейбіреулер “Ол [Ехоба] кешігіп, келмей қалды” деп санағанмен, Иеміз уәдесін орындауын кешіктірмейді! Керісінше, Ол бізге төзімділік танытуда: ешкімнің де тозаққа түсуін емес [“өлгенін емес”, СА], барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, арылуын қалайды!” (2 Петір 3:9). Киелі кітап бізді Ехобаның барлық адамдардың өкініп, өмір сүргенін қалайтынына сендіреді. Ол адамдардың өзімен татуласуына мүмкіндік беруі арқылы бірінші болып қадам жасады (2 Қорынттықтарға 5:18, 19). Оның төзімділігінің арқасында миллиондаған адамдар ‘ақылға келді’ (Ишая 2:2, 3).

20 Олай болса, жолдан адасқан баласының ‘ақылға келуіне’ көмектесу үшін, ата-аналар да Киелі кітапқа сай келетін тәсілдердің барлығын қолданулары керек емес пе? Балаларыңның Ехобаға қайта бет бұруына көмектескенде, Құдайға еліктеп, асқан төзімділік танытыңдар. Киелі кітаптың принциптерін берік ұстаныңдар және Ехобадан көмек сұрап дұға еткенде, Оған тән сүйіспеншілік, әділдік, даналық сияқты қасиеттерді танытуға тырысыңдар. Көптеген қыңыр бүлікшілер Ехобаның қайта бет бұруға шақыруына құлақ асқан. Бәлкім, сендердің де жолдан адасқан ұлдарың не қыздарың Құдайдың халқының қорған іспетті қауымына қайта келер (Лұқа 15:6, 7).

[Сілтемелер]

a Балаға қалай тәлім беру керектігі жөнінде “Күзет мұнарасының” 1999 жылғы 1 қыркүйектегі санының 23—27 дейінгі беттерінде толығырақ айтылған.

b Кәмелетке толмаған қауымнан шығарылған жасөспірім жөніндегі дұғалар қауым кездесулерінде айтылмайды, өйткені өзгелерге қауымнан шығарылған адамның жағдайы белгісіз болуы мүмкін. (“Күзет мұнарасы”, ағ., 1979 жылғы 15 қазандағы санының 31-бетін қараңдар).

c Нақты кеңестерді “Ояныңдар!” журналының 1972 жылғы 22 маусымдағы санының (ағ.) 13—16 беттерінен және 1996 жылғы 22 қыркүйектегі санының (ор.) 21—23 дейінгі беттерінен табуға болады.

Естеріңде ме?

• Жасөспірімдердің қауымнан кетуіне негізінен қандай нәрселер себеп болады?

• Жасөспірімнің Ехобамен жеке қарым-қатынас дамытуына қалай көмектесуге болады?

• Адасқан баласына көмектескенде неге ата-аналар асқан төзімді, бірақ нанымдарына берік болулары керек?

• Адасқан жасөспірімнің қайта оралуына қауым мүшелері қалай көмектесе алады?

[25-беттегі сурет]

Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамыту үшін Құдай Сөзін оқығанның маңызы зор

[25-беттегі сурет]

Ата-аналардың бар көңілімен айтқан дұғалары балаларына олардың Ехобамен тығыз қарым-қатынаста екенін түсінуге көмектеседі

[26-беттегі сурет]

Адасқан бала қайта ‘ақылға келгенде’ оны қуана қарсы алыңдар

[28-беттегі сурет]

Баланың Ехобаға қайтадан бет бұруына көмектесу үшін нақты қадамдар жасаңдар

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу