Балаларыңды тәрбиелегенде Ехобаға еліктеңдер
“Әкесі түзетпейтін бала бола ма?” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 12:7).
1, 2. Не себепті бүгінгі күні ата-аналарға бала тәрбиелеу қиынға соғады?
БІРНЕШЕ жыл бұрын Жапонияда жасалған сауал-сұрауға сәйкес, сұрақ қойылған ересек адамдардың шамамен жартысының ойынша ата-аналар балаларымен өте аз сөйлесетін әрі оларды қатты еркелететін көрінеді. Осы елде жасалған тағы бір сауал-сұраудың барысында сауал алынған адамдардың төрттен бірі балаларымен қалай пікір алмасу керек екендігін білмейтінін мойындаған. Бұл тек Шығыс елдеріне ғана тән жағдай емес. “Торонто стар” газетінде: “Канадада тұратын көптеген ата-аналардың мойындауынша, олар қалай жақсы ата-ана болудың жолын білмейді”,— деп мәлімденген болатын. Дүние жүзінің қай жерінде болмасын, ата-аналардың ойы бір жерден шығуда: бала тәрбиелеу оңай нәрсе емес.
2 Не себепті ата-аналарға балаларын тәрбиелеу ауыр? Бұның басты себебі — біз ‘соңғы дәуірде’ әрі ‘қиын қыстау күндерде’ өмір сүріп жатырмыз (2 Тімотеге 3:1). Оның үстіне, Киелі кітапта айтылғандай, “адамның ішкі ниеті бала кезінен-ақ зұлымдыққа бейім” (Жаратылыс 8:21). Сонымен қатар өмірлік тәжірибесі жоқтарды торуылдап жүрген “ақырған арыстандай” Шайтанның шабуылдарының құрбаны болуға әсіресе балалар бейім (1 Петір 5:8). Балаларын ‘Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеуге’ тырысып жүрген мәсіхші ата-аналар да көптеген қиыншылықтарға кезігеді (Ефестіктерге 6:4). Ата-аналар балаларының “жақсы мен жаманды айыра” алатын Ехобаның рухани толысқан қызметшілері болуына қалайша көмектесе алады? (Еврейлерге 5:14).
3. Неге балалар ата-аналарының тәрбиесі мен басшылығына мұқтаж?
3 Дана патша Сүлеймен: “Бозбаланың жүрегін ақымақтық шырмап алған”,— деп жазған (Нақыл сөздер 13:1; 22:15, СА). Оларды осындай ақымақтықтан арылту үшін, ата-аналар балаларын сүйіспеншілікпен тәрбиелеуі керек. Алайда балалар мұндай тәрбиені жақтыра бермейді. Әдетте олар кеңес берген адамға, оны кім бергеніне қарамастан, өкпелейді. Сол себепті ата-аналар ‘бозбаланың жолына лайықты тәлім беруді’ үйренулері керек (Нақыл сөздер 22:6, ЖД). Егер балалар осындай тәлімді берік ұстанатын болса, мұның олар үшін өмірлік маңызы болады (Нақыл сөздер 4:13). Ата-аналардың бала тәрбиелеу дегеннің не екенін түсінгені қаншалықты маңызды десеңші!
Жөнге салудың мән-мағынасы
4. Киелі кітаптың түсіндіруіне сәйкес, “жөнге салу” деген сөздің басты мағынасы қандай?
4 Кейбір ата-аналар балаларына озбырлық көрсетті, ауыр сөздер айтты немесе сезімін жаралады деген айып тағады деп қорқып оларды мүлдем жазаламайды. Бізде мұндай қорқыныш болмауы керек. Жаңа Дүние аудармасында “жөнге салу” деп аударылған грек сөзі ешқандай дөрекілікке не мейірімсіздікке меңземейді. Аталмыш сөздің мағынасы өсиет айту, тәрбиелеу, ал кейде қатал, бірақ сүйіспеншілікке толы жазалау арқылы түзету дегенді білдіреді.
5. Ехобаның өзінің халқымен қалай қатынасатынын қарастыру не себепті пайдалы?
5 Мұндай жөнге салудың ең керемет үлгісін Ехоба көрсеткен. Пауыл Ехобаны адамның туған әкесімен салыстыра отырып, былай деген: “Баласын түзетпейтін әке бар ма?.. Туған әкелеріміз бізді қысқа уақыт қана түзетеді, әрі олар мұны өздері ең жақсы деп ойлаған тәсілімен жүзеге асырады. Ал Құдайдың түзетуі біздің игілігімізге асады, өйткені ол біздің қасиетті болғанымызды қалайды” (Еврейлерге 12:7—10, Contemporary English Version). Иә, Ехоба өзінің халқын қасиетті әрі таза болуы үшін жөнге салады. Ехобаның өз халқын қалай тәрбиелейтінін қарастыру арқылы біз балаларымызды қалай тәрбиелеуге болатынына қатысты көп нәрсе үйренеміз (Заңды қайталау 32:4; Матай 7:11; Ефестіктерге 5:1).
Сүйіспеншілік — қозғаушы күш
6. Неге ата-аналарға Ехобаның сүйіспеншілігіне еліктеу оңайға түспеуі мүмкін?
6 Елші Жохан: “Құдай — сүйіспеншілік”,— деген. Демек, тәрбиелегенде Ехобаның қозғаушы күші әрқашан сүйіспеншілік болған (1 Жохан 4:8; Нақыл сөздер 3:11, 12). Бұл — балаларын жақсы көретін ата-аналар Ехобаға оп-оңай еліктей алады дегенді білдіре ме? Міндетті түрде емес. Құдайдың сүйіспеншілігі принциптерге негізделген. Грек Жазбаларын зерттейтін бір маман мұндай сүйіспеншіліктің “әрқашан табиғи ықылас-мейірмен ұштаса бермейтіндігіне” нұсқайды. Құдай соқыр сезімнің жетегінде емес. Ол әрқашан нендей нәрсенің халқының игілігіне асатынын ескеріп отырады (Ишая 30:20; 48:17).
7, 8. а) Ехоба өзінің халқымен қатынасқанда принциптерге негізделген сүйіспеншіліктің қандай үлгісін көрсетті? ә) Ата-аналар балаларына Киелі кітаптағы принциптерді ұстануды үйреткенде қалай Ехобаға еліктей алады?
7 Ехобаның исраилдіктермен қатынасқанда танытқан сүйіспеншілігін қарастырайықшы. Мұса Ехобаның жас Исраил халқына деген сүйіспеншілігіне ұқсастық келтіре отырып, былай деген: “Ұясынан шақырып, балапандарының үстінен айналып қалықтап, қанаттарын жайып, оларды көтеріп алып, қауырсындарының үстіне салып жүретін қыран сияқты, Тәңір оны [Жақыпты] жалғыз өзі алып жүрді” (Заңды қайталау 32:9, 11, 12, СА). Ұшуға үйрету үшін, ана қыран балапандарын ‘ұясынан шақырады’, яғни қанаттарын жайып жерді сабалап, оларды ұясын тастап ұшуға талпындырады. Жас қыран ақыр аяғында әдетте құз басына орналасатын ұядан төмен қарай секіргеннен кейін ана қыран балапанының “үстінен айналып қалықтап” жүреді. Егер балапаны жерге соғылатындай болып көрінсе, анасы оқтай ұшып келіп, балапанын іліп әкетеді де, ‘қауырсындарының үстіне салып жүреді’. Тап солай Ехоба да жаңадан пайда болған Исраил халқына сүйіспеншілікпен қамқорлық еткен болатын. Ехоба оларға Мұса арқылы Заң берді (Забур 77:5—7). Сосын Құдай оларды мұқият бақылап отырып, қиындыққа ұшырай қалса, көмекке келуге даяр болды.
8 Қалайша ата-аналар Ехобаның сүйіспеншілігіне еліктей алады? Ең алдымен, олар балаларын Құдай Сөзіндегі принциптер мен талаптармен таныстырулары керек (Заңды қайталау 6:4—9). Мұндағы олардың мақсаты — балаларына Киелі кітаптағы принциптерге сәйкес шешім қабылдауды үйрету. Осылай етулерімен сүюші ата-аналар балаларының үйренген принциптерді қалай іс жүзінде қолданып жүргендерін бақылап, бейнелі сөздермен айтқанда, олардың үстінен айналып қалықтап жүреді. Балалар өсе келе еркіндіктері де көбейеді, алайда қамқор ата-аналар балаларына қауіп төнетін болса, “оқтай ұшып келіп”, әрқашан оларды “қауырсындарының үстіне салып жүруге” даяр. Балаларға қандай қауіп төнуі мүмкін?
9. Ата-аналар қандай қауіптің бар екенін ұмытпаулары керек? Мысал келтіріңдер.
9 Ехоба исраилдіктерге араммен араласқанның ақыры неге әкеліп соғатыны жөнінде ескерткен болатын (Руларды санау 25:1—18; Езра 10:10—14). Жаманмен жолдас болу бүгінгі күні де қауіпті (1 Қорынттықтарға 15:33). Балаларымен олардың кіммен араласуы керек екендігі жөнінде әңгімелескенде ата-аналар Ехобаға еліктеулері керек. Он бес жасар Лиза деген қызға оның отбасының құлықтылық пен рухани нәрселерге деген көзқарасын бөліспейтін бір бала ұнап қалады. “Ата-анам менің көзқарасымдағы өзгерісті бірден байқап, қобалжи бастады,— дейді Лиза.— Кейде олар маған ақыл айтатын, ал кейде мейірімділікпен жігерлендіретін”. Ата-анасы болған жағдайдың астарында жатқан мәселені — олардың байқауынша, Лиза құрбыларына ұнағысы келген екен — шешуге көмектесу барысында қыздарына көп уақыт бөліп, оның айтқандарын шыдамдылықпен тыңдайтын болғанa.
Қарым-қатынас жолын бөгемеңдер
10. Ехоба Исраилдіктермен қатынасқанда не нәрсеге қатысты керемет үлгі көрсетті?
10 Балаларын тәрбиелеуде жемісті болу үшін, ата-аналар олармен қарым-қатынас жолын бөгемеулері керек. Ехоба біздің жүрегімізде не бар екенін жақсы біледі, соған қарамастан, бізді өзімен қарым-қатынаста болуға шақырады (1 Шежірелер 28:9). Ехоба Исраилдіктерге Заң бергеннен кейін, оларға тәлім беру үшін леуілерді тағайындады, сондай-ақ ойлануларына көмектесіп, әрі оларды түзетіп отыру үшін пайғамбарларды жіберді. Сонымен қатар ол әрқашан олардың дұғаларын тыңдауға даяр болған (2 Шежірелер 17:7—9; Забур 64:3; Ишая 1:1—3, 18—20; Еремия 25:4; Ғалаттықтарға 3:22—24).
11. а) Ата-аналар балаларымен өзара пікір алмасуларының жақсы болуына қалай ықпал ете алады? ә) Балаларымен әңгімелескенде ата-аналардың оларды мұқият тыңдағаны не себепті маңызды?
11 Балаларымен қатынасқанда ата-аналардың Ехобаға қалай еліктеулеріне болады? Ең алдымен, олар балаларына көңіл бөлу үшін уақыт табулары керек. Сонымен қатар олар: “Бар болғаны сол-ақ па? Мен сені расында да маңызды нәрсе айтады екен десем”; “Жоқтан өзгені айтады екенсің”, “Сен қалай ойлап едің? Баласың әлі” деген сияқты ойланбастан айтылған, көңілге тиетін сөздерден аулақ болулары керек (Нақыл сөздер 12:18). Ақылды ата-аналар балаларының бүкпесіз ашық сөйлеуіне көмектесу үшін, олардың айтқандарын мұқият тыңдауға тырысады. Егер ата-аналары балаларына кішкентай күнінде көңіл қойып тыңдауға уақыт таппайтын болса, балалары да есейгенде ата-аналарына көңіл қойып, оларды тыңдауға уақыт таппауы мүмкін. Ехоба өзінің қызметшілеріне әрқашан көңіл қойып тыңдауға даяр. Кішіпейілділікпен дұға ететіндерге ол әрқашан құлағын түреді (Забур 90:15; Еремия 29:12; Лұқа 11:9—13).
12. Балаларына ашылып сөйлесу оңай болу үшін, ата-аналардың бойында қандай қасиеттер болуы керек?
12 Құдайдың қандай қасиеттерінің арқасында қызметшілерінің оған еркін тіл қата алатын болғанын қарастырып көрейікші. Мысалы, ертедегі Исраил халқының патшасы Дәуіт Барсабиямен неке адалдығын бұзып, ауыр күнә жасаған. Дәуіт кемелсіз адам болғандықтан, өмірінде басқа да ауыр күнәлар жасаған. Бірақ ол ешқашан Ехобаға дұға етіп, оның кешіруін өтініп, әрі өзін түзетуін сұрауға қорықпаған. Ехобаға дұға ету Дәуітке оңай болғандығында күмән жоқ, өйткені ол Құдайдың мейірімді де, қайырымды екенін білген (Забур 102:8). Ата-аналар жанашырлық пен мейірімділік сияқты қасиеттер танытуда Құдайға еліктеп, балалары қателік жасаған уақытта да олармен қарым-қатынас жолын бөгемейді (Забур 102:13; Малахия 3:17).
Парасатты болыңдар
13. Парасатты болу деген нені білдіреді?
13 Балаларына көңіл қойып тыңдағанда ата-аналар парасатты болып, ‘көктен келетін даналықты’ танытулары керек (Жақып 3:17). Елші Пауыл: “Сендердің кіші пейіл [“парасатты”, ЖД] екендеріңді елдің бәрі көре алсын”,— деп жазған болатын (Філіпіліктерге 4:5). Парасатты болу деген нені білдіреді? Әдетте “парасаттылық” деп аударылатын грек сөзінің бір мағынасы “заңның бір әрпін бұлжытпай орындауды талап етпеу” дегенді білдіреді. Қалайша ата-аналар құлықтылық және рухани нормаларды берік ұстануларымен қатар парасатты да бола алады?
14. Қалайша Ехоба Лутқа қатысты парасаттылық танытты?
14 Парасаттылықтың керемет үлгісін Ехоба көрсетеді (Забур 9:38). Құдай жойылуға тиіс Содом қаласынан Лут пен оның отбасына кетуді бұйырғанда, Лут “күйбіжіктеп” (СА) жүріп алады. Кейінірек Ехобаның періштесі Лутқа тауға қаш дегенде, ол: “Мен тауға қашып құтыла алмаймын... Міне, алдымызда мына қала [Сиғор] бар, ол барып, паналау үшін жақын және кішкентай ғана қалашық қой, соған қашып құтылайын. Ол кішкентай қалашық емес пе?” — деп жауап береді. Бұған Ехоба қалай қарады екен? Ол: “Жарайды. Мен осы тілегіңді де орындап, сен айтып отырған қаланы құртпаймын”,— деді (Жаратылыс 19:16—21, 30). Ехоба Луттың тілегін орындауға даяр болды. Иә, ата-аналар Ехобаның Сөзі — Киелі кітапта жазылған оның нормаларын ұстанулары керек. Сөйтсе де Киелі кітап принциптері бұзылмайтын жағдайларда балалардың да тілегімен санасуға болады.
15, 16. Ишая 28:24, 25-те жазылған көрнекі мысалдан ата-аналардың не нәрсеге үйренуіне болады?
15 Парасатты болу берілген кеңесті бар ықыласымен қабылдауы үшін баланың жүрегін дайындауды білдіреді. Ехобаны диқанға теңеп, Ишая былай деген: “Диқан егін егу үшін үнемі жерге соқа салып, қопсытып, тырмалай бере ме? Жоқ, жердің бетін тегістегеннен кейін, ол қарамық немесе зире егеді, я болмаса қатар-қатар етіп бидай шашады, сондай-ақ белгілі бір жерге арпа, ал оның жанына бидайға ұқсас дәнді дақыл егеді” (Ишая 28:24, 25, СА).
16 Ехоба ‘жерге соқа салып, қопсытып, тырмалайды’. Өзінің халқына тәлім бермес бұрын, Ехоба олардың жүректерін даярлайды. Баланы түзеткенде ата-аналар оның жүрегіне қалай ‘соқа сала’ алады, немесе даярлай алады? Бір әке төрт жасар баласын түзету керек болғанда Ехобаға еліктеген екен. Баласының көрші тұратын баланы ұрғанын естіген әке алдымен оның өзін қалай ақтайтынын мұқият тыңдап алады. Сосын, баласының жүрегін бейнелі сөздермен айтқанда ‘соқа салып’ даярлау үшін, әкесі оған бір кішкентай баланың үнемі сотқар, бұзақы баладан жәбір көретіні туралы ертегі айтып береді. Ертегінің баласына қатты әсер еткені соншалық, ол бұзақы баланы міндетті түрде жазалау керек екенін айтады. Балақайдың жүрегін осылайша ‘соқа салып’ даярлау, көршінің баласын ұрғанда өзінің бұзақы бала сияқты әрекет еткенін, әрі мұның дұрыс емес екенін түсінуіне көмектеседі (2 Патшалықтар 12:1—14).
17. Ата-аналар Ишая 28:26—29 дейінгі тармақтарда жазылған сөздерден балаларын түзетуге қатысты не нәрсеге үйренулеріне болады?
17 Әрі қарай Ишая Ехобаның қалай түзететінін диқанның басқа бір ісіне, астық бастыруға, теңеген. Астықты бастыру үшін диқан қауызының қаттылығына қарай әр түрлі құралдар қолданады. Ол жұмсақ қарамыққа — цеп, зияға — таяқ, ал қауызы қатты астықты бастыру үшін тісті мала тас немесе астық бастыратын доңғалақ қолданады. Сөйте тұра, диқан қатты астықты ұнтақталып кеткенше бастыра бермейді. Ехоба да тап солай әрекет етеді. Өзінің халқын қандай да бір жаман нәрседен арылтқысы келгенде Ехоба қажеттілік пен жағдайға байланысты әр түрлі әдістер қолданады. Ол ешқашан шектен тыс ашу не қатыгездік танытпайды (Ишая 28:26—29). Кейбір балаға ата-анасының бір қарағаны да жеткілікті. Өзге біреуіне бірнеше рет қайталап айту қажет, ал басқа біреуіне қатаңдау айтып түсіндіру керек. Парасатты ата-аналар балаларын өзіндік ерекшеліктеріне сай түзетеді.
Отбасымен бірге зерттеу қуанышқа бөлейтін болсын
18. Киелі кітапты отбасымен бірге үнемі зерттеу үшін ата-аналардың қалай уақыт табуларына болады?
18 Үнемі отбасымен бірге зерттеу жүргізу және Жазбаларды күнделікті бірге талқылау — балаларға тәлім берудің керемет мүмкіндігі. Отбасымен бірге зерттеуді үнемі өткізудің нәтижесі өте жақсы болады. Егер отбасы оны ыңғайы түскенде ғана, дайындықсыз өткізе салатын болса, ол керемет нәтижелі болды деген күннің өзінде отбасы үшін анда-санда болатын оқиғаға айналады. Сондықтан ата-аналар отбасымен бірге зерттеу жүргізу үшін ‘уақыттың өтеуін төлеп алулары’ керек (Ефестіктерге 5:15—17, ЖД). Отбасының барлық мүшелеріне бірдей қолайлы болатын уақытты белгілеудің өзі де оңай нәрсе емес. Бір отағасы балалары өскен сайын әрқайсысының өз күн тәртібі қалыптасып, отбасы мүшелерінің басын біріктіру қиынға түсе бастағанын көреді. Бірақ қауым кездесулері болатын күні әрдайым отбасы мүшелерінің төрт көзі түгел болатын. Сондықтан отағасы отбасымен бірге зерттеу үшін осындай күндердің бір кешін белгілейді. Мұнысы нәтижелі болып шығады. Оның үш баласы да суға шомылдыру рәсімінен өтіп, қазір Ехобаға қызмет етіп жүр.
19. Отбасымен бірге Киелі кітапты зерттегенде ата-аналардың қалай Ехобаға еліктеулеріне болады?
19 Алайда зерттеу барысында Киелі кітапқа негізделген мәліметті талқылап қана қойған жеткіліксіз. Ехоба еліне қайта оралған исраилдіктерге діни қызметкерлер арқылы тәлім берген, ал олар болса Таурат заңын оқығанда “түсініктемелер беріп” отырған, сол себепті “халық оқылған нәрселерді түсінген” (Нехемия 8:8, СА). Жеті баласының жүрегіне Ехобаға деген сүйіспеншілік ұялатқан бір отағасы, отбасымен бірге зерттеу жүргізердің алдында, талқыланатын мәліметті әр баласының қажеттілігіне сай бейімдеу үшін, әрдайым бөлмесінде жеке отырып дайындалады екен. Ол Киелі кітапты зерттеуді балаларына қызықты етіп өткізуге тырысқан. Оның қазір ер жетіп қалған бір ұлы: “Біз Киелі кітапты бірге зерттейтін күнді әрдайым асыға күтетінбіз. Аулада ойнап жүргенімізде Киелі кітапты отбасымен зерттеуге шақыратын болса, добымызды тастай сала, үйге қарай жүгіретінбіз. Бұл кез аптаның ішіндегі ең қызықты өтетін кеш болатын”,— деп есіне алды.
20. Балаларды тәрбиелегенде қандай проблеманың болуы мүмкін екенін есте ұстаған дұрыс?
20 Забур жыршысы: “Ұлдар — игілік Жаратқан Иеден келген, балалар — Оның сыйы рақыммен берген”,— деп жырлаған (Забур 126:3). Бала тәрбиелеу көп уақыт жұмсауды және күш салуды талап етеді, сөйтсе де дұрыс берілген тәрбие оларды мәңгілік өмірге жеткізеді. Қандай керемет сый десеңші! Балаларымызды тәрбиелегенде қолымыздан келгенше Ехобаға еліктей берейік. Алайда ата-аналар балаларын ‘Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеуге’ міндетті болғанымен, олардың мұнысы әрқашан сәтті бола бермейді (Ефестіктерге 6:4). Керемет тәрбие көрген баланың өзі де бүлік шығарып, Ехобаға қызмет етуден бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Келесі мақалада осы мәселе қарастырылады.
[Сілтеме]
a Бәлкім, осы және келесі мақаладағы оқиғалар мәдениеті сендер тұрып жатқан елдікінен өзгеше елдерде болған болар. Олардың қандай принциптерге қатысы бар екенін көруге, әрі оларды өз жағдайларыңа бейімдеп қолдануға тырысып көріңдер.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қалай ата-аналар Заңды қайталау 32:11, 12-де суреттелген сүйіспеншілікті танытуда Ехобаға еліктей алады?
• Ехобаның исраилдіктермен қалай қатынасқанынан сендер не нәрсеге үйрендіңдер?
• Ехобаның Луттың өтінішіне құлақ асқаны бізді не нәрсеге үйретеді?
• Сендер Ишая 28:24—29 дейінгі тармақтарда жазылған сөздерден балаларды түзетуге қатысты не нәрсеге үйрендіңдер?
[20, 21-беттегі сурет]
Мұса Ехобаның өз халқын қалай тәрбиелейтінін қыранның балапандарына көрсеткен қамқорлығына теңеген
[22-беттегі сурет]
“Бұл кез аптаның ішіндегі ең қызықты өтетін кеш болатын”
[23-беттегі суреттер]
Ата-аналары балаларына көңіл бөлуге уақыт табулары керек