Енох құдайсыз дүниеде Құдаймен байланысып өмір сүрді
ІБІЛІС бүкіл адамзатты Құдайдың жолынан бұрып әкете аламын дейді және кей уақыттарда оның сөздері рас сияқты болып көрінген. Әбіл өлген соң бес ғасыр дерлік уақыт бойы Ехобаның адал қызметшісі ретінде танымал ешкім болмады. Ал күнәкар, құдайсыз қылықтар болса нормаға айналды.
Енох сол рухани азған заманда дүниеге келді. Киелі кітап хронологиясына сәйкес, ол б. з. б. 3404 жылы туылған. Замандастарынан өзгешелігі — ол Құдайға ұнайтын адам болған еді. Елші Пауыл Енохты сенімдері мәсіхшілерге үлгі болатын Ехобаның қызметшілерінің қатарына қосқан болатын. Енох кім болған еді? Ол қандай қиыншылықтарға кезікті? Ол қиыншылықтарды қалай жеңіп шықты? Және оның адалдық үлгісінен біз не нәрсеге үйрене аламыз?
Енохтан төрт ғасырдай бұрын өмір сүрген Еностың кезінде адамдар “Ехобаның есімін шақыра бастады” (Жаратылыс 4:26, ЖД). Құдайдың есімі адамзат пайда болғаннан бастап қолданылып келген еді. Ал Енос өмір сүрген заманда адамдар Ехобаның есімін сеніммен, шынайы ғибадат ету үшін шақырған жоқ. Кейбір еврей тілінің мамандарының айтуы бойынша, Жаратылыс 4:26-дағы сөздерді былай деп аударуға болады: “Құдайға тіл тигізе бастады” немесе “сол кезде Құдайға тіл тигізу басталды”. Адамдар Ехобаның есімін өздеріне немесе солар арқылы Құдайға жақындаймыз деп ойлаған адамдарға қатысты қолданған болулары мүмкін. Немесе олар пұттарды Ехобаның есімімен атаған болуы да ықтимал.
‘Енох Құдаймен байланысып өмір сүрді’
Құдайсыздардың арасында болса да, Енох “Құдаймен тығыз байланыста жүрді”. Оның ата-бабалары — Сет, Енос, Мақалалел, Иәрет — Құдаймен тығыз байланыста өмір сүрді деп айтылмаған. Қандай болған күнде де, олар Құдаймен Енох сияқты байланыста жүрмеген. Енохтың өмір жолы оларға мүлдем ұқсамаған (Жаратылыс 5:3—27).
Ехобамен байланысып өмір сүру дегеніміз Құдаймен жақын достық қарым-қатынаста болуды білдіреді. Ал Енох Құдайдың еркіне сай өмір сүргендіктен ғана Онымен осындай қарым-қатынаста бола алды. Енохтың шын берілгендігі Ехобаға ұнаған. Грек тілінде жазылған Септуагинтта былай делінген: “Енох Құдайға жаққан”. Мұндай ойды елші Пауыл да айтқан болатын (Жаратылыс 5:22; Еврейлерге 11:5).
Енохтың Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болуына себепші болған сенімі еді. Оның уәде етілген Құдайдың ‘әйелінің ұрпағына’ сенім танытқаны күмәнсыз. Егер Адам атамен жеке таныс болған болса, Құдайдың Едем бағында алғашқы адам жұбына қандай қамқорлық жасағаны жөнінде Енох кейбір мәліметтерді білген. Енохтың Құдайды “іздеп, жақыннан танығысы келген” адамдардың бірі болуының себебі де сол Құдай туралы білімі еді (Жаратылыс 3:15; Еврейлерге 11:6, 13).
Енохтың үлгісінен және өзіміздің жағдайымыздан көріп отырғандай, Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін жай Ол туралы біліп қана қойған жеткіліксіз. Егер біреумен достық қарым-қатынасымызды аса жоғары бағалайтын болсақ, ой қалпымыз бен іс-әрекетімізге оның көзқарасы міндетті түрде әсер етер еді ғой, солай емес пе? Қарым-қатынасымызды бұзуы мүмкін сөздер мен әрекеттерден аулақ болар едік. Және де өмірімізге кейбір өзгерістер енгізбек болсақ, онымен қарым-қатынасымызға қалай әсер ететінін есепке алмас па едік?
Сол сияқты, Құдаймен жақын қарым-қатынасымызды сақтауды қалағанымыз іс-әрекетімізге әсер етеді. Оның нені құптап, нені құптамайтыны жайында тура білім қажет. Сондай-ақ, ой қалпымыз бен әрекетімізді оған ұнамды етуге тырысып, ол туралы білімімізге сай өмір сүруіміз керек.
Иә, Құдаймен байланысып өмір сүру үшін оған ұнайтындай әрекет етуіміз керек. Енох жүздеген жылдар бойы солай еткен. Енох Құдаймен “байланысып өмір сүрген” деп аударылған еврей етістігі қайталанып отыратын толассыз әрекетті білдіреді. “Құдаймен байланысып өмір сүрген” тағы бір әділ адам Нұх болған (Жаратылыс 6:9).
Енохтың отбасы — әйелі мен ‘ұл-қыздары’ — болған. Оның ұлдарының бірі — Мәтусала еді (Жаратылыс 5:21, 22). Енох жақсы отағасы болу үшін бар күшін салғаны күмәнсыз. Алайда айналасындағылардың барлығы құдайсыздар болғандықтан, Құдайға қызмет ету оған оңайға соқпаған. Нұхтың әкесі Ләмех Енохтың замандастарының ішіндегі Ехобаға сенім білдірген жалғыз ғана адам болған болса керек (Жаратылыс 5:28, 29). Соған қарамастан Енох батылдықпен шынайы ғибадатты ұстанған.
Енохтың Құдайға деген адалдығын сақтауына не көмектесті екен? Оның Құдайдың атына кір келтіріп жүргендермен немесе Құдайдың қызметшілеріне жақсы серік болуға жарамайтын өзге де адамдармен жолдас болмағаны күмәнсыз. Сонымен қатар дұға арқылы Ехобаның көмегін іздегені Енохтың Жаратушысына ұнамсыз нәрселерден аулақ болуға деген шешімін нығайта түскен болуы керек.
Құдайсыздарға қарсы пайғамбарлық
Құдайсыз адамдардың арасында өмір сүре отырып жоғары өнегелілік нормаларды сақтаудың өзі де оңай емес. Ал Енох сонымен қатар батылдықпен құдайсыздарға шығарылған үкімді жариялады. Құдайдың рухының жетелеуімен Енох былай деп пайғамбарлық етті: “Тыңдаңдар, Иеміз Өзінің он мыңдаған қасиетті нөкерлерін ертіп көктен түспек! Ол бәрін де соттап, әділетсіздердің зұлымдықпен істеген барлық жаман істерін де, арсыз күнәкарлардың Оған қарсы айтқан бүкіл кәрлі сөздерін де әшкерелеп, жазаларын тартқызатын болады” (Яһуда 14, 15).
Бұл хабар зұлымдықтарына еш өкінбейтін құдайсыз адамдарға қалай әсер етті екен? Мұндай жанға бататын сөздерінің себебінен Енохтың айналасындағыларға жек көрінішті болғаны ғажап емес еді. Оны келеке-мазақ етіп, қауіп төндірген болса керек. Кейбіреулері осы сөздері үшін оны тіпті өлтіргісі келген болуы керек. Алайда олар Енохты қорқыта алмады. Әділ болған Әбілдің қандай жағдайға ұшырағанын ол білген және соған ұқсап, қандай жағдай болмасын, Құдайға қызмет етуге бел буды.
‘Құдай оны алып кетті’
‘Құдай алып кеткен’ кезде Енохқа анық өлім қаупі төніп тұрған болса керек (Жаратылыс 5:24). Ехоба әділ пайғамбарының ашуына мінген жауларының қолынан азап шегуіне жол берген жоқ. Елші Пауылдың айтуы бойынша, “Енох... ажалға жолықтырылмай бұ дүниеден әкетілді” (Еврейлерге 11:5). Көп адамдар Енох өлген жоқ, Құдай оны көкке алып кетіп, ол сонда әлі де өмір сүруде деп айтады. Алайда Иса: “Көктен келген Билеушіден басқа ешкім көкке шыққан жоқ”,— деп анық айтқан болатын. Ол көкке баратындарға ‘жол ашты’ (Жохан 3:13; Еврейлерге 6:19, 20).
Сонда Енох қайда кетті екен? Оның ‘ажалға жолықтырылмай бұ дүниеден әкетілгені’, Құдай оны ерекше жағдайға енгізіп, пайғамбарлық көрініс көрсеткенін және сондай жағдайдың үстінде оның өмірін тоқтатқанын білдіруі мүмкін. Осындай жағдайда болған Енох өлім алдындағы азапты көрмеген. Содан соң “ол еш жерден табылмады”, өйткені Ехоба Мұсаның денесін жоқ қылып жібергені сияқты оның да денесін жоқ қылып жіберген болса керек (Заңды қайталау 34:5, 6).
Енох 365 жыл — замандастарына қарағанда әлдеқайда аз — өмір сүрді. Бірақ Ехобаны жақсы көретін адамдар үшін ең маңызды нәрсе — өмірлерінің соңына дейін Оған адал қызмет ету. Біз Енохтың адал болып қалғанын білеміз, өйткені “бұ дүниеден әкетілмес бұрын Құдайға ұнамды болғаны туралы куәлік етілді” (Еврейлерге 11:5, СА). Жазбаларда Ехобаның бұл жайлы Енохқа қалай айтқаны жазылмаған. Қандай болған күнде де қайтыс болмас бұрын Енох Құдайдың ықыласына ие болғанын білген және біз қайта тірілу кезінде Ехобаның оны есіне алатынына сенімдіміз.
Енохтың сеніміне еліктеңдер
Біз Құдайға шын берілген адамдардың сеніміне еліктей аламыз (Еврейлерге 13:7). Сенімінің арқасында Енох Құдайдың пайғамбары ретінде қызмет атқарды. Ол адал пайғамбарлардың ең алғашқысы болған еді. Енох та біз сияқты зорлық-зомбылыққа, зұлымдыққа және құдайсыз істерге толы дүниеде өмір сүрген еді. Алайда Енох айналасындағылардан өзгеше болды. Оның сенімі берік болды және Құдайға шын берілгендігімен керемет үлгі қалдырды. Иә, Ехоба оған маңызды үкімді жариялауды тапсырды және оны жариялау үшін күш берді. Енох Құдайдың тапсырмасын батылдықпен орындады және Құдай оған қамқорлық көрсетіп, жауларынан қорғады.
Егер Енох сияқты сенім танытатын болсақ, Ехоба осы соңғы күндері өзінің хабарын жариялауымыз үшін бізді нығайтады. Қарсылыққа батыл төтеп беруімізге көмектеседі және Құдайға шын берілгендігіміздің арқасында құдайсыз адамдардан өзгеше боламыз. Сеніміміздің арқасында Құдаймен байланысып өмір сүреміз және іс-әрекетіміз Құдайдың жүрегін қуантатын болады (Нақыл сөздер 27:11). Сенімінің арқасында Енох құдайсыз дүниеде Ехобамен байланысып өмір сүрді және біз де солай ете аламыз.
[31-беттегі қоршау]
Киелі кітапта Енохтың кітабынан үзінді келтірілген бе?
Енохтың кітабы — апокрифтік, канонға жатпайтын кітап. Оның авторы Енох деп жалған есептеледі. Бұл кітап б. з. б. ІІ немесе І ғасырларда жазылған болса керек. Ол яһудилердің ақылға сыймайтын, дүдәмал аңыздарының жиынтығы болып табылады. Ал ол аңыздардың Жаратылыс кітабындағы Енох туралы қысқа ғана мәліметке берілген түсініктемелерден туындағаны анық. Киелі рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзін жақсы көретін адамдардың ол кітапты мұқият зерттеуге тұрғысыз деп есептеуі үшін осы деректің өзі де жеткілікті.
Енохтың пайғамбарлық сөздері Киелі кітапта Яһуданың кітабында ғана келтіріледі: “Тыңдаңдар, Иеміз Өзінің он мыңдаған қасиетті нөкерлерін ертіп көктен түспек! Ол бәрін де соттап, әділетсіздердің зұлымдықпен істеген барлық жаман істерін де, арсыз күнәкарлардың Оған қарсы айтқан бүкіл кәрлі сөздерін де әшкерелеп, жазаларын тартқызатын болады” (Яһуда 14, 15). Көптеген ғалымдар Енохтың құдайсыз замандастарына қарсы айтқан пайғамбарлығы тікелей сол Енохтың кітабынан алынған деп есептейді. Алайда Яһуданың сол сенуге тұрмайтын апокрифтік кітапты негізге алуы мүмкін бе?
Енохтың пайғамбарлығы туралы Яһуданың қайдан білгені жөнінде Жазбаларда айтылмаған. Оның жай ғана сол заманда танымал болған көне уақыттан келе жатқан сенімді шежіреге сүйенуі мүмкін. Перғауынның сарайында Мұсаға қарсы күрескен есімдері аталмаған бақсы-балгерлердің Янни мен Ямбыри болғандығын айтқанда, Пауыл да сондай шежірелерге жүгінген болса керек. Егер Енох кітабын жазған адам осы сияқты көне мәліметтерге сүйенген болса, неліктен біз Яһуданың да солай ете алғандығына күмәндануымыз керек?a (Мысырдан шығу 7:11, 22; 2 Тімотеге 3:8).
Ең маңыздысы — Енохтың құдайсыздарға айтқан хабары жөніндегі мәліметті Яһуданың қайдан алғаны емес, оны Құдайдың рухының жетелеуімен жазғандығы. Сол себепті ол мәліметтің сенімділігіне еш күмән жоқ (2 Тімотеге 3:16). Киелі рух оның қандай болмасын жалған нәрсені жазуына жол бермес еді.
[Сілтеме]
a Исаның шәкірттерінің бірі Степан да Еврей Жазбаларында еш жерде кездеспейтін мәліметті айтқан болатын. Ол Мұсаның мысырлықтардың бүкіл даналығын оқып-үйренгенін, Мысырдан қашып шыққан кезінде қырық жаста болғанын, қырық жыл бойы Мадиян елінде тұрғанын және Мұсаға заң берілген кезде періштенің қандай рөл атқарғанын айтқан еді (Елшілердің істері 7:22, 23, 30, 38).
[32-беттегі сурет]
Енох Ехобаның хабарын батыл жариялады