Беру арқылы қуанышқа бөленіңдер!
“Алғаннан гөрі берген бақытты” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 20:35).
1. Бергеннің қуанышқа бөлейтінін Ехоба қалай көрсетеді?
ШЫНДЫҚТЫ білгеннің қуанышы мен соның арқасында ие болатын игіліктер — Құдайдың берген қымбат сыйы. Ехобаны білген адамның қуанышты болуына көптеген себептер бар. Алайда, алғанның қуаныш сыйлайтыны сияқты, берген де қуанышқа бөлейді. Ехоба — ‘тек игі сыйлықтардың ғана’ Берушісі және ол — “бақытты Құдай” (Жақып 1:17, сілтемені қара; 1 Тімотеге 1:11, ЖД). Ол тыңдаған адамдардың бәрімен өзінің адамның рухани сауығуына себеп болатын тәлімдерімен бөлісуде және сүйіспеншілікпен берген өсиеттеріне балаларының құлақ асқанына қуанатын ата-аналар сияқты, Ол да оқытып отырған адамдарының тілалғыштығына қуанады (Нақыл сөздер 27:11).
2. а) Беру туралы Иса не айтты? ә) Өзгелерді Киелі кітаптағы шындыққа үйрете отырып, қандай қуаныш сезінеміз?
2 Сол сияқты, Иса да жерде болған кезінде өзінің тәлімін адамдардың жақсы қабыл алып жатқанын көргеніне қуанышты болды. Елші Пауыл Исаның сөздерін келтіріп былай деген еді: “Алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35). Өзгелерге Киелі кітаптағы шындықты үйреткен кезде олардың біздің діни сенімімізбен келіскеніне көңіліміз көтеріліп қана қоймайды. Біздің өзгелерге беріп жатқанымыздың шынайы да мәңгі пайдасы болғандықтан, терең қуаныш сезіміне бөленеміз. Рухани маңызы бар нәрселерді беру арқылы біз өзгелердің қазір және мәңгі игілік көре алуларына көмектесудеміз (1 Тімотеге 4:8).
Берген қуанышқа бөлейді
3. а) Елші Пауыл мен Жохан өзгелерге рухани көмек көрсеткен кездегі қуаныштарын қалай білдірді? ә) Киелі кітаптағы шындықты балаларымызбен бөліскеніміз неліктен сүйіспеншілік көрсеткеніміз болып табылады?
3 Мәсіхшілер де Ехоба мен Иса сияқты өзгелерге рухани сый бергендеріне қуанады. Өзгелерге Құдай Сөзіндегі шындықты білуге көмектескенін білгені елші Пауылды қуанышқа бөледі. Салониқадағы қауымға ол былай деп жазды: “Иеміз Иса Мәсіх қайтып келген кезде біздің үмітіміз, қуанышымыз, басымызға киер “мақтау тәжіміз” сендер болмағанда, кім болмақ? Расында да біздің мақтанышымыз бен қуанышымыз сендерсіңдер” (1 Салониқалықтарға 2:19, 20). Сол сияқты, елші Жохан да рухани ұлдарына былай деп жазды: “Рухани балаларымның шындық жолымен жүріп жатқанын естуден артық маған қуаныш жоқ” (3 Жохан 4). Сондай-ақ, туған балаларымыздың рухани да балаларымыз болуына көмектескеннің қаншалықты қуаныш сыйлайтыны жөнінде де ойлаңдаршы! Ата-аналарының балаларын ‘ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеп’ өсіруі — оларға сүйіспеншілік көрсеткені (Ефестіктерге 6:4). Осылай етуі арқылы ата-аналар балаларының мәңгілік игілігінің қамын ойлайтындарын көрсетеді. Ал балалары тәлім-тәрбиесін қабыл алса, ата-ана үлкен қуанышқа және қанағат сезіміне бөленеді.
4. Рухани мағынада берудің қуаныш сыйлайтынын неден көруге болады?
4 Делл — толық уақытты ізашар және бес баланың анасы. Ол былай дейді: “Мен елші Жоханның сөздеріне толықтай қосыламын, өйткені балаларымның төртеуінің ‘шындық жолымен жүріп жатқанына’ өте ризамын. Отбасы мүшелерінің бірігіп шынайы ғибадат еткені Ехобаға құрмет пен даңқ әкелетінін білемін, сол себепті шындықты балаларымның бойына сіңіру үшін күш салып жүргеніме Ехоба батасын беріп отырғанын көргенде терең қанағат сезіміне бөленемін. Отбасымен бірге Жұмақта мәңгі өмір сүру болашағы жүрегімде үміт отын лаулата түседі және қиыншылықтар мен кедергілерге қарамастан төзімділік танытуға талпындырады”. Өкінішке орай, Деллдің қыздарының бірі мәсіхшілерге лайықсыз істері үшін қауымнан шығарылған болатын. Сөйткенмен де Делл дұрыс көзқарасын сақтау үшін бар күшін салуда. “Бір күні қызым кіші пейілділік танытып, шын ниетпен Ехобаға қайта оралар деп үміттенемін. Сондай-ақ, балаларымның көпшілігінің әрі қарай да адал қызмет етіп жүргені үшін Құдайға ризамын. Қуанышым маған күш береді”,— дейді ол (Нехемия 8:10).
Мәңгілік достар табу
5. Уақытымыз бен күшімізді шәкірттер дайындау ісіне жұмсаған кезімізде, нені білгеніміз қанағат сезіміне бөлейді?
5 Иса ізбасарларына мәсіхші шәкірттер дайындап, оларға Ехоба мен оның талаптары туралы білім беруді бұйырды (Матай 28:19, 20). Ехоба мен Иса адамдардың ақиқат жолын үйренуіне риясыз көмектесіп келеді. Сол себепті, уақытымыз бен күшімізді шәкірттер дайындау ісіне жұмсаған кезде, біз, ертедегі мәсіхшілер сияқты Ехоба мен Исаның үлгісіне еліктеп жүргенімізді білгендіктен қанағат сезіміне бөленеміз (1 Қорынттықтарға 11:1). Осылайша Құдіретті Құдаймен және Исамен істес болудың арқасында өмірдің шынайы мағынасын табамыз. ‘Құдаймен бірге еңбектенушілердің’ арасында болғанымызға қандай қуаныштымыз десеңші! (1 Қорынттықтарға 3:9). Сондай-ақ, ізгі хабарды уағыздауға тіпті періштелердің де қатысатынын білгеніміз көңілді толқытады емес пе? (Аян 14:6, 7).
6. Рухани мағынада беру ісіне ат салысар болсақ, кімдердің досы бола аламыз?
6 Рухани мағынада беру ісіне ат салысу арқылы біз Құдаймен бірге еңбектенуші болып қана қоймай, онымен мәңгі дос бола аламыз. Сенімінің арқасында Ыбырайым Ехобаның досы аталған болатын (Жақып 2:23). Құдайдың еркін орындауға бар күшімізді салсақ, біз де Құдайдың достары бола аламыз. Сонда біз Исаның да досы боламыз. Ол өзінің шәкірттеріне былай деген еді: “Сендерді достарым деп атадым, өйткені Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге білдірдім” (Жохан 15:15). Көп адамдар беделді адамдардың немесе жоғары шенді адамдардың досы болғандарына қуанады, ал біз болсақ бүкіл әлемдегі ең ұлы екі тұлғаның досы бола аламыз!
7. а) Бір әйел қалай нағыз дос тапты? ә) Сондай жағдай сендерде де болған ба?
7 Сондай-ақ, адамдарға Құдаймен достасуға көмектескен кезімізде, олар бізге де дос болады. Ал бұл бізді ерекше қуанышқа бөлейді. Құрама Штаттарда тұратын Жоанн Тельма есімді әйелмен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізе бастайды. Киелі кітапты зерттеуіне отбасы мүшелері қарсылық білдіргенімен, Тельма табандылық танытып, бір жыл өткен соң шомылдыру рәсімінен өтеді. Жоанн былай деп жазды: “Мұнымен біздің қарым-қатынасымыз тоқтаған жоқ; қайта ол достыққа ұласып, достығымыз отыз бес жыл бойына жалғасып келеді. Жиі біз қызметке және конгрестерге бірге баратынбыз. Кейін мен 800 шақырым жердегі жаңа үйге қоныс аудардым. Сөйткенмен де, Тельма мені сүйіспеншілікпен еске алатынын айтып, және досы болғаным үшін, үлгі көрсеткенім үшін, Киелі кітаптағы шындыққа үйреткенім үшін ризашылық білдіріп, үнемі хат жазып отырады. Бұндай жан дос — Ехоба туралы үйретуге күш жұмсағаным үшін керемет сый”.
8. Қандай дұрыс ой қалпы қызметімізде көмек болады?
8 Шындықты білгісі келетін біреуді кездестіремін бе деген үміт, тіпті біз кездестірген адамдардың көбісі Ехобаның Сөзіне аз ғана қызығушылық танытса немесе мүлдем қызықпаса да, табанды болуымызға көмектеседі. Адамдардың мұндай селқостығы біздің сеніміміз бен табандылығымызды сынаққа түсіреді. Бірақ бізге дұрыс ой қалпының көмегі зор. Гватемаладан келген Фаусто былай дейді: “Өзгелерге куәлік етіп жатқан кезімде, осы сөйлесіп тұрған адам рухани бауырласымыз болса, қандай керемет болар еді деп ойлап тұрамын. Кездестірген адамдардың болмағанда біреуі Құдай Сөзін қуанышпен қабылдайды деп ойлап жүремін. Осылай ойлағаным менің куәлік етуді тоқтатпауыма көмектеседі және шынында да қуанышқа бөлейді”.
Байлықты көкте жинау
9. Көктегі байлық жөнінде Иса не айтты және біз бұдан не нәрсеге үйрене аламыз?
9 Шәкірттер дайындау — өз баламыз болсын, өзгелер болсын — барлық уақытта бірдей оңай емес. Ол үшін уақытың кетеді және төзімділік пен табандылық танытуың керек болады. Алайда, көбінесе қуаныш әкеле бермейтін және мәңгілік емес дүние-мүлікті молынан жинау үшін ауыр еңбек етуге дайын көптеген адамдарды есіңе алшы. Иса өзінің тыңдаушыларына рухани мағынадағы байлық жиғанның одан анағұрлым жақсы екенін айтқан болатын. Ол былай деген еді: “Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар, оларды күйе жеп, тот басады, немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді. Қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейді, не тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді” (Матай 6:19, 20). Шәкірттер дайындау сияқты рухани мақсаттарды көздей отырып біз Құдайдың еркін орындап жүргенімізді және оның батасына ие болатынымызды білгендіктен қанағат сезіміне бөленеміз. Елші Пауыл былай деп жазды: “Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді... Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды” (Еврейлерге 6:10).
10. а) Неліктен Иса рухани байлық жинай алды? ә) Иса қалай өз өмірін өзгелерге арнады және оның өзгелер үшін қандай зор пайдасы болды?
10 Егер біз шәкірттер дайындау үшін зор ынтамен еңбек етер болсақ, Исаның сөздеріне сәйкес, өзіміз үшін ‘байлықты көкте жинаймыз’. Осылайша біз алудың да қуанышын сезінеміз. Өйткені риясыздықпен беру арқылы рухани дәулетімізді асырамыз. Исаның өзі сансыз көп жылдар бойы Ехобаға адал қызмет етіп келген. Ол көкте қаншалықты көп байлық жиған десеңші! Сөйткенмен де, Иса өз мүддесін көздемеген. Елші Пауыл былай деп жазды: “Иса Мәсіх бізді қазіргі зұлым дүниенің құлдығынан құтқару үшін Құдай Әкеміздің еркі бойынша күнәларымыздың құнын өтеп, жанын құрбан етті” (Ғалаттықтарға 1:4). Иса риясыздықпен аянбай қызмет етіп қана қойған жоқ, өзгелердің көкте байлық жинауға мүмкіндіктері болуы үшін өз өмірін азаттық төлемі ретінде берді.
11. Рухани сый неліктен дүние-мүліктен анағұрлым артық?
11 Адамдарға Құдай туралы тәлім беру арқылы біз оларға таусылмас рухани байлық жинаудың жолын көруге көмектесеміз. Бұдан артық қандай сый беруге болады? Егер оған қымбат сағат, автомобиль немесе тіпті үй сыйласаң, досың риза болып, өзін бақытты сезінер және сен де бергеннен қуанышқа бөленерсің. Алайда, 20 жылдан кейін сенің сыйыңның күйі қандай болады? 200 жылдан соң ше? Ал 2 000 жылдан кейін? Ал, егер оған Ехобаға қызмет етуіне көмектесу үшін уақытың мен күшіңді жұмсайтын болсаң, досың ол сыйдың қызығын мәңгі көретін болады.
Ақиқатты қалайтын адамдарды іздеу
12. Кейбіреулер өзгелерге рухани көмек көрсету үшін уақыттары мен күшін қалай жұмсауда?
12 Қуанышқа бөлейтін рухани мағынада беру ісіне ат салысқан Ехобаның халқы бүкіл жер бетінде ізгі хабарды жариялауда. Мыңдаған адамдар миссионер ретінде қызмет ету үшін өз үйлерін және туған-туыстарын қалдырды. Олар барған жерлерінде жаңа тіл үйреніп, жаңа мәдениетке бейімделді. Өзгелері өз елдеріндегі Патшалықты уағыздаушылар көбірек қажет аудандарға көшті. Сондай-ақ, тағы біреулері өздері тұратын жердегі өзге елден көшіп келгендерге уағыз айту үшін, шет тілін үйренді. Мысалы, қазір Ехоба Куәгерлерінің дүние жүзілік бас басқармасында қызмет атқарып жүрген екі ұлын өсірген соң, Нью Джерсиде (АҚШ) тұратын бір ерлі-зайыптылар ізашарлық қызметті бастап, қытай тілін үйренеді. Үш жылдан аса уақыт ішінде олар қытай тілінде сөйлейтін жақын жердегі колледжде оқитын 74 адаммен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізді. Шәкірттер дайындау ісінде бұдан да көп қуанышқа бөлену үшін қызметіңнің аясын кеңейткің келе ме?
13. Егер қызметіңнің нәтижесінің артқанын қаласаң, не істеуіңе болады?
13 Мүмкін Киелі кітапты зерттеу сабағын жүргізуді аңсайтын шығарсың, бірақ оны бастаудың жолын таппай жүрген боларсың. Кейбір елдерде шындыққа қызығатын адамдар табу қиын. Мүмкін, сен жолықтырған адамдарды Киелі кітап еш қызықтырмайтын болар. Егер солай болса, Ехоба мен Иса Мәсіхтің екеуі де шәкірт дайындау ісіне өте ынталы және сені қойға теңелетін адамдарға жолықтырулары мүмкін екенін есте ұстай отырып, өзіңнің қалауыңды дұғада жиірек айтарсың. Қауымыңдағы әлдеқайда тәжірибелі немесе қызметі әлдеқайда жемісті өзге жариялаушылардан кеңес сұра. Мәсіхшілер қауымында берілетін тәлім мен кеңестерді қолдан. Аралаушы бақылаушылар мен олардың жұбайларының кеңестерін қолдан. Ең бастысы — ешқашан қызметтен бас тартпа. Бір дана адам былай деп жазған болатын: “Таңертең тұқымыңды сеп, кешке де қолыңа тыным болмасын, өйткені қайсысы сәтті болары саған белгісіз” (Екклесиаст 11:6, СА). Нұх, Еремия сияқты адал адамдарды есіңе түсірші. Олардың уағызын жақсы қабылдағандар өте аз болғанымен де, олардың қызметі нәтижелі болды. Ең бастысы — Ехобаға ұнамды болды.
Қолымыздан келгеннің бәрін істеу
14. Ехоба өзіне қызмет ету жолында қартайған адамдарға қалай қарайды?
14 Сендердің жағдайларың қалағандарыңша қызмет етулеріңе мүмкіндік бермеуі мүмкін. Мысалы, жасымыздың ұлғайғаны Ехобаға қызметімізді шектеуі мүмкін. Алайда, бір дана адамның жазған сөздерін есіңе алшы: “Шындық жолында ағарған шаш — абырой-атақтың тәжі” (Нақыл сөздер 16:31, СА). Адамның Ехобаға қызметке арнап өткізген өмірі — Оның көз алдында керемет ғұмыр. Жазбаларда былай делінген: “Сендер қартайған шақта да Мен өзгермеймін, шаштарың ағарған кезде де қолдай беремін. Сендерді жаратқан едім, бұдан былай да көтеріп жүремін. Мен ауыртпалықтарыңа төзіп, құтқарып қорғай беремін” (Ишая 46:4). Сүюші көктегі Әкеміз өзінің адал қызметшілерін қолдап, көмектесетініне уәде етеді.
15. Ехобаның біздің жағдайымызды түсінетініне сенесіңдер ме? Неліктен?
15 Мүмкін сендер аурумен, сенбейтін жұбайларыңның қарсылығымен, отбасындағы жауапкершіліктің ауыр жүгімен немесе өзге де ауыр қиындықтармен күресіп жүрген боларсыңдар. Ехоба біздің шектеулі мүмкіндігіміз бен жағдайымызды түсінеді және ол бізді оған қызмет етудегі шынайы талпынысымыз үшін сүйеді. Тіпті істегеніміз өзгелердікінен аз болса да Ол бізді сүйеді (Ғалаттықтарға 6:4). Ехоба біздің кемелсіз екенімізді біледі, сондықтан бізден артық нәрсе күтпейді (Забур 146:11). Егер біз қолымыздан келгеннің бәрін істейтін болсақ, Құдайдың көзінде бағалы екенімізге және Ол сеніміміздің жетелеуімен істеген істерімізді ұмытпайтынына сенімді бола аламыз (Лұқа 21:1—4).
16. Шәкірт дайындау ісіне бүкіл қауым болып қалай ат салысады?
16 Сондай-ақ, шәкірт дайындау ісі топ болып атқаратын іс екенін ұмытпайық. Өсімдікті бір тамшы жауынның өсірмейтіні сияқты, шәкірт дайындайтын да жалғыз адам емес. Әрине, қызығушылық білдірген адамды тауып, онымен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізетін бір ғана Куәгер болуы мүмкін. Алайда ол адам Патшалық Сарайына келе салысымен, бүкіл қауым болып оның шындықты түсінуіне көмектеседі. Бауырластықтағы сезілетін жылулық Құдайдың рухының әсерін көрсетеді (1 Қорынттықтарға 14:24, 25). Балалар мен жас өспірімдер әсерлі түсініктемелер береді, сөйтіп жаңа келген адам біздің жастарымыздың осы дүниедегі жастардан өзгеше екенін көреді. Қауымдағы науқас, әлсіз және қартаң адамдардың үлгісіне қарап жаңадан келген адам төзімділік таныту дегеннің не екенін үйренеді. Жасымызға, мүмкіндігіміздің шектеулі екеніне қарамастан, жаңадан келгендердің Киелі кітапқа деген сүйіспеншіліктерінің тереңдеп, шомылдыру рәсімінен өтетіндей рухани өсуіне көмектесуде әрқайсымыз маңызды рөл атқарамыз. Қызметке жұмсаған әр сағатымыз, әрбір қызыққан адамға қайта оралып барғанымыз, Патшалық Сарайында қызығушы адаммен өткізген әңгімеміздің әрқайсысы өздігінен болар-болмас нәрсе болып көрінуі мүмкін, алайда оның бәрі Ехоба атқарып отырған ұлы істің бөлігі болып табылады.
17, 18. а) Шәкірт дайындау ісіне ат салысумен қатар тағы қандай жолдармен беру арқылы қуанышқа бөлене аламыз? ә) Өзгелерге беріп, одан қуаныш сезінген кезімізде біз кімге еліктейміз?
17 Әрине, маңызды шәкірт дайындау ісімен қатар, мәсіхшілер ретінде бізді берудің өзге де түрлері қуанышқа бөлейді. Біз шынайы ғибадатты қолдау үшін және мұқтаждықтары барларға көмектесу үшін садақа беруімізге болады (Лұқа 16:9; 1 Қорынттықтарға 16:1, 2). Өзгелерге қонақжайлылық көрсетудің мүмкіндіктерін іздейміз (Римдіктерге 12:13). ‘Барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істеуге’ тырысамыз (Ғалаттықтарға 6:10). Берудің қарапайым бола тұра маңызды түрлері бар: хат жазу, телефон соғу, сыйлық беру, қол ұшын беру, жігерлендіретін сөз айту.
18 Беру арқылы біз көктегі Әкемізге еліктейтінімізді көрсетеміз. Сондай-ақ біз бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді паш етеміз, ал бұл — шынайы мәсіхшілерді анықтайтын белгі (Жохан 13:35). Осыларды есте ұстағанымыз өзгелерге беру арқылы қуанышқа бөленуімізге көмектеседі.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Рухани мағынада беруге байланысты Ехоба мен Иса қандай үлгі қалдырды?
• Қалай мәңгілік достар таба аламыз?
• Қызметіміздің нәтижесі артуы үшін қандай қадамдар жасай аламыз?
• Қауымдағылардың барлығы да беру арқылы қалай қуанышқа бөлене алады?
[25-беттегі суреттер]
Балалары тәлім-тәрбиесін қабыл алса, ата-ана үлкен қуанышқа және қанағат сезіміне бөленеді
[27-беттегі сурет]
Шәкірттер дайындау арқылы шынайы достар таба аламыз
[28-беттегі сурет]
Қартайған шағымызда да Ехоба бізді қолдайды
[29-беттегі суреттер]
Берудің қарапайым бола тұра маңызды жолдары қуанышқа бөлейді