Ехобаны білетіндеріңе қуаныңдар
“Құдай Сөзін естіп, оны орындаушылар... бақытты!” (ЛҰҚА 11:28).
1. Ехоба адамдармен қарым-қатынасын қашан бастады?
ЕХОБА адамзатты сүйеді және олардың аман-саулығына терең ықылас қояды. Сол себепті оның адамдармен қатынасып отыратыны таңғаларлық емес. Бұл қарым-қатынас Едем бағында басталған еді. Жаратылыс 3:8-ге сәйкес, бір жолы “күннің ыстығы қайтқан кезде” Адам ата мен Хауа ана “Ехоба Құдайдың даусын естіді” (ЖД). Кейбіреулердің айтуынша, әдетте осы мезгілде Ехоба Адаммен сөйлесетін болған, күн сайын сөйлескен болуы да мүмкін. Қандай болғанда да, Құдайдың бірінші адамға нұсқау беру үшін ғана емес, сондай-ақ өз міндетін атқара алуы үшін оған тәлім беруге де уақыт бөлгенін Киелі кітап анық көрсетеді (Жаратылыс 1:28—30).
2. Бірінші ерлі-зайыптылар Ехобаның басшылығынан қалай бас тартты және оның салдары қандай болды?
2 Ехоба Адам мен Хауаға өмір берді және жануарларға иелік етіп, бүкіл жер бетіндегіні өздеріне бағындыруға билік берді. Оларға бір-ақ нәрсеге тыйым салынды: олар жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштан жемеулері керек еді. Шайтанның ықпал етуімен Адам мен Хауа Құдайдың бұйрығын орындамады (Жаратылыс 2:16, 17; 3:1—6). Олар ненің жақсы, ненің жаман екенін өздері шешуді ұйғарып, тәуелсіз әрекет етуді таңдады. Осылай етулері арқылы олар ақылсыздық танытып, сүйіспеншілігі мол Жаратушыларының басшылығынан бас тартты. Соның салдарынан олар өздерін де, әлі туылмаған ұрпақтарын да бақытсыздыққа душар етті. Адам мен Хауа қартайып, ақыр аяғында қайта тірілу үмітінсіз қайтыс болды. Олардың ұрпақтары күнә мен оның салдары — өлімді мұра етті (Римдіктерге 5:12).
3. Ехоба Қабылға нені ескертті және Қабыл оны қалай қабылдады?
3 Едемдегі бүлікке қарамастан, Ехоба өзі жаратқан адамдармен байланысын үзбеді. Адам мен Хауаның алғашқы ұлдары Қабыл бақытсыздыққа бастайтын жолға түскен кезде, Ехоба оған бұл жайды ескертті және “дұрыс” нәрсе істеуге кеңес берді. Алайда, Қабыл сүйіспеншілікпен берілген кеңесті қабыл алмай, өзінің інісін өлтірді (Жаратылыс 4:3—8). Осылайша жер бетінде өмір сүрген алғашқы үш адам, өз халқына пайдалы нәрсені үйрететін, өздеріне өмір берген Құдайдың кемелді басшылығынан бас тартты (Ишая 48:17). Бұл жайт Ехобаның көңіліне қатты тиген болуы керек.
Ехобаның ежелгі қызметшілеріне өзін таныстыруы
4. Адам мен Хауаның ұрпақтарына байланысты Ехоба не нәрсеге сенімді болды және оларға үміт беретін қандай хабар жариялады?
4 Адамзатпен байланысын үзуге барлық негіз болса да, Ехоба олай етпеді. Ол Адам атаның ұрпақтарының кейбіреулерінің даналық танытып, Өзінің басшылығын ұстанатынына сенімді болды. Мысалы, Адам мен Хауаға үкім шығарған кезде Ехоба Жыланға, яғни Шайтан Ібіліске, қарсы шығатын “ұрпақтың” келетінін алдын ала айтты. Уақыты келгенде ол Шайтанды басынан мыжып өлтіретін еді (Жаратылыс 3:15). Бұл пайғамбарлық “Құдай Сөзін естіп, оны орындаушылар” үшін үміт беретін қуанышты хабар болды (Лұқа 11:28).
5, 6. Б. з. бірінші ғасырына дейін Ехоба өз халқымен қалай байланыста болды және олар үшін мұның қандай пайдасы болды?
5 Нұх, Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және Әйүп сияқты ежелдегі адал адамдарды Ехоба өзінің еркі жайлы хабардар еткен (Жаратылыс 6:13; Мысырдан шығу 33:1; Әйүп 38:1—3). Кейінірек Мұса арқылы Исраил халқына заңдар жинағын берді. Олар үшін Мұсаның заңы көп жағынан пайдалы болды. Сол заңды орындау арқылы Исраил Құдайға арналған халық ретінде басқа халықтардан ерекше жағдайда болды. Заңды орындаған кезде оларға материалдық жағынан ғана емес, рухани жағынан да батасын беріп, діни қызметкерлер патшалығы, қасиетті халық қылатынына Құдай исраилдіктерге кепілдік берген болатын. Олардың денсаулықтары жақсы болуы үшін бұл Заң тіпті емдәм мен тазалық сақтау жағын да қамтыды. Алайда Ехоба заңды тыңдамаудың қайғылы зардаптарын да ескертті (Мысырдан шығу 19:5, 6; Заңды қайталау 28:1—68).
6 Уақыт өте келе Киелі кітаптың құрамына өзге де Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған кітаптар енгізілді. Олардың ішіндегі тарихи жазбаларда Ехобаның халықтармен де, жеке адамдармен де қатынасы жайында айтылды. Өлең сөздермен жазылған кітаптар Құдайдың қасиеттерін әдемі сөздермен суреттеді. Пайғамбарлық кітаптарда болса Ехобаның еркінің болашақта қалай орындалатыны алдын ала айтылды. Ертедегі адал адамдар Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған жазбаларды мұқият зерттеп, оларды орындаған. Олардың бірі былай деп жазды: “Қадамдарымды сөздерің жарқыратады, өмір жолыма шырақтай нұрын шашады” (Забур 118:105). Өзін тыңдауға дайын болған адамдарға Ехоба білім мен тәлім берді.
Жарық күшейе түсуде
7. Кереметтер жасағанымен де, Иса бірінші кезекте кім ретінде танымал болды және неліктен?
7 Бірінші ғасырға таман яһудилердің діни топтары Мұсаның заңын адам ойынан шыққан дәстүрлермен араластырып жіберді. Сол дәстүрлердің әсерінен Заң дұрыс орындалмады және білімнің қайнар көзі болудың орнына, ол ыңғайсыз және тым ауыр болып кетті (Матай 23:2—4). Алайда б. з. 29 жылы Мәсіх ретінде Иса келді. Ол адамзат үшін өз өмірін беру үшін ғана емес, сондай-ақ “шындықты ашық жариялау үшін” келді. Кереметтер жасағанымен де, ол бірінші кезекте “Ұстаз” ретінде танымал болды. Оның тәлімдері адамдардың ұғымдарын басып қалған рухани қараңғылықты қақ жарған нұр сияқты болды. Исаның өзі: “Мен дүние үшін Нұрмын”,— деп әділ айтқан болатын (Жохан 8:12; 11:28; 18:37).
8. Б. з. бірінші ғасырында Құдайдың рухының жетелеуімен қандай кітаптар жазылды және ертедегі мәсіхшілер үшін олардың қандай пайдасы болды?
8 Кейінірек Ізгі хабарлар, яғни Исаның өмірі туралы жазылған төрт кітап пен Иса өлген соң мәсіхшіліктің қалай тарағаны жайлы мәлімет жазылған Елшілердің істері кітабы жазылды. Сонан соң Исаның шәкірттерінің Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған хаттары, сондай-ақ пайғамбарлық Аян кітабы жазылды. Бұл жазбалар Еврей Жазбаларымен бірігіп Киелі кітапты құрады. Осы Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған кітаптардың көмегімен мәсіхшілер шындықтың ‘қаншалықты кең де көз жеткісіз, терең және биік екенін Құдайдың бүкіл халқымен бірге түсіне алды’ (Ефестіктерге 3:14—18). Олар “Мәсіхтің ой-ниетіне” ие бола алды (1 Қорынттықтарға 2:16). Сөйткенмен де, ол ертедегі мәсіхшілер Ехобаның ниетін толық түсінген жоқ. Елші Пауыл бір сенімдегілерге былай деп жазды: “Қазір көргеніміз айнадағы [“металл айнадағы”, ЖД] көмескі бейне іспетті” (1 Қорынттықтарға 13:12). Мұндай айна барлық тұстарын анық көрсетпейді, тек жалпы кескінін ғана шағылыстырады. Құдай Сөзін толық түсінетін уақыт әлі келген жоқ еді.
9. “Соңғы дәуір” кезінде қандай білім тарап жатыр?
9 Біз бүгін “қиын-қыстау күндер” ретінде белгілі “соңғы дәуір” деп аталатын заманда өмір сүріп отырмыз (2 Тімотеге 3:1). Даниял пайғамбар осы уақыт аралығында ‘білім артатынын’ айтқан (Даниял 12:4). Осы пайғамбарлыққа сай, Ұлы Хабаршы Ехоба ізгі ниетті адамдарға өзінің Сөзінің мағынасын түсінуге көмектесіп келеді. Қазір көптеген адамдар Мәсіх Исаның көкте 1914 жылы таққа отырғанын түсінеді. Сондай-ақ олар, оның жақында бүкіл зұлымдықты жойып, жер бетін жұмаққа айналдыратынын біледі. Патшалық туралы ізгі хабардың осы маңызды бөлігі қазір бүкіл жер бетінде уағыздалуда (Матай 24:14).
10. Ғасырлар бойы адамдар Ехобаның кеңесін қалай қабылдап келді?
10 Иә, бүкіл тарих бойы Ехоба өзінің еркі мен мақсатын жер бетіндегі адамдарға хабарлап отырған. Киелі кітапта Құдайдың даналығын тыңдап, өмірінде қолданып, сол үшін батаға ие болған көптеген адамдар суреттеледі. Онда Құдайдың сүйіспеншілікпен берген кеңесін қабыл алмай, өлімге апаратын Адам мен Хауаның ізімен жүрген өзге адамдар жайында да айтылады. Иса бұл жағдайды бейнелеп айтқандағы екі жол жайлы айтқанда түсіндірді. Олардың бірі өлімге апарады. Кең де даңғыл болғандықтан, бұл жолмен Құдай Сөзінен бас тартатын көптеген адамдар жүреді. Екіншісі мәңгі өмірге апарады. Ол — Киелі кітапты Құдай Сөзі ретінде қабылдап, ол шындығында солай, соған сәйкес өмір сүретін аз адамдар жүретін тар жол (Матай 7:13, 14).
Барды бағалай біліңдер
11. Біздің Киелі кітапты біліп, оған сенгеніміз ненің дәлелі?
11 Сендер өмірге апаратын жолды таңдағандардың қатарындасыңдар ма? Егер солай болса, осы жолда қалуды қалайтындарың күмәнсыз. Ал ол үшін не істеуіміз керек? Әрқашан ризашылықпен Киелі кітаптағы шындықты білгендеріңнің арқасында қандай баталарға ие болғандарың туралы ой жүгіртіңдер. Ізгі хабарды қабыл алғандарыңның өзі — Құдайдың сендерге батасын бергенінің дәлелі. Иса бұны келесі сөздермен Әкесіне дұға еткен кезде көрсеткен еді: “Көк пен жердің Иесі — Әке! Осы жайларды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды нәресте іспетті қарапайымдарға ашып білдіргенің үшін Сені дәріптеймін” (Матай 11:25, сілтемені қара). Жоғары білімді діни басшылар түсінбеген Исаның тәлімін балықшылар мен салық жинаушылар түсіне алды. Кейінірек Иса былай деді: “Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады” (Жохан 6:44). Егер Киелі кітапты біліп, оған сеніп, оның тәлімдерін өмірлеріңде қолданып жүрген болсаңдар, бұл — Ехобаның сендерді Өзіне жақындатқанының дәлелі. Бұны білгеніміз қандай қуанышты десеңші!
12. Киелі кітап қандай білім береді?
12 Құдай Сөзінде азат ететін және көп нәрсеге көзіңді ашатын шындықтар жазылған. Киелі кітаптан алған білімге сәйкес өмір сүретіндер — миллиондаған адамдардың өмірін билеп отырған ырым, жалған ілімдерден және қараңғылықтан азат болған адамдар. Мысалы “жан” туралы шындықты білгеніміз өлген адамдар жамандық істейді деген немесе қайтыс болған сүйіктілеріміз азап шегуде деген қорқыныштан азат етеді (Езекиел 18:4). Зұлым періштелер жайындағы шындықты білгеніміз спиритизмнен аулақ жүруімізге көмектеседі. Қайта тірілу туралы ілім жақындары қайтыс болған адамдарды жұбатады (Жохан 11:25). Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар уақыт ағымының қай бөлігінде екендігімізді көрсетеді және Құдайдың болашаққа байланысты уәделеріне сенімді болуымызға көмектеседі. Сондай-ақ олар біздің мәңгі өмір сүруге деген үмітімізді нығайта түседі.
13. Құдай Сөзін ұстанғанның денсаулық үшін қандай пайдасы бар?
13 Құдайдың Киелі кітаптағы принциптері салауатты өмір сүріп, тәніміздің де саулығын сақтауға көмектеседі. Мысалы, біз темекі және өзге де есірткі өнімдері сияқты тәнімізді ластайтын нәрселерден аулақ болуымыз керек екенін білеміз. Спиртті ішімдіктерді шамадан тыс ішуден сақтанамыз (2 Қорынттықтарға 7:1). Құдайдың өнегелілік нормаларын ұстанғанымыз жыныстық қатынас арқылы берілетін аурулардан қорғайды (1 Қорынттықтарға 6:18). Құдайдың ақшақұмарлықтан аулақ болу жөніндегі өсиетін орындау арқылы байлық қуып абыржымай, жан тыныштығын сақтаймыз (1 Тімотеге 6:10). Құдай Сөзін өмірлеріңде қолданғандарыңның денсаулықтарыңа байланысты қандай пайдасын көріп жүрсіңдер?
14. Киелі рухтың біздің өмірімізге қандай әсері бар?
14 Егер Құдай Сөзіне сәйкес өмір сүретін болсақ, Ехоба бізге киелі рухын береді. Соның арқасында Мәсіх сияқты қайырымдылық және жанашырлық сияқты тартымды қасиеттер дамытамыз (Ефестіктерге 4:24, 32). Сондай-ақ, Құдайдың рухы біздің сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кең пейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық сияқты өзінің жемістерін дамытуымызға көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Бұл қасиеттер өзгелермен, соның ішінде отбасы мүшелерімен де, қуанышты да жағымды қарым-қатынаста болуға септігін тигізеді. Біздің қиындықтарды батыл қарсы алуымызға көмектесетін рухани күшіміз болады. Киелі рухтың өмірлеріңе жақсы әсер етіп жатқанын байқап жүрсіңдер ме?
15. Өмірімізді Құдайдың еркіне сай келтірген сайын қандай пайда көреміз?
15 Өмірімізді Құдайдың еркіне сай келтірген сайын, Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайта түсеміз. Оның бізді түсінетініне және сүйетініне сеніміміз арта түседі. Қиын уақыттарда бізді қолдап отыратынын іс жүзінде көреміз (Забур 17:19). Оның шын мәнінде дұғамызды тыңдайтынын көреміз (Забур 64:3). Біз үшін пайдалы болатынына сенімді болып, Оның басшылығына арқа сүйейтін боламыз. Сондай-ақ уақыты келгенде Құдай өзіне адал адамдарды кемелділікке жеткізіп, мәңгі өмірді сыйға береді деген керемет үмітіміз бар (Римдіктерге 6:23). “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”,— деп жазды Жақып (Жақып 4:8). Ехобаға жақындаған сайын, онымен қарым-қатынастарыңның нығая түскенін байқап жүрсіңдер ме?
Теңдесі жоқ қазына
16. Бірінші ғасырдағы кейбір мәсіхшілер қандай өзгерістер жасады?
16 Пауыл бірінші ғасырдағы майланған мәсіхшілерге кейбіреулерінің бір кездері азғын, неке адалдығын бұзушы, еркекжанды еркек, ұры, дүниеқоңыз, маскүнем, өсекші, тонаушы болғандарын естеріне салды (1 Қорынттықтарға 6:9—11). Киелі кітаптағы шындық оларды үлкен өзгерістер жасауға талпындырды: олар ‘күнәдан тазарды’. Бір сәт ойланып көріңдерші: Киелі кітаптың азаттыққа жеткізген шындығын білмегенде қандай өмір кешіп жатқан болар едіңдер? Иә, шындық — еш теңдесі жоқ қазына. Ехобаның бізге шындықты ашқанына қандай қуаныштымыз десеңші!
17. Ехоба Куәгерлері мәсіхшілердің кездесулерінде рухани қалай тамақтанды?
17 Сондай-ақ, көп ұлтты бауырластығымызда қуанышты болуымызға қандай себептер бар екені жайлы ойлаңдаршы. “Адал да саналы қызметші” рухани ас-сумен уақтылы қамтамасыз етуде. Оның ішінде көптеген тілдерде шығатын Киелі кітап, журналдар және өзге де басылымдар бар (Матай 24:45—47). 2000 жылы көп елдердегі Ехоба Куәгерлері қауым кездесулерінде Еврей Жазбаларындағы негізгі сегіз кітаптың көңіл қоярлық ойларын қарастырды. Олар “Киелі Жазбаларды түсіну” энциклопедиясында (ағ.) талқыланған Киелі кітаптың 40 кейіпкерінің өмірі жайлы ой жүгіртті. Олар “Ең ұлы адам” кітабының төрттен бір бөлігін және “Даниялдың пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” атты кітапты толық дерлік талқылады. “Күзет мұнарасындағы” талқылауға арналған 52 мақала мен 36 қосымша мақалалар талқыланды. Сондай-ақ, Ехоба өз халқын “Біздің Патшалық қызметіміз” деген басылымның 12 нөмірі мен апта сайын Киелі кітапқа негізделген әр түрлі тақырыптағы баяндамалар арқылы рухани қамтамасыз етті. Қандай мол рухани білім десеңші!
18. Мәсіхшілер қауымында бізге қандай жолдармен көмек көрсетіледі?
18 Жер шарындағы 91 000 қауымның мүшелері қауым кездесулерінде және өзара қарым-қатынастан қолдау тауып, жігер алуда. Сондай-ақ біз рухани жағынан көмектесуге әрқашан дайын толысқан мәсіхшілердің қолдауына да ризамыз (Ефестіктерге 4:11—13). Иә, шындықты білгеніміздің арқасында көптеген игіліктер көрдік. Ехобаны біліп, Оған қызмет еткен өте қуанышты. “Кімнің Құдайы Тәңір болса, сол халық бақытты!” — деген Забур жыршысының сөздері қаншалықты дұрыс десеңші! (Забур 143:15, СА).
Естеріңде ме?
• Мәсіхшілерге дейінгі кезде Ехоба кімдерге мәлімет берді?
• Бірінші ғасырда рухани жарық қалай күшейе түсті? Бүгінгі күні ше?
• Ехоба туралы білімімізге сай өмір сүргенімізден қандай пайда көрудеміз?
• Құдай жөнінде білетінімізге неліктен қуаныштымыз?
[18-беттегі суреттер]
Ехоба өзінің еркін Мұсаға, Нұхқа және Ыбырайымға білдірді
[19-беттегі сурет]
Бүгінгі күні Ехоба өзінің Сөзіне нұрын төгуде
[23-беттегі суреттер]
Көп ұлтты бауырластығымызда ие болып жатқан баталар жөнінде ойлаңдаршы!