Дүниежүзілік бауырластық бір-біріне қамқорлық жасауда
КӨЗ КӨРЕР жердің бәрінде адамдар бар. Араларында егде адамдар көп. Кейбіреуінің әлсіз болғаны соншалық, әрең қозғалады. Аяғы ауыр әйелдер, кішкентай балалары бар жас отбасылары да бар. Олардың бәрі де — ерлер, әйелдер және балалар — азамат соғысының, табиғи апаттардың немесе өзге де жағдайлардың әсерінен үйлерін тастап қашып, көрші елдерден баспана іздеуге мәжбүр болған босқындар. Кейбіреулерінің үйінен кетуге мәжбүр болуы бірінші мәрте емес. Ел ішіндегі бүлік пен табиғи апаттың алғашқы белгілері пайда болған кезде олар ең қажетті заттары мен балаларын алып қауіпсіздеу жаққа қарай бет түзейді. Ал кейіннен, жағдай қалпына келген кезде, көптеген босқындар қайтып келіп үйлерін жөндеп, тұрмыстарын қайта құра бастайды.
Жылдар бойы Орталық Африка Республикасы көптеген елдерден келген босқындарды қабыл алуда. Жақында мыңдаған адамдар, арасында Ехоба Куәгерлері де бар, соғыс болып жатқан Конго Демократиялық Республикасынан әлдеқайда қауіпсіз осы елге қашуға мәжбүр болды.
Бауырластар мұқтаждық көргендерге көмектесуде
Орталық Африка Республикасындағы Куәгерлер гуманитарлық көмек ұйымдастыру ісін өздері үшін құрмет санады. Елінен қашуға мәжбүр болған мәсіхші бауырластардың келуіне қарай тұратын орын дайындалды. Алғашында бауырластарды бір сенімдегілердің үйлеріне орналастырды, бірақ босқындардың саны көбейген кезде өзге де шаралар қарастыру керек екені анық болды. Кейбір Патшалық Сарайлар жатақхана ретінде қайта жабдықталды. Сол жерге орналасқандарға ыңғайлы болуы үшін жергілікті Куәгерлер бар ықыласымен еңбек етіп, қосымша жарық жүргізді, су жүретін құбырлар орнатты және едендерді бетондады. Осы уақытша жатақтарды ұйымдастыру үшін босқын бауырластар да жергілікті бауырластармен бірге еңбек етті. Босқындарды өмір беретін рухани ас-сумен қамтамасыз ету үшін лингала тілінде мәсіхшілер жиналысының толық бағдарламасы ұйымдастырылды. Жергілікті Куәгерлер мен олардың қонақтарының ынтымақтастығы дүниежүзілік баурыластықтың мүмкін екенін көрсетті.
Кейбір бір-бірінен адасып қалған отбасы мүшелері осы жерге келген соң барып қосылып жатты. Әр Патшалық Сарайда аман-есен келіп жеткендердің тізімі жасалды. Сондай-ақ, әлі келмегендерді іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Орталық Африка Республикасындағы Ехоба Куәгерлерінің жұмысын басқаратын филиал әлі жолда келе жатқандарға көмектесу үшін және жоғалып кеткендерді іздестіру үшін күн сайын үш автомобиль жіберіп отырды. Бұл автомобильдерде үлкен әріптермен “КҮЗЕТ МҰНАРАСЫ — Ехоба Куәгерлері” деп жазылды.
Ата-аналарынан адасып қалған жеті босқын баланың “Ехоба Куәгерлері” деген жазуы бар фургонды көргендегі қуанышын көз алдарыңа елестетіп көріңдерші! Сол сәтте олар автомобильге жүгіріп келіп, өздерінің Куәгерлер екендерін айтты. Бауырластар олардың автомобильге мінулеріне көмектесіп, Патшалық Сарайына алып барды да, онда олар өз отбасыларына қосылды.
Бұл шынайы мәсіхшілердің бір емес, бірнеше мәрте қайталанған осындай қиын жағдайларды жеңіп шығуы ненің арқасы екен? Олар Киелі Жазбаларда алдын ала айтылған соңғы күндері өмір сүріп отырғандарына толық сенімді (2 Тімотеге 3:1—5; Аян 6:3—8).
Сондай-ақ олар Ехоба Құдайдың жақын арада соғыстарды, өшпенділікті, зорлық-зомбылықты және қастықты жоятынын да біледі. Босқындыққа байланысты қиыншылықтар енді болмайды. Ол уақыт келгенге дейін Ехоба Куәгерлері елші Пауылдың 1 Қорынттықтар 12:14—26-да жазылған сөздеріне сәйкес бір-біріне қамқорлық көрсетуге тырысуда. Араларын өзендер, шекаралар, тілдер мен ара қашықтықтар бөліп тұрғанымен, бір-бірінің қамын ойлағандықтан, біреулері мұқтаждыққа ұшыраған жағдайда олар жылдам көмекке келеді (Жақып 1:22—27).
[29-беттегі карта]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
АФРИКА
Орталық Африка Республикасы
Конго Демократиялық Республикасы
[Рұқсатымен]
Mountain High Maps® Copyright © 1997 Digital Wisdom, Inc.
[29-беттегі суреттер]
Үш Патшалық Сарайы қабылдау орталығы ретінде қолданылды
[30-беттегі сурет]
Лезде ас дайындайтын жабдықтар орнатылды
[30-беттегі сурет]
Босқындардың саны көбейген үстіне көбейе түсуде
[30-беттегі суреттер]
Туа салысымен босқын