“Ехоба маған соншалықты қайырымдылық жасауда!”
БІР жолы 1985 жылдың наурыз айының жайдары бір кешінде, Нью-Йорктегі Ехоба Куәгерлерінің бас басқармасының жазушылар бөліміндегі бауырластар айрықша бір оқиғаны атап өту үшін бас қосты. Карл Ф. Клейннің толық уақытты қызмет еткеніне алпыс жыл толған болатын. Бауырласымыз Клейн зор қуанышпен: “Ехоба маған соншалықты қайырымдылық жасауда!” — деді. Ол Киелі кітаптағы Забур 36:4 жырын ерекше ұнататынын айтты. Кейінірек жиналғандар оның виолончельде ойнаған сазын рақаттана тыңдады.
Бұдан кейінгі он бес жыл бойы бауырласымыз Клейн жазушылар бөлімінде жұмыс істеуді және Ехоба Куәгерлерінің Басқарушы кеңесінің мүшесі болуды жалғастыра берді. 2001 жылдың қаңтар айының үшінші жұлдызында 95 жасқа келген Карл Клейн, Құдайдың адал қызметшісі, өзінің жердегі сапарын аяқтады.
Карл Германияда туылған болатын. Оның отбасы Құрама Штаттарға көшіп келеді де, Карл Чикаго қаласының шетінде (Иллинойс штатында) өсіп ер жетеді. Бала күнінің өзінде Карлды да, інісі Тедті де Киелі кітап қызықтыра бастаған-ды. Карл 1918 жылы суға шомылдыру рәсімінен өткен, ал Киелі кітапты Зерттеушілердің 1922 жылы өткізген конгресіндегі көңіл толқытатын баяндамалар оған қатты әсер етіп, оның жүрегінде уағыздау қызметіне деген сүйіспеншілік отын өмір бойына жаққан болатын. Оның өмірінде уағыздау қызметіне қатыспай қалған апта болған емес, тіпті ол өмірінің соңғы апталарында да солай етті.
1925 жылы Карл Ехоба Куәгерлерінің бас басқармасында қызмет ете бастайды да, алдымен типографияда жұмыс істейді. Карл музыка десе ішкен асын жерге қоятын. Ол бірнеше жыл бойы әуенінің жазбалары мәсіхшілердің радиотолқынында берілетін оркестрде виолончельде ойнайды. Сосын ол қызмет бөлімінде істейді, онда бақылаушы болған Т. Д. Салливанмен жақсы достық қарым-қатынаста болады. Інісі Тед болса, үйленіп әйелі Дориспен бірге Пуэрто-Рикоға миссионер болып тағайындалады.
Карл Клейн жарты ғасыр бойы жазушылар бөлімінде жұмыс істеп, ондағы жұмысқа елеулі үлес қосты, өйткені ол зерттеуді ұнататын, сондай-ақ оның Киелі кітапқа негізделген білімі терең болатын. 1963 жылы Карл Боливияда қызмет ететін германиялық Маргарита деген миссионерге үйленеді. Маргаританың сүйіспеншілігі мен әсіресе денсаулығы нашарлаған кезде оған тірек болғандығы Карлдың жұмысқа қабілетті болып қалуына көмектесті. Егде жасқа келгеннен кейін де ол, адамдардың көбісі мұнша жасқа келгенде зейнет демалысына шығады, толық уақытты қызметін жемісті етіп атқара береді. Туа біткен ашық мінезі мен музыкантқа тән шабытының арқасында Карл жиналыстар мен конгрестерде естен кетпес баяндамалар айта алды. Өлерінен аз уақыт бұрын ол таңғы мінажатты жүргізіп, Нью-Йорктағы Бетел отбасында күнделікті тармақты талқылаған болатын, бұл тыңдаушылардың барлығын қуанышқа бөледі әрі пайдалы болды.
“Күзет мұнарасының” 1984 жылғы 1 қазандағы нөмірінде (ағ.) бауырласымыз Карл Клейннің көңілді толқытатын өмірбаяны жарияланғаны осы журналды үзбей оқитын оқырмандардың естерінде. Карл Клейннің бұдан кейін де он жарым жыл, яғни өлер шағына дейін, адал әрі шын берілген мәсіхші ретінде қызмет еткенін есте ұстай отырып, бұл мақаланы қайталап оқи беруге болады.
Мәсіхтің майланғандарының бірі ретінде Клейн бауырласымыз Мәсіхпен бірге көкте патшалық етуді шын жүректен қалайтын. Ехобаның оның қалауын орындағанына сенуге бізде барлық негіз бар (Лұқа 22:28—30).
[31-беттегі сурет]
Карл 1943 жылы Т. Д. Салливан, Тед және Дориспен бірге
[31-беттегі сурет]
Карл және Маргарита. Қазан 2000 жыл