Оқырмандардың сауалдары
◼ 2 Жохан 10-тармақтағы, “үйлеріңе кіргізбеңдер, тіпті сәлемін де алмаңдар!” деген сөздер тек жалған ілімдер таратып жүрген адамдарға ғана қатысты айтылған ба?
Контексіне қарайтын болсақ, бұл кеңес “Иса Мәсіхтің жерге адам бейнесінде келгенін мойындамайтын”, дүниеге келген “көптеген азғырушыларға” қатысты берілген (2 Жохан 7) Елші Жохан Исаның болғанын немесе оның Мәсіх және Құтқарушы екенін теріске шығаратын адамға мәсіхшілердің қалай қараулары керек екені жайлы басшылық берген болатын. Ол былай деген еді: “Сондықтан да біреу келіп, осы ілімге қарсы бір нәрсе үйретсе, ондайды үйлеріңе кіргізбеңдер, тіпті сәлемін де алмаңдар! Себебі біреудің сәлемін алған адам соның жамандық істеріне ортақ болады” (2 Жохан 10, 11). Алайда Киелі кітаптың өзге де жерлерінен бұл басшылықтың кең көлемде қолданылатынын көруге болады.
Бір кездері Қорынттағы мәсіхшілердің бірі азғындық жасап жүрген еді, сонда елші Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерге: “Өзін сенімдегі бауырласпын деп атағанмен, азғын, дүниеқоңыз, жалған тәңірлерге құлшылық етуші, өсекші, маскүнем немесе алаяқ болып жүрген ешкіммен де араласпауларың керек. Мұндайлармен тіпті дастарқандас та болмаңдар”,— деп жазды (1 Қорынттықтарға 5:11). Бұл сөздер осы аталып өткен ауыр күнәлар үшін қауымнан шығарылған мәсіхшілерге ғана қатысты ма екен?
Жоқ. Аян 21:8-де өз істеріне өкінбейтін кісі өлтіруші, сиқыршы, өтірікші адамдардың да екінші өлімге лайық екені көрсетілген. Ал, 1 Қорынттықтар 5:11-дегі кеңестің осы жаман қылықтармен айналысқан мәсіхшілерге де қатысты айтылғаны анық. Сондай-ақ, Жохан кейбір адамдар туралы: “Ортамыздан шықса да, біздікі болған жоқ, өйткені егер біздікі болса, бізбен бірге қалар еді. Бұлардың бәрінің біздікі болмағандары осылайша білініп қалды”,— деп жазды (1 Жохан 2:18, 19). Жохан олар ауыр күнәлары үшін қауымнан шығарылды деген жоқ. Олардың кейбіреулері қандай да бір іліммен келіспегендіктен әрі қарай қауымда қалғысы келмей, өздігінен кеткен болса керек. Өзге біреулері қатты шаршағандықтан сенімдерін әлсіретіп алған болуы мүмкін (1 Қорынттықтарға 15:12; 2 Салониқалықтарға 2:1—3; Еврейлерге 12:3, 5).
Әрине, егер бауырласымыз күнәға бастайтын қылық таныта бастаған болса, рухани толысқан мәсіхшілер оларға көмектесуге тырысқан (Ғалаттықтарға 6:1; 1 Жохан 5:16). Егер ол адамда күмән пайда болған болса, олар оны ‘оттан құтқарып алуға’ тырысқан (Иуда 23). Тіпті егер ол белсенді болуды қойып, жиналыстарға бармаса немесе уағыздау қызметіне қатыспаса сенімі берік бауырластар оны нығайтуға тырысқан болар еді. Ол бауырластарға қауым кездесулеріне барудан жалыққанын айтып, сенімінің әлсірегенін және рухани күйінің төмендігін көрсеткен болуы мүмкін. Бауырластар оны мәжбүр етуге тырыспаса да, анда-санда достық көңілмен оған барып тұрған болса керек. Мұндай сүйіспеншілікпен, төзімділікпен және жанашырлықпен жасалған талпыныс Құдайдың ешкімнің де жолдан тайғанын қаламайтынын көрсеткен еді (Лұқа 15:4—7).
Алайда Жоханның сөздері кейбіреулердің рухани әлсіреп, белсенді болуды қоюмен шектеліп қана қоймай, Құдайдың қауымынан бас тартқанын көрсетеді. Кейбіреулері бұдан былай қауымның мүшесі болғысы келмейтінін айтып, ашықтан-ашық Құдай халқына қарсы шыққан болуы мүмкін. Ондай адам тіпті ресми түрде, мысалы жазбаша, сенімінен бас тартқан болуы мүмкін. Әрине, қауым мүшелері ондай адамның қауымнан шығуды шешкеніне қарсылық білдірмеген. Бірақ мәсіхшілер ол адамға қалай қарады екен?
Жохан былай дейді: “Мәсіхтің ілімімен жүрмей, одан шығып кеткен адамның Құдаймен қатынасы жоқ. Ал Оның ілімімен жүрегендер Әкемен де, Оның рухани Ұлымен де тығыз байланыста болады. Сондықтан да біреу келіп, осы ілімге қарсы бір нәрсе үйретсе, ондайды үйлеріңе кіргізбеңдер, тіпті сәлемін де алмаңдар! (2 Жохан 9, 10). Бұл сөздердің жалған дінге қосылып немесе жалған ілім таратып жолдан тайғандарға қатысты айтылғаны анық (2 Тімотеге 2:17—19). Ал, Жоханның айтуы бойынша ‘ортамыздан шыққан’ адамдар жайында не деуге болады? Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер жаман қылығы үшін қауымнан шығарылғандар мен белсенді түрде қарсылық білдіретіндермен араласпаулары керек екенін білген, ал қауымнан шығарылмаған, бірақ өз еркімен бас тартқан адамдарға байланысты да олар осылай әрекет етті ме екен?
“Жазбаларды түсіну” энциклопедиясы (ағ.) “жолдан таюшылық” деген сөз тіркесінің гректің сөзбе-сөз “бір нәрседен шет тұру” дегенді білдіретін сөзінен шыққанын көрсетеді. Ол мынадай мағынада қолданылады: “тастап кетушілік, бас тартушылық немесе бүлік”a. Сондай-ақ бұл энциклопедияда былай делінген: “Елшілер ескерткен жолдан таюшылықтың әр түрлі себептерінің ішінде мыналар болды: сенімнің жетіспеуі (Еврейлерге 3:12), қуғынға ұшыраған кезде төзімділік жетіспеу (Еврейлерге 10:32—39), өнегелілік нормаларынан бас тарту (2 Петір 2:15—22), жалған ұстаздардың ‘жалған сөздеріне’ көңіл аудару және ‘жалған рухтарға құлақ салу’ (1 Тімотеге 4:1—3) Мәсіхшілер қауымынан өз еркімен бас тартқан мұндай адамдар ‘Мәсіхке қарсы шығатындардың’ қатарына қосылатын (1 Жохан 2:18, 19).
Ресми түрде өз еркімен қауымнан кеткен адамды да солай деп сипаттауға болатын. Құдай қауымынан әдейі шығуымен және мәсіхшілік жолдан бас тартуымен ол жолдан тайғандығын көрсетті. Шын берілген мәсіхшілердің ешқайсысы ондай адаммен қарым-қатынаста болғысы келмеген, тіпті олар бұрын жақын достар болған болса да. Шындық жолдан тайып, қауымнан шыққан адам бауырластармен жақын қарым-қатынастан да бас тартқан. Жохан өзінің үйінде “Құдаймен қатынасы жоқ” және ‘біздікі болмаған’ адамдарды қабылдамайтындығын анық түсіндірді.
Киелі кітапқа сәйкес, Құдайдың қауымынан бас тартқан адам осы дүниедегі адамнан гөрі қатаңырақ жаза тартуға лайық. Неліктен? Пауылдың айтуы бойынша, Рим империясының кезінде мәсіхшілер азғындарды, қарақшыларды және жалған тәңірлерге құлшылық етушілерді күнделікті кездестіретін болған. Бірақ ол “өзін сенімдегі бауырласпын деп атағанмен” құдайсыздарға лайық әрекеттерге қайта оралған адаммен мәсіхшілердің ‘араласпаулары’ керек екенін айтқан болатын (1 Қорынттықтарға 5:9—11). Сол сияқты Петір де осы дүниеге тән ‘арамдықтардан құтылған’, бірақ кейіннен бұрынғы өмір қалпына қайта оралған адамның батпағына қайта аунайтын жуылған шошқаға ұқсайтынын айтқан болатын (2 Петір 2:20—22). Осылайша, Жоханның мәсіхшілерге өз еркімен ‘орталарынан шыққан’ адамдарды ‘үйлеріне кіргізбеуі’ жөнінде берген кеңесі қисынды болған әрі негізі бар еді (2 Жохан 10).
Жохан әрі қарай былай дейді: “Себебі біреудің сәлемін алған адам соның жамандық істеріне ортақ болады” (2 Жохан 11). Бұл жерде сәлемдесуге байланысты Жохан, 13-тармақтағыдай гректің аспа́зомэ сөзін емес, одан өзге хэ́ро сөзін қолданған.
Хэ́ро сөзі қуануды білдіреді (Лұқа 10:20; Філіпіліктерге 3:1; 4:4). Сонымен қатар ол ауызша және жазбаша сәлемдескенді де білдіреді (Матай 28:9; Елшілердің істері 15:23; 23:26). Ал аспа́зомэ сөзі болса, “құшақтауды, осылайша сәлемдесіп, қуанышпен қарсы алуды” білдіреді (Лұқа 11:43; Елшілердің істері 20:1, 37; 21:7, 19). Сәлемдескенде бұл сөздердің екеуін де қолдануға болады, бірақ аспа́зомэ сөзі сыпайы ғана “сәлем” немесе “қайырлы күн” дегеннен гөрі көп нәрсені білдірген болса керек. Иса 70 шәкіртіне ешкімге сәлем бермеңдер (аспа́систи) деді. Осылайша Иса шәкірттерінің Шығыс жеріне тән сүйісіп, құшақтасып сәлемдесіп, ұзақ әңгімелесуге уақыттарының болмайтынын көрсетті, өйткені олардың ісі қауырт болатын (Лұқа 10:4). Петір мен Пауыл: ‘Сүйіспеншіліктеріңді білдіріп, бір-біріңмен амандасыңдар (аспа́систи) немесе шын жүректен бір-біріңді беттеріңнен сүйіңдер’,— деп шақырды (1 Петір 5:14; 2 Қорынттықтарға 13:12, 13; 1 Салониқалықтарға 5:26).
Ал Жохан болса 2 Жохан 10, 11-де әдейі хэ́ро сөзін қолданған, ол 13-тармақтағыдай аспа́зомэ сөзін қолданбаған. Сонымен Жохан мәсіхшілерді жалған тәлім беріп жүрген немесе қауымнан бас тартқан (шындық жолдан тайған) адаммен жылы сәлемдесуден ғана (құшақтап, сүйіп, ұзақ әңгімелесіп) аулақ болуға шақырмаған. Жохан оларға тіпті мұндай адаммен жай “қайырлы күн” деп те (хэ́ро) сәлемдеспеңдер дегенb.
Бұл кеңестің маңыздылығын Жоханның: “Біреудің сәлемін алған адам соның жамандық істеріне ортақ болады”,— деген сөздерінен көруге болады. Шынайы мәсіхшілердің ешқайсысы да күнәкар ретінде қауымнан шығарылған немесе Оның қауымынан бас тартқан адаммен араласып, сол үшін Құдайдың көзінде ол адамның жамандық істеріне ортақ болуды қаламаған. Оның орнына араларында сүйіспеншілік орнаған бауырластықтың істеріне араласқан қаншалықты жақсы десеңші! Жохан былай деп жазған болатын: “Сендер бізбен байланыста болсын деп, өзіміз көріп, естігеніміз туралы хабар беріп отырмыз. Осылай бәріміз Әкемен және Оның рухани Ұлы Иса Мәсіхпен байланыстамыз” (1 Жохан 1:3).
[Сілтемелер]
a Бір сөздікке сәйкес, “жолдан таюшылық” деген сөз тіркесінің 1-мағынасы: діни сенімнен бас тарту, ал 2-мағынасы: бұрынғы шексіз берілген нәрсесінен бас тарту (“Webster’s New Collegiate Dictionary”).
b Хэ́ро сөзінің 2 Жохан 11-дегі қолданылуына байланысты Р. Ленский мынадай түсінік береді: “Ол сөз әдетте кездескенде немесе қоштасқанда қолданылатын болған... Бұл жерде мынадай мағынада айтылған: Жолдан тайдыру мақсатымен келгендерге тіпті бұлай да сәлем бермеңдер! Осылай сәлемдескеннің өзі сендердің оның жамандық істеріне араласқандарыңды білдіреді. Жохан... жалпы сәлемдесудің кез келген түрін айтып отыр”