Рухани нәрселер жайында ойлаңдар да, өмір сүріңдер!
‘Рухани нәрселер жайында ойлау өмірді... білдіреді’ (РИМДІКТЕРГЕ 8:6, ЖД).
1, 2. Киелі кітап “тән” мен “рухты” қалай қарама-қарсы қояды?
ТӘННІҢ құмарлықтарын қанағаттандыруды дәріптейтін әдепсіз қоғамда Құдайдың алдында өнегелілік тазалықты сақтау оңай іс емес. Алайда Жазбалар күнәкар тәннің дегенін істегеннің қорқынышты салдары мен Құдайдың киелі рухының әсер етуіне мүмкіндік берудің қуанышты нәтижесінің арасындағы айқын айырмашылықты суреттеп, “тән” мен “рухты” қарама-қарсы қояды.
2 Мысалы, Иса Мәсіх: “Рух өмір береді, ал тәннен еш пайда жоқ. Менің сендерге айтқан сөздерім — рух және өмір”,— деген еді (Жохан 6:63). Елші Пауыл Ғалаттағы мәсіхшілерге: “Өйткені тән өзінің қалауымен рухқа қарсы, ал рух тәнге қарсы. Бұл екеуі бір-біріне қарсы болғандықтан, сендер өз қалауларың бойынша әрекет ете алмайсыңдар”,— деп жазды (Ғалаттықтарға 5:17, ЖД). Пауыл сондай-ақ: “Тәнін ойлап сепкен адам тәнінен өлімді орады, ал рухты ойлап сепкен адам рухтан мәңгілік өмірді орады”,— деген болатын (Ғалаттықтарға 6:8, ЖД).
3. Бұрыс құмарлықтар мен бейімділіктерден құтылу үшін не қажет?
3 Ехобаның киелі рухының, яғни әрекет етуші күшінің, арқасында тәннің ‘арам құмарлықтары’ мен күнәкар тәніміздің үстемдігіне қарсы нәтижелі күрес жүргізе аламыз (1 Петір 2:11). Жаман нәрсеге деген бейімділіктердің құлдығынан құтылу үшін Құдайдың рухының көмегі өте қажет, себебі Пауыл: “Тәннің қамын ойлау өлімді білдіреді, ал рухани нәрселер жайында ойлау өмір мен тыныштықты білдіреді”,— деп жазған болатын (Римдіктерге 8:6, ЖД). Рухани нәрселер жайында ойлау дегеніміз нені білдіреді?
“Рухани нәрселер жайында ойлау”
4. Рухани нәрселер жайында ойлау дегеніміз нені білдіреді?
4 “Рухани нәрселер жайында ойлау” туралы жазғанда Пауыл “ой қалпы, ақыл жаратылысы... мақсат, асқақ үміт, ынтаны” білдіретін гректің сөзін қолданды. Осы сөзге туыс етістік “ойлау, белгілі бір бағытта ойлау” дегенді білдіреді. Демек, рухани нәрселер жайында ойлау дегеніміз Ехобаның әсер етуші күшінің бақылауымен, басқаруымен және әсерімен әрекет етуді білдіреді. Бұл біздің ойымызды, бейімділіктерімізді және асқақ үміттерімізді өз еркімізбен Құдайдың киелі рухының әсеріне толық бағындыру деген сөз.
5. Киелі рухтың әсеріне қаншалықты бағынуымыз керек?
5 Пауыл “рухтың құлы” болуымыз керек деуімен киелі рухтың бізге қаншалықты әсер етуі керек екендігіне ерекше көңіл бөлген (Римдіктерге 7:6, ЖД). Исаның төлем құрбандығына деген сенімдерінің негізінде мәсіхшілер күнәның үстемдігінен босады және осылайша олар оның құлы ретіндегі бұрынғы жағдайлары үшін ‘өлді’ (Римдіктерге 6:2, 11). Осы мағынада бейнелеп айтқандағы өлгендер физикалық жағынан тірі және олар қазір “әділдіктің құлы” ретінде Мәсіхтің шәкірті болу үшін ерікті (Римдіктерге 6:18—20).
Керемет өзгеріс
6. “Әділдіктің құлы” болғандар өмірлеріне қандай өзгеріс енгізді?
6 ‘Күнәның құлдығынан’ босап, “әділдіктің құлы” ретінде Құдайға қызмет ету үшін жасалған өзгеріс шынында да керемет. Кейбір өміріне осындай өзгеріс енгізгендер туралы Пауыл: “Сендер күнәдан тазарып, енді Иеміз Иса Мәсіхтің құдіретімен және Құдайымыздың Рухы арқылы оның қасиетті халқы болып, ақталдыңдар”,— деп жазды (Римдіктерге 6:17, 18; 1 Қорынттықтарға 6:11).
7. Әр нәрсеге Ехобаның көзқарасымен қараған неліктен маңызды?
7 Осындай керемет өзгеріс енгізу үшін, біз алдымен әр нәрсеге Ехобаның көзқарасымен қарауды үйренуіміз керек. Ғасырлар бұрын забур жыршысы Дәуіт: “Уа, Тәңір, маған жолдарыңды көрсетіп... ақиқатыңа бағыттап, үйретші мені”,— деп Құдайға жалына өтініш еткен (Забур 24:4, 5). Ехоба Дәуіттің өтінішіне құлақ салды және Ол қазіргі қызметшілерінің дұғаларына да жауап береді. Құдайдың жолдары мен оның шындығы таза да қасиетті болғандықтан, олардың үстінен ой жүгірткеніміз тәніміздің таза емес құмарлықтарын орындауға еліктірілген жағдайда көмек болады.
Құдай Сөзінің маңызды рөлі
8. Киелі кітапты зерттеу неліктен аса маңызды?
8 Құдай Сөзі — Киелі кітап Құдайдың рухының жемісі. Сол себепті осы рухтың бізге әсер етуіне жол берудің маңызды жолдарының бірі — Киелі кітапты мүмкіндігінше күнделікті оқып, зерттеу (1 Қорынттықтарға 2:10, 11; Ефестіктерге 5:18). Ой-санамыз бен жүрегімізді Киелі кітаптың шындығы мен принциптерімен толтырғанымыз рухани күйімізге қарсы жасалған шабуылдарға төтеп беруімізге көмектеседі. Иә, өнегесіздікке еліктіретін жағдайға кезіккен кезде Құдайдың рухы Жазбалардың ескертулері мен басшылыққа алатын принциптерін есімізге салып, Құдайдың еркіне сай әрекет етуге деген шешімімізді нығайта түседі (Забур 118:1, 2, 99; Жохан 14:26). Сонда біз алданып қалып, теріс жолға түсіп кетпейміз (2 Қорынттықтарға 11:3).
9. Киелі кітапты зерттеу қалай біздің Ехобамен қарым-қатынасымызды сақтаймыз деген шешімімізді күшейте түседі?
9 Жазбаларды адал ниетпен және бар ынтамызбен Киелі кітапқа негізделген басылымдарды қолдана отырып зерттеген сайын Құдай рухы миымыз бен жүрегімізге әсер етіп, Ехобаның нормаларын құрметтеу сезіміміз арта түседі. Құдаймен қарым-қатынасымыз өміріміздегі ең маңызды нәрсеге айналады. Күнә жасауға еліктіретін жағдайға тап болған кезде, одан қандай ләззат алуға болатынын ойламаймыз, керісінше, Ехобаға адалдығымызды сақтау туралы ойлайтын боламыз. Құдаймен қарым-қатынасымызды жоғары бағалағанымыз кез келген бұл қарым-қатынасымызды әлсіретуі немесе бұзуы мүмкін нәрселерге қарсы күресуге талпындырады.
“Сенің заңыңды қалай жақсы көремін десеңші!”
10. Рухани нәрселер жайында ойлау үшін, Ехобаның заңын орындау неліктен маңызды?
10 Рухани нәрселер жайында ойлау үшін Құдай Сөзін біліп қана қойған жеткіліксіз. Сүлеймен патша Ехобаның нормаларын өте жақсы білген, бірақ ол өмірінің соңына қарай оларға сай өмір сүрмеді (3 Патшалық 4:29, 30; 11:1—6). Егер біз рухани адам болсақ, Киелі кітаптың не айтатынын біліп қана қоймай, Құдайдың заңына шын жүректен мойынсұну керек екендігін көре білеміз. Ол үшін Ехобаның нормаларын адал ниетпен зерттеп, оларды ұстануға бар ықыласымызбен талпынуымыз керек. Забур жыршысы да осындай ықылас танытқан. Ол: “Сенің заңыңды қалай жақсы көремін десеңші! Ол туралы күні бойы ойланып жүремін”,— деп жырлаған еді (Забур 118:97). Құдайдың заңы бойынша өмір сүруге шын ниетпен көңіл қояр болсақ, Құдайға тән қасиеттерді танытуға талпынамыз (Ефестіктерге 5:1, 2). Дәрменсіздік танытып күнәға еліктіретін нәрсенің жетегінде кеткеннің орнына, біз рухтың жемісін танытамыз және Ехобаға жағуды жан-тәнімізбен қалағанымыз “тәннің” жаман “істерін” істеуден сақтайды (Ғалаттықтарға 5:16, 19—23; Забур 14:1, 2).
11. Ехобаның азғындыққа тыйым салатын заңы біз үшін қорғаныш екенін қалай түсіндіріп берер едіңдер?
11 Ехобаның заңына деген терең құрмет пен сүйіспеншілікті қалай дамыта аламыз? Оның бір жолы — оның пайдасы туралы терең ой жүгірту. Құдайдың жыныстық қатынасты ерлі-зайыптылармен шектейтін және азғындық пен зинақорлыққа тыйым салатын заңын қарастырып көрейікші (Еврейлерге 13:4). Осы заңға мойынсұнатын болсақ, қандай да бір жақсы нәрседен құр қалар ма екенбіз? Бізді сүйетін көктегі Әкеміз біз қандай да бір пайдалы нәрседен құр қалатындай заң шығарар ма еді? Әрине, жоқ! Ехобаның өнегелілік нормаларына сай өмір сүрмеген көптеген адамдардың өмірінде болып жатқан жағдайларды қарастырып көрейікші. Өз қалауынсыз жүкті болғандар көбінесе түсік жасатады немесе жастайынан тұрмыс құрып, некеде бақытсыз болып жатады. Көпшілігі баласын жалғыз тәрбиелеуге мәжбүр. Сондай-ақ, азғындыққа салынғандар үшін жыныстық қатынас арқылы берілетін ауруларға ұшырау қаупі бар (1 Қорынттықтарға 6:18). Ал егер Ехобаның қызметшісі азғындық жасап қойса, сезіміне де жара түседі. Ар-ұжданының алдында қиналып, түнімен ұйқы көрмейді және жан азабына түседі (Забур 31:3, 4; 50:5). Ехобаның азғындыққа тыйым салатын заңы бізді қорғау үшін берілгендігі айқын емес пе? Иә, өнегелілік тазалықты сақтағанның пайдасы шынында да өте зор!
Ехобадан көмек сұрап дұға етіңдер
12, 13. Күнәкар құмарлықтарымыз мазалаған кезде неліктен дұға еткеніміз орынды?
12 Рухани нәрселер жайында ойлау үшін шын жүректен дұға ету керек. Құдайдың рухының көмегін өтінген орынды, өйткені Иса: “Өздерің... балаларыңа жақсылық жасауды білесіңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсыз!” — деген болатын (Лұқа 11:13). Дұға айтқанда әлсіз жақтарымызбен күресу үшін рухтың көмегіне мұқтаж екендігімізді айтуымызға болады (Римдіктерге 8:26, 27). Егер күнәкар құмарлықтардың немесе бұрыс ниеттің ықпалында жүргенімізді сезсек немесе оған бауырластарымыздың бірі көңілімізді аударса, дұға айтқанда нақты бұл жайлы айтып Құдайдан осы бейімділіктерді жеңуімізге көмектесуін өтінгеніміз дұрыс болар еді.
13 Ехоба әділ, таза, адамгершілікті және мақтаулы нәрселерге баса назар аударуымызға көмектеседі. Және де Құдайдың өзі сыйлайтын “тыныштықтың” біздің жүрегіміз бен санамызды сақтауын үздіксіз өтінгеніміз қаншалықты орынды десеңші! (Філіпіліктерге 4:6—8). Сол себепті Ехобаның “әділетті, Құдайға ұнамды өмір сүріп, сенім, сүйіспеншілік, төзімділік пен ілтипаттылыққа” ұмтыла беруімізге көмектесуін өтініп дұға етейік (1 Тімотеге 6:11—14). Көктегі Әкеміздің көмегінің арқасында мазамызды алатын және еліктіретін жағдайлар біз қарсы тұра алмайтындай болып күшейіп кетпейді. Керісінше, біздің өмірімізде Құдай сыйлайтын тыныштық орнайды.
Рухты ренжітпеңдер
14. Неліктен Құдайдың рухы тазартатын күш болып табылады?
14 Ехобаның рухани толысқан қызметшілерінің барлығы Пауылдың: ‘Құдай Рухының іс-әрекетін тежемеңдер’,— деген кеңесін ұстанады (1 Салониқалықтарға 5:19). Құдайдың рухы “киеліліктің рухы” болғандықтан, ол таза, кіршіксіз және қасиетті (Римдіктерге 1:4, ЖД). Сол себепті, ол рух бізге әсер еткен кезде, қасиетті және таза болуға талпындырады. Ол біздің Құдайға мойынсұнушылығымызбен ерекшеленетін таза өмір жолымен жүруімізге көмектеседі (1 Петір 1:2). Таза емес іс-әрекеттің барлығы да ол рухты ескермеуді білдіреді және оның ақыры қайғылы болады. Қалайша?
15, 16. а) Құдайдың рухын қалай ренжітуіміз мүмкін? ә) Ехобаның рухын ренжітуден қалай аулақ болуымызға болады?
15 Пауыл: “Құдайдың Киелі Рухын ренжітуден аулақ болыңдар! Онымен “таңбаландыңдар”: өмірлеріңнен орын алған Ол — бір күні жамандық атаулыдан азат етілулеріңнің кепілі”,— деген еді (Ефестіктерге 4:30). Жазбалар Ехобаның рухын таңбаға теңеп, оны адал майланған мәсіхшілерге ‘берілген уәделердің орындалуының кепілі’ ретінде атайды. Бұл уәде — көктегі мәңгі өмір (2 Қорынттықтарға 1:22; 1 Қорынттықтарға 15:50—57; Аян 2:10). Құдайдың рухы майланған мәсіхшілер мен олардың жерде өмір сүру үміті бар серіктестеріне басшылық беріп, олардың әділ болуларына және күнәға батыратын істерден аулақ болуларына көмектеседі.
16 Елші жалған сөйлеуден, ұрлық жасаудан, ұятсыз әдеттер мен бейімділіктерден аулақ болуды ескерткен. Егер өзіміздің осындай нәрселердің бізге әсер етуіне жол беретін болсақ, Құдай Сөзінің рухтың жетелеуімен жазылған кеңесіне қарсы әрекет еткен болар едік (Ефестіктерге 4:17—29; 5:1—5). Осылайша біз, қандай да бір мөлшерде, Құдай рухын ренжітер едік, ал біздің оны қаламайтынымыз анық. Егер қайсымыз болсақ та Ехобаның Сөзінің кеңесін елемейтін болсақ, онда біз әдейі күнә жасап, Құдайдың оң ықыласынан айыратын көзқарас немесе мінез-құлық дамыта бастағанымыз (Еврейлерге 6:4—6). Қазір күнә жасап жатпаған болсақ та, сол бағытқа ауытқып бара жатқан болуымыз мүмкін. Рухтың басшылығына қарсы әрекеттер қайталана беретін болса, онда оны ренжітеміз. Сондай-ақ бұл біздің киелі рухтың қайнар көзі — Ехобаға қарсылық көрсетіп, оны ренжітіп жатқанымызды білдіреді. Құдайды сүйетін адамдар ретінде ешқашан да олай еткіміз келмейді. Оның орнына, ешқашан рухын ренжітпей, керісінше әрдайым рухани нәрселер жайында ойлап, оның киелі есімін құрмет тұтуымызға көмектесуін сұрап Ехобаға дұға етейік.
Әрқашан рухани нәрселер жайында ойлаңдар
17. Алдымызға қоюға болатын кейбір рухани мақсаттар қандай және неліктен оларға қол жеткізу үшін әрекет еткен даналық болып табылады?
17 Әрқашан рухани нәрселер жайында ойлаудың жақсы бір жолы — алдымызға рухани мақсаттар қойып, соларға жету үшін жұмыс істеу. Мұқтаждықтарымыз бен жағдайымызға байланысты алдымызға қоятын мақсаттарымызға зерттеу әдеттерімізді жақсарту, уағыздау ісіне көбірек уақыт бөлу немесе толық уақытты ізашар, Бетелде қызмет ету, миссионер болып қызмет ету сияқты арнайы айрықша қызметке талпыну жатуы мүмкін. Осылай етер болсақ, ой-санамыз әрқашан рухани тілектерге толы болады да, адамдарға тән әлсіздіктерге берілмеуіміз үшін және осы дүниеге тән материалдық көзқарас пен рухани емес қалауларға қарсы күресімізде үлкен көмек болады. Мұның дана жол екені анық, өйткені Иса: “Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар, оларды күйе жеп, тот басады, немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді. Қайта өздеріңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейді, не тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді. Байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда”,— деген болатын (Матай 6:19—21).
18. Осы соңғы күндері әрдайым рухани нәрселер жайында ойлаған неліктен аса маңызды?
18 Рухани нәрселер жайында ойлау және осы дүниеге тән құмарлықтарды басу осы “соңғы дәуірде” дана жол болып табылады (2 Тімотеге 3:1—5). Айналып келгенде, “осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” (1 Жохан 2:15—17). Мысалы, жас мәсіхші алдына толық уақытты қызметші болуды мақсат етіп қойса, бұл бозбалалықтың қиын кезеңі мен кәмелетке толған жас шағында ол үшін шамшырақ сияқты болады. Тура жолдан таюға қысым жасалғанда мұндай адамдар Ехобаға қызмет етуде қандай табыстарға жеткісі келетінін анық түсінетін болады. Мұндай рухани адамдар материалдық жағынан табысқа жету үшін немесе күнә саналатын нәрселерден рақат алу үшін рухани мақсатқа қол жеткізуден бас тартуды ақымақтық санайды. Рухани жағына көңіл бөлген Мұсаның ‘күнәкар өмірдің рақатынан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдағанын’ естеріңе түсіріңдерші (Еврейлерге 11:24, 25). Жас болсақ та, кәрі болсақ та, күнәкар тәннің қамын ойлағаннан гөрі рухани нәрселер жайында ойласақ, біз де осындай таңдау жасаймыз.
19. Әрдайым рухани нәрселер жайында ойлаудың қандай пайдасы бар?
19 “Тәннің қамын ойлау Құдайға қас болуды білдіреді”, ал “рухани нәрселер жайында ойлау өмір мен тыныштықты білдіреді” (Римдіктерге 8:6, 7, ЖД). Егер әрдайым рухани нәрселер жайында ойлайтын болсақ, керемет тыныштықты сезінеміз. Жүрегіміз бен ой-санамыздың күнәкар болмысымыздың әсеріне қарсы тұратын күші берігірек болады. Еліктіретін нәрселерге қарсы тұру үшін күшіміз арта түседі. Тән мен рухтың арасындағы толассыз күресімізде Құдайдың көмегіне ие боламыз.
20. Тән мен рухтың арасындағы күресте жеңіске жетудің мүмкін екендігіне неліктен сенімді бола аламыз?
20 Әрдайым рухани нәрселер жайында ойлау арқылы біз өмір мен киелі рухтың қайнар көзі болып табылатын Ехобамен маңызды байланысымызды сақтаймыз (Забур 35:10; 50:13). Шайтан мен оның қызметшілері біздің Ехоба Құдаймен қарым-қатынасымызды бұзу үшін қолынан келгеннің бәрін істеуде. Ол біздің ойымызды билеп алуға тырысады, өйткені оның ықпалына түссек, мұның Құдаймен қастыққа және өлімге жетелейтінін біледі. Бірақ біз осы тән мен рухтың арасындағы күресте жеңіске жете аламыз. Пауыл өзінің күресіне байланысты жаза келіп, алдымен: “Өлім әкелетін күнәлы тәнімнен мені кім құтқара алады?” — деп сұрады. Содан соң ол құтқарылуының мүмкін екеніне нұсқап: “Құдайға шүкір, Иеміз Иса Мәсіх арқылы”,— деп шаттанды (Римдіктерге 7:21—25). Адамға тән әлсіздіктерді жеңіп отыруға, сондай-ақ мәңгі өмірге жетуге деген керемет үмітпен әрдайым рухани нәрселер жайында ойлауға көмектесіп отырғаны үшін біз де Мәсіх арқылы Құдайға риза бола аламыз (Римдіктерге 6:23).
Естеріңе түсіре аласыңдар ма?
• Рухани нәрселер жайында ойлау дегеніміз нені білдіреді?
• Ехобаның рухының бізге әсер етуіне қалай мүмкіндік бере аламыз?
• Күнәға қарсы күресімізде Киелі кітапты зерттегеннің, Ехобаның заңына құлақ асқанның және оған дұға еткеннің неліктен маңызды екенін түсіндір.
• Алдымызға рухани мақсаттар қойғанымыз өмір жолында қалуымызға қалай көмектеседі?
[14-беттегі сурет]
Киелі кітапты зерттеу рухани күйімізге қарсы жасалған шабуылға төтеп беруімізге көмектеседі
[15-беттегі сурет]
Күнәкар болмысымыздың құмарлықтарын жеңу үшін Ехобадан көмек өтініп дұға еткеніміз дұрыс
[16-беттегі суреттер]
Алдымызға рухани мақсаттар қойғанымыз әрдайым рухани нәрселер жайында ойлауымызға көмектеседі