Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w01 1.1. 18—23 бет.
  • Сүйіспеншілікке бөленіп нығайыңдар

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Сүйіспеншілікке бөленіп нығайыңдар
  • 2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Сүйіспеншілік дегеніміз не?
  • Сүйіспеншілік — аса қажет қасиет
  • Жақсы ниет төзімді болуға көмектеседі
  • Мәсіхшілер кімді сүюі керек?
  • Сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз?
  • Исаға деген сүйіспеншіліктері оянған
  • Сені сүйетін Құдайды сүй
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • “Бір-біріңді сүйіп өмір сүріңдер!”
    Ехобаға жақында
  • Сүйіспеншілік — асыл қасиет
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Сүйіспеншілігіңнің аясы қаншалықты кең?
    2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w01 1.1. 18—23 бет.

Сүйіспеншілікке бөленіп нығайыңдар

“Сен Тәңірді — өзіңнің Құдайыңды барлық көңіліңмен, барлық жаныңмен, барлық ойыңмен жақсы көр!” (МАТАЙ 22:37).

1. а) Мәсіхшілер дамытатын кейбір нәрселерді ата. ә) Мәсіхшілер үшін қандай қасиет ең маңызды қасиет болып табылады және неге?

НӘТИЖЕЛІ қызмет атқару үшін мәсіхшілер әдетте көптеген нәрселерді дамытады. Мысалы, Нақыл сөздер кітабында білімнің, тура түсініктің және даналықтың маңыздылығына ерекше көңіл бөлінген (Нақыл сөздер 2:1—10). Елші Пауыл нық сенім мен берік үміттің қажет екендігін айтқан (Римдіктерге 1:16, 17; Қолостықтарға 1:5; Еврейлерге 10:39). Ұстамдылық пен төзімділік те маңызды (Елшілердің ісі 24:25; Еврейлерге 10:36). Бірақ, жетіспейтін болса, өзге барлық қасиеттердің құнын түсіретін және тіпті түкке тұрғысыз ететін бір қасиет бар. Ол — сүйіспеншілік (1 Қорынттықтарға 13:1—3, 13).

2. Иса сүйіспеншіліктің маңыздылығын қалай көрсетті және осыған байланысты қандай сұрақтар туындайды?

2 “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деп, Иса сүйіспеншіліктің маңыздылығын көрсетті (Жохан 13:35). Сүйіспеншілік шынайы мәсіхшілерге тән ерекшелік болғандықтан, біз келесі сұрақтарға жауап іздеуіміз керек: сүйіспеншілік дегеніміз не? Иса оны шәкірттерінің ең басты ерекшелігі болады деп айтатындай, ол неліктен соншалықты маңызды? Сүйіспеншілікті қалай дамытуымызға болады? Кімдерді сүюіміз керек? Келіңдер, осы сұрақтарды қарастыралық.

Сүйіспеншілік дегеніміз не?

3. Сүйіспеншілікті қалай суреттеуге болады және неліктен ол санамен де, жүрекпен де байланысты?

3 Сүйіспеншіліктің анықтамаларының бірі мынадай: “біреуді өзіне жақын тарту немесе жақсы көру, біреуге деген ыстық сезім немесе біреуді ұнату”. Бұл — адамдарды, кейде үлкен құрбандықтарға бара отырып, өзгенің игілігі үшін әрекет етуге талпындыратын қасиет. Киелі кітапта суреттелген сүйіспеншілік санамен де, жүрекпен де байланысты. Сана немесе ақыл-ой белгілі бір рөл атқарады, өйткені сүйетін адам өзінің де, өзі сүйетін адамдардың да кемшіліктерін де, жақсы қасиеттерін де көре біледі. Сондай-ақ мәсіхшілер, Киелі кітаптан Құдайдың солай істегенін қалайтынын оқып білгендіктен, кейде қиын болса да, сүйіспеншілік көрсетеді (Матай 5:44; 1 Қорынттықтарға 16:14). Бірақ, сүйіспеншіліктің бастау алатын жері, негізінен, жүрек. Киелі кітаптан көріп отырғандай, шынайы сүйіспеншілік ешқашан тек қана санада тумайды. Ол таза көңіл мен жақын тартатын ыстық сезіммен байланысты (1 Петір 1:22).

4. Сүйіспеншілік қай мағынада біріктіретін күш болып табылады?

4 Сүйетін адам өзгенің игілігін өзінікінен жоғары қоюға дайын болады. Сол себепті, жүрегіне өзімшілдік ұялаған адамдар өзгелермен шынайы сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынаста сирек бола алады (Філіпіліктерге 2:2—4). Исаның “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздері әсіресе сүйіспеншілікпен бергенге қатысты айтылған (Елшілердің істері 20:35). Сүйіспеншілік — біріктіретін мықты күш (Қолостықтарға 3:14). Достық та жиі осындай күшке жатады, бірақ сүйіспеншіліктің әсері достықтан күштірек. Ері мен жұбайының арасындағы махаббат та кейде сүйіспеншілік деп аталады; бірақ Киелі кітап дамытуға шақырып отырған сүйіспеншілік мұндай сезімнен әлдеқайда берік. Бірін-бірі шынайы сүйетін ерлі-зайыптылар тіпті қартайғандықтан немесе бірінің қауқарсыздығынан тәндік қатынастары болмаса да бірге болады.

Сүйіспеншілік — аса қажет қасиет

5. Сүйіспеншілік неліктен мәсіхшілер үшін қажет басты қасиет?

5 Сүйіспеншіліктің мәсіхшілер үшін қажет басты қасиет болуының себебі неде? Біріншіден, Иса өзінің шәкірттеріне бірін-бірі сүюді өсиет етті. Ол: “Егер Менің тапсырғандарымды орындасаңдар, Маған доссыңдар. Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді сүйіңдер!” — деген еді (Жохан 15:14, 17). Екіншіден, Ехоба — сүйіспеншіліктің бейнесі, сондықтан мінажат етушілері одан үлгі алулары керек (1 Жохан 4:16; Ефестіктерге 5:1). Киелі кітапта Ехоба мен Иса туралы білудің мәңгілік өмірді білдіретіні айтылған. Егер оған ұқсауға тырыспайтын болсақ, қалай Құдайды білеміз деп айта аламыз? Елші Жохан: “Сүймейтін кісі Құдайды білмейді, өйткені Құдай — сүйіспеншілік”,— деген болатын (1 Жохан 4:8).

6. Сүйіспеншілік өміріміздің әр саласын қалай дұрыстай алады?

6 Сүйіспеншіліктің маңызды болуының үшінші себебі — ол байсалды бола білуге және істеген ісімізді дұрыс ниетпен атқаруға көмектеседі. Мысалы, Құдай Сөзінен үнемі білім алу өте қажет. Мәсіхшілер үшін мұндай білім тағам іспетті. Ол мәсіхшілердің рухани жетілуіне және Құдайдың еркіне сай әрекет етуіне көмектеседі (Забур 118:105; Матай 4:4; 2 Тімотеге 3:15, 16). Бірақ, елші Пауыл: “Білік мақтаншақ етеді, ал сүйіспеншілік сенімді жетілдіреді [“сүйіспеншілік нығайтады”, ЖД]”,— деп ескерткен (1 Қорынттықтарға 8:1). Әрине, тура білімге ие болғанның еш қателігі жоқ. Бар қиындық өзімізде — біздің күнәкар бейімділіктеріміз де (Жаратылыс 8:21). Егер сүйіспеншіліктің дұрыстайтын әсері болмаса, білім адамды менмен етіп, ол өзін өзгелерден жоғары санауы мүмкін. Ал, сүйіспеншіліктің әсерімен әрекет етер болсақ, олай болмайды. “Сүйіспеншілік... мақтанбайды, паңданбайды” (1 Қорынттықтарға 13:4). Сүйіспеншіліктің әсерімен әрекет еткен мәсіхші, тіпті терең білімге ие болса да, тәкаппар болмайды. Сүйіспеншіліктің арқасында ол қарапайым болып, атақ-даңқ қуудан аман болады (Забур 137:6; Жақып 4:6).

7, 8. Сүйіспеншілік маңыздырақ нәрселерге баса көңіл қоюымызға қалай көмектеседі?

7 Пауыл філіпіліктерге: “Мен Оған сиынып, сендердің сүйіспеншіліктеріңмен қатар жан-жақты рухани білімдерің мен көрегендіктерің бұдан да арта берсін, соның нәтижесінде әр жағдайда ненің ізгілікті [“маңыздырақ”, ЖД] екенін ажырата білсеңдер екен деп тілеп отырмын”,— деп жазды (Філіпіліктерге 1:9, 10). Мәсіхшілерге тән сүйіспеншілігіміз ненің маңыздырақ екенін ажырата білуіміз үшін осы кеңеске құлақ асуымызға көмектеседі. Мысал ретінде Пауылдың Тімотеге жазған сөздерін қарастырайықшы: “Егер біреу қауым басқарушысы болуға ынталанса, оның игілікті істі қалағаны” (1 Тімотеге 3:1). 2000 қызмет жылының барысында бүкіл дүние жүзіндегі қауымдар саны 1 502-ге артып, жалпы саны 91 487-ге жетті. Демек көп қариялар қажет, сондықтан осындай қызметке ұмтылғандар игі іске ұмтылады.

8 Бірақ, бақылаушы ретінде қызмет атқаруға талпынғандар мұның мақсатын естен шығармаса, қызметін дұрыс атқаратын болады. Билік пен дәрежеге ие болу маңызды емес. Ехобаға ұнайтын қариялар Құдайға және бауырластарына деген сүйіспеншілікпен әрекет етеді. Олар беделді дәрежеге ие болуға немесе ықпалды болуға тырыспайды. Елші Петір қауым қарияларына дұрыс ой қалпын сақтау жөнінде кеңес берген соң, олардың “кіші пейілді” болулары керек екендігіне баса көңіл аударды. Қауымдағылардың бәріне ‘Құдайдың құдіретті қолының астына бой ұсынуға’ кеңес берді (1 Петір 5:1—6). Қария болуға талпынған әркім үшін, бүкіл дүние жүзіндегі өздерінің еңбексүйгіштігімен және кіші пейілділігімен өз қауымдарына сыйлы болып жүрген көптеген қариялардың үлгілерін қарастырғаны жақсы болар еді (Еврейлерге 13:7).

Жақсы ниет төзімді болуға көмектеседі

9. Мәсіхшілер неге Ехобаның уәде еткен баталарын естерінен шығармайды?

9 Сүйіспеншілікпен әрекет етудің маңыздылығын көруге болатын тағы бір жол бар. Сүйгендіктен Құдайға шын берілгендіктерін сақтайтындар Киелі кітаптағы уәделер бойынша қазіргі уақытта да көп игіліктер көреді және болашақта да бақытқа кенеледі (1 Тімотеге 4:8). Осы уәделердің орындалатынына күмәнданбағаны және Ехобаның “өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді... жарылқайтынына” сенімді болғаны мәсіхшілердің сенімде берік болуына көмектеседі (Еврейлерге 11:6). Көпшілігіміз Құдайдың уәделерінің орындалуын күтудеміз және Жохан сияқты — “Аумин! Иеміз Иса келе гөр!” дейміз (Аян 22:20). Иә, “өзін күтіп тұрған қуаныштың” Исаның төзімділік танытуына көмек болғаны сияқты, егер адалдығымызды сақтасақ, алдымызда күтіп тұрған бақытты өмір туралы ойлағанымыз төзімді болуымыз үшін күш береді (Еврейлерге 12:1, 2).

10, 11. Сүйіспеншілік шыдамдылық танытуымызға қалай көмектеседі?

10 Ал егер Ехобаға қызмет еткендегі мақсатымыз жаңа дүниеде өмір сүру ғана болса ше? Онда қиындыққа ұшырағанда немесе жағдай біз ойлағандай не біз күткен уақытта болмаса, оңай көңіліміз қалуы немесе шыдамсыздық танытуымыз мүмкін. Бұдан келіп бағытымыздан ауытқып кету қаупі туады (Еврейлерге 2:1; 3:12). Пауыл өзін тастап кеткен бұрынғы серігі Димас жайлы айтты. Ол неге тастап кетті екен? Себебі ол ‘осы күнәкар дүниені жақсы көрді’ (2 Тімотеге 4:10). Тек қана өз басының қамы үшін қызмет етіп жүрген әркім үшін де осылай ету қаупі бар. Оларды бірден қол жеткізуге болатын осы дүниелік мүмкіндіктер қызықтырып, болашақтағы бақытты өмір үшін қазір құрбандықтарға баруға деген ықыласын жоғалтып алуы мүмкін.

11 Болашақтағы бақытты өмірді аңсау және өмірдің қиындықтарынан құтылатын уақытты күту бәрімізге тән және орынды нәрсе болғанымен де, сүйіспеншілік өміріміздегі ең маңызды нәрсені бағалай білуімізге көмектеседі. Маңызды нәрсе — біздің қалауымыз емес, Ехобаның еркі (Лұқа 22:41, 42). Иә, сүйіспеншілік бізді нығайтады. Ол шыдамдылықпен Құдайды күтуге және қандай болса да қазіргі игіліктеріне риза болып, өзі белгілеген уақытында Құдай уәде еткен нәрселерінің барлығын — тіпті одан да көп нәрселерді — беретініне сенімді болуымызға көмектеседі (Забур 144:16; 2 Қорынттықтарға 12:8, 9). Ал сүйіспеншілік уақыт келгенге дейін риясыз қызмет ете беруімізге көмектеседі, өйткені “сүйіспеншілік... өзімшіл... емес” (1 Қорынттықтарға 13:4, 5).

Мәсіхшілер кімді сүюі керек?

12. Исаның сөздеріне сәйкес кімдерді сүюіміз керек?

12 Мұсаның заңынан екі парызды қайталап Иса кімді сүюіміз керектігіне байланысты негізгі принципті айтты. Ол былай деген еді: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” және “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” (Матай 22:37—39).

13. Көрмесек те Ехобаны сүюді қалай үйренуімізге болады?

13 Исаның сөздерінен ең алдымен Ехобаны сүюіміз керек екені анық көрінеді. Бірақ Ехобаға деген толығымен қалыптасқан сүйіспеншілік бізге туа бітпейді. Біз оны дамытуымыз керек. Ең алғаш Ехоба туралы естігенде, біз оның қасиеттерін ұнаттық. Біртіндеп оның адамзат үшін жерді қалай жаратқанын біле бастадық (Жаратылыс 2:5—23). Сондай-ақ оның адамзат отбасына қалай қарайтынын білдік: дүниеге күнә келген кезде, адамзатты тастап кетпей, бізді күнәдан құтқару үшін қадамдар жасады (Жаратылыс 3:1—5, 15). Өзіне адалдық танытқандарға ол мейірімділікпен қарады және біздің күнәларымызды кешіру үшін өзінің жалғыз Ұлын құрбандыққа берді (Жохан 3:16, 36). Күнделікті алып жатқан біліміміз біздің Ехобаға деген ризашылығымызды арттыра түсті (Ишая 25:1). Дәуіт патша өзінің Ехобаны сүйіспеншілікке толы қамқорлығы үшін сүйетінін айтты (Забур 114:1—9). Бүгін де Ехоба бізге қамқорлық көрсетіп, жол сілтеп, күш-жігер беруде. Ол туралы көбірек білген сайын, оған деген сүйіспеншілігіміз арта түседі (Забур 30:24; Софония 3:17; Римдіктерге 8:28).

Сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз?

14. Құдайды шын жүректен сүйетінімізді қалай көрсете аламыз?

14 Әрине, дүние жүзі бойынша көптеген адамдар Құдайды сүйетіндіктерін айтады, бірақ олардың іс-әрекеттері қарама-қайшы нәрсені көрсетеді. Ал біз Ехобаны шын мәнінде сүйетіндігімізді қалай көрсете аламыз? Біз онымен дұға арқылы сөйлесіп, сезімдерімізбен бөлісе аламыз. Және іс-әрекетімізбен де оны сүйетіндігімізді көрсете аламыз. Елші Жохан былай деген: “Құдайға деген сүйіспеншілік Оның сөзін орындаған кісіде шын мәнінде толық болып, мақсатына жетті. Құдаймен тығыз байланыста екенімізді мынаған [“осыған”, ЖД] қарап білеміз” (1 Жохан 2:5; 5:3). Сонымен қатар, Құдай Сөзі бізді бірге жиналуға, таза әрі өнегелі өмір кешуге шақырады. Біз екіжүзділік танытпаймыз, жалған сөйлемейміз және ойымыздың тазалығын сақтаймыз (2 Қорынттықтарға 7:1; Ефестіктерге 4:15; 1 Тімотеге 1:5; Еврейлерге 10:23—25). Мұқтаж адамдарға материалдық көмек көрсетуімізбен де сүйіспеншілік танытамыз (1 Жохан 3:17, 18). Және Ехоба туралы білімімізді өзгелерден жасырмаймыз. Сол себепті бүкіл дүние жүзі бойынша Патшалық туралы ізгі хабарды таратуға атсалысудамыз (Матай 24:14; Римдіктерге 10:10). Осы нәрселерге байланысты Құдай Сөзін орындағанымыз — Ехобаны шынайы сүйетіндігіміздің дәлелі.

15, 16. Өткен жылы көптеген адамдардың Ехобаға деген сүйіспеншілігі оларғақалай әсер етті?

15 Ехобаға деген сүйіспеншілік адамдардың дұрыс шешім қабылдауларына көмектеседі. Осындай сүйіспеншілік өткен жылы 288 907 адамның өз өмірін Ехобаға арнап, шомылдыру рәсімінен өтулеріне себеп болды (Матай 28:19, 20). Олардың өздерін арнауының терең мәні бар. Бұл — олардың өмірлеріне өзгеріс енгенін білдіретін белгі. Мысалы, Газменд Албаниядағы баскетбол ойыны жұлдыздарының бірі болатын. Ол жұбайы екеуі бірнеше жыл бойы Киелі кітапты зерттеп, ақыр аяғында, қарсылықтарға қарамастан, Патшалықты жариялаушы болды. Өткен жылы Газменд Албанияда 2000 қызмет жылында шомылдырылған 366 адамның бірі болып шомылдыру рәсімінен өтті. Ол туралы газетте басылып шыққан мақалада былай делінді: “Ол өмірдің мәнін түсінді және сол себепті ол отбасымен бірге өміріндегі ең бақытты күндерді басынан кешуде. Енді ол үшін өзінің қаншалықты пайда көретіндігі емес, керісінше, өзгелерге қаншалықты көмектесе алатындығы маңызды”.

16 Сол сияқты, енді ғана шомылдыру рәсімінен өткен Гуамдағы мұнай компаниясында еңбек ететін бауырласымызға адам қызығарлықтай ұсыныс жасалады. Біраз жыл ішінде оның қызметі жоғарылаған болатын, енді оған компанияның президентінің орынбасары болуға ұсыныс жасалды. Бұл компания тарихындағы президенттің орынбасарлығына көтерілген бірінші әйел болған болар еді. Бірақ ол өз өмірін Ехобаға арнаған болатын. Сондықтан бұл мәселені отағасымен бірге талқылаған соң, бауырласымыз ұсыныстан бас тартты да, оның орнына, болашақта толық уақытты қызметші, немесе ізашар, болу үшін, толық емес жұмыс күніне келісті. Ехобаға деген сүйіспеншілігі оның осы дүниелік байлықты қумай, оның орнына ізашар ретінде қызмет етуді қалауына себеп болды. Осындай сүйіспеншілік 2000 қызмет жылының барысында дүние жүзі бойынша 805 205 адамның ізашарлық қызметтің түрлі саласына қатысуына себеп болды. Бұл — ізашарлардың сүйіспеншіліктері мен сенімдерінің керемет дәлелі емес пе?!

Исаға деген сүйіспеншіліктері оянған

17. Иса сүйіспеншіліктің қандай керемет үлгісін қалдырды?

17 Иса сүйіспеншілікпен әрекет етудің керемет үлгісін қалдырды. Жерге келгенге дейінгі өмірінде ол Әкесін және адамзатты сүйген. Даналықтың бейнесі ретінде ол былай деген болатын: “Ол кезде мен Оның суретшісі болатынмын және Оның көз алдында әрдайым шаттанып жүрген күнделікті қуанышы едім. Оның жер шеңберінде шаттанып жүрдім және менің қуанышым адамзаттың ұрпақтарымен бірге болды” (Нақыл сөздер 8:30, 31). Исаның сүйіспеншілігі көктегі өмірін қалдырып, дәрменсіз нәресте болып туылуына себеп болды. Ол момын, қарапайым адамдарға шыдамдылықпен, мейірімділікпен қарады және Ехобаның жауларының қолынан азап шекті. Ақыр аяғында ол бүкіл адамзат үшін бағанаға шегеленіп өлтірілді (Жохан 3:35; 14:30, 31; 15:12, 13; Філіпіліктерге 2:5—11). Дұрыс ниеттің қандай керемет үлгісі десеңші!

18. Исаға деген сүйіспеншілікті қалай дамытуымызға болады? ә) Исаны сүйетінімізді қалай көрсетудеміз?

18 Жүрегі ізгі адамдар ізгі хабарлардан Исаның өмірі туралы оқып, оның адал өмір жолы олар үшін қаншама игіліктер алып келгендігіне ой жүгірткенде, олардың Исаға деген сүйіспеншіліктері арта түседі. Біз де бүгін Петір хат жазған адамдардың бірі іспеттіміз. Петір былай деген еді: “Көздеріңмен көрмеген болсаңдар да оны сүйіп келесіңдер” (1 Петір 1:8). Оған деген сенімімізді танытып, оның жанқиярлықпен өткізген өмір жолына еліктеуімізбен, оны сүйетіндігімізді көрсетеміз (1 Қорынттықтарға 11:1; 1 Салониқалықтарға 1:6; 1 Петір 2:21—25). 2000 жылдың 19 сәуірінде 14 872 086 адам әр жыл сайын өтетін Исаның өлімін еске алу кешіне қатысып, Исаны не үшін сүюіміз керек екенін еске алды. Қаншама көп адам десеңші! Сондай-ақ Исаның құрбан болуы арқылы мүмкін болған құтқарылуды осыншама көп адамның қалайтынын білгеніміз қаншалықты күш-жігер береді десеңші! Иә, Ехоба мен Исаның бізге деген және біздің оларға деген сүйіспеншілігіміз бізді нығайтады.

19. Келесі мақалада сүйіспеншілікке қатысты қандай сұрақтар талқыланады?

19 Иса біздің Ехобаны шын жүректен, бүкіл жан дүниемізбен, барлық ақыл-ойымызбен, барлық күш-қуатымызбен сүюіміз керек екенін айтты. Сондай-ақ ол, өзімізді қалай сүйсек, маңайымыздағы адамды да солай сүюіміз керек екенін де айтқан (Марқа 12:29—31). Ол кімдер туралы айтты екен? Және маңайымыздағы адамды сүйгеніміз байсалдылық пен дұрыс ниет танытуымызға қалай көмектеседі? Бұл сұрақтар келесі мақалада талқыланады.

Естеріңде ме?

• Неліктен сүйіспеншілік аса қажет қасиет?

• Ехобаны сүюді қалай үйрене аламыз?

• Біздің іс-әрекетіміз Ехобаны сүйетіндігімізді қалай дәлелдей алады?

• Исаға деген сүйіспеншілігімізді қалай дәлелдей аламыз?

[20, 21-беттегі суреттер]

Сүйіспеншілік қайғы-қасіреттен құтылатын уақытты шыдамдылықпен күтуімізге көмектеседі

[22-беттегі сурет]

Исаның берген үлкен құрбандығы оны сүюге талпындырады

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу