Толысқандар және нық сенімі барлар ретінде тұрыңдар!
“Ол сендердің нәтижесінде толысқандар және Құдайдың бүкіл еркіне нық сенімі барлар ретінде тұруларың үшін үнемі бар ынтасымен дұға етуде” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 4:12, ЖД).
1, 2. а) Өзгелер ертедегі мәсіхшілерден не нәрсені байқаған? ә) Қолостықтарға арналған хаттан сүйіспеншілікке толы ықылас қалай көрінеді?
ИСАНЫҢ ізбасарларын бір сенімдегі бауырластарының игілігі қатты қызықтыратын болған. Тертуллиан (б. з. ІІ—ІІІ ғасырларында өмір сүрген жазушы) олардың жетім-жесірлерге, кедей-кепшіктер мен егде жастағыларға танытқан мейірімділігі туралы айтқан болатын. Олардың іс жүзінде сүйіспеншілік танытуының сенбейтіндерге қатты әсер еткені соншалық, олар мәсіхшілер жөнінде: “Олардың бір-бірін қалай жақсы көретініне қараңдаршы,”— деген.
2 Қолостықтарға арналған хатта елші Пауыл мен оның серігі Епафрастың Қолостағы бауырластарына деген осындай сүйіспеншілікке толы ықыласы байқалады. Пауыл оларға былай деп жазды: “Ол [Епафрас] сендердің нәтижесінде толысқандар және Құдайдың бүкіл еркіне нық сенімі барлар ретінде тұруларың үшін үнемі бар ынтасымен дұға етуде”. Ехоба Куәгерлерінің 2001 жылға арналған жылдық тақырыбы тап осы Қолостықтарға 4:12-гі (ЖД) сөздер болмақ: ‘Толысқандар және Құдайдың бүкіл еркіне нық сенімі барлар ретінде тұрыңдар’.
3. Епафрас дұғасында қандай екі нәрсе жөнінде сұраған?
3 Епафрастың өзіне қымбат адамдар үшін айтқан дұғасынан біз оның екі нәрсені сұрағанын көреміз: 1) олардың ‘нәтижесінде толысқандар ретінде тұрғандарын’ және 2) ‘Құдайдың бүкіл еркіне нық сенімі барлар ретінде тұрғандарын’. Бұл мәлімет Киелі жазбаларға біздің пайдамыз үшін жазылып қалдырылған. Сондықтан өздеріңнен былай деп сұрауларыңа болады: “Толысқан және Құдайдың бүкіл еркіне нық сенетін адам ретінде тұруым үшін маған не қажет? Және осылай әрекет етер болсам, мұның нәтижесі қандай болмақ?” Келіңдер, көрейік.
‘Толысқандар ретінде тұруға’ талпыныңдар
4. Қолостықтар қай мағынада “толысулары” керек еді?
4 Епафрас өзінің Қолостағы рухани бауырластарының ‘нәтижесінде толысқандар ретінде тұрғандарын’ шын жүректен қалаған. Пауылдың осы жерде қолданған “толысу” деген сөзі мүлтіксіз, кемеліне келген немесе есейген деген мағынаны беруі мүмкін (Матай 19:21; Еврейлерге 5:14; Жақып 1:4, 25). Егер әлдекім суға шомылдыру рәсімінен өтіп Ехоба Куәгері болса, оның өздігінен рухани толысқан мәсіхші бола қалмайтыны сендерге мәлім нәрсе. Пауыл Қолостың батысында орналасқан Ефес қаласындағы мәсіхшілерге хат жазып, ондағы бақташылар мен тәлімгерлерді барлығының ‘Құдайдың рухани Ұлына сеніп, Оны жақын білу арқылы Мәсіхтің кемелдігіне сай келетін біртұтас, жетілген қауым болуына’ көмектесуге шақырған. Басқа бір жерде Пауыл мәсіхшілерді ‘ұғынуға келгенде ересектей кемелді болуға’ талпындырған (Ефестіктерге 4:8—13; 1 Қорынттықтарға 14:20).
5. Қалай рухани “толысуды” басты мақсатымыз етіп қоюға болады?
5 Егер кейбір қолостықтар рухани кемеліне келмеген немесе жетілмеген болса, олар осыған талпынулары керек болатын. Бүгінгі күні де тап солай. Шомылдыру рәсімінен қашан өтсек те — ондаған жылдар бұрын ба, соңғы жылдарда ма — ой жүгірту қабілетіміз бен көзқарасымыздың жақсарғанын байқаймыз ба? Шешім қабылдағанда Киелі кітаптың принциптеріне көңіл қоямыз ба? Құдайға және қауымға қатысты мәселелер біз үшін екінші орында болмай, қайта уақыт өте келе олардың маңызы анағұрлым арта түсті деуге бола ма? Қалай рухани толысуға болатынын біз бір мақаланың көлемінде қарастырып біте алмаймыз, сөйтсе де екі мысалға көңіл қойып көрелік.
6. Қай жағынан әлдекімнің Ехоба іспетті кемелді болуға талпынуына болады?
6 Бірінші мысал. Біз басқа нәсілге, ұлтқа немесе басқа елдің тұрғындарына бір жақты не қаскөйлікпен қарайтын ортада өстік делік. Ал енді болса біз Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын және біздің де адамның бет-жүзіне қарамауымыз керек екенін білеміз (Елшілердің істері 10:14, 15, 34, 35). Қауымымызда не ауданымызда өзге тектен шыққан адамдар бар делік, олар біздің айналамызда. Алайда біз әлі күнге дейін жүрегіміздің түкпірінде оларға деген бұрыс сезім сақтап жүрміз бе немесе оларға күмәндана қараймыз ба? Олардың біреуі қателесе қалса немесе көңілімізді болар-болмас қалдырып қойса, асығыс шешім қабылдап, кіжіне қаламыз ба? Өздеріңнен былай деп сұраңдаршы: “Құдай адамның бет-жүзіне қарамайтын болса, осы тұста мен де жақсара түсуім керек емес пе?”
7. Рухани толысқан мәсіхші болу үшін өзгелерге деген көзқарасымызды қалай өзгертуіміз керек болуы мүмкін?
7 Екінші мысал. Філіпіліктерге 2:3-ке сәйкес, біз ‘жеке басымыздың абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кіші пейіл болып, басқаларды өзімізден жоғары қоюымыз’ керек. Осы жағынан біз жақсарудамыз ба? Әрбір адамның осал және күшті жақтары болады. Егер бұрын біз өзгелердің осал жақтарын тез байқай қоятын болсақ, енді өзгелерден толық ‘жетілгендікті’ талап етпейтін болып, осы жағынан жақсардық па? (Жақып 3:2). Бұрынғыға қарағанда, қазір біз өзгелердің бізден артығырақ екенін жиі байқаймыз ба, одан да маңыздырағы, солай екенін байқағымыз келе ме? “Мына бауырласымның маған қарағанда шыдамдырақ екенін мойындауым керек”. “Ана бауырласымның сенімі әлдеқайда беріктеу”. “Ашығын айтқанда, ол тәлімді менен гөрі жақсырақ береді”. “Мына бауырласым анағұрлым ұстамдырақ”. Бәлкім, қолостықтардың кейбіреулеріне осындай мәселелерге қатысты жақсару керек болған болар? Ал бізге ше?
8, 9. а) Қай мағынада қолостықтар Епафрас сұрағандай толысқандар ретінде ‘тұрулары’ керек еді? ә) ‘Толысқандар ретінде тұрудың’ келешекпен қандай байланысы бар?
8 Епафрас қолостықтардың ‘толысқандар ретінде тұруы’ үшін дұға еткен. Анығын айтқанда, Епафрас қолостықтардың толысқан, жетілген, “естияр” мәсіхші болып ‘тұруын’, яғни өздері қол жеткізген осындай нәрселерден айырылып қалмауларын Құдайдан сұрап дұға еткен.
9 Мәсіхші болғандардың бәрінің бірдей, мейлі олар рухани толысқан болсын, мәңгі-бақи мәсіхші болып қалатынына біз сенімді бола алмаймыз. Иса тіпті Құдайдың ұлы болып табылатын періштелердің бірінің ‘ақиқат жағында тұра’ алмағанын айтқан (Жохан 8:44). Ал Пауыл болса кейбір мәсіхшілердің Ехобаға қызмет етіп жүріп, кейіннен қызметтерін тастап кеткендерін қорынттықтардың есіне салған болатын. Ол киелі рухпен майланған бауырластарына былай деп ескертті: “Сенімімде берікпін деп санайтын әркім күнәға батудан сақ болсын!” (1 Қорынттықтарға 10:12). Осыған орай, қолостықтардың ‘нәтижесінде толысқандар ретінде тұруы’ туралы айтылған дұғаның бүгінде маңыздылығы арта түсуде. Бір кездері олар жетіліп, толысқан болса, енді олар тұрақсыздық, әлсіздік танытпай немесе жолдан тайып кетпей, сол күйлерінде берік тұрулары керек болатын (Еврейлерге 2:1; 3:12; 6:6; 10:39; 12:25). Сонда олар төрелік етілетін күні “толысқандар ретінде” Құдайдың рақымына ие болар еді (2 Қорынттықтарға 5:10; 1 Петір 2:12).
10, 11. а) Епафрас дұға етуге қатысты қандай үлгі қалдырған? ә) Епафрастың дұғасы бізді не нәрсеге талпындырады?
10 Біз басқалардың аттарын нақты атап, Ехобаның оларға қандай да бір тиянақты көмек көрсетуін — оларға жұбаныш, бата, киелі рух беруін — сұрап дұға етудің маңызы қаншалықты зор екенін талқылаған болатынбыз. Епафрастың қолостықтарға арналған дұғасы тап осындай болатын. Және біз оның сөздерінен өзімізге байланысты дұға еткенде не айтуымыз керектігі туралы құнды кеңес бар екенін көре аламыз, көруіміз керек те. Әрқайсымыз ‘нәтижесінде толысқандар ретінде тұруымыз’ үшін, еш күмәнданбастан, Ехобадан осыған қажетті көмек сұрауымыз керек. Сендер осындай көмек сұрап дұға етіп жүрсіңдер ме?
11 Дұға еткенде неге өздеріңнің рухани күйлерің жөнінде айтпасқа? ‘Толысқан’, жетілген, “естияр” мәсіхші болуға деген талпыныстарыңда не нәрсеге қол жеткізгендеріңді Құдайға айтыңдар. Қай жағынан рухани өсулерің керек екенін анықтап алуға көмектесуін сұрап дұға етіңдер (Забур 16:3; 138:23, 24). Бәріміздің де мұндай жақтарымыз бар екендігінде күмән жоқ. Алайда, қамығудың орнына, қай жағынан өзгерулерің керек екенін анық айтып, Құдайдың көмектесуін сұрап дұға еткен дұрыс. Бір рет қана дұға етіп қоймаңдар. Неге келер аптада апта бойы сендерге ‘нәтижесінде толысқандар ретінде тұруды’ сұрап дұға етпеске? Және жылдық тақырыптың үстінен ой жүгірте отырып, бұдан кейін де осылай ете беруді жоспарлаңдар. Дұға еткенде тұрақсыздыққа, әлсіреуге, немесе Құдайдың қызметінен шеттеліп қалуға шалдықтырады-ау деген рухани әлсіздіктерге баса көңіл аударыңдар; осындай нәрселерден аулақ болуды сұрап дұға етіңдер (Ефестіктерге 6:11, 13, 14, 18).
Сенімдеріңнің нығаюын сұрап дұға етіңдер
12. Қолостықтарға ‘нық сенім’ неліктен әсіресе қажет болды?
12 Сонымен қатар Епафрас қолостықтардың нәтижесінде Құдайға ұнамды болып қалулары үшін оларға аса қажетті тағы да бір нәрсе жөнінде дұға еткен. Біз үшін де бұл маңызы аса зор нәрсе. Әңгіме не жөнінде болып отыр? Епафрас қолостықтардың ‘Құдайдың бүкіл еркіне нық сенімі барлар ретінде тұрулары’ үшін дұға еткен. Олар жік салатын ілімдер мен қауіпті пәлсапа жайлаған ортада өмір сүрген болатын, әрі олардың кейбіреулері сырттай қарағанда шынайы ілім сияқты көрінетін. Мысалы, ондағы мәсіхшілерді белгілі бір күндері ораза тұтуға немесе мейрамдауға талпындыратын, ал мұндай салт-жоралар бұрын яһудилердің құлшылық етуіне тән нәрселер болған. Жалған тәлім берушілер Мұсаға Таурат заңын беру үшін қолданылған үлкен күш иелері — періштелерге ерекше көңіл аударатын. Осындай қысымның өздеріңе көрсетілгенін елестетіп көріңдерші! Толып жатқан қарама-қайшы пікірлер оларды дағдартып тастаған еді (Ғалаттықтарға 3:19; Қолостықтарға 2:8, 16—18).
13. Қолостықтарға не нәрсені түсінгендіктері көмектесе алар еді, мұны түсінгеніміз бізге қалай көмектеседі?
13 Пауыл Иса Мәсіхтің рөліне баса көңіл аударып, мұндай ілімдерге тойтарыс берген болатын. ‘Сендер Иеміз Мәсіх Исаны қалай қабылдаған болсаңдар, солай Онымен тығыз байланыста жүріңдер! Негіздерің Мәсіхте болып, терең тамыр жайып, өсе беріңдер; өздеріңе үйреткен сенімді мықтап ұстаныңдар’. Иә, Қолостағы мәсіхшілерге Құдайдың еркіне және Мәсіхтің олардың өміріндегі рөліне деген нық сенім қажет болатын; бұл бізге де қажет нәрсе. Пауыл былай деп түсіндірді: “Құдайдың бүкіл болмысы Мәсіхтің бойында тұрады. Сендер Мәсіхпен тығыз байланысып, рухани игіліктерге толықтай ие болдыңдар. Ол күллі билік пен өктемдікке басшылық етеді” (Қолостықтарға 2:6—10).
14. Қолостықтардың үміттері неге олар үшін расында да орындалатын нәрсе болған?
14 Қолостықтар киелі рухпен майланған мәсіхшілер болатын. Олардың көкте өмір сүруге деген ерекше үміті бар болатын, сондай-ақ олардың осы үміттерін берік сақтауға барлық негіздері бар болатын (Қолостықтарға 1:5). Олардың өз үміттерінің орындалатынына нық сенуі ‘Құдайдың еркіне’ сай еді. Осы үмітке күмәндануға олардың себептері болды ма? Әрине, олардың мұндай себебі болған жоқ! Ал бүгінгі күні Құдай уәде еткен жердегі жұмақты күтушілердің ше? Олардың өз болашақтарына күмәндануға себептері бар ма? Ешқандай себептері жоқ! Бұл негізі бар үміт те тікелей ‘Құдайдың еркіне’ қатысты. Енді мынадай сұрақты қарастырып көрелік: егер сендер “ауыр азапталу кезеңінен” аман қалғысы келетін “үлкен тобырдың” қатарында болуға талпынатындардың бірі болсаңдар, сендердің үміттерің қаншалықты берік? (Аян 7:9, 14; сілтемені қара). Бұл сендердің ‘Құдайдың бүкіл еркіне деген нық сенімдеріңмен’ сабақтасып жатыр ма?
15. Пауыл қатарында үміт те бар қандай қисынды ой тізбегін келтірді?
15 Мұндағы “үміт” деп отырғанымыз алдамшы арманды немесе қиялды білдірмейді. Біз мұны Пауылдың Римдіктерге жазған хатында келтірген қисынды ой тізбегінен көре аламыз. Ондағы ойлар бірінен екіншісіне ұласып отырады. Ойын өрбіте келе Пауылдың “үмітті” қай орынға қойғанына көңіл аударып көрейікші: “Азап шегіп жүрсек те, қатты шаттанамыз! Себебі азаптың бізді шыдамдылыққа жеткізетінін білеміз. Шыдамдылықтан сенімділік туады [“шыдамдылық ұнамды етеді”, ЖД], ал сенімділік [“ұнамды болғанымыз”, ЖД] бізге үміт береді. Бұл үміт алдамшы қиял емес, өйткені Құдай... Киелі Рухы арқылы жүрегімізді Өзінің сүйіспеншілігіне кенелтті” (Римдіктерге 5:3—5).
16. Киелі кітаптағы ақиқатты білгенде сендер қандай үмітке ие болдыңдар?
16 Ехоба Куәгерлері сендермен Киелі кітаптағы хабарымен алғашқы рет бөліскенде, ондағы өлілердің қандай күйде болатындығы немесе қайта тірілу сияқты ақиқаттар сендерді қызықтырған болса керек. Жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге мүмкіндік бар екені туралы Киелі кітапта жазылған мәлімет алғашқыда адамдардың көпшілігін таң-тамаша қалдырады. Осы ілімді бірінші рет естіген кездеріңді естеріңе алыңдаршы. Ауру мен кәрілік болмайды, өз еңбегіңнің жемісін көріп мәңгі өмір сүре бересің, жануарлармен де тату боласың — қандай керемет үміт! (Екклесиаст 9:5, 10; Ишая 65:17—25; Жохан 5:28, 29; Аян 21:3, 4). Расында да сендер керемет үмітке ие болдыңдар!
17, 18. а) Пауылдың Римдіктерге жазған хатындағы қисынды ой тізбегі қалайша үмітке әкеп тірейді? ә) Римдіктерге 5:4, 5-те қандай үміт жөнінде айтылған және сендерде осындай үміт бар ма?
17 Уақыт өте келе, бәлкім, сендер қандай да бір қарсылыққа немесе қуғынға кезіккен боларсыңдар (Матай 10:34—39; 24:9). Тіпті осыдан шамалы ғана уақыт бұрын кейбір елдерде Ехоба Куәгерлерінің үйлері талан-таражға салынып, өздері босып кетуге мәжбүр болған болатын. Олардың кейбіреулеріне тарпа бас салған, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерін тәркілеген, олар жайында бұқаралық ақпарат құралдарында жалған мәлімет айтқан. Қандай қуғын-сүргінге ұшырасаңдар да, естеріңде болсын: Римдіктерге 5:3-ке сәйкес, азап не қасірет шегіп жүрсеңдер де, шаттануға себептерің бар, әрі бұл шаттықтарың жақсы жеміс береді. Пауылдың айтуынша, азап шеккендерің сендерде шыдамдылық тудырды. Ал шыдамдылық ‘ұнамды етті’, яғни Құдайдың еркін орындап, дұрыс әрекет етіп жүргендеріңді білгендіктен, оған ұнамды екендеріңе деген сенімділіктерің нығайды. Пауыл жазғандай, өздеріңнің іс-әрекеттерің Құдайға ұнамды екенін сезіндіңдер. Әрі қарай Пауыл ‘ұнамды болу үміт беретінін’ (ЖД) жазған. Қызық, неге Пауыл “үмітті” бұл тізбектің басынан соншама алшақ қойды екен? Әлдеқайда ұзақ уақыт бұрын, яғни ізгі хабарды алғашқы рет естіген кезден-ақ, сендердің үміттерің бар емес пе еді?
18 Бұл жерде Пауылдың біз ең бастапқыда ие болған кемелді өмірге деген үміт туралы айтпағаны анық. Мұнда ол әрекет етуге қаттырақ талпындыратын анағұрлым тереңірек сезім туралы әңгімелеп отыр. Біздің қиыншылықтарға шыдамдылықпен төтеп беріп, соған лайық Құдайға ұнамды болғанымызды түсінгеніміз бастапқыдағы үмітімізді анағұрлым нығайтады. Сол үмітіміз енді міндетті түрде орындалатын, анағұрлым берік әрі жеке өзімізге қатысты бола бастайды. Әбден нығайған осындай үміттің сәулесі жарқырай түседі. Ол біздің өне бойымызға тарап, бар болмысымызға сіңеді. “Бұл үміт алдамшы қиял емес, өйткені Құдай сыйлаған Киелі Рухы арқылы жүрегімізді Өзінің сүйіспеншілігіне кенелтті”.
19. Ұдайы дұға еткенде үмітіміз туралы не нәрсе айтуға болады?
19 Епафрас Қолостағы бауырластарының бұдан былай да болашақтарын ойлап қам жей берулерін, сондай-ақ “Құдайдың бүкіл еркіне нық сенімі барлар ретінде” тұруын сұрап, шын жүректен дұға еткен. Біз де үмітіміз туралы Құдайға ұдайы дұға ете берелік. Дұғаларыңда жаңа дүниеге деген үміттерің жөнінде де айтуларыңа болады. Оны қалайша тағатсыздана күтіп жүргендеріңді әрі оның орнайтынына еш күмәнданбайтындарыңды дұғада Ехобаға айтыңдар. Ехобадан сенімдеріңді нығайтуын сұраңдар. Қолостағы мәсіхшілердің “Құдайдың бүкіл еркіне берік сенімі барлар ретінде” тұруын сұрап Епафрастың дұға еткеніндей, сендер де солай дұға етіңдер. Және мұны жиі-жиі істеңдер.
20. Бірлі-жарым адамның мәсіхшілер жолынан тайып кеткендігі неге біз үшін босаңсудың себебі болмауы керек?
20 Мәсіхшілердің бәрі бірдей толысқандар және нық сенімі барлар ретінде тұрмай жатқанын ойлап ренжудің не қамығудың қажеті жоқ. Әлдекім қателік жасап қоюы, жолдан тайып кетуі немесе жай әншейін қиындыққа төтеп бере алмауы мүмкін. Мұндай жағдай Исаның жақын қызметтестері — елшілердің арасында да болған. Алайда Яһуда сатқындық жасағанда басқа елшілер ынта-жігерінен айырылып немесе Исадан сырт айналып кетті ме? Жоқ, олай етпеді! Петір Забур 108:8-ді қолданып, Яһуданың орнына басқа біреудің таңдалуы керек екендігіне нұсқаған. Оның орнына басқа адам таңдап алынған соң, Құдайдың адал қызметшілері өздеріне тапсырылған уағыздау жұмысына бар ынтасымен кірісіп кеткен болатын (Елшілердің істері 1:15—26). Олар, толысқандар ретінде, сенімде берік тұруға бел буған еді.
21, 22. Қай мағынада біздің толысқандар және нық сенімі барлар ретінде тұрғанымыз ескерусіз қалмайды?
21 Сендердің толысқандар және Құдайдың бүкіл еркіне берік сенімі барлар ретінде тұрғандарың ескерусіз қалмайтынына күмәнданбасаңдар да болады. Солай етіп жүргендерің ескеріледі, әрі бағаланады. Оны ескеріп, бағалайтын кім?
22 Мысалы, өзіңді білетін әрі жақсы көретін бауырластарың ескереді. Тіпті егер олар мұны айтпаса да, олар 1 Салониқалықтарға 1:2—6 тармақтарда жазылғандағыдай сезімде болуы мүмкін: ‘Сендерді Құдайға сиынғанда еске алып, бәрің үшін әрдайым шүкіршілік айтамыз. Құдай Әкеміздің алдында сендердің Оған деген сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және Иеміз Иса Мәсіхке табандылықпен үміттеніп жүргендеріңді үнемі еске алып отырамыз... Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен және зор сеніммен де жеткіздік...Ал сендер бізге және Иемізге еліктедіңдер’. Сендердің ‘толысқандар және Құдайдың бүкіл еркіне нық сенімі барлар ретінде тұрғандарыңды’ көрген айналаларыңдағы адал мәсіхшілер де осы іспетті сезімде болады (Қолостықтарға 1:23).
23. Келесі жылы не нәрсе істеуге біз белімізді бекем бууымыз керек?
23 Көктегі Әкеміз де сендердің күш салып жүргендеріңді міндетті түрде байқайды, әрі бұл оны қуантатын болады. Солай боларына сенімді болыңдар. Неге дейсіңдер ме? Өйткені сендер толысқандар және ‘Құдайдың бүкіл еркіне’ нық сенімі барлар ретінде тұрсыңдар. Пауыл қолостықтарға “Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүру” қажет екендігі жөнінде жігер беретін сөздер жазған (Қолостықтарға 1:10). Иә, кемелсіз адамзат үшін Оны риза қылатындай етіп өмір сүру әбден мүмкін нәрсе. Қолостағы бауырластарымыз солай еткен. Айналамыздағы мәсіхшілер де солай етіп жүр. Сендер де солай ете аласыңдар! Сонымен, келер жылы күнделікті дұғаларымызбен, сондай-ақ өмір сүру салтымызбен ‘нәтижесінде толысқандар және Құдайдың бүкіл еркіне нық сенімі барлар ретінде тұруға’ белімізді бекем буғанымызды дәлелдейік.
Естеріңе түсіре аласыңдар ма?
• ‘Толысқандар ретінде тұру’ үшін не қажет?
• Өзің жайлы дұға еткенде не жөнінде айтуыңа болады?
• Римдіктерге 5:4, 5-ке сәйкес, біздің қандай үмітіміз болуы керек?
• Осы мақаланы талқылау сендерді келесі жылға қандай мақсат қоюға талпындырды?
[15-беттегі суреттер]
Сендердің негізі бар үміттерің мен нық сенімдерің миллиондаған адамдарға ортақ