Өзгелердің Ехобаның халқына лайық өмір сүруіне көмектесіңдер
‘Біз... сендер үшін үзбей сиынып келеміз. Сендердің... Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүріп, әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне берулеріңді... тілеп келеміз’ (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 1:9, 10).
1, 2. Адамды бақытты етіп, қанағат сезіміне бөлей алатын әсіресе не?
“БІЗ фермада шағын автотіркемеде өмір сүреміз. Тұрмысымыз қарапайым ғана болғандықтан, біз жергілікті тұрғындарға ізгі хабарды таратуға көбірек уақыт бөлеміз. Ехоба бізге батасын молынан төгіп, біздің көптеген адамдарға өз өмірлерін Құдайға арнауына көмектесуімізге мүмкіндік беруде”,— дейді Оңтүстік Африкада тұратын толық уақытты қызметтегі ерлі-зайыптылар.
2 Өзгелерге көмек көрсетудің бақытқа бөлейтінімен келіспес пе едіңдер? Кейбіреулер ауруларға, кедей-кепшіктерге немесе жалғыз басты адамдарға үнемі көмектесіп жүруге тырысады, сөйтіп содан қанағат алады. Шынайы мәсіхшілер Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх туралы білімді адамдарға жеткізу арқылы өзгелерге ең үлкен көмек көрсетіп жүргендеріне сенімді. Тек осындай әрекет қана адамдардың Исаның төлем құрбандығын қабылдауына және Құдаймен тығыз қарым-қатынас дамытуына мүмкіндік береді, әрі осы арқылы олар мәңгі өмір сүруге үміттене алатын болады (Елшілердің істері 3:19—21; 13:48).
3. Көмек көрсетудің қандай түрі біздің көңіл қоюымызға тұрарлық?
3 Алайда Құдайдың “жолына” түсіп, Оған қызмет етіп жүргендерге көмек көрсету жөнінде не айтуға болады? (Елшілердің істері 19:9). Әлбетте, сендердің қолдарыңнан келгенше олардың қамын ойлап жүргендеріңде күмән жоқ, сөйтсе де оларға бұдан да көбірек көмектесудің немесе ұдайы көмектесе берудің жолын білмей жүрген болуларың мүмкін. Немесе, жағдайымызға қарай, өзгелерге бере алатын көмегіміз өзімізге мардымсыз ғана болып көрінуі мүмкін, ал көрсеткен көмегің мардымсыз болса, одан алар қанағатың да мардымсыз болады (Елшілердің істері 20:35). Осы екі жағдайға қатысты біз Қолостықтарға арналған хаттан үлгі-өнеге алуымызға болады.
4. а) Пауыл Қолостықтарға арналған хатын қандай жағдайда жазған? ә) Епафрастың Пауылмен қандай байланысы бар еді?
4 Елші Пауыл Қолостағы мәсіхшілерге арнап хат жазғанда Римде үй тұтқынында отырған-ды, бірақ оған келіп-кетушілерді қабылдауға рұқсат етілген болатын. Әрине, Пауыл өзінің шектеулі бостандығын Құдай Патшалығы туралы уағыз айтуға пайдаланған (Елшілердің істері 28:16—31). Оған бауырластарының келіп тұруына болатын, тіпті олардың кейбіреулерін қандай да бір уақытқа Пауылмен бірге қамап та қойған болса керек (Қолостықтарға 1:7, 8; 4:10). Олардың бірі Кіші Азиядағы (қазіргі Түркия) Ефес қаласының шығысындағы жайпақтаулар өңірінде орналасқан Фригиядағы Қолос қаласынан келген Епафрас деген алдына жан салмай қызмет ететін уағыздаушы болатын. Епафрас Қолостағы қауымның негізін қалауға ат салысқан-ды және Лаудіки мен Иераполдағы қауымдарға қызмет еткен болатын (Қолостықтарға 4:12, 13). Не себепті ол Пауылды көру үшін Римге сапар шеккен және Пауылдың оған танытқан лебізінен біз не нәрсеге үйрене аламыз?
Қолостықтарға арналған тиімді көмек
5. Пауыл қолостықтарға не себепті хат жазған?
5 Қолостағы қауымда болып жатқан жағдайлар жөнінде Пауылмен ақылдасу үшін Епафрас Римге қарай ауыр сапарға шығады. Ол Пауылға Қолостағы мәсіхшілердің сенімі, сүйіспеншілігі мен уағыздауға деген ынтасы туралы хабар әкеледі (Қолостықтарға 1:4—8). Сондай-ақ ол қолостықтардың рухани күйіне қауіп төндіріп отырған жағымсыз әсерлерге байланысты өзінің алаңдап жүргені туралы да бөліскен болса керек. Бұған жауап ретінде Пауыл киелі рухтың жетелеуімен хат жазып, жалған оқытушылардың таратып жүрген ілімдерін жоққа шығарады. Ол әсіресе Иса Мәсіхтің негізгі рөліне ерекше көңіл аударадыa. Пауылдың көмегі Киелі кітаптағы шындыққа қатысты негізгі ілімдермен ғана шектеліп қойды ма? Қолостықтарға ол тағы қалай көмектесті және біз бұдан өзгелерге көмектесуге қатысты қандай сабақ ала аламыз
6. Қолостықтарға жазған хатында Пауыл не нәрсеге ерекше көңіл аударды?
6 Осы хатының басында Пауыл көмек берудің біздің көңілімізден таса қалып қоюы мүмкін бір жолына көңіл аударған. Көмек көрсетудің бұл жолы ара қашықтықтың алыстығына қарамастан өзгелерге тиімді көмек беруге мүмкіндік береді (Пауыл мен Епафрас Қолостан алыста болатын). Пауыл былай деп жазды: “Біз сендер үшін Иеміз Иса Мәсіхтің рухани Әкесі Құдайға сиынған сайын шүкірлік етеміз”. Иә, олар арнайы қолостықтар үшін сиынған, немесе дұға еткен болатын. Пауыл сөзін былай деп жалғады: “Сол себептен де біз мұны естіген кезден бастап, сендер үшін үзбей сиынып келеміз. Сендердің Құдайдың еркін толықтай біліп, өте парасатты да рухани көреген болуларыңды Тәңірден өтінудеміз” (Қолостықтарға 1:3, 9).
7, 8. Жеке және қауымда айтқан дұғаларымызда біз жиі не нәрсе жөнінде сұраймыз?
7 Ехобаның “дұғаларымызды еститінін” білеміз, сондықтан өзінің еркіне сай айтылған дұғаларды оның зер салып тыңдауға даяр екендігіне сенімді бола аламыз (Забур 64:3; 85:6; Нақыл сөздер 15:8, 29; 1 Жохан 5:14). Біздің өзгелер үшін айтатын дұғаларымыз жөнінде не деуге болады?
8 ‘Дүниенің төрт бұрышындағы... қауымдастарымыз’ туралы жиі ойлап, олар үшін дүға етуге болады (1 Петір 5:9). Сондай-ақ табиғи апатқа немесе бақытсыздыққа ұшыраған бауырластарымыз бен өзге адамдар үшін де Ехобаға дұға етуге болады. Бірінші ғасырдағы шәкірттер яһуди аймағында аштық болып жатқанын естігенде, жәрдем жібермес бұрын да олар үшін талай дұға еткен болса керек (Елшілердің істері 11:27—30). Ал қазіргі уақытта бүкіл бауырластық үшін немесе бауырластарымыздың үлкен тобы үшін айтылған дұғаны мәсіхшілер қауымында жиі естиміз. Осы дұғалардан кейін “аумин” деп қуаттай алу үшін, айтылған дұғалар барлығы түсіне алатындай болуы керек (1 Қорынттықтарға 14:16).
Нақты дұға етелік
9, 10. а) Нақты адамдар үшін дұға ету орынды екені қандай мысалдардан көрінеді? ә) Не себепті өзгелер Пауылды жеке дұғаларына қосқан?
9 Киелі кітапта өзгелер үшін анағұрлым нақты айтылған дұғалар жөнінде де жазылған. Мұндай дұғалар жеке адамдар үшін айтылған. Исаның Лұқа 22:31, 32-де жазылған сөздерінің үстінен ой жүгіртіп көрейікші. Ол өзінің адал он бір елшісінің арасында болатын. Алда оларды қиын кезеңдер күтіп тұрды, сондықтан олардың барлығы Құдайдың демеуіне мұқтаж болар еді; Иса олар үшін дұға етті (Жохан 17:9—14). Алайда ол Петірдің бір өзіне өзгеше көңіл бөліп, осы шәкірті үшін дұғада ерекше өтінген. Осы сияқты басқа да мысалдар бар. Мысалы, Елішә нақты бір кісі, яғни өзінің қызметкері, үшін Құдайдың көмегін сұрап дұға еткен (4 Патшалық 6:15—17). Елші Жохан Гайдың тәндік және рухани денсаулығы үшін дұға еткен (3 Жохан 1, 2). Ал келесі дұғаларда бір топ адамдар үшін өтініш айтылған: Аюп 42:7, 8; Лұқа 6:28; Елшілердің істері 7:60; 1 Тімотеге 2:1, 2.
10 Пауылдың хаттары нақты айтылатын дұға туралы сұраққа сәулесін төгеді. Ол өзі үшін немесе өзі үшін де, қасындағы серіктері үшін де дұға етуді өтінген. Қолостықтарға 4:2, 3-те біз мынаны оқимыз: “Әрдайым Құдайға сиынып, рухани сергек те шыдамды болып, шүкірлік ете беріңдер! Біз үшін де мінажат етіңдер: Құдай өз хабарын уағыздауымызға жол аша көрсін, осылай Мәсіх туралы құпияны жариялай алайық. Сол үшін де бұғауда отырмын”. Келесі мысалдарды да қарастырып көруге болады: Римдіктерге 15:30; 1 Салониқалықтарға 5:25; 2 Салониқалықтарға 3:1; Еврейлерге 13:18.
11. Епафрас Римде болған кезінде кім үшін дұға еткен?
11 Пауылдың Римдегі серіктері жөнінде де осылай деуге болады. ‘Жерлестерің Епафрас та сәлем айтып отыр. Ол сендер... үшін үздіксіз мінажат етіп күресуде’ (Қолостықтарға 4:12). Мұндағы “күресу” деп аударылған сөз ежелгі ойындардағы гимнастың “күш салуы” туралы ой береді. Епафрас дүние жүзіндегі сенушілер үшін не болмаса бүкіл Кіші Азиядағы бауырластары үшін дұға еткен бе еді? Пауылдың сөздерінен Епафрастың арнайы қолостықтар үшін дұға еткені көрінеді. Епафрас оларда болып жатқан жағдайды білетін. Біз олардың бәрінің есімдерін білмейміз, қандай қиындықпен күрескендерін де білмейміз, сөйтсе де елестетіп көруімізге болады. Бәлкім, жас Линге сол уақыттағы пәлсапаның әсеріне түсіп қалмау үшін күресу қиынға соққан болар, ал Руфқа өзі тастап кеткен яһудилердің салт-жораларына қайта оралмау үшін күш керек болған шығар. Күйеуі мәсіхші емес Персидаға балаларын Иемізге лайық тәрбиелеу үшін табандылық пен даналық қажет болса, ауыр сырқат Асинкрит жұбанышқа аса мұқтаж болған болар. Иә, Епафрас өзінің қауымындағыларды білетін және олар үшін шын жүректен дұға ететін, өйткені ол да, Пауыл да осы адал адамдардың Ехобаның халқына лайық өмір сүргендерін қалайтын.
12. Жеке дұғаларымызды қалайша нақтырақ ете аламыз?
12 Осы мысалдардан өзгелерге қалай көмектесуге болатынын көріп отырсыңдар ма? Өзіміз байқап жүргендей, мәсіхшілердің қауым жиналыстарында, көп адам қатысатын болғандықтан, дұғалар әдетте жалпы айтылады. Бірақ жеке немесе отбасымен бірге айтатын дұғаларымызды нақты етіп айта аламыз. Әрине, кейде біздің барлық аралаушы бақылаушылар мен рухани бақташылар үшін Құдайдан басшылық пен бата сұрап дұға етуімізге болады. Неге ауық-ауық нақтырақ дұға етпеске? Мысалы, неге бізге қауымымызға келген аудандық бақылаушының немесе қауымның кітап оқу сабағының жетекшісінің есімін атап дұға етпеске? Філіпіліктерге 2:25—28 және 1 Тімотеге 5:23-те жазылған тармақтардан Пауылдың Тімоте мен Епафродиттің саулығына деген жеке қамқорлығы көрінеді. Өзіміз есімін білетін сырқаттанып жатқан бауырластарымызға біз де осылайша көңіл бөле алар ма едік?
13. Қандай жағдайларды жеке айтатын дұғамызға қосу орынды болар еді?
13 Әлбетте, біз өзгелердің ісіне араласудан аулақ болуымыз керек, бірақ өзіміз білетін және өзімізге қымбат адамдардың қамын жеп, олардың игілігін шын көңілімізбен ойлайтынымызды дұғамызда білдіргеніміз әбден орынды (1 Тімотеге 5:13; 1 Петір 4:15). Бауырласымыз жұмысынан айырылып қалды делік, ал біз оған жұмыс тауып бере алмаймыз. Бірақ біз өзіміздің жеке дұғамызда оның есімін атап, тап оның кезіккен қиындығы жөнінде сұрауымызға болады (Забур 36:25; Нақыл сөздер 10:3). Бәлкім, қандай да бір бауырласымыздың жасы ұлғайып қалса да, ‘Иемізбен тығыз байланыстағы’ адаммен ғана тұрмыс құруға шешім қабылдағандықтан, әлі күйеуі мен балалары жоқ болар (1 Қорынттықтарға 7:39). Неге жеке дұғамызда Ехобадан оған батасын беріп, әрі қарай да шексіз адалдықпен қызмет етуін жалғастыра беруіне көмектесуін сұрамасқа? Тағы да бір мысал. Екі қария қателік жасап қойған бауырласымызға кеңес берді делік. Неге осы екі қария өздері жеке дұға айтқанда сол бауырласымыздың есімін ауық-ауық қосып тұрмасына?
14. Нақты дұғалардың өзгелерге көмек көрсетумен қандай байланысы бар?
14 Біз әрқашан жеке дұғамызға Ехобаның қолдауы мен жұбанышына зәру болып жүргендерді, даналығы мен киелі рухына немесе киелі рухтың қандай да бір жемісіне мұқтаж болып жүргендерді қоса аламыз. Ара қашықтықтың немесе қандай да бір жағдайлардың кесірінен біз оларға материалдық жағынан не болмаса тікелей көмек көрсете алмайтын болармыз. Сөйтсе де бауырластарымыз үшін дұға етуді ұмытпалық. Олардың Ехобаның халқына лайық өмір сүргісі келетінін біз білеміз, бірақ үнемі солай ету үшін, олар көмекке зәру болуы мүмкін. Ал оларға көмектесудің бір жолы — біздің дұға етуіміз (Забур 17:2; 19: 2, 3; 33:16; 45:2; 120:1—3).
Өзгелерге тірек болыңдар
15. Қолостықтарға арналған хаттың соңғы бөлігі неге бізді қызықтыруы керек?
15 Шын жүректен айтылған нақты дұғалар өзгелерге, әсіресе жақындарымыз бен туыстарымызға, көмек көрсетудің бірден-бір жолы емес. Бұл қолостықтарға арналған хаттан көрініп тұр. Көп ғалымдардың айтуы бойынша, ілімге қатысты басшылық пен тиімді кеңестер бергеннен кейін Пауыл өзінің хатын жай ғана сәлемдемелер жолдаумен аяқтайды (Қолостықтарға 4:7—18). Алайда біз бұл кітаптың соңғы бөлігі көңіл қоюға тұрарлық кеңестен тұратынын, сондай-ақ одан көп нәрсеге үйренуге болатынын байқадық.
16, 17. Қолостықтарға 4:10, 11-де аталып өткен бауырластар жөнінде не айтуға болады?
16 Пауыл былай деп жазған: “Менімен бірге тұтқында отырған Арыстарқ, сондай-ақ Барнабаның жиені Марқа сендерге сәлем жолдайды. Марқа жайлы ерекше нұсқау алдыңдар: ол сендерге барса, жылы қабылдаңдар! Иуст деп аталатын Иса да сәлем айтады. Яһудилердің ішіндегі осы үшеуі ғана Құдай Патшалығы үшін қызметтестерім болып жүр; бұлар маған нағыз жұбаныш [“тірек”, ЖД]” (Қолостықтарға 4:10, 11).
17 Бұл жерде Пауыл ерекше атап өтуге лайықты сенімді бауырластары жөнінде айтқан. Пауыл олардың сүндеттелгендердің қатарынан, яғни яһуди, екендіктерін айтқан. Римде сүндеттелген яһудилер көп еді, енді олардың кейбіреулері мәсіхшілер жолына түскен болатын. Бірақ Пауыл атап өткен бауырластар оған көмек көрсетуге келген болатын. Сірә, олар еврей емес мәсіхшілермен қатынасуды ұят санамай, қайта қуана-қуана Пауылмен бірге басқа ұлттың адамдарына уағыз айтқан болса керек (Римдіктерге 11:13; Ғалаттықтарға 1:16; 2:11—14).
18. Пауыл өзінің жанында болғандар туралы қандай лебіз танытты?
18 Пауылдың: “Осы үшеуі ғана Құдай Патшалығы үшін қызметтестерім болып жүр; Бұлар маған нағыз жұбаныш [“тірек”, ЖД]”,— деген сөздеріне көңіл аударыңдаршы. Пауыл қолданған грек сөзі Киелі кітапта бір-ақ рет — тек осы жерде кездеседі. Аудармашылардың көпшілігі бұл сөзді “жұбаныш” деп аударады. Алайда “жұбаныш” деп жиі гректің басқа сөзі (паракале́о) аударылады. Бұл сөзді Пауыл тап осы қолостықтарға арналған хатында қолданған, бірақ 4-тараудың 11-тармағында емес (Матай 5:4; Елшілердің істері 4:36; 9:31; 2 Қорынттықтарға 1:4; Қолостықтарға 2:2; 4:8).
19, 20 а) Пауылдың Римде өзіне көмектескен бауырластарға қатысты қолданған сөзінің мағынасы қандай? ә) Бауырластары Пауылға қалай көмектескен болуы мүмкін?
19 Пауыл атап өткен бауырластар оны сөзбен ғана жұбатып қоймаған болса керек. Қолостықтарға 4:11-де (ЖД) “тірек” деп аударылған грек сөзі медицинада кейде аурудың қасіретін жеңілдететін дәрі мағынасында қолданылатын. Бір аудармадан біз мынаны оқимыз: “Олар маған қандай көмек көрсетті десеңші!” (“New Life Version”). Және бір аудармада былай делінген: “Олар маған үлкен көмек көрсетті” (“Today’s English Version”). Қасында болған мәсіхші бауырластары Пауылға қандай көмек көрсетті екен?
20 Пауылдың келіп-кетіп тұрушыларды қабылдауына рұқсат етілгенімен, оның азық-түлік, қысқы киім-кешек сатып алу сияқты өзіне қажетті көптеген нәрселерді істеуге мүмкіндігі болмаған. Ол зерттеуге арналған шиыршықтарға немесе жазуға арналған құралдарға қалай қол жеткізген болар еді? (2 Тімотеге 4:13). Сол бауырластары Пауылдың қажетті заттарын әкеліп, оның берген тапсырмаларын орындап, тағы сол сияқты басқа да нәрселерді істеп, оның негізгі қажеттіліктерін қанағаттандырып отырған деп пайымдауға болады. Бәлкім, оның қандай да бір қауымның ісі қалай жүріп жатқаны туралы хабар алып, оны жігерлендіргісі келетін болар. Қамауда отырғандықтан ол бұлай ете алмайтын, бірақ қасындағы бауырластары оның орнына сол қауымдарға барып, Пауылдың айтқысы келген нәрселерінің бәрін жеткізіп, олардан хабар алып келе алатын. Бұл нағыз тірек қой!
21, 22. а) Қолостықтарға 4:11-дегі сөздер неге бізді қызықтыруы керек? ә) Пауылдың серіктерінің көрсеткен үлгісіне біз қалай еліктей аламыз?
21 Пауылдың өзіне “тірек” болған бауырластар туралы жазғандығы біздің басқаларға қалай көмектесе алатынымызды түсінуімізге көмектеседі. Біздің бауырластарымыз құлықтылық жағынан таза болып, мәсіхшілердің жиналыстарына барып, сондай-ақ уағыздау жұмысына қатысып, Ехобаның халқына лайық өмір кешіп жүр. Бұл үшін олар мақтауға лайық. Алайда, Пауылмен бірге болған бауырластардай, біз де оларға “тірек” болу үшін көбірек нәрсе істей алмас па екенбіз?
22 Егер 1 Қорынттықтарға 7:37-гі кеңесті ақылмен ұстанып жүрген, туыстарынан алыс тұратын әйел бауырласымызды білетін болсақ, неге оны тамаққа немесе достарымыздың не туыстарымыздың шағын кешіне шақыру іспетті өз отбасымыздың кейбір істеріне араластырмасқа? Неге оны отбасымызбен бірге конгреске бірге баруға немесе бірге демалуға шақырмасқа? Я болмаса, ыңғайы түссе, неге азық-түлік алуға бірге бармасқа? Жесірлер мен тұл қалған ағаларымызға немесе кіріп-шығуы қиындап қалған бауырластарымызға да осындай ұсыныстар жасауға болады. Басынан өткен оқиғалары немесе көкөніс, балалар киімін таңдау сияқты күнделікті өмірге қатысты олардың көрген-білгендері сендер үшін аса бағалы болуы мүмкін (Леуі 19:32; Нақыл сөздер 16:31). Осындай әрекеттердің арқасында қарым-қатынастарың анағұрлым жақынырақ болады. Осылайша қандай да бір дәрі-дәрмек немесе басқа нәрсе қажет болғанда олар сендерден еркін көмек сұрай алатын болады. Римде Пауылмен бірге болған бауырластар іс жүзінде көмек көрсетіп, оған тірек болған. Бұл сендердің де қолдарыңнан келеді. Сол уақыттағыдай, қазір де мұндай әрекеттер сүйіспеншілігімізді арттырып, бірлесе отырып Ехобаға адал қызмет етуге деген ынтамызды берік сақтауға көмектеседі.
23. Әрқайсымыздың не нәрсеге уақыт бөлгеніміз жақсы болар еді?
23 Біздің әрқайсымыздың осы мақалада айтылған жағдайлардың үстінен ой жүгіртуімізге болады. Бұлар жай мысалдар ғана, десе де бұл мысалдар аға-әпкелерімізге “тірек” болуға мүмкіндік беретін күнделікті болып жататын жағдайларды есімізге салады. Біз өмірімізді тек қайырымдылық жасауға бағыштауға шақырылып отырған жоқпыз. Қолостықтарға 4:10, 11-де аталған бауырластардың мақсаты да мұндай болмаған. Олар ‘Құдай Патшалығы үшін қызметтестер’ болған. Олардың “тірек” болғанының себебі де тікелей осымен байланысты. Біз де тап солай әрекет еткейміз.
24. Біздің өзгелер үшін дұға етіп, оларға тірек болуға тырысуымыздың басты себебі неде?
24 Жеке дұға айтқанда өзгелердің аттарын атап өтіп, оларға тірек болуға тырысуымыздың себебі — бауырластарымыздың ‘Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүруге’ ынта танытып жүргендеріне сенетіндігімізде (Қолостықтарға 1:10). Және бұл тағы да бір нәрсемен байланысты. Пауылдың айтуынша, Епафрас қолостықтар үшін дұға еткенде олардың ‘толысқандар және Құдайдың бүкіл еркіне нық сенімі барлар ретінде тұруларын’ сұраған (Қолостықтарға 4:12, ЖД). Мұны біз қалайша жүзеге асыра аламыз? Келіңдер, көрелік.
[Сілтеме]
a Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған “Киелі Жазбаларды түсіну” (ағ.) энциклопедиясының 1-томының 490, 491-беттерін және “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған әрі тиімді” (ағ.) кітабының 226—228 беттерін қараңдар.
Көңіл қойдыңдар ма?
• Жеке айтатын дұғаларымыз арқылы өзгелерге қалайша көбірек көмектесуімізге болады?
• Кейбір бауырластар Пауылға қандай мағынада “тірек” болған?
• Қандай жағдайларда біз өзгелер үшін “тірек” бола аламыз?
• Аға-әпкелеріміз үшін дұға етіп, оларды нығайтуға тырысқандағы біздің мақсатымыз қандай?
[10-беттегі сурет]
Отбасымен демалуға шыққанда бауырластарымыздың қайсыбірін өздеріңмен бірге алып шыға аласыңдар ма?
[Түпдерек]
Green Chimney’s Farm рұқсатымен