Соғыстың қасіреттерінен айығу
АБРАҺАМ жиырма жыл бойы партизандардың қатарында соғысқанa. Алайда қазір ол соғысуды доғарған және енді ешқашан соғысқа қатыспайды да. Бұрынғы қас дұшпандарының кейбіреулері қазір оның жақын достары. Оның осыншалық өзгеруіне себеп болған не нәрсе екен? Киелі кітап. Киелі кітап Абраһамға үміт пен түсінік беріп, адамдардың іс-әрекетіне Құдайдың көзқарасымен қарауға көмектесті. Киелі кітапты зерттеудің арқасында ол бойындағы соғысқұмарлықтан арылып, қайғы-қасірет, өшпенділік пен күйініштен айықты. Ол Киелі кітаптың жүрекке шипалы екеніне көз жеткізді.
Адамдардың жан жарасынан айығуына Киелі кітап қалай көмектеседі? Абраһамның басынан кешкенін өзгерту мүмкін емес. Десе де, Құдай Сөзін оқып, оның үстінен ой жүгірткендігі оның көзқарасының Жаратушының көзқарасына сәйкес болуына ықпал етті. Қазір Абраһамның болашаққа деген үміті бар, мақсаттары да өзгерген. Құдайға маңызды нәрселер ол үшін де маңызды бола бастаған. Сол уақыттан бастап ол жанына батқан жарадан бірте-бірте айыға бастаған-ды. Осылайша Киелі кітап Абраһамның өмірін өзгертті.
Азамат соғысының иірімінде
Абраһам отызыншы жылдары Африкада туылған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін оның елі күші басым көрші елдің езгісіне түседі. Бірақ Абраһамның жерлестерінің көпшілігі егемендікті аңсайды. 1961 жылы ол егемендік алу үшін күші басым елге қарсы күрес жүргізген топқа қосылады.
“Олар біздің қас жауымыз болатын. Олардың көздегені бізді өлтіру еді, сол себепті біз де оларды өлтіретінбіз”,— деп түсіндірді Абраһам.
Абраһамның өміріне жиі қауіп-қатер төнетін, сондықтан 1982 жылы, жиырма жыл бойы қарулы күреске қатысқаннан кейін, ол Еуропаға қашады. Енді, жасы елуге таяп қалған уақытта, өмірін ой елегінен өткізуге оның уақыты жеткілікті еді. Ойлаған арманына жетті ме екен? Болашақта оны не күтіп тұр? Абраһам Ехоба Куәгерлерін кездестіріп, олардың кездесулеріне бара бастайды. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын бір Куәгердің Африкада оған жер бетінде болатын жұмақ пен адамзаттың үстінен билейтін аспан үкіметі туралы мәлімет жазылған трактат бергенін есіне түсіреді. Расында да осындай нәрсенің болуы мүмкін бе?
Абраһам былай дейді: “Киелі кітаптан мен соғысуға жұмсаған жылдарымның бәрі босқа, зая кеткенін білдім. Жер бетінде әділдік орната алатын жалғыз ғана үкімет бар. Ол — Құдай Патшалығы”.
Абраһам Ехоба Куәгері ретінде суға шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, көп кешікпей, Еуропадағы ол тұрып жатқан қалаға Африкадан Роберт деген кісі қашып келеді. Роберт пен Абраһам бір соғысқа қатысқан болатын, бірақ қарама-қарсы жақтарда. Роберт өмірдің нағыз мәні жөнінде жиі ойланатын. Ол діндар адам болатын, әрі Киелі кітаптың кейбір бөліктерін оқып, Құдайдың есімінің Ехоба екенін де біліп алған болатын. Абраһамның жиналысындағы Куәгерлер Робертке Киелі кітапты тереңірек зерттеуді ұсынғанда, ол келісе кетеді.
Роберт былай деп түсіндірді: “Мені о бастан қайран қалдырған нәрсе Куәгерлердің Ехоба мен Исаның екі бөлек дара тұлғалар екендігін мойындап, олардың есімдерін қолданатыны болатын. Бұл менің Киелі кітаптан білген нәрселеріме сәйкес келетін. Сондай-ақ Куәгерлер ұқыпты киінетін; нәсіліне қарамастан, өзгелерге мейірімділік танытатын. Осының бәрі маған қатты әсер етті”.
Қас жаулардың достасуы
Роберт пен Абраһам, бұрынғы бір-біріне қас дұшпандар, қазір жақын достар. Олар Ехоба Куәгерлерінің бір жиналысында толық уақытты уағыздаушылар ретінде қызмет етеді. “Соғыс уақытында мен жиі өзімнен: “Бір дінді ұстанатын көршілес елдер бірін-бірі қалайша жек көре алады?” — деп сұрайтынмын,— дейді Абраһам.— Роберт екеуміз де бір дінді ұстанғанбыз, соған қарамастан, бір-бірімізге қарсы соғыстық. Енді екеуміз де Ехобаның Куәгеріміз, сеніміміз бізді біріктірді”.
“Айырмашылығы да осыда ғой,— деп қосты Роберт.— Сеніміміздің арқасында біз нағыз бауырластықты таптық. Біз енді ешқашан соғыспаймыз”. Бұрын қас жау болған бұл екеуінің жүрегіне Киелі кітап қатты әсер етті. Өзара сенім мен достық өшпенділік пен ыза-кекті бірте-бірте ығыстырып тастады.
Абраһам мен Роберт қарама-қарсы екі жақта соғысып жүргенде, дүниенің басқа бір бөлігінде көршілес елдерде тұратын тағы бір екі жас жігіт бір-біріне қарсы соғысып жатқан болатын. Бірақ көп ұзамай Киелі кітаптың әсері бұл екеуінің де жүректеріне шипа болды. Қалай?
Мақсат — өлтіру, сосын азапты өліммен өлу
Габриел діндар отбасында өскен және оған елінде жүріп жатқан соғысты қасиетті соғыс деп үйреткен болатын. Сондықтан он тоғыз жасқа келгенде ол өз еркімен соғысқа аттанып, майданның алдыңғы шебіне сұранады. Ол он үш ай бойы кескілескен ұрыс жүріп жатқан жерде, кейде тіпті жау әскерінен бір жарым шақырым ғана қашықтықтағы жерде соғысады. “Әсіресе бір оқиға менің есімде қалып қойды,— дейді ол.— Командиріміз түнде шабуылға шығатынымызды айтты. Біз, делебеміз қозып, түні бойы минометтен оқты қарша бораттық”. Габриел көршілес елдің халқын өлімге лайық жауым деп қарастыратын. “Менің мақсатым мүмкіндігінше көбірек адам өлтіру еді. Ал сосын, қасымдағы серіктерімнің көпшілігі сияқты, азапты өліммен өлгім келетін”.
Бірақ уақыт өте келе Габриелдің бұл арманы сейіле бастайды. Ол тауға қашады да, шекарадан еңбектеп өтіп бейтарап елге жетіп алған соң, сол жерден Еуропаға жетіп алады. Габриел үнемі Құдайдан өмірдің неге сонша қиын екенін сұрайтын. Сондай-ақ оған “жоқ әлде мұның барлығы Құдайдың жазасы ма екен?” деген ой да келетін. Ехоба Куәгерлерімен кездескенде, олар оған өмірдің неге қиыншылыққа толы екенін Киелі кітаптың көмегімен түсіндіріп береді (Матай 24:3—14; 2 Тімотеге 3:1—5).
Габриел Киелі кітаптан көбірек білім алған сайын, ондағы жазылған нәрселердің ақиқат екендігін түсіне бастайды. “Мен жер бетіндегі жұмақта біздің мәңгілік өмір сүре алатынымызды білдім. Бір қызығы, бұл менің бала күнгі арманым болатын”. Киелі кітап оны жұбатып, жанына батқан жараның ауырғанын саябырсытады. Ол тереңге тамыр тартқан көңіліндегі қасіреттен айыға бастайды. Сондықтан өзінің бұрынғы қас жауы Даниелді кездестіргенде Габриелде оған деген ешқандай өшпенділік сезімі болмайды. Алайда Даниелдің Еуропаға келуіне ықпал еткен не екен?
“Егер сен расында да бар болсаң, өтінем, көмектесші маған!”
Даниел католик ретінде тәрбиеленіп, он сегіз жасында әскерге алынады. Габриел майданға аттанған жылы ол да майданға алынады, бірақ ол екеуі қарама-қарсы жақтарда соғысады. Бір күні Даниел отырған танкке снаряд тиеді. Серіктерінің бәрі өледі де, өзі қатты жарақаттанып, тұтқынға түседі. Даниел бірнеше айды госпитальда өткізеді, сосын лагерьге жіберіліп, сол жерден бейтарап елге жер аударылады. Жападан-жалғыз әрі мұқтаждықта қалған ол өзін-өзі өлтіруді ойлайды. Даниел Құдайға: “Егер сен расында да бар болсаң, өтінем, көмектесші маған!” — деп дұға етеді. Ертесіне-ақ оның үйіне Ехоба Куәгерлері келіп, қоңырау соғады. Олар оның көптеген сұрақтарына жауап береді. Ақыр аяғында ол босқын ретінде Еуропаға аттанады. Даниел онда Куәгерлерді тауып алып, Киелі кітапты зерттеуді бастайды. Киелі кітаптағы ақиқат оны жұбатып, қобалжу мен ыза-күйініші басылады.
Габриел мен Даниел бүгінде жақсы достар және рухани бауырластыққа біріккен шомылдыру рәсімінен өткен Ехоба Куәгерлері. “Ехобаға деген сүйіспеншілігім мен Киелі кітаптан алған білімім кез келген нәрсеге Ехоба сияқты қарауға көмектесті. Даниел енді менің жауым емес. Бірнеше жыл бұрын мен оны ойланбастан-ақ өлтіріп тастар едім. Киелі кітап мені мүлдем басқа нәрсеге — ол үшін өз жанымды қиюға даяр болуға — үйретті”,— деді Габриел.
“Мен діні мен ұлты әр түрлі адамдардың қалайша бірін-бірі өлтіргенін көрдім,— деп әңгімеледі Даниел.— Бір діндегі адамдардың екі жақта соғысып, бірін-бірі өлтіргенін де көрдім. Мен осының бәріне Құдай кінәлы деп ойлайтынмын. Ал қазір мен бүкіл соғыс атаулының артында Шайтан тұрғанын білемін. Қазір Габриел екеуміз бір сенімдеміз. Біз енді ешқашан соғыспаймыз!”
“Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті”
Абраһам, Роберт, Габриел, Даниелдердің соншалықты қатты өзгеруіне себеп болған не екен? Олар жүректеріне терең тамыр тартқан өшпенділік пен күйік-шерден қалай құтылды екен?
Олардың әрқайсысы “тірі, әсері де күшті” Киелі кітаптағы ақиқатты оқып, оның үстінен ой жүгіртіп, ондағы ақиқатты түсінді (Еврейлерге 4:12). Киелі кітаптың авторы — Жаратушымыз құлақ асуды үйренуге даяр адамдардың жүрегіне қалайша игі әсер етуге болатынын біледі. “Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, тәлім беру, әшкерелеу, түзету, әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді”. Егер адам Киелі кітап принциптерінің өз өміріне басшылық етуіне жол беретін болса, ол адамның құндылықтары мен құлықтылық нормалары өзгереді. Ол Ехобаның не нәрсеге қалай қарайтынын біле бастайды. Бұл, соғыстардың қасіретінен айығумен қоса, көптеген игіліктерге жеткізеді (2 Тімотеге 3:16).
Құдай Сөзі қандай болмасын ұлттың, нәсілдің немесе этникалық топтың бірінің екіншісінен артық не кем емес екендігін түсіндіреді. ‘Құдай адамның бет-жүзіне қарамайды... Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды’. Осындай көмекті қабылдайтын адам бірте-бірте нәсілдік немесе ұлттық өшпенділік сезімінен арылады (Елшілердің істері 10:34, 35).
Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар Құдайдың көп ұзамай бүгінгі күнгі адамзат билігінің орнына Мәсіхтің Патшалығын орнататынына нұсқайды. Бұл — осы үкімет орнағанда Құдайдың ‘дүниедегі соғыстарды тоқтататынын’ білдіреді. Адамдарды бір-бірімен соғысуға итермелейтін нәрселер мен оларды ұрысқа арандатушылар жойылады. Соғыстың құрбаны болғандар қайта тірілтіліп, жер бетіндегі жұмақта бақытты өмір кешу мүмкіндігін алады. Ешкімге шабуыл жасаушылардың немесе өктемшілдердің қысымынан қашудың қажеті болмайды (Забур 45:10; Даниел 2:44; Елшілердің істері 24:15).
Адамзаттың сол уақытта қандай өмір кешетіндігі жөнінде Киелі кітап былай дейді: “Үй салса, сонда өзі тұратын, жүзімдік отырғызса, соның жемісін өзі жейтін болады. Енді қайтып олардың үйлерінде бөтен кісілер тұрмайды... бекерге еңбек етпейді де, апатқа ұшырайтын балалар тумайды да”. Онда қасірет пен ауру атаулы болмайды. Осындай үміттің орындалатындығына деген сенім адамдардың жүрегіндегі қайғы-қасіреттің ізін бірте-бірте өшіре бастайды (Ишая 65:21—23).
Расында да Киелі кітап жүрекке керемет шипа бола алады. Оның ілімдері қазірдің өзінде соғыстың салған жарасынан айықтыруда. Бұрынғы қас жаулар халықаралық бауырластыққа бірігуде. Құдай орнатқан жаңа дүниеде де осындай айығу жұмысы адамдардың жүрегінде өшпенділік пен күйініш, қайғы-қасірет қалмағанға дейін жалғаса бермек. Жаратушы: “Бұрынғылар енді еске алынбай, ойға да келмейтін болады”,— деп уәде етеді (Ишая 65:17).
[Сілтеме]
a Бұл мақаладағы кейбір есімдер өзгертіліп алынған.
[4-беттегі сөздер]
“Киелі кітаптан мен соғысуға жұмсаған жылдарымның бәрі босқа, зая кеткенін білдім”
[5-беттегі сөздер]
Киелі кітап бұрынғы қас жаулардың жүректеріне қатты әсер ете алады
[6-беттегі сөздер]
Өзара сенім мен достық өшпенділік пен ыза-кекті бірте-бірте ығыстырып тастады
[6-беттегі сөздер]
Егер адам Киелі кітап принциптерінің өз өміріне басшылық етуіне жол беретін болса, ол адамның құндылықтары мен құлықтылық нормалары өзгереді
[7-беттегі сурет]
Бұрынғы қас жаулар халықаралық бауырластыққа бірігуде
[4-беттегі сурет рұқсатымен]
Босқындар лагері: UN PHOTO 186811/J. Isaac