Мәсіхшілер өзгелерге қызмет етіп, бақытқа бөленеді
“Алғаннан гөрі берген бақытты” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 20:35).
1. Бүгінгі күні қандай бұрыс көзқарас кең тараған және ол неліктен зиянды?
ӨЗІМШІЛДІК жайында 1900 жылдардың соңғы онжылдықтарында көп айтылды. Өзімшілдік дегеніміз өз қара басының ғана қамын ойлайтын, өзгелерге немқұрайды қарайтын менмендік. 2000 жылы да өзімшілдіктің азаймағандығына күмән келтірмесек те болады. “Бұның маған қандай пайдасы бар?”, “Мен одан не пайда көремін?” деген сұрақтарды сен қанша рет естіп жүрсің? Мұндай өзімшіл көзқарас бақытты етпейді. Бұл Иса айтқан “алғаннан гөрі берген бақытты” деген принципке тікелей қарама-қайшы келеді (Елшілердің істері 20:35).
2. Бергеннің бақытқа бөлейтінін неден көруге болады?
2 Алғаннан гөрі бергеннің көбірек бақытты ететіні рас па екен? Әрине, рас. Ехоба Құдай туралы ойланшы. “Өмірдің қайнар көзі” Ехоба (Забур 35:10). Бақытты болып, нәтижелі еңбек ету үшін қажетті нәрсенің бәрімен ол бізді қамтамасыз етіп отыр. Шынында да Ол барлық игі сыйлардың Қайнар көзі (Жақып 1:17). Ехоба — әрдайым беруші “бақытты Құдай” (1 Тімотеге 1:11, ЖД). Ол өзі соншама көп сыйлық берген адами жаратылыстарын сүйеді (Жохан 3:16). Мысалы, кәдімгі отбасын алайықшы. Егер балаларың бар болса, бала өсіру үшін қаншама құрбандықтарға бару керек екенін және қаншама көп беру керек екенін білесің. Және көптеген жылдар бойы сендердің ол үшін қандай құрбандықтарға барып жүргендеріңді балаң білмейді де. Ол бұның бәрін солай болуы тиіс нәрсе ретінде қабылдайды. Сөйтсе де, оған риясыз бергендеріңнің арқасында балаңның жағдайының жақсы екенін көргенде сендер өздеріңді бақытты сезінесіңдер. Неге олай? Өйткені сендер оны сүйесіңдер.
3. Ехобаға және бауырластарға қызмет ету неліктен үлкен қуанышқа бөлейді?
3 Сол сияқты шынайы мінажаттың ерекшелігі де, сүйіспеншіліктің ықпал етуімен беруде. Ехобаны және бауырластарымызды сүйгендіктен, оларға қызмет еткеніміз және көңіл бөлгеніміз қуанышқа бөлейді (Матай 22:37—39). Өзімшіл ниетпен мінажат ететіндердің барлығы да қуанышты өте аз сезінеді. Ал, алуды емес, беруді көбірек ойлайтын риясыз қызмет етушілер шынайы бақытқа бөленеді. Мұның шындық екенін біздің мінажатымызға қатысты белгілі бір Киелі кітап сөздерінің Жазбаларда қалай қолданылатынын қарастыру арқылы көруге болады. Осы және келесі мақалаларда осы сөздердің үшеуін қарастырамыз.
Исаның көпшілікке қызметі
4. Христиан әлемінде “көпшілікке қызмет” ету әдетте неден тұрады?
4 Ежелгі грек тіліндегі біздің мінажатымызға қатысты маңызды сөздердің бірі — Жаңа Дүние аудармасында “халыққа қызмет ету”, “көпшілікке қызмет ету” немесе “адамдарға қызмет ету” деп аударылатын литурги́я сөзі. Бұл сөзден христиан әлемінде қолданатын “литургия” сөзі туындайдыa. Бірақ христиан әлемінің формальды литургиялары (жасанды рәсімдері) шын мәніндегі көпшілікке пайдалы қызмет емес.
5, 6. а) Исраилде халыққа қандай қызмет атқарылды және оның қандай пайдасы болды? ә) Исраилде атқарылған қызметті қандай әлдеқайда маңызды қызмет алмастырды және неліктен?
5 Елші Пауыл литурги́я сөзіне туыс грек сөзін Исраилдің діни қызметкерлеріне қатысты қолданды. Ол былай деді: “Әрбір діни қызметкер күн сайын міндетін атқара тұрып [“халыққа қызмет атқарып”, ЖД; литурги́я сөзінің аудармасы], әрдайым бірдей құрбандықтарды ұсынады” (Еврейлерге 10:11). Исраилде леуілік діни қызметкерлер халыққа өте маңызды қызмет атқарған. Олар Құдайдың заңдарына үйреткен және халықтың күнәсын жабатын құрбандықтар шалған (2 Шежіре 15:3; Малахия 2:7). Діни қызметкерлер мен халық Ехобаның заңын ұстанған уақытта, олардың шаттануларына себеп болған (Заңды қайталау 16:15).
6 Мұса арқылы берілген Заңның талабы бойынша халыққа қызмет ету шын мәнінде исраилдік діни қызметкерлер үшін ерекше құрмет еді, бірақ жолдан тайғандары үшін Құдай Исраил халқынан бас тартқан кезде олардың қызметі бар маңызын жоғалтты (Матай 21:43). Ехоба одан әлдеқайда маңызды нәрсені — ұлы Бас діни қызметкер Исаның адамдарға қызмет атқаруын қарастырды. Ол туралы біз мынаны оқимыз: “Ал Иса мәңгі-бақи жасайтындықтан, Оның діни қызметі де өткінші емес. Сол себептен Ол Өзі арқылы Құдайға сиынғандардың бәрін толықтай құтқара алады. Иса мәңгі өмір сүріп, олар үшін өтініш жасайды” (Еврейлерге 7:24, 25).
7. Неліктен Исаның адамдарға көрсеткен қызметінің теңдессіз зор пайдасы бар?
7 Діни қызметкер ретінде Исаның орнын басатын басқа діни қызметкер керек емес, ол мәңгі қызмет етеді. Сондықтан ол ғана адамдарды толықтай құтқара алады. Ол адам қолымен жасалған әрі бейне рөлін ғана атқарған ғибадатханада емес, б. з. 29 жылы мінажат ету үшін іске қосқан Ехобаның ұлы құрылымы — ерекше ғибадатханада адамдарға теңдесі жоқ қызмет етеді. Иса қазір көктегі сол ғибадатхананың ең қасиетті бөлігінде қызмет атқаруда. Ол “адам баласы емес, Жаратқан Иенің өзі көкте тұрғызған киелі үйде қызметін атқарып [“қызметші болып”, ЖД; литурго́с] жүр” (Еврейлерге 8:2; 9:11, 12). Өте жоғары дәрежеге ие болса да, Иса “адамдарға қызмет етуші” болып қала бермек. Ол өзінің жоғары билігін алу үшін емес, беру үшін қолдануда. Және осылай бергеннен ол қуанышқа бөленуде. Бұл — жерде өмір сүрген кезінде төзімділік танытуы үшін күш берген оның “Өзін күтіп тұрған зор қуаныштың” бір бөлігі (Еврейлерге 12:2).
8. Заң бітімін алмастыру үшін Иса адамдарға қалай қызмет атқарды?
8 Исаның адамдарға қызмет етуінің өзге де жағы бар. Пауыл былай деп жазды: “Ал Исаға жер бетіндегі діни қызметкерлердің міндетінен анағұрлым жоғары қызмет [“адамдарға қызмет ету”, ЖД] тапсырылды. Сол сияқты Ол Құдай мен адамдардың арасындағы бұрынғысынан гөрі жақсы келісімге жол ашты. Бұл Құдайдың ерекше игілікті уәделеріне негізделген” (Еврейлерге 8:6). Мұса исраилдіктердің Ехобамен қарым-қатынасының негізі болған бітімнің дәнекері болды (Мысырдан көшіп шығу 19:4, 5). Иса болса әр халықтан шыққан майланған мәсіхшілерден тұратын жаңа халық — “Құдайдың рухани Исраил халқының” туылуын мүмкін еткен жаңа бітімнің дәнекері, немесе келістірушісі (Ғалаттықтарға 6:16; Еврейлерге 8:8, 13; Аян 5:9, 10). Адамдар үшін бұл қандай керемет қызмет болды десеңші! Ехобаға ұнамды мінажат етуге жол ашқан, адамдарға қызмет етуші Исаны танитынымызға қандай қуаныштымыз десеңші! (Жохан 14:6).
Мәсіхшілер де халыққа қызмет атқаруда
9, 10. Көпшілік үшін мәсіхшілер атқарып жүрген қызметтің кейбір түрлері қандай?
9 Иса сияқты адамдарға ешкім де осындай керемет қызмет атқарып жүрген жоқ. Сөйткенмен де, майланған мәсіхшілер көктегі сыйын алған кезде, Исаның жанындағы орындарын иеленіп, көктегі патша және діни қызметкерлер ретінде Исамен бірге адамдарға қызмет етеді (Аян 20:6; 22:1—5). Сөйткенмен де, жердегі мәсіхшілер де адамдарға қызмет етуде және бұл қызмет оларды зор қуанышқа бөлейді. Мысалы, Палестинада азық-түлік тапшылығы болған кезде елші Пауыл Яһудеядағы еврей мәсіхшілердің қайғылы жағдайын жеңілдету үшін Еуропадағы бауырластардың құрбандық ретінде жинаған заттарын алып келеді. Бұл көпшілік үшін атқарылған қызмет еді (Римдіктерге 15:27; 2 Қорынттықтарға 9:12). Бүгін мәсіхшілер бауырластары қасіретке, табиғи апатқа немесе өзге де қайғылы жағдайға ұшыраған кезде жедел жәрдем беріп, қуанышпен осындай қызмет атқаруда (Нақыл сөздер 14:21).
10 Пауыл адамдарға көрсетілетін өзге де қызмет жайында: “Тіпті мен, сенімдеріңнің жетелеуімен сендер құрбандыққа шалған нәрсе мен атқарып жүрген барлық халықтарға көрсетіліп жатқан қызметке сұйық тартулар сияқты құйылып жатсам да, сонда да қуанып, сендермен бірге шаттанудамын”,— деп айтқан (Філіпіліктерге 2:17, ЖД). Пауыл філіпіліктер үшін ауыр еңбек етіп сүйіспеншілікпен және ынтамен адамдарға қызмет атқарды. Бүгінгі күні де адамдарға осындай қызмет көрсетілуде. Мұндай қызметті әсіресе “адал да саналы қызметші” ретінде рухани ас-суды уақтылы беріп отырған майланған мәсіхшілер атқаруда (Матай 24:45—47). Сондай-ақ олар Иса Мәсіх арқылы ‘Құдайға ұнамды рухани сый-тартулар ұсыну’ және ‘өздерін қара түнектен тамаша нұрына шақырған Тәңірдің қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялау’ тапсырылған ‘Оған [Құдайға] бағышталған қызметті атқарушылар’ тобы (1 Петір 2:5, 9). Пауылға ұқсап, олар “құйылып” жатса да, осы даңқты міндеттерін қуанышпен атқаруда. Және олардың “басқа қойларды” құрайтын серіктері оларға қосылып, адамдарға Ехоба және оның ниеттері жайында айтып оларға қолдау көрсетудеb (Жохан 10:16; Матай 24:14). Бұл халық үшін істеліп жатқан неткен керемет және қуанышты қызмет десеңші! (Забур 106:21, 22).
Қасиетті қызмет атқарыңдар
11. Анна пайғамбар мәсіхшілерге қандай керемет үлгі қалдырды?
11 Біздің мінажатымызға қатысты гректің тағы бір сөзі — Жаңа Дүние аудармасында “қасиетті қызмет” деп аударылған латре́я сөзі. Қасиетті қызмет мінажатпен байланысты. Мысалы, 84 жастағы жесір пайғамбар Анна туралы “ораза тұтып, күні-түні Құдайға сиынып мінажат етіп [“қасиетті қызмет атқарып”, ЖД; гректің la·treiʹa сөзіне туыс сөз] ғибадатханадан шықпайтын” деп айтылған (Лұқа 2:36, 37). Анна Ехобаға үздіксіз мінажат ететін. Ол бәрімізге — жастарға да, қарттарға да, ерлер мен әйелдерге де — керемет үлгі болып табылады. Анна өтініш етіп, үнемі дұға айтатын және ғибадатханада үнемі мінажат ететін, сол сияқты, біздің қасиетті қызметімізге де — дұға ету мен жиналыстарға бару жатады (Римдіктерге 12:12; Еврейлерге 10:24, 25).
12. Біздің қасиетті қызметіміздің маңызды бөлігі не және оны неліктен адамдарға қызмет атқару деп айтуға болады?
12 Елші Пауыл: ‘Мен рухани Ұлы туралы Ізгі хабарды жариялап, шын жүрегіммен қызмет етіп [“қасиетті қызмет атқарып”, ЖД] жүрген Құдай мынаған куә: Оған сиынған сайын сендерді үнемі еске аламын’,— деп айтқан кезде біздің қасиетті қызметіміздің маңызды бөлігін атады (Римдіктерге 1:9). Иә, ізгі хабарды уағыздау — оны тыңдаған адамдарға қызмет ету ғана емес, Ехоба Құдайға мінажат ету. Бізді тыңдасын-тыңдамасын, уағыз айту Ехобаға қасиетті қызмет ету болып табылады. Өзгелерге көктегі сүйіспеншілікке толы Әкеміздің керемет қасиеттері мен ниеттері туралы айтуға талпынғанымыз бізді үлкен қуанышқа бөлейтіндігі сөзсіз (Забур 70:23).
Қасиетті қызметті қайда атқарудамыз?
13. Ехобаның рухани ғибадатханасының ішкі ауласында қасиетті қызмет атқарып жүргендердің қандай үміті бар және олармен бірге кім қуануда?
13 Майланған мәсіхшілерге Пауыл былай деп жазды: “Сонымен, өзіміз шаңырағы ешқашан шайқалмайтын Патшалықтан үлес алғандықтан, сол үшін Құдайға шын жүректен шүкіршілік айтып, Оны риза қылатындай қызмет етіп [“қасиетті қызмет атқарып”, ЖД], терең қастерлеп, Оған ұнамсызды істеуден шошынатын болайық!” (Еврейлерге 12:28). Патшалықты сыйға алатынына сенімді майланған мәсіхшілер Ең Жоғарғыға мінажат етуде сенімдерінен айнымайды. Тек солар ғана қасиетті бөлмеде және Ехобаның рухани ғибадатханасының ішкі ауласында оған қасиетті қызмет атқара алады және олар Исамен бірге ғибадатхананың Ең қасиетті бөлігінде, яғни көктің өзінде, қызмет ететін уақытты аңсап күтуде. Басқа қойлар табына жататын олардың серіктері де олардың керемет үміттеріне қуанады (Еврейлерге 6:19, 20; 10:19—22).
14. Исаның адамдарға көрсеткен қызметінен үлкен тобыр қалай пайда көруде?
14 Басқа қойлар туралы не айтуға болады? Елші Жохан алдын ала аянда көргендей, осы соңғы күндері олардың құрамына кіретін үлкен тобыр пайда болды және “олар шапандарын Тоқтының төгілген қанымен жуып “аппақ” қылды” (Аян 7:14). Бұл олардың да, майланған бауырластары іспетті, Исаның адамдар үшін атқарған қызметіне, яғни адамзат үшін өзінің кемелді адами өмірін бергеніне сенім артатынын білдіреді. [Ехобамен] ‘келісімді берік ұстау’ арқылы, басқа қойлар да Исаның халыққа көрсеткен қызметінің пайдасын көреді (Ишая 56:6). Әрине, олар жаңа келісімге кірмейді, бірақ олар оған қатысты заңдарды орындауы мен сол арқылы іске қосылған құрылымды қолдауы арқылы келісімнің шарттарын берік ұстанады. Үлкен тобыр Құдайдың Исраилімен бірдей рухани дастарқаннан тамақтанып және оның мүшелерімен қызметтес болып, Құдайды мадақтап, оған ұнамды рухани құрбандықтар беру арқылы олармен біріккен (Еврейлерге 13:15).
15. Үлкен тобыр қасиетті қызметін қайда атқаруда және бұл қызмет оларға қалай әсер етуде?
15 Сол себепті үлкен тобырдың, “тақ пен Тоқтының алдында ақ шапан киіп” тұрғанын көруге болады. Сондай-ақ олар “Құдай тағының алдында тұрып, Оған күні-түні киелі үйінде қызмет етеді [“қасиетті қызмет атқарады”, ЖД]. Тақта отырған олардың арасында бірге тұрып, баспана болады” (Аян 7:9, 15). Исраилде яһуди дініне кіргендер Сүлеймен соққан ғибадатхананың сыртқы ауласында мінажат ететін еді. Сол сияқты үлкен тобыр да рухани ғибадатхананың сыртқы ауласында мінажат етуде. Бұл қызмет оларды қуанышқа бөлейді (Забур 121:1). Тіпті олардың майланған серіктерінің соңғысы көктегі мұрасына ие болған соң да, олар Ехобаның халқы ретінде оған қасиетті қызметін жалғастыра беретін болады (Аян 21:3).
Құдай қабыл алмайтын қасиетті қызмет
16. Қасиетті қызметке байланысты қандай ескертулер берілген?
16 Ежелгі Исраилдіктердің кезінде қасиетті қызмет Ехобаның заңдарына сай атқарылуы керек болған (Мысырдан көшіп шығу 30:9; Леуі 10:1, 2). Сол сияқты бүгін де қасиетті қызметімізді Ехоба қабыл алуы үшін, белгілі талаптарға сай болуы керек. Сол себепті Пауыл қолостықтарға былай деп жазды: “Біз... сендер үшін үзбей сиынып келеміз. Сендердің Құдайдың еркін толықтай біліп, өте парасатты да рухани көреген болуларыңды Тәңірден өтінудеміз. Осылайша Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүріп, әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне беріп, Құдайды неғұрлым жақынырақ тануларыңды тілеп келеміз” (Қолостықтарға 1:9, 10). Құдайға қалай дұрыс мінажат ету керек екенін біз шешпейміз. Жазбаларға негізделген тура білімнің, рухани түсініктің және Құдайға ұнамды даналықтың маңызы зор. Бұларсыз опық жеуіміз мүмкін.
17. а) Мұсаның күндерінде қасиетті қызмет қалай былғанды? ә) Қасиетті қызмет бүгін қалай дұрыс атқарылмауы мүмкін?
17 Мұсаның кезіндегі исраилдіктерді естеріңе түсіріңдерші. Біз мынаны оқимыз: “Құдай халықтан сырт айналып кетті де, оларды аспан денелеріне құлшылық етуге қалдырды” (Елшілердің істері 7:42). Ол исраилдіктер Ехобаның өздерінің пайдасы үшін істеген құдіретті істерін көрген еді. Бірақ олар өздеріне пайдалы болар деп ойлаған кездерінде өзге құдайларға құлшылық етті. Олар шын берілгендік танытпады. Қасиетті қызметіміз Құдайға ұнағанын қаласақ біз шын берілгендік танытуымыз керек (Забур 17:26). Әрине, бүгін Ехобаны тастап, жұлдыздар мен алтын бұзауларға мінажат ететіндер бола қоймас, бірақ бұтқа табынудың өзге де түрлері бар. Иса “байлыққа” қызмет ету жайында ескерткен болатын. Пауыл болса ашкөздікті жалған тәңірге табынумен бірдей деп атады (Матай 6:24; Қолостықтарға 3:5). Шайтан адамдардың өзіне Құдайға табынғандай табынғанын қалайды (2 Қорынттықтарға 4:4). Жалған тәңірге құлшылық етудің осындай түрлері кеңінен тараған және қауіпті тор болып табылады. Мысалы, өзін Исаның шәкіртімін деп атайтын, бірақ өмірдегі шын мақсаты байлыққа кенелу болып табылатын немесе шын мәнінде өзіне және өзінің пікірлеріне сенетін адам туралы ойлап көрші. Шын мәнінде ол кімге қызмет етіп жүр? Оның, Ишаяның күндеріндегі Ехобаның есімімен ант ететін, бірақ оның ұлы істерін жалған тәңірлерге таңатын яһудилерден қандай айырмашылығы бар? (Ишая 48:1, 5).
18. Өткен уақытта қасиетті қызмет қалайша бұрыс атқарылды? Бүгін ше?
18 Иса да: “Тіпті көздеріңді құртатын әркім Құдайға қызмет [“қасиетті қызмет”, ЖД] көрсетіп жатырмын деп ойлайтын күн де туады”,— деп ескертті (Жохан 16:2). Елші Пауыл атанған Саул “Степанды өлтіруді қоштаған” кезде және “Иеміздің жолын қуушыларға қарсы өлтірем деген қоқан-лоқысы мен қаскөйлігін... үдеткен” кезде Құдайға қызмет етіп жүрмін деп ойлағаны сөзсіз (Елшілердің істері 8:1; 9:1). Бүгін де кейбір этникалық тазарту мен геноцидке кінәлы қылмыскерлер өздерін Құдайға мінажат етеміз деп есептейді. Құдайға мінажат етемін дейтін, бірақ шын мәнінде ұлтшылдық, рушылдық, байлық, өзімшілдіктің құдайларына немесе кейбір өзге де құдайларға мінажат етіп жүрген көптеген адамдар бар.
19. а) Біздің қасиетті қызметке деген көзқарасымыз қандай? ә) Қандай жағдайда қасиетті қызмет бізді қуанышқа бөлейді?
19 Иса: “Құдай Иеңе ғибадат етіп, жалғыз Оған ғана қызмет ет [“қасиетті қызмет атқар”, ЖД]!” — деген еді (Матай 4:10). Ол бұл сөздерді Шайтанға айтқан болатын, бірақ бұған бәріміздің де көңіл қойғанымыз қаншалықты маңызды десеңші! Әлемнің Әміршісіне қасиетті қызмет атқару біз үшін үлкен құрмет және бізді жігерлендіреді. Ал біздің мінажатымызға қатысты, адамдарға қызмет атқаруымыз жайында не айтуға болады? Жақынымыз үшін мұндай қызмет атқару — бақытқа бөлейтін қуанышты жұмыс (Забур 40:2, 3; 58:17). Бірақ мұндай қызмет тек шын жүректен және дұрыс жолмен атқарылса ғана шынайы бақытқа бөлейді. Кім Құдайға дұрыс мінажат етіп жүр екен? Ехоба кімнің қасиетті қызметін қабыл алады? Бұл сұраққа мінажатымызға қатысты Киелі кітаптағы үшінші сөзді қарастырып болған соң жауап береміз. Ол сөзді келесі мақалада талқылаймыз.
[Сілтемелер]
a Әдетте христиан әлемінің литургиялары құдайға құлшылық ету рәсімдері немесе Рим-Католик шіркеуіндегі евхаристия сияқты арнайы салт жоралар.
b Елшілердің істері 13:2-де (ЖД) Антақиядағы пайғамбарлар мен ұстаздар Ехобаға “көпшіліктің алдында қызмет атқарды” (гректің литурги́я сөзіне туыс сөз аударылған) делінген. Бұл қызметке адамдарға уағыз айту да жататын болса керек.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Иса адамдарға қандай керемет қызмет көрсетті?
• Мәсіхшілер адамдарға қандай қызмет көрсетуде?
• Мәсіхшілер үшін қасиетті қызмет болып табылатын не және бұл қызмет қайда атқарылуда?
• Құдай қасиетті қызметімізді қабыл алуы үшін не нәрсеге қол жеткізуіміз керек?
[8-беттегі сурет]
Ата-аналар бергеннен үлкен қуанышқа бөленеді
[10, 11-беттердегі суреттер]
Мәсіхшілер көмектесу арқылы және Ізгі хабарды жариялау арқылы адамдарға қызмет атқарады
[12-беттегі сурет]
Құдай қасиетті қызметімізді қабылдайтынына сенімді болу үшін тура білім мен дұрыс түсінік қажет