Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w01 1.3. 13—18 бет.
  • Құдайдың бүгінгі күнгі қызметшілері кімдер?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Құдайдың бүгінгі күнгі қызметшілері кімдер?
  • 2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Құдайдың шынайы қызметшілері кімдер?
  • Адамдар Құдайдың қызметшісі ретінде қашан тағайындалады?
  • Мәсіхшілер қызметі деген не?
  • Мәсіхші қызметшінің көзқарасы
  • Қызмет ету барысындағы төзімділік
2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w01 1.3. 13—18 бет.

Құдайдың бүгінгі күнгі қызметшілері кімдер?

“Біздің жарамдылығымыз өзімізден емес, Құдайдан. Ол бізді... Жаңа келісімге сай қызмет етуге жарамды қылды” (2 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 3:5, 6, ЖД).

1, 2. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің барлығына қандай жауапкершілік жүктелді, бірақ уақыт өте келе жағдай қалай өзгерді?

БІЗДІҢ заманымыздың бірінші ғасырында барлық мәсіхшілерге маңызды міндет — ізгі хабарды уағыздау жүктелді. Олардың барлығы майланған мәсіхшілер еді және жаңа келісімнің қызметшілері болды. Кейбіреулерінің қауымда тәлім беру іспетті қосымша міндеттері болды (1 Қорынттықтарға 12:27—29; Ефестіктерге 4:11). Ата-аналардың отбасына қатысты маңызды борыштары болды (Қолостықтарға 3:18—21). Бірақ барлығы да негізгі және маңызды іс — уағыздау жұмысына қатысты. Мәсіхшілердің Грек Жазбаларының түпнұсқасында бұл міндет диакони́а деп аталады. Бұл сөз “қызмет” дегенді білдіреді (Қолостықтарға 4:17).

2 Бірақ уақыт өте келе жағдай өзгерді. Уағыз айту құқын өздеріне ғана қалдырған дінбасылары ретінде танымал тап пайда болды (Елшілердің істері 20:30). Өздерін христианбыз деп атағандардың азғана бөлігі дінбасылары болды. Басым көпшілігі “осы дүниелік адамдар” деп аталды. Осы дүниелік адамдардың дінбасыларын қамтамасыз ету үшін садақа беру іспетті белгілі міндеттері бар екені туралы тәлім берілгенмен, олардың көпшілігі уағыздаудың орнына енжар тыңдаушылар ғана болды.

3, 4. а) Христиан әлеміндегілер қалай діни қызметші бола алады? ә) Христиан әлемінде кімдер діни қызметші аталады және неліктен Ехоба Куәгерлерінің арасында олай емес?

3 Дінбасылары өздерін діни қызметшілерміз деп есептейді (“қызметші” — ежелгі грек тілінде диа́конос)a. Діни қызметші болу үшін олар университет немесе діни семинарияны бітіріп, оларға діни дәреже беріледі. Бір энциклопедияда (The International Standard Bible Encyclopedia) былай делінген: “Діни дәреже алу дегеніміз, әдетте, белгілі бір рәсімдерден өткеннен кейін адамның діни қызметкер немесе діни қызметші мәртебесін алуы. Діни дәрежеге ие болған адамға Құдай Сөзін уағыздау немесе діни рәсімдер жасау немесе екеуін бірдей атқару құқығы беріледі”. Діни дәреже беру рәсімін кім өткізеді? Тағы бір энциклопедияда (The New Encyclopædia Britannica) былай делінген: “Епископ дәрежесі сақталған шіркеулерде діни дәрежеге епископ тағайындайды. Пресвитериан шіркеулерінде діни қызметшілікке бата беретін — пресвитерлер”.

4 Осылайша, христиан әлемінің шіркеулерінде аздаған адамдар ғана қызметші болу құрметіне ие бола алады. Бірақ Ехоба Куәгерлерінде олай емес. Неге олай емес? Өйткені қазіргі христиан әлеміндегі тәртіп бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымында болмаған.

Құдайдың шынайы қызметшілері кімдер?

5. Киелі кітапқа сәйкес кімдерді Құдайдың қызметшілері деп атауға болады?

5 Киелі кітапқа сәйкес, көктегі де, жердегі де — Ехобаға мінажат етушілердің барлығы да қызметшілер. Періштелер Исаға қызмет еткен (Матай 4:11; 26:53; Лұқа 22:43). Періштелер сондай-ақ ‘мәңгілік құтқарылуға ие болатын адамдарға қызмет етеді’ (Еврейлерге 1:14; Матай 18:10). Иса қызметші болған. Ол: ‘Мен... Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етуге келдім’,— деген еді (Матай 20:28; Римдіктерге 15:8). Ал Исаның шәкірттері “оның ізімен жүруі керек” болғандықтан, олардың да қызметші болуы керек екені анық (1 Петір 2:21).

6. Иса өзінің шәкірттерінің Құдайдың қызметшісі болулары керек екенін қалай көрсетті?

6 Көкке көтерілерінен азғана бұрын Иса шәкірттеріне былай деді: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!” (Матай 28:19, 20). Исаның шәкірттері өзгелерден шәкірт дайындаушылар, яғни Құдайдың қызметшілері болуы керек еді. Олар дайындаған жаңа шәкірттер Иса бұйырғанның бәрін де ұстануға үйренуі керек еді. Оның ішінде уағыздау мен шәкірттер дайындау да бар еді. Еркектер мен әйелдер, үлкендер мен балалар — Иса Мәсіхтің шынайы шәкірттерінің бәрі де Құдайдың қызметшісі болуы керек еді (Жоел 2:28, 29).

7, 8. а) Шынайы мәсіхшілердің бәрінің Құдайдың қызметшісі екенін қай Жазба орындарынан көруге болады? ә) Құдайдың қызметшісі ретінде тағайындалуға байланысты қандай сұрақтар туындайды?

7 Осыған орай, б. з. 33 жылының Сабантой мейрамы күні сонда болған Исаның шәкірттерінің барлығы — ерлер мен әйелдер — “Құдайдың ұлы істерін” жариялай бастады (Елшілердің істері 2:1—11). Сондай-ақ, елші Пауыл былай деп жазды: “Себебі Мәсіхке жүрегімен сенуі арқылы адам күнәсынан ақталып, Оны аузымен мойындауы [“бүкіл халыққа жариялауы”, ЖД] арқылы құтқарылады” (Римдіктерге 10:10). Пауыл бұл сөздерді азғана дінбасылар табына емес, “Құдайдың Римдегі барлық сүйіктілеріне” жолдады (Римдіктерге 1:1, 7). Сол сияқты, ‘Құдайдың... (Ефестегі) халқының — Мәсіх Исаға адал сенетіндердің’ — бәрі ‘“аяқ киімдерін киіп”, татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын’ болулары керек еді (Ефестіктерге 1:1; 6:15). Және еврейлерге жолданған хатты тыңдағандардың бәрі ‘мойындаған үміттерін үзбей, берік ұстануы [“үміттері туралы айнымастан барлық халықтарға жариялаулары”, ЖД]’ керек еді (Еврейлерге 10:23).

8 Ал адамдар қашан Құдайдың қызметшісі болады? Басқаша айтқанда, олар қашан Құдайдың қызметшісі болып тағайындалады? Және оларды тағайындайтын кім?

Адамдар Құдайдың қызметшісі ретінде қашан тағайындалады?

9. Иса қашан Құдайдың қызметшісі болып тағайындалды және оны кім тағайындады?

9 Адамның қашан және кім арқылы Құдайдың қызметшісі ретінде тағайындалатынын түсіну үшін Иса Мәсіхтің мысалын қарастырайық. Оның өзінің Құдайдың қызметшісі екендігін дәлелдейтін рухани дәрежеге ие болғандығы жөніндегі құжаты немесе семинария аяқтағаны жөніндегі куәлігі болған жоқ және оны Құдайдың қызметшісі ретінде адамдар тағайындаған жоқ. Онда біз қалай оны Құдайдың қызметшісі болған деп айта аламыз? Өйткені Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған Ишаяның сөздері оның өмірінде орындалды: ‘Жаратқан Ие Маған Өзінің Рухын қондырды. Мені жарлыларға Ізгі хабар жеткізуге тағайындады’ (Лұқа 4:17—19; Ишая 61:1). Бұл сөздер Исаға ізгі хабарды жариялау тапсырылғанының анық дәлелі. Бұны оған кім тапсырды екен? Иса Ехобаның рухымен майланғандықтан, бұл істі атқару үшін оны Ехоба Құдайдың өзі тағайындағаны анық. Қашан тағайындады екен? Ехобаның рухы Исаның үстіне шомылдыру рәсімінен өткен кезде қонды (Лұқа 3:21, 22). Ол дегеніміз, Иса Құдайдың қызметшісі болып шомылдыру рәсімінен өткен кезде тағайындалды.

10. Мәсіхші қызметшіні “қызмет етуге жарамды” ететін кім?

10 Исаның бірінші ғасырдағы шәкірттері туралы не айтуға болады? Оларды да Өзінің қызметшісі етіп Ехоба тағайындады. Пауыл былай деген еді: “Біздің жарамдылығымыз өзімізден емес, Құдайдан. Ол бізді... Жаңа келісімге сай қызмет етуге жарамды қылды” (2 Қорынттықтарға 3:5, 6, ЖД). Ехоба өзіне мінажат етушілерді қызмет етуге қалай қабілетті қылады екен? Пауыл “Мәсіхтің Ізгі хабарын тарату жөніндегі Құдайдың қызметшісі” деп атаған Тімотенің мысалын қарастырайықшы (1 Салониқалықтарға 3:2).

11, 12. Құдайдың қызметшісі болу үшін жетістіктерге жетуге Тімотеге не көмектесті?

11 Тімотеге арналған келесі сөздер оның қалай Құдайдың қызметшісі болғанын түсінуімізге көмектеседі: “Ал сен үйреніп, берік сенгендеріңе адал болып қала бер, өйткені тәлімгерлеріңнің кім болғандарын білесің. Сонымен бірге балалық шағыңнан-ақ Киелі жазбалармен таныссың. Олар сені парасатты етіп, Мәсіх Исаға деген сенімің арқылы құтқарылуға бастап әкеледі” (2 Тімотеге 3:14, 15). Тімотені көпшілікке жариялаушы болуға талпындырған сенімінің негізі Жазбаларға негізделген білім болған. Бұл үшін жеке өзінің ғана оқығаны жеткілікті болды ма екен? Жоқ, олай болған жоқ. Тура білімге ие болып, оқыған нәрселерінің рухани мағынасын түсінуі үшін Тімотеге көмек керек болды (Қолостықтарға 1:9). Осылайша Тімотенің көзі жетті, немесе “берік сенді”. Тімоте Жазбаларды “балалық шағынан” білгендіктен, оған алғаш тәлім бергендер анасы мен әжесі болуы керек, ал оның әкесі сенімде болмаған болса керек (2 Тімотеге 1:5).

12 Бірақ Тімотенің Құдайдың қызметшісі болуына себеп болған бұл ғана емес. Ең алдымен оның сенімін нығайтқан — сол маңайдағы қауымдардағы мәсіхшілермен қарым-қатынасы. Біз бұны қайдан білеміз? Өйткені Пауыл Тімотені алғаш кездестіргенінде бұл жас жігіт жөнінде “Листра мен Қониядағы бауырластар жақсы пікірде еді” (Елшілердің істері 16:2). Сондай-ақ ол күндері кейбір бауырластар қауымдарды нығайту үшін хат жазатын. Және жігерлендіру үшін қауымдарды бақылаушылар аралайтын. Осындай шаралар Тімоте іспетті мәсіхшілердің рухани өсуіне көмек болған (Елшілердің істері 15:22—32; 1 Петір 1:1).

13. Тімоте қай кезде Құдайдың қызметшісі болып тағайындалды және неліктен оның рухани өсуі осымен тоқтаған жоқ деп айтуға болады?

13 Матай 28:19, 20-да жазылған Исаның тапсырмасын еске алар болсақ, Тімотенің сенімі оның Исаға еліктеп, шомылдыру рәсімінен өтуіне себеп болғанына күмәнданбауымызға болады (Матай 3:15—17; Еврейлерге 10:5—9). Бұл Тімотенің өзін бар көңілімен Құдайға толық арнағанының белгісі болды. Шомылдыру рәсімінен өткен Тімоте қызметші болды. Содан соң, оның өмірі, күш-қуаты және меншігіндегі нәрсенің бәрі Құдайға бағышталды. Бұл оның мінажатының айнымас бөлігі — “қасиетті қызметі” — болды. Бірақ Тімоте қызметші ретіндегі құрметке ие болғанын қанағат тұтып қойған жоқ. Ол рухани өсуді жалғастырып, рухани жетілген мәсіхші қызметші болды. Бұл оның Пауыл сияқты рухани жетілген мәсіхшілермен тығыз қарым-қатынаста болуының, өзінің жеке зерттеуінің және уағыздау ісіне бар ынтасымен ат салысуының арқасында болды (1 Тімотеге 4:14; 2 Тімотеге 2:2; Еврейлерге 6:1).

14. Бүгінгі күні “мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқан” адамдар қызметші болу үшін жетістіктерге қалай жетеді?

14 Бүгін де мәсіхшілер қызметші болуға осылай тағайындалады. “Мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқан” әркімге Киелі кітапты зерттеу арқылы Құдай жөнінде және оның ниеттері туралы білуге көмек көрсетіледі (Елшілердің істері 13:48, ЖД). Ондай адам Киелі кітаптың принциптерін өмірінде қолдануға және мағыналы дұға етуге үйренеді (Забур 1:1—3; Нақыл сөздер 2:1—9; 1 Салониқалықтарға 5:17, 18). Ол бір сенімдегі бауырластарымен қарым-қатынаста болып, “адал және ақылды қызметшінің” қамтамасыз етіп отырған нәрселері мен ұйымдастырып жатқан шараларының пайдасын көреді (Матай 24:45—47; Нақыл сөздер 13:20; Еврейлерге 10:23—25). Осылайша, ол жүйелі түрде білім алудың арқасында рухани өседі.

15. Адам шомылдыру рәсімінен өткен кезде не болады? (Сілтемені де қараңдар.)

15 Нәтижесінде, Ехоба Құдайға деген сүйіспеншілігі мен төлем құрбандығына деген нық сенімі артқан Киелі кітапты зерттеуші адамның өзін толық көктегі Әкесіне арнауға деген ықыласы оянады (Жохан 14:1). Ол дұға ету арқылы өзін Құдайға арнайды да, қабылдаған шешімін өзгелер де білуі үшін шомылдыру рәсімінен өтеді. Оның шомылдыру рәсімінен өтуі Құдайдың қызметшісі болып тағайындалу рәсімі болып саналады, өйткені сол кезден бастап оны Құдайға өзін толық арнаған қызметші — диа́конос ретінде мойындайды. Енді ол осы дүниелік болмауы керек (Жохан 17:16; Жақып 4:4). Ол өзін “Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай” сөзсіз, немесе ешқандай шарт қоймай, арнады (Римдіктерге 12:1)b. Ол енді Исаға еліктейтін Құдайдың қызметшісі.

Мәсіхшілер қызметі деген не?

16. Құдайдың қызметшісі ретінде Тімотеге жүктелген жауапкершіліктердің кейбіреулерін ата.

16 Тімотенің қызметіне не жататын еді? Оның Пауылмен бірге қауымдарды аралау сияқты ерекше міндеттері болған. Ал қауым қариясы болған кезінде Тімоте мәсіхшілерге тәлім беріп және оларды жігерлендіріп ауыр еңбек етті. Бірақ оның қызметінің негізгі бөлігі Иса мен Пауыл сияқты ізгі хабарды уағыздау мен шәкірттер дайындау болды (Матай 4:23; 1 Қорынттықтарға 3:5). Пауыл Тімотеге: “Ал сен әрдайым қырағы, азапқа төзімді бол; Ізгі хабарды уағыздаушының міндетін атқарып, қызметіңді орындай бер!” — деген еді (2 Тімотеге 4:5).

17, 18. а) Мәсіхшілер қандай қызмет атқарады? ә) Мәсіхші қызметшілер үшін уағыздау ісі қаншалықты маңызды?

17 Бүгінгі күнгі мәсіхшілердің қызметі де осыған ұқсас. Олар өзгелердің көңілін Исаның құрбандығының арқасында құтқарылу мүмкіндігіне аударуымен және кіші пейіл адамдарды Ехобаның есімін шақыруға үйретіп ізгі хабарды уағыздау ісіне қатысуларымен адамдарға қызмет етуде (Елшілердің істері 2:21; 4:10—12; Римдіктерге 10:13). Олар Киелі кітаптың негізінде Патшалықтың азап шеккен адамзат үшін жалғыз үміт екенін дәлелдейді және Құдайдың принциптерімен өмір сүретін болсақ, қазірдің өзінде өмірімізді жақсартуға болатынын көрсетеді (Забур 14:1—5; Марқа 13:10). Бірақ мәсіхші қызметші мәсіхшілердің принциптерімен әлеуметтік проблемаларды шешуді уағыздамайды. Керісінше, ол, “Құдайға ұнамды жүру... Тәңірдің уәдесі бойынша... осы және болашақ өмірде де игілікті” екендігіне үйретеді (1 Тімотеге 4:8).

18 Әрине, қызметшілердің көпшілігі қосымша қызмет атқарып, осының арқасында бір мәсіхшінің атқаратын қызметінің өзгелердікінен айырмашылығы болуы мүмкін. Көпшілігінің отбасына байланысты міндеттері бар (Ефестіктерге 5:21—6:4). Қариялар мен қызмет көмекшілерінің қауымда атқаратын міндеттері бар (1 Тімотеге 3:1, 12, 13; Титке 1:5; Еврейлерге 13:7). Көптеген мәсіхшілер Патшалық Сарайларын соғуға көмектеседі. Кейбіреулері Күзет Мұнарасы Қоғамының Бетел деп аталатын үйлерінің бірінде өз еркімен жұмыс істеу құрметіне ие болған. Сөйткенмен де барлық мәсіхшілер ізгі хабарды уағыздауға қатысады. Ешкім бұл міндеттен босатылмайды. Осы іске ат салысуы арқылы әркімнің шынайы мәсіхші қызметші екені білінеді.

Мәсіхші қызметшінің көзқарасы

19, 20. Мәсіхші қызметшілер қандай көзқарас дамытулары керек?

19 Христиан әлемінің қызметшілерінің көпшілігі өздеріне ерекше құрмет көрсетілуін күтеді және олар “әулие”, “қазірет” іспетті лауазымдарға ие болады. Бірақ мәсіхші қызметші ерекше құрметке Ехобаның ғана лайық екенін біледі (1 Тімотеге 2:9, 10). Ешқандай мәсіхші мұндай ерекше қошеметті талап етпейді немесе ерекше лауазымға ие болуға талпынбайды (Матай 23:8—12). Ол диакони́я сөзінің негізгі мағынасы “қызмет” екенін біледі. Осы сөздің етістігі кейде Киелі кітапта дастарқан басында күту іспетті жеке адамға көрсетілген қызметке қатысты қолданылады (Лұқа 4:39; 17:8; Жохан 2:5). Мәсіхшілердің қызметіне байланысты бұл етістік маңызды мән беріп қолданылатын болғанымен де, диа́конос әрқашан қызметші болып қала бермек.

20 Сондықтан ешқандай мәсіхші қызметшінің өзін маңызды санауына негіз жоқ. Шынайы мәсіхші қызметшілер, тіпті қауымда арнайы жауапкершілігі барлары да, қарапайым “құл” ғана. Иса: “Қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін, қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл іспетті қызмет ете берсін”,— деген болатын (Матай 20:26, 27). Шәкірттеріне дұрыс көзқарас дамытуды көрсетіп, аяқтарын жууымен Иса қарапайым құлдың жұмысын істеді (Жохан 13:1—15). Қандай кіші пейілділікті көрсететін қызмет десеңші! Сол себепті, мәсіхші қызметшілер кіші пейілділікпен Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхке қызмет етеді (2 Қорынттықтарға 6:4; 11:23). Олар бір-біріне қызмет ету арқылы кіші пейілділік танытады. Және ізгі хабарды уағыздаған кездерінде сенбейтін адамдарға риясыз қызмет етеді (Римдіктерге 1:14, 15; Ефестіктерге 3:1—7).

Қызмет ету барысындағы төзімділік

21. Қызметтегі төзімділігі үшін Пауыл қандай сыйға ие болды?

21 Пауылға қызметші болу үшін төзімділік керек болды. Ол қолостықтарға оларға ізгі хабарды уағыздау үшін өте көп азап шеккенін айтты (Қолостықтарға 1:24, 25). Бірақ оның төзімділігінің арқасында көп адамдар ізгі хабарды қабылдап, Құдайдың қызметшілері болды. Олар рухани жаратылыс болып көкте Исаның жанында болу мүмкіндігін алатын Құдайдың ұлы және Иса Мәсіхтің бауырлары болып туылды. Төзімділіктері үшін қандай керемет сый десеңші!

22, 23. а) Бүгінгі күнгі мәсіхшілер неліктен төзімді болулары керек? ә) Мәсіхшілердің төзімділігінің керемет жемісі қандай?

22 Бүгінгі күні Құдайдың шынайы қызметшілеріне төзімділік қажет. Көпшілігі аурумен және кәріліктің салдарымен күнделікті күресуде. Ата-аналар, көбісі жалғыз басты, балаларын өсіру үшін ауыр еңбек етуде. Балалар мектепте өздерін қоршаған жаман әсерге батылдықпен қарсы тұруда. Көптеген мәсіхшілер экономикалық қиыншылықтар көруде. Және де көпшілігі қудалауға ұшырауда немесе бүгінгі “қиын-қыстау күндердің” қиындықтарына ұшырауда (2 Тімотеге 3:1). Иә, бүгін алты миллион дерлік Ехобаның қызметшілері елші Пауылмен бірге: ‘Барлық істе Құдайдың қызметшілеріне лайық болуға ұмтылып, зор шыдамдылықпен... қиын-қыстау жағдайларды [басымыздан] өткізудеміз’,— деп айта алады (2 Қорынттықтарға 6:4). Мәсіхші қызметшілер берілмейді. Олар төзімділігі үшін мақтауға тұрарлық.

23 Сонымен қатар, Пауылдың көзі жеткені сияқты, төзімділіктің нәтижесі керемет. Төзімділіктің арқасында біз Ехобамен тығыз қарым-қатынасымызды сақтаймыз және оның жүрегін қуантамыз (Нақыл сөздер 27:11). Біз өзіміздің сенімімізді нығайтамыз және мәсіхші бауырластықтың санын көбейтіп, шәкірттер дайындаймыз (1 Тімотеге 4:16). Ехоба өзінің қызметшілерін қолдап, осы соңғы уақытта атқарып жатқан қызметтеріне батасын беруде. Нәтижесінде 144 000-ның соңғылары жиналып, өзге миллиондаған адамдар жұмақ орнаған жердегі қуанышты мәңгі өмірге деген үмітке ие болуда (Лұқа 23:43; Аян 14:1). Шын мәнінде мәсіхшілердің қызметінен Ехобаның рақымдылығын көруге болады (2 Қорынттықтарға 4:1). Барлығымыз да мұны жоғары бағалайық және нәтижесінде мәңгі өмірге ие болатындығымыз үшін ризашылық білдірейік (1 Жохан 2:17).

[Сілтемелер]

a Гректің диа́конос деген сөзінен “дьякон” — шіркеу қызметшісі — деген сөз туған. Кейбір шіркеулерде мұндай міндетті әйелдердің де атқаруына болады. Оларды дьякониса деп атайды.

b Римдіктерге 12:1 бірінші кезекте майланған мәсіхшілерге қатысты болғанымен де, ондағы принциптер “басқа қойларға” да қатысты (Жохан 10:16). Олар ‘өздерін Құдайға ғибадат етіп, Оны сүйіп, қызметшілері болуға түбегейлі арнады’ (Ишая 56:6).

Түсіндіріп бере аласыңдар ма?

• Бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің бәріне қандай жауапкершілік жүктелді?

• Мәсіхші қызметшілер қашан және кім арқылы тағайындалады?

• Мәсіхші қызметші қандай көзқарас дамытуы керек?

• Мәсіхші қызметші неліктен қиындықтарға төзімді болуы керек?

[14, 15-беттердегі суреттер]

Тімоте бала күнінен Киелі кітаптан тәлім алған. Ол Құдайдың қызметшісі ретінде шомылдыру рәсімінен өткен кезінде тағайындалды

[16-беттегі сурет]

Шомылдыру рәсімі — өзін Құдайға арнаудың және Құдайдың қызметшісі болып тағайындалудың белгісі

[18-беттегі сурет]

Мәсіхші қызметшілер қызмет етуге дайын

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу