Патшалық туралы ақиқаттың тұқымын себудеміз
“Таңертең тұқымыңды сеп, кешке де қолыңа тыным болмасын” (ЕККЛЕСИАСТ 11:6).
1. Қай мағынада мәсіхшілер бүгінгі күні тұқым себу ісіне қатысуда?
КӨНЕ исраилдіктердің қоғамында ауыл шаруашылығының маңызы зор болған. Міне, сондықтан жердегі өмірінің бәрін Уәде етілген жерде өткізген Иса ауыл шаруашылығына қатысты мысалдар келтіретін. Мысалы, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау жұмысын ол тұқым себуге теңеген (Матай 13:1—9, 18—23; Лұқа 8:5—15). Ауыл шаруашылығымен айналысатын қоғамда тұрамыз ба, жоқ па — мәсіхшілер үшін рухани тұқымды себу ісі әлі күнге дейін аса маңызды іс болып есептеледі.
2. Біздің уағыздау қызметіміз қаншалықты маңызды және оны жүзеге асыру үшін қандай әрекеттер істеліп жатыр?
2 Қазіргі кезде, заманның ақырында, Киелі кітаптағы ақиқаттың тұқымын себуге ат салысу — үлкен мәртебе. Бұл істің аса маңызды екендігі Римдіктерге 10:14, 15 тармақтарында жақсы көрсетілген: “Оны ешкім уағыздамаса, қайдан естиді? Ал Құдай жібермесе, қалай уағыздайды? Киелі жазбада: “Татулық туралы Ізгі хабарды жариялаушылардың келуі қандай тамаша!” — деп жазылған ғой”. Құдайдың уағыздауға қатысты берген тапсырмасын бүгінгідегідей бар күш-жігерімізді салып, әрі дұрыс көзқарасымызды сақтай отырып атқарудың бұрын-соңды аса қажеттілігі болмаған. Сондықтан Ехоба Куәгерлері Киелі кітапты және оны зерттеуге арналған оқу құралдарын 340 тілде басып шығару, әрі тарату арқылы тынымсыз жұмыс істеуде. Осы құралдарды Ехоба Куәгерлерінің бас басқармасында, сондай-ақ әр түрлі елдерде орналасқан филиалдарда қызмет етіп жатқан 18000-нан аса ерікті жұмысшылар дайындауда. Ал алты миллионға жуық Куәгерлер Киелі кітапқа негізделген осы әдебиеттерді дүние жүзі бойынша таратып жүр.
3. Патшалық тұқымының себіліп жатқанының арқасында қандай нәрселер болуда?
3 Осындай ауыр еңбек қандай жеміс беріп жатыр? Алғашқы рет мәсіхшіліктің шаңырақ көтерген кезіндегідей, бүгін де ақиқатты көптеген адамдар қабылдауда (Елшілердің істері 2:41, 46, 47). Алайда шомылдыру рәсімінен өтіп Патшалықты жариялаушылардың қатарына жаңадан қосылғандардың санының өсуіне қарағанда, осы уағыздау ісінің Ехобаның есімінің дәріптелуіне, сондай-ақ оның жалғыз шынайы Құдай ретінде ақталуына ықпал ететіндігі анағұрлым маңыздырақ (Матай 6:9). Оның үстіне, Құдай Сөзінен алған білімнің арқасында көптеген адамдар өмірін жақсы жаққа өзгертіп, құтқарылуға деген үмітке ие болуда (Елшілердің істері 13:47).
4. Елшілер өздері уағыз айтқан адамдарды ойлап қаншалықты қам жейтін?
4 Ізгі хабардың адамдардың өмірі үшін аса маңызды екенін жақсы түсінгендіктен, елшілер өздері уағыз айтқан адамдарды ойлап қатты уайымдайтын. Бұл елші Пауылдың келесі сөздерінен анық көрінеді: “Жақсы көріп, Құдайдың Ізгі хабарын ғана жеткізген жоқпыз, жүрегімізді де алдарыңа жайып салдық, өйткені сендер бізге сүйкімді болып кеттіңдер” (1 Салониқалықтарға 2:8). Осылайша бар көңілімен өзгелердің қамын ойлауымен, Пауыл да, басқа елшілер де адамдардың құтқарылуына мүмкіндік беретін осы іске белсене қатысып жүрген Исаға және аспан періштелеріне еліктеген. Құдайдың аспандағы қызметшілерінің Патшалық туралы тұқымды себудегі маңызды рөліне көңіл аударайық, сөйтіп олардың үлгісі біздің өз рөлімізді атқаруға қалай көмектесетінін көрейік.
Иса — Патшалық туралы ақиқатты Себуші
5. Исаның жер бетінде айналысқан басты ісі қандай болған?
5 Кемелді адамның, яғни Исаның, өзінің замандастарына материалдық жағынан үлкен көмек көрсетуге мүмкіндігі болған. Мысалы, ол сол кездегі аурулардың түрлеріне қатысты бұрыс түсініктерді түзете алатын немесе ғылымның басқа да салаларында адамдардың алға қадам жасауына көмектесе алатын еді. Бірақ қызметінің басында-ақ ол өзіне тапсырылған іс — ізгі хабарды уағыздау екендігін анық көрсеткен (Лұқа 4:17—21). Ал қызметінің аяқталуына жақын қалғанда ол былай деді: “Мен шындыққа куәлік ету үшін осы дүниеге келдім” (Жохан 18:37). Сондықтан Иса Патшалықтың тұқымын себумен айналысқан. Иса Өзінің замандастарына Құдай туралы және оның еркі туралы білім беруімен оларға өте маңызды білім берген (Римдіктерге 11:33—36).
6, 7. а) Көкке көтерілмес бұрын Иса бізді қызықтыратын қандай уәде берді және оны қалай орындауда? ә) Исаның уағыздау ісіне ден қойып қатысуы қалай жеке сені әрекет етуге талпындыруда?
6 Иса өзін Патшалық туралы ақиқатты Себуші ретінде танытқан (Жохан 4:35—38). Ол ақиқаттың тұқымын ыңғайы түскен уақыттың бәрін пайдалана отырып себетін болған. Тіпті бөренеде шегелеулі тұрып, өлім аузында тұрғанына қарамастан, ол жер бетінде орнайтын жұмақ туралы ізгі хабарды жариялаған (Лұқа 23:43). Бөренеде азап шегіп өлгеннен кейін де, оны ізгі хабардың жариялануы қатты қызықтырған. Көкке көтерілмес бұрын Иса өзінің елшілеріне Патшалық туралы ақиқаттың тұқымын себуді жалғастыра беруді және шәкірттер дайындауды тапсырған. Сосын ол бізді аса қызықтыратын бір уәде берген. Ол былай деді: “Міне, Мен дүниенің ақырына дейін әр күні сендермен бірге боламын!” (Матай 28:19, 20).
7 Осылай деуімен Иса, міндетті түрде, уағыздау ісін “дүниенің ақырына дейін әр күні” қолдап, бағыт беріп әрі қалқалап отыратындығын көрсеткен. Ізгі хабардың жариялануының жемісті болуы қазіргі күнге дейін Исаны тікелей қызықтырады. Ол — біздің Көсеміміз, сондықтан Патшалық туралы ақиқаттың тұқымын себуді өзі басқарып отыр (Матай 23:10, ЖД). Мәсіхшілер қауымының Басы ретінде ол Ехобаның алдында уағыздау ісінің дүние жүзі бойынша қалай жүріп жатқанына есеп береді (Ефестіктерге 1:22, 23; Қолостықтарға 1:18).
Періштелер ізгі хабарды жариялауда
8, 9. а) Қалайша періштелер адамдар ісіне бар ықыласымен көңіл аударуда? ә) Қай мағынада біз періштелер үшін ашық сахнада тұрғандаймыз?
8 Ехоба жерді жаратқанда періштелер шаттанып, “қуана үн шығарған” (Аюп 38:4—7). Сол уақыттан бастап осы аспан жаратылыстарын адамдардың ісі қатты қызықтырады. Ехоба солар арқылы адамдарға мәлімет беріп отырған (Забур 102:20). Бұл әсіресе қазіргі уақыттағы ізгі хабардың уағыздалуына қатысты дұрыс айтылған. Елші Жохан көрген аянында “жер бетінде өмір сүріп жатқан барлық тайпаға, руға, тілге және халыққа жариялауға арналған мәңгі Ізгі хабары бар, аспанның қақ ортасында ұшып бара жатқан басқа бір періштені” көрген (Аян 14:6, 7).
9 Киелі кітап періштелерді “құтқарылуға ие болатын адамдарға қызмет етуге жіберілетін қызметші рухтар” деп атайды (Еврейлерге 1:14). Өздеріне тапсырылған міндеттерін орындау барысында періштелердің бізді және біздің атқарып жүрген ісімізді бақылауға мүмкіндіктері бар. Біз барлығы үшін ашық сахнада тұрғандай, өз ісімізді аспан көрермендерінің көз алдында атқарып жүрміз (1 Қорынттықтарға 4:9). Патшалық туралы ақиқаттың тұқымын жалғыз сеуіп жүрмегендігімізді білгеніміз бізді қандай жауапкершілік сезімі мен жанға жағымды қобалжу сезіміне бөлейді десеңші!
Өз рөлімізді бар ынтамызбен орындаудамыз
10. Екклесиаст 11:6-да жазылған тиімді кеңесті біздің уағыздау ісімізбен қалай байланыстыруға болады?
10 Иса мен періштелерді біздің атқарып жүрген жұмысымыз неге соншама қызықтырады? “Сендерге айтамын: Құдайдың періштелері теріс жолдан қайтқан бір күнәкарға да... қуанады”,— деуімен, Иса мұның бір себебіне нұсқаған (Лұқа 15:10). Біз де адамдарға бар ықыласымызбен көңіл қоямыз. Сондықтан, Патшалық туралы ақиқаттың тұқымын бар күшімізді салып барлық жерде таратудамыз. Екклесиаст 11:6-дағы сөздерді біздің атқарып жүрген ісімізге қатысты айтуға болады. Киелі кітап бізді мынаған шақырады: “Таңертең тұқымыңды сеп, кешке де қолыңа тыным болмасын, өйткені қайсысы сәтті болары саған белгісіз: анаусы ма, әлде мынаусы ма, жоқ әлде анаусы да, мынаусы да жақсы бола ма” . Рас, ақиқатты қабылдаған әрбір адамға қабылдамағандардың жүзі, тіпті мыңы келеді. Сөйтсе де біз, періштелер сияқты, ‘бір күнәкардың’ болса да құтқарылу туралы ақиқатты қабылдағанына қуанамыз.
11. Киелі кітапқа негізделген басылымдарды қолдану қаншалықты тиімді болуы мүмкін?
11 Ізгі хабарды уағыздау ісінде алуан түрлі нәрселер қолданылады. Мысалы, Ехоба Куәгерлерінің Киелі кітапқа негізделген басылымдарды қолдануы аса маңызды орын алады. Қандай да бір мағынада, бұл басылымдар барлық жерге себілген тұқымға ұқсайды. Олардың қай жерде өнім беретіні бізге белгісіз. Кейде оқырманның қолына түскенге дейін басылым бір қолдан екінші қолға өтіп жүреді. Кейбір жағдайларда Иса мен періштелер басылымдардың оң ниетті адамдардың қолына түсуі үшін ықпал етіп отыруы да ғажап емес. Төменде, адамдарға қалдырылған басылымдардың ойға кіріп шықпаған керемет нәтиже әкелуі үшін, Ехобаның оларды қалай қолданатынын көрсететін бірнеше мысал келтірілген.
Шынайы Құдайдың іс-әрекеті
12. Бір отбасының Ехобамен танысуына журналдың ескі басылымы қалай көмектесті?
12 1953 жылы Роберт пен Лайла үлкен қаладан Пенсильвания штатының ауылды жеріне балаларымен бірге көшіп келіп, бір ескі үйге қоныстанған-ды. Көп ұзамай, Роберт жабық баспалдақтың астына жуынатын бөлме жасауды ұйғарады. Бірнеше тақтайын алған соң, ол, қабырғаның арғы жағына тышқандар қағаздардың қиқымын, жаңғақтың қабықтарын, тағы сол сияқты қоқыс жиып тастағанын көрді. Осы қоқыстың арасында “Алтын ғасыр” журналы жатыр екен. Робертті осы журналдағы балаларды тәрбиелеуге арналған мақала қатты қызықтырады. Киелі кітапқа негізделген анық басшылықтан қатты әсер алған ол, Лайлаға енді өздерінің “Алтын ғасыр” журналының дініне” кіретінін айтады. Бірнеше аптадан кейін оларға Ехоба Куәгерлері келеді, бірақ Роберт оларды тек “Алтын ғасыр” журналының діні” қызықтыратынын айтады. Куәгерлер оған бұл журналдың енді “Ояныңдар!” деп аталатынын түсіндіреді. Роберт пен Лайла Куәгерлермен Киелі кітапты оқып зерттеуді бастайды да, ақыр аяғында шомылдыру рәсімінен өтеді. Олар да ақиқаттың тұқымын өздерінің балаларының жүрегіне сеуіп, жақсы өнім алады. Бүгінде осы отбасының жиырмадан астам мүшесі — олардың ішінде Роберт пен Лайланың барлық балалары бар — Ехоба Құдайдың шомылдырылған қызметшілері.
13. Пуэрто-Рикода тұратын бір ерлі-зайыптының Киелі кітапқа деген қызығушылығын оятқан не нәрсе?
13 Қырық жыл бұрын Пуэрто-Рикода тұратын Уильям мен Эйда деген ерлі-зайыптыны Киелі кітапты оқып білу мүлдем қызықтырмайтын. Ехоба Куәгерлері есіктерін қаққан сайын олар үйлерінде жоқ сияқты есікті ашпайтын. Бір күні Уильям үйін жөндеуге қажетті нәрселер алу үшін ескі-құсқы заттар сатылатын жерге барады. Қайта бермек болғанда, ол үлкен қоқырсауыттың ішінде жасыл-сары мұқабалы кітаптың жатқанын байқап қалады. Бұл 1940 жылы Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Дін” деген кітап болатын. Уильям кітапты үйіне алып кетіп, оқып шығады, ол үшін ақиқат дін мен жалған діннің арасындағы айырмашылық нағыз жаңалық болады. Келесі жолы Ехоба Куәгерлері келгенде Уильям мен Эйда оларды қуана-қуана тыңдап шығады да, олармен Киелі кітапты зерттеп бастайды. Бірнеше ай өткен соң, 1958 жылы өткен, “Құдайдың еркі” деп аталатын халықаралық конгресте олар шомылдыру рәсімінен өтеді. Сол уақыттан бері олардың көмегінің арқасында 50-ден астам адам мәсіхшілердің бауырластығына қосылды.
14. Бір мысалдан көрінгендей, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттеріміздің арқасында қандай нәрсе болуы мүмкін?
14 Карл балаға тән тентектігі бар не бары он бір жастағы бозбала болатын. Ол өзін үнемі қандай да бір жағдайларға шалдығатын да жүретін бала деп есептейтін. Оның әкесі — неміс методистік шіркеуінің уағыздаушысы — оған жаман адамдар өлгеннен кейін тозақта жанады деп айтатын. Сондықтан Карл тозақтан қатты қорқатын. 1917 жылдың бір күнінде ол жерде жатқан бір жапырақ қағазды тауып алады. Ондағы жазылған нәрсені оқи бере оның көзі “Тозақ деген не?” деген сұраққа түседі. Бұл — бүгінде Ехоба Куәгерлері деп аталатын Киелі кітапты Зерттеушілер ұйымдастырған тозақ туралы лекцияға шақыру қағазы болатын. Шамамен бір жыл өткен соң, Киелі кітапты зерттеуге арналған бірнеше сабақ өткеннен кейін Карл суға шомылдырылу рәсімінен өтіп, Киелі кітапты Зерттеушілердің қатарына қосылады. 1925 жылы оны Ехоба Куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасына жұмыс істеуге шақырады, ол онда қазіргі күнге дейін қызмет етуде. Оның мәсіхшілер жолында өткізген сексен жылдан астам өмірі көшеден тауып алған бір жапырақ қағазды оқудан басталған еді.
15. Ехоба өзі қалаған бағытта не істейді?
15 Жоғарыда әңгімеленген жағдайларда періштелердің қаншалықты үлесі бар екендігі адамдарға беймәлім. Сөйтсе де, біз Иса мен періштелердің уағыздау ісіне белсене қатысатынына, сондай-ақ Ехобаның болып жатқан жағдайды өзі қалаған бағытта дамуына ықпал ете алатындығына күмәнданбауымыз керек. Осы және басқа да оқиғалар біздің әдебиеттеріміздің, адамдарға тастап кеткеннен кейін, қаншама жақсылық істей алатындығын көрсетеді.
Бізге қазына сеніп тапсырылған
16. 2 Қорынттықтарға 4:7-ден біз нені біле аламыз?
16 Елші Пауыл “саз балшықтан жасалған ыдыстардағы” қазына жөнінде әңгімелеген. Бұл қазына — Құдайдың бізге тапсырған ізгі хабарды уағыздау ісі. Ал саз балшықтан жасалған ыдыстар болса Ехобаның осы істі орындауға тағайындаған адамдарын білдіреді. Бұл адамдар кемелсіз әрі олардың мүмкіндіктері шектеулі, сондықтан, егер оларға мұндай іс тапсырылған болса, онда “шамадан тыс күш” , Пауылдың айтуынша, “бізге емес, Құдайға тиесілі” (2 Қорынттықтарға 4:7). Иә, біз Ехобаның жұмысымызды атқаруға қажетті күш беретіндігіне сенімді бола аламыз.
17. Патшалық туралы ақиқаттың тұқымын сеуіп жүріп біз қандай жағдайларға кезігеміз және неге біз, осыған қарамастан, дұрыс көзқараста болуымыз керек?
17 Көп жағдайларда бізге ауыртпалыққа шыдауға бас тігуге тура келеді. Бәлкім, қандай да бір аймақта уағыздау ауыр немесе қолайсыз болар. Ал басқа бір жерлерде кейбір адамдар немқұрайды, тіпті өшпенділік көзқараста. Аз күш салынып жатқан жоқ, бірақ бәрі бекер болып көрінеді. Алайда біздің қызметіміздің нәтижесінде не болатынын ескерер болсақ, аянбай еңбек ету керек екендігі аян болады. Естеріңде болсын, сендер сеуіп жүрген тұқым қазірдің өзінде адамдарды бақытты етіп, әрі болашақта оларды мәңгі өмірге жеткізе алады. Забур 125:6-да айтылған сөздердің ақиқат екендігі қаншама рет дәлелденген: “Жылап жүріп тұқымын алып барған, қуанышпен бауын көтеріп қайтады”.
18. Қалайша біз қызметімізді үнемі қадағалап жүре аламыз және бұл не үшін қажет?
18 Патшалық туралы ақиқаттың тұқымын себу үшін әрбір ыңғайы түскен сәтті пайдаланалық. Егетін де, суаратын да біз болғанмен, өсіріп отырған Ехоба екенін ұмытпалық (1 Қорынттықтарға 3:6, 7). Иса мен періштелер өздеріне тиесілі жұмысты қалай атқарып жүрсе, Ехоба бізден де қызметімізді тап солар сияқты тиянақты орындайды деп күтеді (2 Тімотеге 4:5, ЖД). Қалай тәлім беріп жүргенімізді, қызметімізге деген көзқарасымыз бен ынтамызды үнемі қадағалап жүрелік. Бұл не үшін қажет? Пауыл былай деген: “Осылай етер болсаң, өзіңді де, тыңдаушыларыңды да құтқарасың” (1 Тімотеге 4:16, ЖД).
Біз не білдік?
• Тұқым себу қандай ізгі жеміс береді?
• Бүгінгі күнгі уағыздау ісіне Иса мен періштелер өздерінің үлестерін қалай қосуда?
• Патшалық туралы ақиқаттың тұқымын неге жомарттықпен себу керек?
• Қызмет барысында немқұрайдылыққа немесе өшпенділікке кезіксек, қайсар болуымызға не нәрсе талпындыруы керек?
[25-беттегі сурет]
Ежелгі исраилдік егіншілердей, бүгінгі күнгі мәсіхшілер Патшалық туралы ақиқаттың тұқымын жомарттықпен себуде.
[26-беттегі сурет]
Ехоба Куәгерлері Киелі кітапқа негізделген алуан түрлі әдебиеттерді 340 тілде басып шығарып, таратуда.