Мәсіхші бақташылар, ‘жүректеріңді айқара ашыңдар’!
“ЖАРАТҚАН ИЕМ — менің Бағушым, еш нәрседен тарықпаймын”. Дәуіттің осы сөздері оның Құдайға барынша арқа сүйегендігін көрсетеді. Рухани мағынада Ехоба оны ‘жасыл жайлауға жайған, тұнық суға апарып’, ‘тура жолмен жетелеген’. Жауларының қоршауында болғанда Құдайдан күш-жігер алғандығы Дәуіттің Ехобаға: “Қауіп-қатерден қорықпаймын, себебі Сен қасымдасың”,— деуіне себеп болған. Осындай Құдіретті Бағушысы бар Дәуіт ‘мәңгілікке [Жаратқан] Иенің үйінде қалуды’ қалаған (Забур 22:1—6).
Ехобаның жалғыз Ұлы да Оның сүйіспеншілікке толы қамқорлығын сезінген, сондай-ақ жерде болған кезінде, өзі де шәкірттеріне тап сондай қамқорлық көрсеткен. Сондықтан Жазбаларда ол туралы “ізгі Бағушы”, “ұлы Бағушы”, “бас Бағушы” деп айтылған (Жохан 10:11; Еврейлерге 13:20; 1 Петір 5:2—4).
Ехоба мен Иса Мәсіх бүгінгі күні де өздерін сүйетіндерге қамқорлық етуде. Бұл олардың қауымдарға сүйіспеншілікпен бақташылар тағайындап отырғандығынан көрініп отыр. “Енді өздеріңе де, Киелі Рух бақыла деп берген барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай Иеміздің өз қанын [“өзінің Ұлының қанын”, ЖД] төгіп, иемденген қауымына солай қамқор болыңдар!” — деген сөздерді Пауыл осындай бақташыларға арнап айтқан болатын (Елшілердің істері 20:28).
Отарды Ехоба мен Иса Мәсіхтің бағып отырғанындай бағу оңай емес, сөйтсе де бүгінде бұл істің маңызы бұрын-соңды болмағандай аса зор. Ойлап көріңдерші, соңғы үш жылдың өзінде миллионнан аса адам шомылдыру рәсімінен өтіп, Куәгер болды! Олар ақиқатқа жаңа келген адамдар, сондықтан біраз жылдар қызмет еткен соң пайда болатын рухани тәжірибе оларда жоқ. Сондай-ақ Куәгер балалар немесе жас өспірімдер жөнінде де ойланып көрші. Олар ата-анасының ғана емес, қауым бақташыларының көңіл қойғанына да мұқтаж.
Негізінде мәсіхшілердің барлығы сырттан да, айналасындағы адамдардан да қысым көреді. Осы дүниенің тек өз басының қалауын қанағаттандыруды ғана ойлауға талпындыратын көзқарасына қарсыласу үшін мәсіхшілердің бәрі де күш салуы керек. Кейбір елдерде әкелген хабарларын ешкім тыңдамағандықтан Патшалықты жариялаушылар жігерсізденуі мүмкін. Көптеген жариялаушылардың денсаулығы нашар. Ал басқа біреулері қаражат жетіспегендіктен Құдай Патшалығын бірінші орынға қоюға деген ынтасынан айырылуы мүмкін. Иә, бәріміз де, тіпті ұзақ уақыт бойы ақиқат жолында жүргендеріміз де, сүйіспеншілікке толы бақташылардың көмегіне мұқтажбыз, әрі осындай көмек алуға лайықпыз.
Дұрыс ниет
Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге ‘жүректерін айқара ашуға’ кеңес берілген болатын (2 Қорынттықтарға 6:11—13). Мәсіхші қариялар өздерінің бақташылық міндеттерін атқарғанда осы кеңеске құлақ асқандары жөн. Олар мұны қалайша істей алады? Қызмет көмекшілерінің көпшілігінің болашақта бақташы болуға үміті бар, олар жөнінде не деуге болады?
Егер қариялар отар үшін Құдайдың батасы болғысы келсе, міндетті болғандықтан ғана қызмет етпеулері керек. Оларға мынадай кеңес берілген: “Сендерге қамқорлыққа берілген Құдайдың отарын ықтиярсыз емес, шын көңілмен; пасық пайдакүнемдікпен емес, бар ынталарыңмен бағыңдар” (1 Петір 5:2). Демек, отарды дұрыс бағу дегеніміз өзгелерге қуана-қуана және бар ынтасымен қызмет ету болып табылады (Жохан 21:15—17). Отардың неге мұқтаж екендігін көріп, оларға көмектесуге даяр болу керек. Сонымен қатар Құдайдың киелі рухының игі жемісі болып табылатын мәсіхшілерге тән керемет қасиеттерді өзгелерге таныту керек (Ғалаттықтарға 5:22, 23).
Кейде бақташылар бауырластарының үйлеріне барадыa. Алайда ‘жүректерін айқара ашатын’ бақташылар атқарып жүрген қызметіне бар ынта-ықыласын салады. Бұл олардың анда-санда бақташылық сапар жасап қана қоюынан әлдеқайда көп нәрсе істейтінін білдіреді. Олар отардың қамын жасау үшін әрбір ыңғайы түскен сәтті пайдаланады.
Өзгелерді бақташы болуға дайындау
Егер бауырласымыз, мейлі жасы нешеде болсын, “қауым басқарушысы болуға ынталанса... игілікті істі қалағаны” (1 Тімотеге 3:1). Қызмет көмекшілерінің көпшілігі қосымша міндеттер атқаруға даяр екендіктерін көрсетеді. ‘Қауым басқарушысы болуға ынта’ білдірген мұндай бауырластардың осындай маңызды қадамды жасауына қариялар қуана-қуана көмектеседі. Осылайша оларды жақсы бақташы болуға дайындайды.
Ехобаның мәсіхшілер қауымы Құдайдың жоғары талаптарына сай өмір сүретін болғандықтан, Езекиел 34:2—6 тармақтарда суреттелгендей, жалған бақташылардың кесірінен әлсіреп қалған жоқ. Онда суреттелген бақташылар Ехобаның көз алдында жеркенішті болған, әрі олар соған лайық болатын. Олар отарды бағудың орнына өздерін баққан. Аталмыш бақташылар отардағы дәрменсіздерді демемеген, ауруларды сауықтырмаған, жарақаттанғандарын таңбаған, айдап әкеткендерін қайтармаған, жоғалғандарын іздемеген. Олар, бақташыдан гөрі, отарды талан-таражға салатын қасқырға көбірек ұқсайтын, олар отарды қанайтын. Қараусыз қалған қойлар жан-жаққа бытырап кетіп, оларға ешкім қамқорлық етпейтін (Еремия 23:1, 2; Нағұм 3:18; Матай 9:36).
Мәсіхшілердің бақташылары — сол әділетсіз бақташылардай емес. Олар Ехобаның үлгісіне еліктейді. Олар қойларды рухани ‘жасыл жайлауға жайып, тұнық суға апаруға’ көмектеседі. Олар отарға Құдай сөзін дұрыс түсініп, соған сәйкес өмір сүрулеріне көмектесулері арқылы оларды ‘тура жолмен жетелеуге’ тырысуда. Мұның бәрі бақташылардың қолынан келеді, өйткені олар ‘қабілетті оқытушылар’ (1 Тімотеге 3:2).
Әдетте қариялар қауым кездесулерінде тәлімді сахнадан береді. Сонымен қатар олар жай әңгімелесіп отырғанда жеке адамдарға да тәлім бере алады. Әрине, кейбіреулердің жеке адамға тәлім беруге ептілігі бар, ал басқа біреудің баяндамалар арқылы тәлім беруге ептілігі бар. Бірақ тәлім берудің қандай түрінде болмасын қабілетінің аздығы, адамның тәлімгер бола алмайтындығын білдірмейді. Қариялар, бақташылық қызметпен қоса, тәлім берудің өздеріне мәлім жолдарының бәрін қолданады. Бақташылық жұмысының бір бөлігі бақташылық сапар жасау сияқты ресми түрде атқарылады. Сөйтсе де оның басым бөлігін бейресми түрде атқаруға болады. Мұның да пайдасы орасан зор.
Кез келген уақытта бақташы әрі тәлімгер
Дәрігер болу үшін білім мен тәжірибе керек. Бірақ емделушілер дәрігердің мейірімділік, жанашырлық пен қамқорлық танытқанын, сондай-ақ ауруға шын көңілімен ықылас қойғанын бағалайды. Осындай қасиеттер оның болмысына тән болуы керек. Сол сияқты жақсы бақташы әрі тәлімгер болғысы келгендер де осындай қасиеттерге ие болып, оларды күнделікті өмірінде танытуы керек. Нағыз тәлімгер айналасындағыларға кез келген уақытта тәлім беруге даяр болады. Нақыл сөздер 15:23-те: “Дер кезінде айтылған сөз қандай жақсы!” — делінген. ‘Дер кезі’ — баяндама айтып тұрғанда, үйден-үйге уағыз айтып жүргенде, әлдекіммен Патшалық Сарайында, я болмаса телефонмен сөйлесіп жатқанда болуы ықтимал. Оның үстіне, жақсы бақташы бақташылық сапар жасағанда ғана емес, барлық уақытта да қамқор болуға тырысады. Егер бақташы ‘жүрегін айқара ашатын’ болса, ол қойларға қамқорлық танытып, қажетті нәрселердің бәрін дер кезінде береді, сондай-ақ оларды бағу үшін әрбір ыңғайы түскен сәтті пайдаланатын болады. Сонда ғана ол отардың сүйіспеншілігіне ие болады (Марқа 10:43).
Қазір қария ретінде қызмет етіп жүрген Вольфганг үйіне бір қызмет көмекшісінің әйелімен бірге қонаққа келгенін есіне алды. Ол былай деді: “Біздің балаларымыз олардың өздеріне соншама көңіл қойып, олармен бірге керемет уақыт өткізгендеріне қатты қуанды. Олар сол күнді әлі күнге дейін айтып жүреді”. Иә, бұл қызмет көмекшісі өзгелерге деген қамқорлығын көрсетті; ол ‘жүрегін айқара ашқан’.
‘Жүректі айқара ашудың’ тағы бір мүмкіндігі — науқастардың көңілін сұрау, жігерлендіретін қысқаша хат жазып жіберу немесе телефон шалу — қысқасы, қамқорлық танытылып жатқандығын қалай да сездіру! Қажет болса, көмектеріңді ұсыныңдар. Шешіліп сөйлескісі келсе, зер салып тыңдаңдар. Жағымды нәрсе жөнінде әңгімелесіңдер, өздеріңнің немесе басқа қауымдардың теократиялық қызметіндегі қызықты оқиғалармен бөлісіңдер. Олардың көңілін Ехобаны сүйетіндерді күтіп тұрған керемет болашаққа аударуға көмектесіңдер (2 Қорынттықтарға 4:16—18).
Бақташылық сапарға қосымша
Бақташылардың қызметінің не үшін қажет екендігін есте ұстар болсақ, ресми түрдегі бақташылық сапар қаншалықты маңызды болғанымен, бұл олардың жұмысының бір ғана бөлігі екендігін түсінетін боламыз. Егер сүйіспеншілікке толы бақташы ‘жүрегін айқара ашатын’ болса, кез келген уақытта, қандай жағдайда болмасын онымен сөйлесу оңай болады. Ол бауырластарымен жақсы қарым-қатынаста болатын болады. Осының арқасында қиындыққа ұшырағанда зұлымдықтан қорқудың қажеті жоқ екендігін бауырластары білетін болады, өйткені олардың бауырласы — мәсіхші бақташы — сүйіспеншілікпен олардың қамын ойлауда (Забур 22:4).
Сонымен, мәсіхшілердің бақташылары, ‘жүректеріңді айқара ашыңдар’! Бауырластарыңа шынайы сүйіспеншілік танытыңдар: оларды жігерлендіріңдер, күш-куат беріңдер, қолдарыңнан келген тәсілдердің бәрін қолдана отырып, оларды рухани көтеріңдер. Олардың сенімде берік тұруына көмектесіңдер (Қолостықтарға 1:23). Егер отардың ‘жүректерін айқара ашқан’ бақташылары бар болса, бұл отар үшін нағыз бата болады, әрі олар еш нәрседен тарықпайды. Олар, Дәуіт сияқты, мәңгілікке Ехобаның үйінде қала бергісі келетін болады (Забур 22:1, 6). Сүйіспеншілікке толы бақташыға бұдан артық не керек?!
[Сілтеме]
a Бақташылық сапар жасауға қатысты кеңестерді “Күзет мұнарасы” журналының мына сандарынан табуға болады: 15 қыркүйек 1993, 20—23 беттер, ор.; 15 наурыз 1996, 24—27 беттер, ор.
[31-беттегі қоршау]
Мәсіхшілердің бақташылары
• Шын көңілмен және бар ынтасымен қызмет етеді.
• Отарды қоректендіріп, оған қамқорлық көрсетеді.
• Өзгелердің бақташы болуына көмектеседі.
• Науқастардың көңілін сұрап, оларға қамқорлық етеді.
• Кез келген уақытта бауырластарына қол ұшын беруге әзір.