Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w00 1.3. 24—29 бет.
  • Аян кітабын оқып, бақытқа бөленіңдер

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Аян кітабын оқып, бақытқа бөленіңдер
  • 2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Мәсіх басқарып отырған қауымдар
  • Ехобаның жоғарғы билігіне қуанышпен мойынсұну
  • «[Осы] сөздерді орындаған адам бақытты»
  • Апокалипсис кітабындағы «ізгі хабар»
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Аян кітабы бізге қатысты не ашады?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Жер жұмаққа айналады
    Киелі кітапта қандай хабар жазылған?
2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w00 1.3. 24—29 бет.

Аян кітабын оқып, бақытқа бөленіңдер

«Осы пайғамбарлық хабарды оқығандар да, оны тыңдап, ондағы жазылғандарды орындайтындар да бақытты» (АЯН 1:3).

1. Аян кітабын жазған кезде елші Жохан қандай жағдайларда болған еді және ол көрген көріністерін қандай мақсатпен жазып қалдырды?

«МЕН, ЖОХАН... Құдай сөзін және Иса Мәсіхтің шындық жайлы куәлігін уағыздағаным үшін Патмос аралында тұрдым» (Аян 1:9). Міне, елші Жохан Апокалипсис, немесе Аян, кітабын осындай жағдайларда жазған. Императорға мінажат етуді талап етіп, мәсіхшілерді қудалаған Рим императоры Домитианның (б. з. 81—96 жылдары) басшылық еткен кезінде Жохан Патмосқа жер аударылған деп саналады. Патмоста ол бірнеше аян көрді де, көргендерін жазып қалдырды. Ол бұл аяндарды алғашқы мәсіхшілерді қорқыту үшін емес, олар сынаққа кезігіп жатқандықтан, және болашақта да кезігетін болғандықтан, оларды нығайтып, жұбату үшін және оларға қайрат беру үшін жазды (Елшілердің істері 28:22; Аян 1:4; 2:3, 9, 10, 13).

2. Жохан мен оның бауырластары тап болған жағдай бүгінгі мәсіхшілерді неліктен қызықтырады?

2 Бұл кітап жазылған кездегі жағдайлар бүгінгі күнгі мәсіхшілер үшін өте маңызды. Жохан, Ехоба мен Оның Ұлы Мәсіх Иса туралы куәлік еткені үшін қудалауға түсті. Жохан мен оның бауырластары өзгелер тарапынан қастық көріп өмір сүрді, өйткені олар мемлекеттің жақсы азаматы болуға тырысқанымен, императорға мінажат етпеді (Лұқа 4:8). «Діни әдептілікті» белгілеу құқығын мемлекет өзіне қалдырған кейбір елдерде шынайы мәсіхшілер тап осындай жағдайды бастан кешіруде. Сол себепті Аян кітабының алғашқы тармақтарында жазылған сөздер қаншалықты жұбаныш береді десеңізші: «Осы пайғамбарлық хабарды оқитын және, оны тыңдап, ондағы жазылғандарды орындайтындар да бақытты; өйткені уақыт жақын» (Аян 1:3). Иә, Аян кітабын зер салып оқып, онда жазылғандарға құлақ асқан әркім, шынайы бақытқа жетіп, көптеген баталарға ие болады.

3. Жоханға берілген Аянның Иесі кім?

3 Аянның Иесі кім және оны кім арқылы берген? Бірінші тармақта былай делінген: «Өзінің құлдарына жақында не болатынын көрсету үшін, Құдайдың Иса Мәсіхке берген аяны. Ол бұл аянды Өзінің періштесі арқылы жіберіп, Өзінің құлы Жоханға көрсетті» (Аян 1:1). Қысқасын айтқанда, Аянды берген Ехоба Құдай. Ехоба оны Исаға, ал Иса періште арқылы Жоханға берген. Зер салыңқырап оқыр болсақ, қауымдарға сәлемхат жолдау үшін және Жоханға аян беру үшін, Исаның киелі рухты да қолданғаны анықталады. (Аян 2:7, 11, 17, 29; 3:6, 13, 22; 4:2; 17:3; 21:10; Елшілердің істері 2:33, салыстырыңыз.)

4. Ехоба әлі күнге дейін өзінің жердегі халқын қалай басқаруда?

4 Ехоба бүгінгі күнге дейін жердегі қызметшілерін «қауымның Басы» болып табылатын өзінің Ұлы арқылы оқытуда (Ефестіктерге 5:23; Ишая 54:13; Жохан 6:45). Сонымен қатар Ехоба өз халқына киелі рух арқылы да ақыл беруде (Жохан 15:26; 1 Қорынттықтарға 2:10). І ғасырдағы қауымдарды нығайтатын рухани ас-суын беру үшін «Өзінің құлы Жоханды» қолданғанындай, Иса бүгін де өзінің қызметшілері мен олардың серіктестеріне рухани «ас-суын уақытында» беру үшін өзінің майланған бауырларынан тұратын «адал және ақылды қызметшіні» қолдануда (Матай 24:45—47; 25:40). Бізге «ізгі сый», яғни рухани ас-суымызды Берушіні және Ол қолданып отырған арнаны мойындағандар бақытты (Жақып 1:17).

Мәсіх басқарып отырған қауымдар

5. а) Қауымдар мен олардың бақылаушылары не нәрселерге ұқсатылады? ә) Кемелсіздігіне қарамастан, бақытты бола алуымызға не көмектеседі?

5 Аян кітабының алғашқы тарауларында мәсіхшілер қауымдары шырағдандарға, ал олардың бақылаушылары періштелерге (елшілерге) және жұлдыздарға теңеледі (Аян 1:20)a. Мәсіх өзі жайлы Жоханға былай деп жазуды бұйырды: «Оң қолында жеті жұлдыз ұстап, жеті шырағдан арасында жүретін былай дейді» (Аян 2:1). Азиядағы жеті қауымға арналған сәлемхаттан б. з. І ғасырындағы қауымдардың және қауым қарияларының, жақсы жақтарымен қатар, әлсіз жақтары да болғаны көрінеді. Бүгінгі күнгі жағдай сондай да. Сондықтан, біздің Басшымыз — Мәсіхтің қауымдардың ішінде екенін естен шығармайтын болсақ, онда әлдеқайда бақыттырақ боламыз. Ол қауымдарда не болып жатқанын жақсы біледі. Бейнелеп айтқанда, ол бақылаушыларды «оң қолында» ұстап тұр, яғни оларды бақылап, басшылық етіп отыр. Ал бақылаушылар болса қауымға қалай бақылау жүргізіп жүргендеріне қатысты оның алдында жауап береді (Елшілердің істері 20:28; Еврейлерге 13:17).

6. Мәсіхтің алдында тек бақылаушылар ғана жауап бермейтінін неден білуге болады?

6 Бірақ өз істері үшін Мәсіхтің алдында тек бақылаушылар ғана жауап береді деп ойласақ — өзімізді алдағанымыз. Өзінің сәлемхаттарының бірінде Мәсіх былай деді: «Оның балаларын да өлімге ұшыратамын да, барлық шіркеулер [«қауымдар», ЖД] Менің жүректері мен ішкі дүниесін сынаушы екенімді ұғынатын болады; сөйтіп әрқайсыңның істеген істеріңе қарай еселеріңді қайтарамын» (Аян 2:23). Бұл сөздер ескерту болуымен қатар, бізді жігерлендіреді. Олар жүрегіміздің түпкіріндегі ниеттеріміздің Мәсіхке белгілі екенін ескертеді және Оған біздің тырысып жүргеніміздің де белгілі екеніне, егер қолымыздан келгеннің бәрін істейтін болсақ бізге батасын беретіндігіне сендіріп, жігерлендіреді (Марқа 14:6—9; Лұқа 21:3, 4).

7. Філаделфиядағы қауымдар «Исаның төзімділігінің сөзін» қалай сақтаған?

7 Мәсіхтің Лидия провинциясының Філаделфия қаласындағы қауымға жолдаған сәлемхатында ешқандай сөгіс жазылмаған, қайта біз үшін маңызды уәде жазылған. «Сен Менің төзімділігімнің сөзін сақтағаның үшін, Мен де сені жерде өмір сүріп жатқандарды сынау үшін бүкіл әлемге келетін азғыру жылынан [«сынақ кезінде», ЖД] сақтаймын» (Аян 3:10). Гректің «Менің төзімділігімнің сөзін сақтағаның» деген сөздері «Менің төзімділік туралы айтқан сөзімді сақтағаның» дегенді де білдіреді. 8-тармақтан көретініміздей, філаделфиялық мәсіхшілер, Мәсіхтің бұйрықтарын орындап қана қоймай, оның өсиетіне сәйкес, адалдықпен ақырына дейін төзуге тырысты (Матай 10:22; Лұқа 21:19).

8. а) Иса Філаделфиядағы мәсіхшілерге қандай уәде берді? ә) «Сынақ кезі» бүгін кімге қатысты?

8 Иса оларды «сынақ кезінде» сақтайтындығын да айтты. Сол кезде мәсіхшілер үшін бұл сөздердің нені білдіргенін біз білмейміз. Б. з. 96 жылы Домитиан қайтыс болған соң қуғын аз уақытқа толастағанымен, Траянның кезінде (б. з. 98—117 жылдары) қудалаудың жаңа бір толқыны басталды да, ол одан да көп сынақтар алып келді. Бірақ негізгі «сынақ кезі» «Тәңірдің күні», дәлірек айтқанда, біз өмір сүріп отырған «заманның ақырында» келді (Аян 1:10, ЖД; Даниел 12:4). Әсіресе Бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кезде және ол біткен соң рухпен майланған мәсіхшілер ауыр сынақтарды бастан кешірді. Бірақ «сынақ кезі» әлі де біткен жоқ. Ол «бүкіл, халық қоныстанған жерге» қатысты. Оның ішінде үлкен апаттан аман өтуге үміт артып отырған ұлы жамағатты құрайтын миллиондаған адамдар бар (Аян 3:10, ЖД; 7:9, 14). Егер біз Исаның төзімділік сақтау туралы айтқан сөзін сақтайтын болсақ, бақытты боламыз. Ол былай деген: «Ал ақырына дейін төзгендер құтқарылады» (Матай 24:13).

Ехобаның жоғарғы билігіне қуанышпен мойынсұну

9, 10. а) Ехобаның тағының көрінісі бізге қалай әсер етуі керек? ә) Аян кітабын оқи отырып бақытқа кенелу үшін не істеуіміз керек?

9 Аян кітабының 4 және 5-тарауларында жазылған Ехобаның тағы мен оның аспандағы сарайының көрінісі бізді қастерлі сезімге бөлеуі керек. Ехобаның әділетті билігіне қуанышпен бағынып жүрген аспандағы құдіретті жаратылыстардың шынайы мадақтау сөздері бізге әсер етуі керек (Аян 4:8—11). «Тақта Отырған мен Тоқтыға мәңгі мадақ, құрмет, ұлылық пен кұдірет»,— деп жатқан жаратылыстардың арасында біздің де дауысымыз шығуы керек (Аян 5:13).

10 Бұл, іс жүзінде, барлық жағынан Ехобаның еркіне қуанышпен мойынсұнуға тиіс екенімізді көрсетеді. Елші Пауыл былай деп жазған: «Не айтып, не істесеңдер де, бәрін Иеміз Исаның атымен жасап, Иеміз арқылы Құдай Әкемізге шүкірлік етіңдер!» (Қолостықтарға 3:17). Аян кітабын оқыған кезде ойымыз бен жүрегіміздің түпкірінде Ехобаның жоғарғы билігін мойындап, өміріміздің барлық салаларында оның еркін ескерер болсақ, онда шын мәнінде бақытты боламыз.

11, 12. а) Шайтанның жердегі жүйесі қалай шайқалып, жойылады? ә) Аян кітабының 7-тарауына сәйкес, бұл уақытта «кім төзе алады»?

11 Бақытқа бөлену үшін, әрқайсымыз және барлығымыз Ехобаның жоғарғы билігіне қуанышпен мойынсұнуымыз қажет. Жақында бейнелі сөзбен айтқандағы қатты жер сілкінісі Шайтанның дүниежүзілік жүйесінің іргетасын шайқалтып, жояды. Құдайдың заңды үстемдігін білдіретін Мәсіхтің аспандағы Патшалығына немесе үкіметіне мойынсұнбаған адамдар ешқайда тығыла алмайды. Пайғамбарлықта былай делінген: «Сонда жердегі патшалар мен ақсүйектер, байлар да, мыңбасылары мен күштілер де, барлық құлдар мен еріктілер үңгірлер мен таудағы шатқалдарға жасырынып, таулар мен тастарға былай деді: „бізді... тақта Отырғанның көзінен таса қылып, Тоқтының қаһарынан жасыра көріңдер; Өйткені Оның қаһарын төгетін ұлы күні келді, енді кім төзе алсын?“» (Аян 6:12, 15—17).

12 Келесі тарауда, осы сұраққа жауап бергендей, елші Жохан «үлкен апаттан келген» ұлы жамағатты құрайтын адамдарды «тақтың алдында және Тоқтының алдында» тұрғандар деп суреттейді (Аян 7:9, 14, 15). Олардың Құдайдың тағының алдында тұрғандығы, осы тақтың беделін мойындап, Ехобаның жоғарғы билігіне толықтай мойынсұнатындықтарын көрсетеді. Ал бұл — Құдайдың оларды қабыл алғандығын білдіреді.

13. а) Жердің тұрғындарының көбісі кімге табынады және олардың қолдары мен маңдайларындағы таңба нені білдіреді? ә) Неліктен төзімділік қажет болады?

13 Екінші жағынан, 13-тарауда жердің қалған тұрғындарының аңмен бейнеленген Шайтанның саяси жүйесіне табынып жатқандығы көрсетіледі. Олар «маңдайларына» немесе «қолдарына» ойларымен және істерімен осы жүйені қолдайтындықтарын көрсететін белгі салдыруда (Аян 13:1—8, 16, 17). Сонан соң 14-тарауда тағы былай делінеді: «Кім аңға немесе оның мүсініне табынып, маңдайына немесе қолына кескінін қабылдаса, оның ашу-ызасының тостағанында дайындалған Құдайдың қаһарының шарабын ішеді... Бұл жерде Құдайдың өсиеттері мен Исаға деген сенімдерін сақтағандардың төзімділігі» (Аян 14:9, 10, 12). Уақыт жақындаған сайын, кімді жақтайтындарыңызды шешудің маңыздылығы арта түседі. Ехоба мен оның жоғары үстемдігін жақтайсыз ба, әлде аңмен бейнеленетін құдайсыз саяси жүйені ме? Аңның кескінін қабылдамай, Ехобаның жоғарғы билігіне адалдықпен мойынсұнғандар бақытты болады.

14, 15. Һармагеддон туралы хабардың ішінде не жазылған және біз үшін олар нені білдіреді?

14 «Бүкіл, халық қоныстанған жерлердің» басшылары Ехобамен бетпе-бет келуге тура келеді, өйткені билікке байланысты дау көтерілген болатын. Бетпе-бет келу деген Һармагеддонды, яғни «шексіз Құдіретті Құдайдың ұлы күнінің шайқасын» білдіреді (Аян 16:14, 16). Жердегі басшылардың Ехобамен шайқасу үшін жиналатыны жайындағы хабардың ішінде көңілімізді өзіне тартатын сөздер жазылған. Аянда Исаның өзі көрініп, былай дейді: «Міне, ұры сияқты келемін. Жалаңаш қалып, жұрт алдында ұятқа қалмау үшін сергек болып, киімдерін сақтағандар бақытты» (Аян 16:15). Бұл жерде ғибадатхананың күзетшісі болып қызмет атқарған леуіліктермен параллель келтірілсе керек. Күзет кезінде ұйықтап жатқанда үстерінен түссе, оларды шешіндіріп, жұрттың алдында масқара қылатын болған.

15 Бұл арқылы Исаның не айтқысы келгені анық: егер біз Һармагеддоннан аман өткіміз келсе, рухани сергек болып, Ехоба Құдайдың адал Куәгерлері екенімізді көрсететін бейнелі түрде айтылған киімімізді сақтауымыз керек. Егер рухани ұйықтап қалмай, орнатылған Құдайдың Патшалығы туралы мәңгі ізгі хабарды уағыздауға үнемі қызғанышпен атсалысатын болсақ, бақытқа бөленеміз (Аян 14:6).

«[Осы] сөздерді орындаған адам бақытты»

16. Неліктен Аянның соңғы тараулары бақытты болуға ерекше себеп болып табылады?

16 Аян кітабының соңғы тарауларына келгенде, бақытты оқырмандарды тек шаттық билейді, өйткені онда біздің ғажап үмітіміз, яғни жаңа аспан мен жаңа жер суреттеледі. Ол дегеніміз — жаңа тазарған адамзат қоғамын басқаратын әділ аспан Патшалығы немесе үкімет. Бұның бәрі «бүкіл әлемді Билеуші Құдай» — Ехобаның есімінің даңқын шығарады (Аян 21:22). Біраз көріністерді көрген соң, елші-періште Жоханға былай деді: «Бұл сөздер сенуге тұрарлық та шынайы; киелі пайғамбарлардың Тәңірі Құдай жақында не болатынын Өзінің құлдарына көрсету үшін Өзінің періштесін жіберді. Міне жақында келемін. Осы кітаптағы пайғамбарлық сөздерді ұстанған адам бақытты» (Аян 22:6, 7).

17. а) Аян 22:6 бізді неге сендіреді? ә) Біз неден сақ болуымыз керек?

17 Аян кітабының бақытты оқырмандары осы сияқты сөздердің «осы кітаптың» басында да бар екенін естеріне түсіреді (Аян 1:1, 3). Бұл сөздер Киелі кітаптың соңғы кітабында алдын ала айтылғандардың бәрінің де «жақында болатындығына» сендіреді. Заманның ақырының басталғанына біраз уақыт болды. Сондықтан Аян кітабында жазылған осы кезеңге қатысты оқиғалар жақында бірінен соң бірі, жылдам орындалуы керек. Сондықтан Шайтанның дүниесінің қандай да бір бөлігінде тұрақтылық бар болып көрінсе де, қалғымауымыз керек. Сергек оқырман Азиядағы жеті қауымға жолданған сәлемхаттардағы ескертулерді есінде сақтап, пайдакүнемдіктің, жалған тәңірге табынушылықтың, азғындықтың, енжарлықтың және жолдан тайған сектанттықтың торынан сақтанатын болады.

18, 19. а) Иса не үшін тағы келуі керек және Жохан айтқан қандай үмітке біз де иеміз? ә) Ехоба қандай мақсатпен тағы «келуі» керек?

18 Аян кітабында Иса бірнеше рет «жақында келемін» деп айтқан (Аян 2:16; 3:11; 22:7, 20а). Ұлы Бабылға, Шайтанның саяси жүйесіне және бүгін Мәсіхтің Патшалығы арқылы көрсетіліп отырған Ехобаның жоғарғы билігіне мойынсұнудан бас тартып жатқан адамдарға шығарылған үкімді жүзеге асыру үшін, Ол тағы да келу керек. Біз де Жоханның «Тәңіріміз Иса, келе гөр!» деген даусына үн қосудамыз (Аян 22:20ә).

19 Ехобаның өзі былай дейді: «Міне, жақында келемін, әркімнің ісіне сай берер жазам [«сыйым», ЖД] Өзіммен бірге» (Аян 22:12). Уәде етілген «жаңа аспандағы» немесе «жаңа жердегі» мәңгілік өмір түріндегі ғажап сыйды күтіп, бәріміз бірге ақ ниетті адамдардың бәріне арналған шақыруды қызғанышпен жариялайық: «Рух та, қалыңдық та: „кел!“ дейді. Естіген де: „кел!“ десін. Шөліркеген келсін, өмір суын қалаған тегін алсын» (Аян 22:17). Олар да Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған, жігерлендіретін Аян кітабын оқып, бақытқа кенелсін!

[Сілтеме]

a «Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын» кітабының 28, 29, 136 (сілтеме) беттерін қараңыз, ағ.

Қайталауға арналған сұрақтар

• Ехоба Аянды кім арқылы берді және одан біз неге үйрене аламыз?

• Неліктен Азиядағы жеті қауымға арналған сәлемхатты қуанышпен оқуымыз керек?

• «Сынақ кезінде» қалай аман қала аламыз?

• Аян кітабында жазылған сөздерді ұстанатын болсақ, қалайша бақытқа бөленеміз?

[25-беттегі сурет]

Ізгі хабардың Иесіне сенгендер бақытты.

[26-беттегі сурет]

Сергек болғандар бақытты.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу