Афон «киелі тау» ма?
ПРАВОСЛАВИЕЛІК шіркеудің екі жүз жиырмадан аса мүшесі үшін, солтүстік Грецияның қыратты мүйісіндегі Афон тауы — «православиелік христиан әлеміндегі аса киелі тау». Олардың көпшілігінің көкейіндегі арманы — осы «киелі тау» Афонға барып қажылық ету. Бұл не қылған «киелі тау» болды екен? Қандай себептермен ол осындай елеулі дәрежеге ие болды? Және Құдайды қастерлейтіндер рухани басшылық алу мен дұрыс мінажат етуді үйренуге үміт ететін «тау» осы ма?
Киелі кітапта «киелі тау» деген тіркес расында да кездеседі. Бұл тіркес шынайы Құдай Ехобаға деген киелі, таза, әрі ең жоғары мінажатқа қатысты қолданылады. Дәуіт патша келісім сандығын әкеліп қойған соң, Иерусалимдегі Сион тауы «киелі тауға» айналған-ды (Забур 14:1; 42:3; 2 Патшалық 6:12, 17). Сүлеймен Мориа тауына ғибадатхана салғаннан кейін, ғибадатхана тұрған жер де «Сион» деп атала бастады. Осылайша, Сион бұрынғысынша Құдайдың «киелі тауы» болып қала берді (Забур 2:6; Жоел 3:17). Ал Құдайдың ғибадатханасы Иерусалимде болғандықтан, кейде бұл қаланы да Құдайдың «киелі тауы» деп атайтын (Ишая 66:20; Даниел 9:16, 20).
Бүгінгі күні істің мәнісі қалай? Афон немесе қандай да бір басқа қырат, адамдар ағылып келіп, Құдайға ұнамды мінажат атқаратын «киелі тау» болып табыла ма?
Сопылардың «киелі тауы»
Халкидики түбегінің шығыс шетіне тіреле орналасқан Афон тауы, қазіргі Салоника қаласынан шығысырақ жатқан Эгей теңізіне сұғына еніп жатқан жіңішке жерден көкке қарай көтерілген. Бұл таудың теңіз деңгейінен 2032 метрге асқақтап, тік біткен мәрмәр шыңы көздің жауын алады.
Афон бұрыннан-ақ киелі жер болып есептелетін. Грек мифологиясына сәйкес, Олимп тауын мекендегенге дейін, құдайлар Афонда тұрыпты-мыс. Ұлы Константиннің (б. з. IV ғасыры) өлімінен кейін, біраз уақыт өткен соң, Афон тауы христиан шіркеулерінің киелі орнына айналған. Бір аңызға қарағанда, Мәриям «қыз» елші Жоханмен бірге Елазардың жағдайын біліп келуге Кипрге бет алыпты да, аяқ астынан көтерілген дауылға ұшырап, Афон тауын паналапты. Бұл таудың әсемдігі Мәриямды қайран қалдырғаны соншалық, Исадан оны сұрап алыпты. Осылайша, Афон «Қасиетті Қыздың бағы» деген тағы да бір атауға ие болыпты. Византия дәуірінің ортасында бүкіл тау, шыңдарымен қоса, Киелі тау ретінде танымал болған екен. Ал XI ғасырдың ортасында, император IX Константин Мономахтың жарғысы бойынша, бұл атау ресми түрде қабылданған болатын.
Көз жетпес құзы мен оқшау жерде орналасқандығы Афонды тақуалық өмір кешуге қолайлы орынға айналдырады. Бұл тау ғасырлар бойы гректерді, сербтерді, румындар мен орыстарды, сонымен қатар басқа да ұлттардың өкілдерін, яғни православие әлемінің діншіл адамдарын қызықтырып келген. Олар өз шіркеулері мен қоналқалары бар талай монастырьлар салған. Осы ғимараттардың жиырмаға жуығы қазірге дейін сақталған.
Бүгінгі күнгі Афон тауы
Бүгінгі күні Афон — егеменді аймақ, оның уставы 1926 жылы бекітілген. Бір кездері Афон құлдырауға үшыраған болатын, бірақ қазір ондағы сопылардың саны екі мыңнан асады.
Әрбір монастырьдың жеке шаруашылығы, кішкене шіркеуі мен жататын бөлмелері бар. Саяқ өмір кешушілер паналайтын ең тыныш жай, Афон тауының көз жетпес шыңындағы жартаста орналасқан Карули деген жерде. Ондағы тұрақтарға тек шиеленіскен жолдармен, тас баспалдақ пен керулі тұрған шынжырлар арқылы ғана жетуге болады. Афондағы сопылардың құдайға құлшылық ететін мезгілі ежелдегі уақыт тәртібіне тұпа-тура сай. Олар византия уақытымен (күн батқанда келесі тәулік басталады) өмір сүреді және юлианның күнтізбесін (григориан күнтізбесінен он үш күнге кейін жүреді) қолданады.
Бұл діни орын өзінің «киелі» атанғанына әйелге борышты екеніне қарамастан, мың жыл бойы Афон сопылары мен саяқтары әйел баласы үшін, тіпті ұрғашы мал, сондай-ақ әтек немесе көсе еркектер үшін аталмыш түбекті түгелдей жабық деп жариялап келген. Жақында ғана көсе еркектер мен кейбір ұрғашы малға байланысты ережені қатаң ұстануды қоя бастады. Ал әйелдерге, тап бұрынғысынша, жиек сызықтан бес жүз метр қашықтыққа дейін ғана баруға рұқсат етіледі, одан әрі Афонға жақындауға тыйым салынады.
Барлығы үшін «киелі тау»
Құдайды қастерлейтін мәсіхшілер үшін Афон мінажат етуге арналған «киелі тау» болып табылады ма? Құдайға Гаризим тауында мінажат ету керек деп есептейтін самариялық әйелмен сөйлескенде, Иса бұдан былай кәдімгі таулардың ешқайсысының Құдайға мінажат ететін орын болмайтынын анық айтты. «Әкеге осы таудың [Гаризимнің] басында және Иерусалимде ғана сиынбайтын замандарың да келе жатыр»,— деді Иса. Неге? «Құдайдың Өзі — Рух. Сондықтан Оған сиынатындар рухында және шындықпен сиынуға тиіс» (Жохан 4:21, 24)
Ишая пайғамбар біздің уақытымызда «Тәңір үйінің тауы таулардың басы болып қойылады да, төбешіктерден жоғары тұратынын» айтып, барлық ұлттардың адамдары, бейнелі сөзбен айтқанда, сол тауға ағылып келетінін пайғамбарлық еткен (Ишая 2:2, 3).
Құдайдың шапағатына ие болғысы келетін ер кісілер де, әйел кісілер де Ехобаға «рухында және шындықпен» мінажат етуге шақырылады. Дүние жүзіндегі миллиондаған адамдар «Тәңірдің тауына» келіп жатыр. Көптеген басқа адамдар сияқты, олар да Грециядағы бір адвокат әйелдің Афон туралы: «Рухани нәрсе белгілі бір жерде немесе монастырьда мекен етеді деп ойламаймын»,— деп айтқан сөздеріне қосылады. (Елшілердің істері 17:24, салыстырыңдар.)
[31-беттегі қоршау]
Ұзақ уақыт бойы жасырын болып келген қазына
Бірнеше ғасырлар бойы Афон сопылары 15 000 қолжазбадан тұратын құнды коллекция жинаған. Кейбір қолжазбалар, долбар бойынша, төртінші ғасырмен белгіленген. Бұндай долбар аталмыш коллекцияны дүние жүзіндегі аса құнды коллекциялардың қатарына қосады. Бұл жинақта шиыршықтар, Ізгі хабар, Забур жырлары мен мадақтау әндерінің толық томдары мен жеке парақтары, сондай-ақ көне картиналар, иконалар, мүсіндер мен металдан жасалған заттар бар. Дүние жүзіндегі грек қолжазбаларының төрттен бір бөлігі Афон тауында деп есептеледі, бірақ олардың көпшілігі әлі күнге дейін қажетті түрде жүйеге келтірілмеген. 1997 жылы сопылар алғаш рет осы қазынаның кейбіреулерін Салоника қаласында жұртқа көрсетуге рұқсат берді.
[31-беттегі сурет рұқсатымен]
Telis/Greek National Tourist Organization