Теңсіздік — Құдай оның болғанын қалады ма?
«Жоқ» деп, бір-ақ сөзбен жауап беруге болады. Неге бұлай жауап беруге болатындығын қарастырайық.
ҚҰДАЙ барлық адамдардың өмір сүруге және бақытты болуға тең құқықты болғанын қалады. Адамның қалай жаратылғаны туралы былай деп жазылған: «Сонан соң Құдай: «Біз Өзімізге рухани жағынан ұқсас адамдарды жаратайық. Олар теңіздегі балықтар мен аспандағы құстарға, малға, жабайы аңға бүкіл жер бетіне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға да иелік етсін!» — деді». Жердегілердің бәрін жаратып болған соң, «Құдай Өзі жасағанның бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді» (Жаратылыс 1:26, 31).
Осы дүниеде үстемдік етіп отырған теңсіздік туралы Құдай «өте жақсы» деп айтар ма еді? Олай дей қоймас, өйткені «Құдай — сүйіспеншілік» (1 Жохан 4:8). Жазбалар ол туралы «адамның бет-жүзіне қарамайды» және «Оның істері кемелді, және Оның жолдарының бәрі ақиқат. Құдай сенімді, және Оның өтірігі жоқ; Ол әділ әрі шыншыл» дейді (Заңды қайталау 10:17; 32:4; Аюп 34:19 салыстыр). Сондай-ақ, елші Петір мынадай қорытынды жасайды: «Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды» (Елшілердің істері 10:34, 35).
Сүйіспеншілігі зор, адамның бет-жүзіне қарамайтын, әділетті, шыншыл және ізгі ниетті Құдай, адамзатты, бақытты болу құқығын барлығы бірдей қолдана алмайтындай етіп жаратар ма еді? Егер Құдай адамзат қоғамында бірін-бірі кемсітудің болғанын қалаған болса және адамдарды теңсіздік үстемдік еткен дүниеде өмір сүруге жаратқан болса, онда ол жоғарыда айтылып өткен қасиеттерге ие тұлға болмас еді. Ол барлық адамдардың «ерікті және өзінің абыройы мен құқығы жағынан тең болып туылғанын» қалады. Алайда, өзіміз көріп отырғандай бүгінгі жағдай оның еркіне сай емес. Неге олай?
Теңсіздіктің туу себебі
Құдай адамзатты тең қылып жаратты, алайда бұл, олар барлық жағынан бірдей болуы керек дегенді білдірмейді. Әр адам өзінің мінез-құлқы, талғамы және дарыны жағынан әркелкі. Және олардың қоғамдағы орны мен билікке өкілеттілігі де бірдей емес. Мысалы, еркек пен әйел барлық жағынан тең емес: Құдай әйелді еркектің «жарасымды көмекшісі» ретінде жаратты (Жаратылыс 2:18). Ата-ана мен бала құқығының бірдей емес екендігі де сөзсіз. Осындай өзгешеліктері бола тұра, жынысына, жасына қарамастан барлық адамдардың бақытты өмір сүруге мүмкіндіктері болуы керек. Бұл жағынан Құдай оларға тең құқық берді. Барлық адамдар Құдайдың алдында бірдей дәрежеде және ол үшін бәрі бірдей қымбат.
Адамзаттан бұрын жаратылған Құдайдың рухани ұлдары туралы да осылай айтуға болады. Олардың әрқайсысының өзіне тиісті тапсырмалары мен міндеттері болды (Жаратылыс 3:24; 16:7—11; Ишая 6:6; Иуда 9). Дегенмен де, өмір сүру үшін әрі бақытты болу үшін берілген қажетті нәрселерді олардың бәрі бірдей қолдана алды. Тек қана Құдай орнатқан шекті бұзбаулары керек еді. Бұл, Құдай жолының әділдігінің көрнекті дәлелі еді.
Өкінішке орай, Құдай орнатқан әділ тәртіп рухани жаратылыстарының біріне ұнамады. Ол Құдайдың құрылымындағы өз орнын менсінбей, одан да үлкен, беделді мансапты аңсады. Бұндай қауіпті жаман ойдың пісіп жетілуіне жол берген ол, Жаратушы ретінде ең жоғары билікке ие Ехобаға қарсы шықты. Кейінірек бұл бүлікші рухани ұл, адамдарды, Құдайдың берген игіліктеріне қанағат етпей, одан да көп нәрсе талап етуге көндірді (Жаратылыс 3:1—6; Ишая 14:12—14 салыстыр). Осылайша адамзаттың бақытты өмір сүруі үшін Құдайдың орнатқан тәртібі, қайта қалпына келместей болып бұзылғандай болды. Сонымен, бұл қара ниет, бүлікші рухани тұлға адамзат қоғамындағы теңсіздіктің пайда болуына себеп болды. Аян 20:2-де ол «Ібіліс және Шайтан» деп аталған.
Жағдай жақсы жағына қарай өзгерер ме екен?
«Иә!» деп, бір-ақ сөзбен жауап беруге болады!
Бірақ, осы өзгерістерді кімнен күтуге болады? Ғасырлар бойы бүкіл дүние жүзінің саясатшылары осы теңсіздік қиыншылығын шешуге тырысып бағуда. Кейде бұл олардың адал ниеттен шыққан әрекеттері. Бірақ олардың әрекеттері жиі нәтижесіз болып жатты, сондықтан көпшілігі оны жою мүмкін емес деген қорытындыға келді. Сөйтсе де Құдайдың көзқарасы Ишая 55:10, 11-де анық көрсетілген: «Жаңбыр мен қардың аспаннан түсіп, онда қайта оралмайтыны сияқты, бірақ сепкендерге дән, жейтіндерге нан беруі үшін, жерді суарып, оны өнім беруге және өсіріп шығаруға жарамды ететініндей: Менің аузымнан шыққан сөз — Маған босқа қайта оралмайды, бірақ Мен не қаласам соны орындап, Мен оны не үшін жіберген болсам, соны жүзеге асырады».
Ехоба Құдайдың өзінің бастапқы ниетін іске асырып, өмір сүру үшін және бақытты болу үшін адамдардың барлығына бірдей мүмкіндік беретінін білген қандай жұбаныш! Ехоба — шындықтың Құдайы болғандықтан, уәдесін орындауды ол өзіне жүктеді. Бақытымызға орай, оның бұны орындауға ықыласы да, мүмкіндігі де бар. Ол ойындағысын қалай жүзеге асырады?
Ол бұны Патшалық арқылы жүзеге асырады. Иса Мәсіх өзінің шәкірттерін сол Патшалық туралы дұға етуге үйреткен. Ол былай деді: «Аспандағы Әкеміз!.. Сенің Патшалығың келсін. Аспанда болғандай жерде де Сенің еркің орындалсын»,— деп айтыңдар (Матай 6:9, 10). Осы Патшалық арқылы Ехоба «барлық патшалықтарды [қазіргі кездегі] қиратып, талқандайды да, өзі [сол патшалық] мәңгі тұратын болады» (Даниел 2:44).
Аспан Патшалығының басқаруының арқасында жаңа адамзат қоғамы құрылады. Бұл туралы Киелі кітаптың соңғы Аян кітабында елші Жохан былай деп жазды: «Содан соң жаңа көк пен жаңа жерді көрдім. Себебі бұрынғы көк пен жер құрып кетіп, енді қайтып теңіз де жоқ болыпты» (Аян 21:1). Аш-жалаңаштық, ауру-сырқау, білімсіздік, кемсіту сияқты теңсіздіктің қайғылы нәтижелері мен адамзаттың басқа да қасіреттері жойыладыa.
Міне, ғасырдан аса уақыт бойы Ехоба Куәгерлері адамдарға Құдай Патшалығы туралы уағыздауда (Матай 24:14). Олар, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер тарату арқылы және адамдарға жеке көмек көрсету арқылы, Киелі кітапта жазылған Құдайдың ниетін өзгелердің де білуі үшін, барлық мүмкіншілікті қолдануға бар күштерін салуда. Олардың бүкіл дүниежүзілік ағарту жұмысының арқасында адамдар болашақтағы жалпыға бірдей теңдік пен бақытты өмірге деген үмітке ие болып қана қоймай, қазірдің өзінде қанағаттанарлық деңгейде теңсіздікті жеңуде. Бұған қалай қол жеткізуге болатынын көрейік.
[Сілтеме]
a Құдай Патшалығының жақын арада жалпыға бірдей теңдік орнататыны туралы толығырақ білу үшін, Күзет Мұнарасы қоғамы басып шығарған «Мәңгі өмірге алып баратын білім» кітабының 10-шы және 11-ші тарауларын қараңыз.
[5-беттегі сөздер]
Құдай барлық адамдардың өмір сүруге және бақытты болуға тең құқықты болғанын қалады.