Оқырмандардың сауалдары
● Киелі кітапты зерттеуді бастамай тұрып, әйеліммен ажырасқан болатынмын. Ажырасуымыздың себебі азғындық емес, мінезіміздің үйлеспеуі еді. Қазір мәсіхшімін. Киелі кітаптың көзқарасы бойынша, қайтадан некеге тұруға құқым бар ма?
Сіз айтқан жағдайда адамның қайтадан некеге тұруға Киелі кітаптық негізі бар-жоқтығы оның алдыңғы некесі Құдайдың көз алдында бұзылды ма, жоқ па соған байланысты.
Сіздің алдыңғы некеңіз мәсіхші болғанға дейін ресми түрде, бәлкім, мінездің үйлеспеушілігі сияқты, заңда қарастырылған себептермен бұзылды. Бұдан кейін үкімет үшін неке жарамсыз. Алайда сізді, Жоғарғы заң шығарушының көз алдында бұрынғы әйеліңізбен “біртұтас” болып қалдыңыз ба, жоқ па осы қызықтырса керек (Жаратылыс 2:22—24).
Мұны анықтауға Исаның айтқан сөздері көмектеседі. Адамдардың әр түрлі себептермен ажырасуға негіздері болғанын мойындап, Иса былай толықтырады: “Кім жеңіл жүріске түспеген [грек тілінде порни́а] әйелінен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады” (Матай 19:9; 5:32). Олай болса, қайтадан некеге тұруға мүмкіндік беретін ажырасудың Киелі кітаптағы жалғыз себебі — “жеңіл жүріс” немесе порни́а. Бұған неке адалдығын бұзу және азғындықтың басқа да сорақы түрлері жатады.
Осылайша, егер әйеліңіз неке адалдығын бұзған болса, сіздің ажырасуға Киелі кітаптық негізіңіз болар еді. Егер осындай жағдаймен — неке адалдығын бұзу немесе қандай да бір шындыққа сай келетін заңды негізбен — ажырасқан болсаңыз, әйеліңізбен “біртұтас” болмас едіңіз. Сондай-ақ керісінше, егер неке адалдығын өзіңіз бұзып, әйеліңіз сізді кешіргісі келмей, ажырасқан болса да, жағдай осындай болар еді. Сонда екеуіңіздің де Киелі кітаптың көзқарасы бойынша бастарыңыз бос болар еді.
Алайда сіз ажырасқанға дейін ешқандай азғындық болған жоқ дедіңіз. Онда, Исаның айтқандарын ескерер болсақ, ажырасқаннан кейін Құдайдың көз алдында некелерің бірден жарамсыз бола қалды деп есептеуге бола ма? Адам мәсіхші болған уақытта, Құдайдан істеген күнәлары үшін кешірім сұрағанымен, бұрынғы мойнында бар міндеттерінің бәрінен босатылмайды (1 Жохан 1:7; 1 Қорынттықтарға 6:9—11). Мысалы, сіз досыңыздан қарызға ақша алып, оны бөліп-бөліп қайтаратын болып келістіңіз делік. Кейін сіз мәсіхші болдыңыз. Онда қарызыңызды қайтарудан құтыласыз ба? Бұлай болуы екіталай. Қайта, Құдайдың қарызды қайтаруға деген көзқарасын білгеннен соң, оған үлкен жауапкершілікпен қарар едіңіз (Забур 36:21; 15:4; 111:5). Неке туралы да осылай деуге болады. Үйленген кездеріңізде, Құдай сіздерді “біртұтас” деп есептей бастады. Олай болса, ойланып көрейік: Құдайдың өз көзқарасын өзгертуіне негіз бар ма?
Болуы да мүмкін. Ажырасқаннан соң, Құдайдың көз алдында некені жарамсыз ететін жағдай болуы да мүмкін. Мұны түсіну үшін, бұл сұрақты Матай 19:9-ғы Исаның айтқан сөздерінің негізінде қарастырып көрейік. Сіз бұрын азғындыққа бармадыңыз, алайда әйеліңізден ажырасқан соң “жеңіл жүріске” барған болсаңыз, некеңіз жарамсыз болып есептелер еді. Ол сізден кетті, сондай-ақ кейіннен сіздерді “біртұтас” деп есептеуге болмайтын Киелі кітаптық негіз пайда болды. Екінші жағынан, ажырасқаннан соң “жеңіл жүріске” әйеліңіз барған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Иса Құдайдың көз алдында некелеріңіз бұзылды деп есептеуге болатындығын айтқан, өйткені бұған дейін ажырасқансыздар, ал енді сіз, кінәсіз жар, бұрынғы әйеліңіз азғындық жасады деп санайсыз.
Осылайша, сіз айтқан жағдайда, ажырасқаннан кейінгі жағдай ғана Құдайдың көз алдында әйеліңізбен “біртұтас” болып қаласыз ба, жоқ па, осыны анықтауда шешуші рөл атқарады.
Ал егерде қайтадан некеге тұруыңызға Киелі кітаптық негіз жоқ екенін анықтасаңыз ше, мұндай жағдайда не істеуге болады? Бұрынғы әйеліңізбен Киелі кітаптағы шындықтар туралы бөлісіп көруге тырысуыңызға болады. Бәлкім, оған Киелі кітаптың адамды өзгертіп, бұрын көп қасірет шеккендерге бақыт әкелетінін түсінуіне көмектесе аларсыз. Егерде қайтадан бас қосуды шешсеңіздер, онда барлығына қадірлі болу үшін некелеріңізді заңды түрде тіркегендеріңіз дұрыс (Еврейлерге 13:4).
Егер әйеліңіз дәл қазір қосылуды қаламаса, осы уақытқа дейін істегеніңіздей, таза құлықтылық өмір кешуді жалғастыра беріңіз (Жақып 3:17; 1 Салониқалықтарға 4:3—5). Елші Пауыл некеде тұрмағандар өз уақыты мен басының бостығын шынайы Құдайға қызмет етуге жұмсай алатынын айтқанa (1 Қорынттықтарға 7:29—35). Қауыммен үнемі қарым-қатынаста болу, Құдай Сөзін уағыздау мен шәкірттер дайындау ісіне белсене қатысу терең қанағат сезіміне бөлеп, көптеген баталар әкеледі.
Егер ойынның ұтысына аздаған ақша тігілсе, ойнауға бола ма?
Құдай Сөзінде бұл мәселе туралы егжей-тегжейлі еш нәрсе қарастырылмағанымен, онда ақшаға ойнаудың кез келген түрі Киелі кітаптың принциптеріне тура келмейтіндігі анық көрсетілгенb. Мысалы, құмар ойындардың ашкөздік туғызатыны көпшілікке мәлім. Киелі кітаптың айтуынша — жалған тәңірлерге табыну қалай жазаланатын болса — ашкөздік те солай жазаланады. Құдай сөзі “ашкөздікке салынғандардың” Құдай Патшалығынан орын алмайтынын айтады. Осының өзі мәсіхшілерге жеткілікті негіз болып табылады (1 Қорынттықтарға 6:9, 10; Қолостықтарға 3:5).
Құмар ойындар өзімшілдікке және бақталастыққа шақырып, жеңіске жетуге деген құмарлықты өршітеді. Дәл осы туралы елші Пауыл: “Жеке басымызды қастерлеп, бір-бірімізді ашуландырып, күндеуге жол бермейік!”— деп ескерткен еді (Ғалаттықтарға 5:26). Мұнан қалса, кейбіреулер жолдың сәтті болу ырымдарына арқа сүйей бастайды. Ойыншылар ойынның қорытындысына әсер ету үшін әр түрлі ырымдарға жүгінеді. Мұндай адамдар ‘сәттілік пен тағдырды пір тұтқан’ жолдан тайған исраилдіктерді еске түсіреді (Ишая 65:11).
Мүмкін кейбіреулер қарта немесе үстелде ойнайтын ойындарды ұтыс тігіп, жайбарақат жерде, жақын достар мен туыстар арасында ойнауды жай әншейін көңіл көтеру деп пайымдайтын шығар. Аз сомаға ойнайтындардың ішінде өздерін ашкөз, тәкаппар, біреумен жарысуды жақсы көретін немесе ырымшыл деп есептейтіндер әрине аз кездеседі. Дегенмен бірге ойнап жатқандарға бұл ойындар қалай әсер етіп жатқанын да ойлауымыз керек. Көптеген құмар ойыншылар ұтысқа аздаған ақша тігіп, жай әншейін қызық үшін ойнаудан бастағанын айтады (Лұқа 16:10). Бір қарағанда жай ғана көңіл көтерулердің салдары қайғылы нәрселерге әкеліп соқты.
Әсіресе жас балаларға қатысты осылай деуге болады. Көптеген балалар аздаған ақша ұтып алса, кұмартады да, еліріп ұтысқа бұдан да көп ақша тіге бастайды (1 Тімотеге 6:10). Құмар ойындарына әуестенуге қатысты мәселелермен айналысатын Аризонадағы (АҚШ) ұйым, жүргізген зерттеулерінің қорытындысын басып шығарды. Олардың айтуынша, құмар ойындарына салынып кеткендердің көбісі ойнауды жастайынан бастаған, яғни спорт жарыстарындағы жеңіс иелерін болжап және достарымен, туыстарымен қарта ойнап ақша тігуден бастаған. Басқа бір деректердің айтуынша, “балалар құмар ойындар ойнауды үйде бастайды. Әдетте, бұл — отбасы мен достар арасындағы қарта ойындары”. Әрі қарай сол деректерде “құмар ойындарын ойнайтын балалардың отыз пайызы он бір жасқа толмай жатып-ақ ойнай бастағандығы” атап көрсетіледі. Ойыншылар мен құмар ойындарға деген әуестігі дертке айналған адамдарды зерттейтін еңбекке сәйкес, жасөспірімдер кұмар ойындарды ойнау үшін ақшаны азғындық пен қылмыстық жолға түсіп табады. Міне, алғашында айыпсыз болып көрінген нәрселердің қайғылы салдары!
Біз мұнсыз да еліктірулер мен қақпанға толы дүниеде өмір сүріп жатқанда, өз басымызды тағы да бір қауіпке тігудің қажеті не? (Нақыл сөздер 27:12). Балалардың қатысуымен не оларсыз, аз немесе көп сомаға болсын, ақша тігіп ойнау рухани денсаулыққа қауіп төндіретіндіктен, орынсыз. Үстелде ойналатын ойындар мен қарта ойнайтын мәсіхшілердің ұпайды ғана санап немесе мүлдем санамай-ақ жай көңіл көтеру үшін ойнай бергені дұрыс. Өз достарының және отбасының рухани жағдайын ойлайтын парасатты мәсіхшілер ұтысқа тіпті аздаған ақша тігілсе де құмар ойындарды ойнамайды.
[Сілтемелер]
a 1972 жылдың 8 желтоқсанындағы “Ояныңдар!” (5—8 беттер, ағ.) және 1977 жылдың 1 мамыр айындағы “Күзет мұнарасы” (264—268 беттер, ағ.) журналдарын қараңдар.
b Мысалы, ұтыс тігіп ойнау келесі құмар ойындарда кездеседі: лоторея, қарта және сүйек ойындары. Сондай-ақ бір оқиғаның немесе ойынның немен аяқталатынына, яғни нәтижесі қандай болатынына дауласып, оған да ақша тігіп ойнайды.