Әрбір адам мақтауды қажет етеді
КІШКЕНТАЙ қыздың бүгінгі күні жақсы өтті. Басқа күндері анасы қызына ескерту жасап отырғанымен, бүгін кішкентай қыз өзін әдеттегідей емес, ерекше үлгілі көрсетті. Бірақ кешке анасы кішкентай қызын ұйықтауға жатқызып жатқанда, қызы солқылдап жылап жіберді. Анасы қызынан неге жыладың деп сұрағанда, ол өксіп жылап жатып: “Мен бүгін жақсы қыз болмадым ба?” — деп сұрады.
Бұл сұрақ анасының жүрегіне пышақ сұғып алғандай болды. Ол қызына ескерту жасау мүмкіндігін ешқашан жібермейтін. Алайда бүгін ол қызының қанша жақсы қыз болып жүруге тырысқанын көргенімен, бірде-бір мақтау сөз айтпады.
Бірақ мақтау мен жігерлендіруге кішкентай қыздар ғана мұқтаж емес. Кеңес пен ескертуге мұқтаж болғанымыздай, бәріміз де мақтау мен жігерді қажет етеміз.
Бізді әлдекім шын жүректен мақтаса, өзімізді қалай сезінеміз? Бұл жүрегіңді жылытып, қуантпай ма? Өзгелердің бізді байқап, көңіл аударғаны әрине бізге жағады. Мақтау сөздер біздің тырысқанымыздың бекер емес екенін көрсетіп, әрі қарай да ынталануға шақырады. Әлдекім бізді шын жүректен мақтап, жігерлендіретін нәрсе айтса, ол адамға ішіміз жылып сала беретіні таңғаларлық емес (Нақыл сөздер 15:23).
Иса Мәсіх адамдарды мақтаудың қажеттілігін түсінген. Күміс туралы астарлы әңгімеде (Исаның өзін білдіретін) Қожайын екі адал қызметшісін былай деп шын жүректен мақтайды: “Жарайсың, жақсы да адал қызметшім!” Мұндай сөздерді есту қандай қуанышты! Қызметшілердің қабілеттері мен қол жеткізген жетістіктері әр түрлі болғанымен, барлығы бірдей мақтауға ие болды (Матай 25:19—23).
Әрқашанда сол кішкентай қыздың анасын есте сақтап жүрейік. Басқалардың жылағанын күтіп, мақтамай жүре берудің қажеті жоқ. Оның орнына мақтауға болатын әрбір мүмкіндікті қарап жүруге болады. Әрбір ыңғайы келген жағдайда адамдарды мақтауға себеп көп.