Оқырман сауалдары
● Ер немесе әйел адам Киелі кітапқа негізделген себеп бар деген оймен жұбайымен ажырасу үшін сотқа жүгінсе, сот ісі аяқталмай жатып басқа адамға көңіл білдіруіне не онымен кездесіп тұруына бола ма?a
Ең алдымен, ажырасуға қатысты Киелі кітап үйрететін көзқарасты жақсы түсініп алған жөн. Құдай Сөзіне сай, ажырасуға және басқа адаммен неке құруға жалғыз негіз — ерлі-зайыптылардың бірі неке адалдығын бұзғаны (Мат. 19:9). Иса жұбайының адалдығына қатты күмәнданған адам ажыраса алады деген жоқ. Ажырасу үшін неке адалдығының бұзылғанына жұбайының мойындауы немесе оның басқа адаммен түні бойы лайықсыз жағдайда оңаша қалғанының айғағы сияқты нақты дәлел керек (Нақ. с. 5:8—11).
Неке адалдығының бұзылғанына еш дәлелсіз ажырасқан адамдар заң жүзінде ерлі-зайыпты емес деп саналғанымен, Құдай олардың жаңа неке құруларына құқық бермейді (Мар. 10:9). Ал жаңа неке құратын болса, Құдай оларды неке адалдығын бұзды деп есептейді. Киелі кітапта: “Кім әйелінен ажырасып, басқаны алса, сол неке адалдығын бұзады. Егер әйел күйеуінен ажырасып, басқаға тисе, оның да неке адалдығын бұзғаны”,— деп жазылған (Мар. 10:11, 12; Мат. 19:9 салыстыр).
Ажырасуға Киелі кітапқа сай негіз болса да, сот ісі аяқталмайынша, адамның басқа біреумен неке құру мақсатымен кездесуіне болмайды. Ол әлі де некедегі адам болып есептеледі. Ажырасуға қатысты заңдар әр елде әртүрлі. Кей елдерде сот шешімінен кейін бірден неке заңды түрде бұзылды деп қарастырылады. Басқа бір жерде сот шешімі алты айдан кейін ғана күшіне енеді. Өзге елдерде әлдеқайда ұзақ уақыттан соң — мысалы уақытша шешім қабылдағасын бір жыл өткеннен кейін ғана — еркек пен әйел заңды түрде ажырасқан болып есептеледі.
Олай болса, осы уақыт аралығында еркек не әйел бойдақ адамдай басқа біреуге көңіл білдіруге немесе онымен неке құру мақсатымен кездесіп тұруға ерікті емес. Мұндай әрекет заң жағынан да, рухани жағынан да тек қиындық тудырар еді (Евр. 13:4). Ажырасу ісі аяқталған соң және заң жүзінде қарастырылған болса, соңғы шешім күшіне енгеннен кейін ғана, адам салтбасты ретінде әрекет ете алады және басқа неке құруға құқылы.
Заң бойынша және Жазбалардың негізінде ажырасқан адам Ехобаға ұнамды неке құрғысы келсе, Киелі кітаптағы некеге қатысты нұсқауларды ескергені жөн. Құдай қызметшілерінің өзіне шынайы ғибадат етпейтін адаммен неке құрғанын мақұлдамайды (Заң. қ. 7:3; Нех. 10:30). Сенбейтінмен неке құрған адам, Исраил патшасы Сүлейменнің жағдайында болғандай, Құдайдың батасынан айырылып қалуы мүмкін (Пат. 3-ж. 11:4, 9). Құдай Сөзінде шынайы мәсіхшілердің тек ‘Иемізбен тығыз байланыста тұрған’ адаммен, яғни шынайы мәсіхшімен ғана, неке құрулары керек екені жазылған (Қор. 1-х. 7:39). Бұдан некеге тұру мақсатымен араласатын адамдардың аясы шектелгенімен, Құдайдың өсиетіне құлақ асқан жан жақында орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүру үмітіне ие болады.
Сонымен, ажырасу мәселесі сотта қарастырылып жатқан еркек не әйел салтбасты басқа адамға көңілі ауып кетпес үшін, сезімін тізгіндеуі керек. Ажырасқаннан кейін ол жаңа неке құруды шешсе, Ехобаға адал қызмет ететін жар таңдағаны жөн. Сонда олар Жаратқанның жарылқауына ие болады (Нақ. с. 10:22).
[Сілтеме]
a “Күзет мұнарасының” 1968 жылының (ағ.) 15 сәуіріндегі мақаласынан алынған.