13-ТАРАУ
“Бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!”
ҚҰДАЙҒА бағышталған қызметшілер болғандықтан, біздің бір міндетіміз бар, ол — Ехобаның ұлылығын сөзімізбен және ісімізбен паш ету. Осы орайда елші Пауыл жақсы принципті айтқан: “Ішсеңдер де, жесеңдер де не басқа нәрсе істесеңдер — бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” (Қор. 1-х. 10:31). Бұл Ехобаның әділ нормаларын ұстануды білдіреді, ал бұл нормалар оның кемелді болмысын паш етеді (Қол. 3:10). Біз қасиетті халық ретінде Құдайға еліктеуіміз керек (Ефес. 5:1, 2).
2 Елші Петір мәсіхшілердің назарын осы жайтқа аударғысы келіп былай деп жазған: “Тілалғыш балалардай болып, Құдайды білмей тұрған кездеріңдегі қалауларың бойынша өмір сүруді қойыңдар. Қайта, өздеріңді шақырған Киелі Құдай сияқты, сендер де барлық іс-әрекеттеріңде киелі болыңдар. Өйткені Жазбада: “Киелі болыңдар, себебі мен киелімін”,— делінген ғой” (Пет. 1-х. 1:14—16). Ежелгі Исраилдегідей, мәсіхшілер қауымындағы барлық адам киелілікті сақтау керек. Бұл дегеніміз кіршіксіз әрі күнә атаулыдан таза болуды және осы дүниенің рухымен былғанбауды білдіреді. Осылайша олар қасиетті қызмет үшін бөлініп алынады (Мұс. 2-ж. 20:5).
3 Киелілікті сақтау үшін Киелі жазбаларда анық айтылған Ехобаның заңдары мен принциптерін берік ұстануымыз керек (Тім. 2-х. 3:16). Киелі кітапты зерттеу арқылы біз Ехоба мен оның жолдарын білдік, оған жақындай түстік. Осы зерттеудің арқасында Құдай Патшалығын бірінші орынға қою керектігін және Құдайдың еркін орындау өміріміздің төрінде болу керектігін түсіндік (Мат. 6:33; Рим. 12:2). Бұл үшін жаңа болмысқа ие болуымыз қажет (Ефес. 4:22—24).
РУХАНИ ЖӘНЕ МОРАЛЬДЫҚ ТАЗАЛЫҚ
4 Ехобаның әділ нормаларын ұстану әрдайым оңай бола бермейді. Өйткені жауымыз Шайтан Ібіліс бізді шындықтан тайдырудың амалын іздеп жүр. Оның үстіне, осы зұлым дүниенің ықпалы мен өзіміздің күнәкар бейімділіктеріміз де кейде жағдайымызды қиындатады. Сондықтан бағышталуымызға сай өмір сүру үшін рухани күрес жүргізуіміз қажет. Жазбаларда айтылғандай, қарсылықтар мен қиындықтарға кезіккенде таңғалудың қажеті жоқ. Біз әділдік үшін қасірет шегеміз (Тім. 2-х. 3:12). Қиындықтарға тап болғанда да бақытты бола аламыз, өйткені қиындықтар — Құдайдың еркін орындап жүргеніміздің дәлелі (Пет. 1-х. 3:14—16; 4:12, 14—16).
5 Иса кемелді болса да, шеккен азаптары арқылы мойынсұнуды үйренді. Ол бірде-бір рет Шайтанның азғыруларына берілмеді, осы дүниелік мансап пен мақсаттарға да ұмтылмады (Мат. 4:1—11; Жох. 6:15). Адалдықтан аттап кету оның ойына да келмеген. Осындай адалдығымен бұл дүниеге жеккөрінішті болса да, Ехобаның әділ нормаларын ұстанды. Өлеріне аз уақыт қалғанда, Иса шәкірттерінің де осы дүниеге жеккөрінішті болатынын ескерткен. Содан бері Исаның ізбасарлары талай тауқымет тартуда. Бірақ олар Құдай Ұлының бұл дүниені жеңіп шыққанын біледі, бұл олардың бойларына батылдық ұялатады (Жох. 15:19; 16:33; 17:16).
6 Осы дүниелік болмас үшін, Иеміз сияқты біз де Ехобаның әділ нормаларын ұстануымыз керек. Саяси және әлеуметтік мәселелерге де араласпауымыз қажет. Сондай-ақ моральдық жағынан құлдырап жатқан осы дүниенің ықпалына қарсы тұруға тиіспіз. Біз Жақып 1:21-дегі мына кеңеске мұқият ден қоямыз: “Лас нәрселердің бәрінен, жамандықтан түптамырымен арылып, жүректеріңе себіліп жатқан әрі сендерді аман сақтай алатын сөзді кішіпейілділікпен қабылдаңдар”. Зерттеу мен қауым кездесулері арқылы біз шындық сөзін санамыз бен жүрегімізге “себеміз”, әрі бұл дүние ұсынып отырғанды қаламақ түгілі, ойымызға да алмаймыз. Шәкірт Жақып былай деп жазды: “Осы дүниемен дос болу — Құдаймен жауласу екенін білмейсіңдер ме? Сондықтан кім осы дүниемен достасқысы келсе, сол өзін Құдайға жау етеді” (Жақ. 4:4). Сол себепті Киелі кітапта Ехобаның әділ нормаларын берік ұстанып, осы дүниелік болмау жайлы қатаң ескерту жазылған.
7 Құдай Сөзі ұятсыз жүріс-тұрыс пен моральдық өнегесіздікке тыйым салады. Онда былай делінген: “Араларыңда азғындық, әрқилы арам істер мен ашкөздіктің тіпті аты да аталмасын. Өйткені бұл қасиетті адамдарға лайық емес” (Ефес. 5:3). Сонымен, санамызға сорақы, ұятсыз нәрселерді ұялатпауымыз керек, мұндай жайттар әңгімемізге де еніп кетпеу керек. Осылайша Ехобаның таза да әділ моральдық нормаларын ұстануға ықыласты екенімізді дәлелдейміз.
ТӘНДІК ТАЗАЛЫҚ
8 Мәсіхшілер рухани және моральдық тазалықпен қатар, тәндік тазалықтың да маңызды екенін түсінеді. Киелі Құдай ежелгі исраилдіктер тіккен қостың таза болуын талап еткен. Біз де таза жүруіміз керек, сонда Ехоба бізден “қандай да бір лайықсыз нәрсені көрмейді” (Мұс. 5-ж. 23:14).
9 Киелі кітапта киелілік пен тәндік тазалықтың тығыз байланысты екені көрінеді. Мысалы, Пауыл былай деп жазған: “Қымбатты бауырластар,.. тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрседен өзімізді тазартайық. Осылай Құдайдан қорқа отырып, қасиетті бола түсейік” (Қор. 2-х. 7:1). Осы себепті мәсіхші ерлер мен әйелдер тәндерін таза сақтау керек. Бұл үшін олар үнемі жуынып, киімдерін де жуып отыруы тиіс. Әрине, адамдардың тұрмыс жағдайы барлық елде бірдей емес, бірақ өзіміздің де, балаларымыздың да таза жүруіне қажетті сабын мен су барлық жерде қолжетімді.
10 Уағыз ісіне қатысатындықтан, тұрып жатқан жерімізде адамдар бізді жақсы таниды. Үйіміздің іші мен сырты таза да ұқыпты болғаны көршілерге жақсы куәлік береді. Үйдің тазалығына бүкіл отбасы атсалыса алады. Ер бауырластар үйдің жалпы жағдайына көңіл бөліп, оның айналасын да қараусыз қалдырмайды, өйткені ауланың таза, үйдің жақсы күйде болғаны өзгелерге жақсы әсер қалдырады. Отағасы рухани істерде жетекшілік етумен қатар, осы тазалық ісіне де жауапкершілікпен қараса, бұл — оның өз отбасына жақсы басшылық ететінінің белгісі (Тім. 1-х. 3:4, 12). Әйел бауырластардың да жауапкершілігі жоқ емес. Олар әсіресе үйдің ішіне көңіл бөлу керек (Тит. 2:4, 5). Ал тәрбиелі балалар таза да ұқыпты болып, өз бөлмелерін жинап жүреді. Осылайша бүкіл отбасы бірігіп, Құдай Патшалығы орнататын жаңа дүниедегі тазалыққа қазірден бастап әдеттенеді.
11 Бүгінде Ехоба куәгерлерінің көбісі қауымға өз автокөліктерімен қатынайды. Кейбір жерлерде қызметке бару үшін көлік өте қажет. Олай болса, мұндай көлік таза әрі жақсы күйде болуы тиіс. Үйіміз бен көлігімізден Ехобаның таза да киелі халқының бір бөлігі екеніміз көрініп тұру қажет. Уағызда алып жүретін сөмкеміз бен Киелі кітабымыз жөнінде де осылай деуге болады.
12 Біздің киіміміз бен түр-келбетіміз Құдай принциптеріне сай болуы тиіс. Жоғары лауазымды адамның алдына барсақ, алқам-салқам не тым еркін стильде киінбейміз ғой. Ендеше, Ехобаның өкілі ретінде қызметке барғанда немесе мінбеге шыққанда, киіміміз бен келбетімізге аса мұқият болуымыз керек емес пе?! Бұл өзгелердің ғибадатымызға деген көзқарастарын қалыптастырады. Сондықтан бұл мәселеде қарапайымдылық сақтамау, өзгелердің сезімін ескермеу жөнсіз болар еді (Миха 6:8; Қор. 1-х. 10:31—33; Тім. 1-х. 2:9, 10). Уағыз қызметіне, қауым кездесулеріне, аудандық не аймақтық конгрестерге жиналып жатқанда, Жазбалардың тәндік тазалық пен қарапайым сырт көрініс жайлы көзқарасын есте ұстауымыз керек. Біз әрқашан Ехобаны даңқтап, дәріптегіміз келеді.
Құдайға бағышталған қызметшілер ретінде біздің бір міндетіміз бар, ол — Ехобаның ұлылығын сөзімізбен және ісімізбен паш ету
13 Дүниежүзілік бас басқармаға не Ехоба куәгерлерінің филиалына барғанда да, осы тәртіпті ұстанғанымыз жақсы. “Бетел” деген атау “Құдай үйі” дегенді білдіретінін есте ұстаңыз. Сондықтан қауым кездесулеріне барғанда киіміміз бен жүріс-тұрысымыз қандай болса, Бетелге барғанда да сондай болуы тиіс.
14 Тіпті демалып жүргенде де, киіміміз бен сырт келбетімізге назар аударғанымыз жөн. “Киіміме бола бейресми куәлік беруге қысылар ма едім?”— деп ойланып тұрғанымыз абзал.
ЛАЙЫҚТЫ ОЙЫН-САУЫҚ ПЕН КӨҢІЛ КӨТЕРУ
15 Демалыс пен көңіл көтеру денсаулыққа жақсы ықпал етіп, өмірде тепе-теңдік сақтауға көмектеседі. Бірде Иса шәкірттерін өзімен бірге оңашада “аздап тынығып алуға” шақырған (Мар. 6:31). Демалыс пен лайықты ойын-сауық қуанышты сәттер сыйлайды. Осының арқасында бір сергіп қаламыз. Сөйтіп, күнделікті міндеттерімізді әрі қарай қуана орындаймыз.
16 Бүгінгі таңда қолжетімді ойын-сауық түрлері сан-алуан. Мәсіхшілер бұл мәселеде талғампаз болып, әрбір ісінде даналық танытулары қажет. Орнымен көңіл көтере білсек, ойын-сауық өміріміздің төріне шығып кетпейді. “Соңғы күндері” адамдардың “Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретінін” біз жақсы білеміз (Тім. 2-х. 3:1, 4). Бүгінде ойын-сауық не көңіл көтеру деп есептелетін нәрселердің көбісі Ехобаның әділ нормаларын ұстанғысы келетіндер үшін лайық емес.
17 Ертедегі мәсіхшілерге сол кездегі ләззатқұмар дүниенің зиянды ықпалына қарсы тұру қажет болды. Ежелгі римдік цирктерде көрермендер адамның қалай азап шеккенін тамашалап, көңіл көтерген. Сондай-ақ жұрт қызықтасын деп, зорлық-зомбылық, қантөгіс, жыныстық өнегесіздік көріністері бар қойылымдар сахналанған. Бірақ ертедегі мәсіхшілер мұның бәрінен аулақ жүрген. Мұндай нәрселер бүгіндегі ойын-сауықтардың көбісінде бар, әрі бұл ойын-сауықтар адам қалауын бірден қанағаттандыруға бағытталған. Сондықтан біз қалай әрекет ететінімізге “мұқият ден қойып”, моральдық жағынан құлдырататын көңіл көтеру түрінен аулақ жүруіміз керек (Ефес. 5:15, 16; Зәб. 11:5). Тіпті ойын-сауықтың өзі жаман болмаса да, бірақ ондағы жай-күй орынсыз болуы мүмкін (Пет. 1-х. 4:1—4).
18 Бірақ мәсіхшілер үшін лайықты ойын-сауықтар да бар. Көп бауырластар Жазбалардағы және басылымдарымыздағы байыпты кеңестерге құлақ асып, соның көп пайдасын көрген.
19 Кейде бір бауырлас бірнеше мәсіхші отбасын өз үйіне қонаққа шақырып жатады. Ал кейде бауырластар үйлену тойына не осы іспетті салтанатты кешке шақырылады (Жох. 2:2). Мұндай кезде үй иесі не той иесі жиын үшін жеке жауапкершілік сезінуі тиіс. Үлкен жиындарда аса абай болған жөн. Мұндай жиында адамдар өзін еркін сезінгендіктен, кейбіреулер мәсіхшіге тән жүріс-тұрыстың шегінен шығып, көп ішіп-жеп қойған, тіпті басқа да ауыр күнә жасаған. Осыны есте ұстайтын парасатты мәсіхшілер қонақтардың саны мен кештің ұзақтығына шек қоя біледі. Егер алкогольді ішімдіктер қойылатын болса, оны орынды мөлшерде пайдалану керек (Філіп. 4:5). Егер мұндай жиындардың пайдалы әрі рухани сергітерліктей өтуі жан-жақты қамдалса, тамақ пен ішімдікке көп назар аударылмайды.
20 Қонақжай болу — мақтауға тұрарлық іс (Пет. 1-х. 4:9). Бауырластарды үйімізге ас ішуге, демалуға, араласуға шақырғанда, жағдайы төмен бауырластарымызды да ұмыт қалдырмағанымыз абзал (Лұқа 14:12—14). Ал егер біз қонақ болып отырсақ, онда өзімізді Марқа 12:31-дегі кеңеске сай ұстауымыз керек. Өзгелердің жақсылығы үшін ризашылық білдіру — жақсы әдет.
21 Мәсіхшілер Құдайдың көл-көсір сыйының рақатын көре алады, әрі “ішіп-жеп, [өз] еңбегінің жемісіне” қуана алады (Уағ. 3:12, 13). “Бәрін Құдайды дәріптеу үшін істесек”, қонақ шақырғандар да, қонақ болғандар да рухани сергіткен отырыстарды жылулықпен еске алатын болады.
МЕКТЕПТЕГІ ІС-ШАРАЛАР
22 Ехоба куәгерлерінің балаларына мектепте алатын негізгі білімнің берер пайдасы көп. Мектеп қабырғасында жүріп олар оқу мен жазуды үйренеді. Сондай-ақ басқа да пәндер жастарға рухани мақсаттарына жетуге көмектеседі. Мектеп жылдары олар рухани істерді бірінші орынға қойып, “Ұлы Жаратушысын есте ұстау” үшін барынша күш салады (Уағ. 12:1).
23 Егер сен мектепте оқып жүрген мәсіхші болсаң, қажетсізден-қажетсіз осы дүниелік жастармен араласып кетуден сақ бол (Тім. 2-х. 3:1, 2). Осы дүниенің ықпалынан сақтану үшін көп нәрсе істей аласың, өйткені Ехоба бізге қажетті қорғаныш берген (Зәб. 23:4; 91:1, 2). Ендеше, Ехобаның беріп отырған көмегін қабыл алып, өзіңді қорға (Зәб. 23:5).
24 Мектепте оқып жүрген жас Куәгерлердің көбісі осы дүниенің әсерінен қорғану үшін, оқудан тыс өткізілетін үйірмелер мен іс-шараларға қатыспауды шешкен. Олардың бұл шешімдерін сыныптастары мен мұғалімдері түсінбейтін шығар. Бірақ ең бастысы — Құдайға ұнамды болу. Бұл үшін ар-ұжданыңды Киелі кітапқа сай машықтандырып, осы дүниелік бақталастық пен ұлтжандылық рухынан аулақ жүруге бекінуің керек (Ғал. 5:19, 26). Жастар, мәсіхші ата-аналарыңның Жазбаларға негіздеп берген кеңесіне құлақ асып әрі қауыммен тығыз араласып, Ехобаның әділ нормаларын берік ұстаныңдар.
ЖҰМЫС ПЕН ӘРІПТЕСТЕР
25 Жазбаларға сай, отағаларға үй ішінің қамын ойлау міндеті жүктелген (Тім. 1-х. 5:8). Сөйте тұра, олар Құдайдың қызметшісі ретінде Патшалықтың мүддесі үшін жұмыстарын екінші орынға қою керектігін түсінеді (Мат. 6:33; Рим. 11:13). Құдайға шын берілгендік танытып, әрі ішер ас пен киер киімді қанағат етіп, олар сарыуайымға берілмейді және дүниеқұмарлықтың тұзағына түсіп қалмайды (Тім. 1-х. 6:6—10).
26 Жұмыс істейтін бағышталған мәсіхшілердің бәрі Жазбалардағы принциптерді жадында ұстау керек. Нанын адал еңбекпен табатын жұмысшы деп Құдай заңына немесе жергілікті заңға қайшы келетін істерден бас тартатын адамды айтамыз (Рим. 13:1, 2; Қор. 1-х. 6:9, 10). Біз жаман ортаның қауіпті екенін ұмытпаймыз. Мәсіхтің сарбазы болғандықтан, принциптерге қайшы келетін, мәсіхшілік бейтараптықтан аттап өтуге итермелейтін және рухани күйімізге қауіп төндіретін сауда-саттықпен айналыспаймыз (Ишая 2:4; Тім. 2-х. 2:4). Бұған қоса, Құдайдың діни жауы “Ұлы Бабылмен” еш байланысқымыз келмейді (Аян 18:2, 4; Қор. 2-х. 6:14—17).
27 Құдайдың әділ талаптарын берік ұстансақ, мәсіхшілік жиындарды жеке бастың пайдасы үшін не кәсіпкерлік тәуекел мақсатында қолданып қалудан сақ боламыз. Бауырластармен қауым кездесулері мен конгрестерде жиналатынымыздың бір ғана мақсаты бар, ол — Ехобаға ғибадат ету. Олармен бірге Құдайдың рухани дастарқанынан тамақтанып, “өзара жігерленеміз” (Рим. 1:11, 12; Евр. 10:24, 25). Мұндай қарым-қатынас рухани деңгейде сақталуы тиіс.
МӘСІХШІЛІК БІРЛІГІМІЗДІ САҚТАЙЫҚ
28 Ехобаның әділ нормаларына сай, оның халқы “киелі рух арқылы иемденген бірліктерін” сақтау керек (Ефес. 4:1—3). Әрқайсысымыз өзімізді ғана ойламай, өзгелерге де жақсылық жасауға ұмтыламыз (Сал. 1-х. 5:15). Дәл осындай рухты сіз өз қауымыңыздан көрдіңіз. Нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік, экономикалық жағдайымыз не білім деңгейіміз қандай болмасын, бәріміздің де басшылыққа алатын әділ нормаларымыз бірдей. Ехобаның халқына тән осы ерекшелікке тіпті өзгелер де куә болып жүр (Пет. 1-х. 2:12).
29 Елші Пауыл бірліктің арқауына баса назар аударып былай деген: “Өздерің ие болуға шақырылған үміттің біреу болғаны сияқты, дене де біреу, рух та біреу, Ие де біреу, сенім де біреу, шомылдыру рәсімі де біреу, бәрінің Әкесі — Құдай да біреу. Ол бәрінен жоғары, бәрі арқылы және бәрінің бойында әрекет етеді” (Ефес. 4:4—6). Бұл сөздер бізді Киелі кітаптың негізгі ілімдері мен тереңірек ілімдерін түсінуге келгенде ауызбіршілік сақтауға талпындырады, осылай Ехобаның бүкіләлемдік билігін мойындайтынымызды паш етеміз. Расында да, Ехоба өз халқына шындықтың таза тілін сыйлаған, соның арқасында иық тіресе қызмет ете аламыз (Соф. 3:9).
30 Мәсіхшілердің қауымындағы бірлік пен татулық — Ехобаға ғибадат ететіндер үшін жігердің көзі. Біз Ехобаның: “Қорадағы қойдай... оларды біріктіремін”,— деген уәдесінің орындалғанына куә болдық (Миха 2:12). Құдайдың әділ нормаларын ұстану арқылы осы татулық пен бірлікті сақтап қалғымыз келеді.
31 Ехобаның таза қауымына қосылған адамдар қандай бақытты десеңізші! Ехобаның есімімен аталу мәртебесі біз жасай алатын кез келген құрбандыққа татиды. Ехобамен бағалы қарым-қатынасымызды сақтай жүріп, оның әділ нормаларын ұстануға барынша тырысайық, әрі басқаларды да солай істеуге талпындырайық (Қор. 2-х. 3:18).