12-ТАРАУ
Жергілікті және дүниежүзілік Патшалық ісіне қолдау көрсету
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІ ізгі хабарды “жердің қиыр шетіне дейін” уағыздап жүр. Осылайша Исаның соңғы күндерге қатысты пайғамбарлығы орындалып жатыр (Ел. іс. 1:8; Мат. 24:14). Олар уақыттары мен күштерін аямай, уағыз қызметіне жұмсауда. Ехобаның өзімен қызметтесетін адамдарды қамқорлайтынына сенім арта отырып, олар үнемі Құдай Патшалығын бірінші орынға қояды (Мат. 6:25—34; Қор. 1-х. 3:5—9). Олардың қол жеткізген жетістіктері — Ехобаның мақұлдауы мен батасының анық көрінісі.
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ПАТШАЛЫҚ ІСІНЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ
2 Адамдар біздің Киелі кітап пен соған негізделген әдебиеттерді тегін таратып жатқанымызды байқап: “Бұл қалай болуы мүмкін?”— деп сұрайтын шығар. Рас, Киелі кітапты және әдебиеттерді басып шығару үшін ақша қажет. Баспа машиналарында жұмыс істейтін, уағыз ісіне бас-көз болатын және ізгі хабардың таралуына басқалай үлес қосатын қызметшілерге арналған Бетел ғимараттарын соғу мен оларды күтіп ұстауға да ақша қажет. Сонымен қатар қызметін атқара беру үшін аудандық бақылаушыларға, миссионерлерге, арнайы ізашарларға және басқа да толық уақытты қызметшілерге қаржылай жәрдем беріледі. Иә, біздің күнімізде жергілікті және дүниежүзілік уағыздау ісіне қомақты шығын кетеді. Ендеше, бұған қажетті қаражат қайдан келеді?
3 Ехоба куәгерлерінің Киелі кітаптан білім беру ісіне риза болған көп адам дүниежүзілік іске қуана-қуана садақа жасайды. Десе де бұл іске негізінен Ехоба куәгерлерінің өздері қолдау көрсетеді. Олардың кейбірі жергілікті филиалға ерікті садақаларын тікелей жібереді. Ежелде ғибадат орнын соғуды жомарттықпен қолдаған Құдайдың қызметшілері сияқты, бүгінде Ехоба куәгерлері де сондай рух танытады (Мұс. 2-ж. 35:20—29; Шеж. 1-ж. 29:9). Кейде жылжымайтын мүліктер өсиет бойынша садақа етіліп жатады. Алайда садақалардың басым бөлігі кішігірім сомада жеке адамдардан, қауымдар мен аудандардан түседі. Осының бәрі уағыз ісінің алға басуына септігін тигізеді.
Ехоба куәгерлері өздерінің қаражаты мен қолда бар нәрсесін уағыз ісін алға жылжыту үшін қолдануды мәртебе деп санайды
4 Ехоба куәгерлері өздерінің қаражаты мен қолда бар нәрсесін уағыз ісін алға жылжыту үшін қолдануды мәртебе деп санайды. Иса мен оның шәкірттері шығындарды жабу үшін өздерімен бірге қаржы жәшігін алып жүрген (Жох. 13:29). Киелі кітапта Иса мен оның шәкірттеріне қызмет көрсеткен әйелдер жайлы айтылған (Мар. 15:40, 41; Лұқа 8:3). Елші Пауыл да қызмет етуге көмектескісі келетіндердің және ізгі хабардың жариялануына үлес қосқысы келетіндердің сүйіспеншілікке толы жәрдемін қуана қабыл алған (Філіп. 4:14—16; Сал. 1-х. 2:9). Ехоба куәгерлері осындай қызметшілердің құлшынысы мен жомарттығына еліктеп келеді. Осының арқасында жер-жердегі ақжүрек адамдар “өмір суын” тегін алуда (Аян 22:17).
ЖЕРГІЛІКТІ ҚАУЫМНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ
5 Жергілікті қауымның шығындары да ерікті садақамен өтеледі. Бірақ қауымға келушілерден ақша жиналмайды, нақты сома белгіленбейді, садақа жасауды талап етіп үндеулер айтылмайды. Қауым кездесуі өтетін жерлерде садақа жәшіктері бар. Кез келген адам садақаны “жүрек шешіміне қарай” бере алады (Қор. 2-х. 9:7).
6 Қауымның қорына түскен садақалар бірінші кезекте Патшалық сарайының керек-жарағына және ғимаратты күтіп ұстауға жұмсалады. Ақсақалдар кеңесі қаржының қандай да бір бөлігін дүниежүзілік іске жұмсалсын деп шешіп, оны Ехоба куәгерлерінің жергілікті филиалына жіберуі мүмкін. Бұл жағдайда қауымда қарар қабылдану керек. Көптеген қауымдар осылайша дүниежүзілік іске садақа жасап отырады. Бауырластардың бәрі өз қауымдарында туындап тұратын қажеттілікті біліп жүретін болса, садақа жасау жайлы хабарландыруды жиі айтудың керегі шамалы.
САДАҚАЛАР ЖӨНІНДЕ ЕСЕП ЖҮРГІЗУ
7 Әр кездесуден кейін, екі ер бауырлас садақа жәшіктеріндегі ақшаны алып, кіріс жайлы түбіртек толтырады (Пат. 2-ж. 12:9, 10; Қор. 2-х. 8:20). Бұл қаржы филиалға жіберілмейінше не қауымның қажеттіліктері үшін жұмсалмайынша, ақсақалдар кеңесі оның дұрыс сақталуына қам жасайды. Қауымда хабарлану үшін қаржыға жауапты ер бауырлас ай сайын есеп дайындайды, ал үш ай сайын ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі қауым қаржысының тексерілуін қамдайды.
АУДАННЫҢ ШЫҒЫНДАРЫ
8 Аудандық конгреске кеткен шығындардың бәрі сол аудандағы жариялаушылардың садақаларымен өтеледі. Конгресс ғимараттарында садақа жәшіктері қойылады, кез келген адам сол жәшіктерге ауданның қорына садақа жасай алады. Сондай-ақ өзге де шығындарды өтеу үшін, қауымдар басқа кездері де садақа жасаса болады.
9 Негізі, дүниежүзілік іске садақа етілген қаржымен аудандар кез келген шығынын өтей алу керек. Егер ауданның қорындағы қаржы конгрестің шығынын өтеу үшін жеткіліксіз болса немесе алдағы конгрестің бастапқы шығынын, мысалы, ғимаратты жалдаумен байланысты шығынды өтеуге жетпесе, аудандық бақылаушы қауымдарда садақа жайлы хабарландыру жасалуын қамдай алады. Сонда әр қауымның ақсақалдар кеңесі бұл мәселені талқылап, қауымдары ауданның қорына қанша садақа ете алатындарын шешеді. Сосын бұл садақа жайлы қарар қабылданады.
10 Аудан ақсақалдарының назарын талап ететін қаржы мәселелері туындағанда, аудандық конгресс өтетін күні аудан ақсақалдарының кездесуі болады. Ауданның іріктелінген шығындарын қоспағанда, шешімдердің бәрі ақсақалдар қабылдаған қарармен бекітілу қажет. Қарарда нақты сома көрсетілу керек және бұл мәселе әр кез ортаға салыну керек.
11 Аудан қаржысы жөніндегі есеп арагідік тексеріліп отырады.
МҰҚТАЖДАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ КӨРСЕТУ
12 Иса мен шәкірттері алып жүрген қаржы жәшігінің бір мақсаты кедейлерге қол ұшын беру болған (Мар. 14:3—5; Жох. 13:29). Мұндай жауапкершілік мәсіхшілерге де жүктелген, өйткені Иса: “Кедейлер әрқашан қастарыңда”,— деген болатын (Мар. 14:7). Ехоба куәгерлері бүгінде бұл міндеттерін қалай атқарып жүр?
13 Кейде қауымдағы адал бауырластар қарттықтың, ауыр дерттің не басқа да қиындықтардың салдарынан қаржылай жәрдемге мұқтаж болуы мүмкін. Мұндайда үй іші, туыстары не хабардар болған басқа бауырластар қол ұшын беруге ықылас білдірер. Бұл елші Жоханның келесі сөздеріне сәйкес келеді: “Дүние-мүлкі бар біреу бауырласының мұқтаждық көріп жүргенін біле тұра, оған жанашырлық танытудан бас тартса, қалайша оның бойында Құдайға деген сүйіспеншілік бар деуге болады? Сүйікті балаларым, бір-бірімізді сөз жүзінде не ауызбен ғана емес, іс жүзінде әрі шын жүректен сүйейік” (Жох. 1-х. 3:17, 18; Сал. 2-х. 3:6—12). Адал бауырластарға қаржылай жәрдем беру де — шынайы ғибадаттың бір бөлігі (Жақ. 1:27; 2:14—17).
14 Елші Пауыл Тімөтеге жазған бірінші хатында лайық жандарға қаржылай я басқалай жәрдемді қалай беру керектігін түсіндірген. Бұл жайлы Тімөтеге 1-хат 5:3—21 тармақтардан оқи аласыз. Үй ішінің қамын ойлау, негізінен, әр мәсіхшінің өзіне жүктелген. Қарт не науқас бауырластарға өз балалары, немерелері не басқа да жақын туыстары көмектесуі тиіс. Кейде үкіметтік не әлеуметтік бағдарламалар арқылы жәрдемақы алуға болады. Мұндай жәрдемақы алуда туыстары не басқа адамдар қол ұшын бере алады. Ал кейде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан кейбір адал бауырластарымызға бүкіл қауыммен жәрдемдесу керек болып жатады. Егер олардың көмектесе алатын отбасы мүшесі не туыстары жоқ болса және үкімет тарапынан ешқандай жәрдем көрсетілмесе, ақсақалдар кеңесі оларға көмек көрсетілуін қамдайды. Мәсіхшілер көмекке мұқтаж жандарға қолда барымен бөлісіп, жәрдем беруді мәртебе санайды.
15 Біздің көп бауырластарымыз қуғын-сүргіннің, соғыстың, жер сілкінісінің, су тасқынының, аштықтың не осы қиын заманда жиі болатын басқа да апаттардың кесірінен мұқтаждық көруі мүмкін (Мат. 24:7—9). Мұндай кезде жергілікті бауырластардың бір-бірімен бөлісетін ештеңесі қалмауы мүмкін, сондықтан Басқарушы кеңес басқа жердегі бауырластарды жұмылдырып, көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырады. Бұл бұрынғы Кіші Азиядағы мәсіхшілердің әрекетіне ұқсайды, олар аштық кезінде Яһудеядағы бауырластарға азық-түлік жіберген еді (Қор. 1-х. 16:1—4; Қор. 2-х. 9:1—5). Сол мәсіхшілерге еліктесек, бауырластарымызға сүйіспеншілік көрсетіп, Иса Мәсіхтің шынайы шәкірті екенімізді дәлелдейміз (Жох. 13:35).
ӘДЕБИЕТ ТАРАТУ
16 Киелі кітап пен әдебиеттеріміз Патшалық хабарының таралуына зор септігін тигізеді. Әдетте ақсақалдар кеңесі тағайындаған бір қызмет көмекшісі қауымның әдебиеттер қорына жауапты болады. Бұл қызметке тағайындалған бауырластар өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарады. Қауымда басылымдардың қоры жеткілікті болу үшін, олар әдебиеттер жөнінде есепті тиянақты жүргізеді.
17 Біз Құдайға бағышталған мәсіхшілер ретінде уақытымыздың, ақыл-ой қабілетіміз бен күшіміздің, дарынымыз бен дүние-мүлкіміздің, тіпті өміріміздің өзі Құдайдың сыйы екенін түсінеміз, сондықтан оларды қызмет үшін қолданамыз (Лұқа 17:10; Қор. 1-х. 4:7). Осының бәрін дұрыс қолданар болсақ, Ехобаны қаншалықты жақсы көретінімізді паш етеміз. Біз жан-тәнімізбен берген кез келген сыйымызды Ехобаның қабыл алатынын ойда тұтып, қолда бар құнды нәрселерімізбен оны дәріптегіміз келеді (Нақ. с. 3:9; Мар. 14:3—9; Лұқа 21:1—4; Қол. 3:23, 24). Иса былай деген: “Тегін алдыңдар,— тегін беріңдер” (Мат. 10:8). Жанқияр болып, Ехобаға қызмет еткенде барымызды аямасақ, зор қуанышқа бөленеміз (Ел. іс. 20:35).