Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w06 1.3. 22—26 бет.
  • Лайықты түрде демалып, бой жазу

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Лайықты түрде демалып, бой жазу
  • 2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Демалудың лайықты түрін таңдау
  • Қалай бой жазып, демалған дұрыс?
  • Есте ұстап, сақ болатын жайттар
  • Пайдалы болатындай көңіл көтересің бе?
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Мені мыналарға қарағанда көбірек жақсы көресің бе?”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Отбасын жаман әсерлерден қорғаңдар
    Отбасы бақытының сыры
  • “Бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!”
    Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз
Көбірек мәлімет
2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w06 1.3. 22—26 бет.

Лайықты түрде демалып, бой жазу

“Не ішіп-жесеңдер де, не істесеңдер де, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 10:31).

1, 2. Неге адам жанын рақатқа бөлейтін істерді “Құдайдың сыйы” деп айтуға болады, алайда Киелі кітап нені ашық ескертеді?

ЖАНДЫ рақатқа бөлейтін істермен айналысқанды қалау — кәдімгі нәрсе. Өйткені бақытты Құдайымыз Ехоба өмірде қуанышты болғанымызды қалайды, әрі сол үшін көп жағдай жасап отыр (Тімотеге 1-хат 1:11, ЖД; 6:17). Данышпан патша Сүлеймен ‘қуанғаннан артық еш нәрсе жоқ екенін және қандай да бір адам ішіп-жеп, өзінің бар еңбегінің рақатын көретін болса, бұл — Құдайдың сыйы’ екенін жазды (Екклесиаст 3:12, 13).

2 Бір сәт тынығып, еңбегіңнің рақатын көріп қуану — әсіресе отбасы не достарыңмен бірге — шынында да, жанды сергітеді. Мұны, шынымен де, “Құдайдың сыйы” деп айтуға болады. Алайда Жаратушының қуануымыз үшін бәрін беріп отырғаны үнемі сауық-сайран құруымызға құқық бермейді. Киелі кітап маскүнемдікті, мешкейлік пен азғындықты айыптайды, әрі осындай нәрселерге баратын адамдар үшін “Құдай Патшалығында орын жоқ!” деп ескертеді (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; Нақыл сөздер 23:20, 21; Петірдің 1-хаты 4:1—4).

3. Рухани сергек жүруге және Ехобаның ұлы күнін естен шығармауымызға не көмектеседі?

3 Әсіресе осы соңғы қиын-қыстау күндері мәсіхшілерге осы азғын дүниенің істеріне бой алдырмау үшін абай болып жүру оңай емес (Жохан 17:15, 16). Алдын ала айтылғандай, бүгінгі ұрпақтың ‘Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болып’ кеткендігі сонша — олар “ауыр азаптың” таяп қалғандығының дәлеліне мән беріп, ойланбайды (Тімотеге 2-хат 3:4, 5; Матай 24:21, 37—39). Иса ізбасарларына: “Өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді”,— деп ескертті (Лұқа 21:34, 35). Құдайдың қызметшілері ретінде Исаның ескертуіне әрі қарай да құлақ асуға бел буғанбыз. Айналамыздағы құдайсыз дүниенің адамдары сияқты емес, біз Ехобаның ұлы күнін естен шығармай, рухани сергек жүруге талпынамыз (Софония 3:8; Лұқа 21:36).

4. а) Мәсіхшілер үшін орынды болатын көңіл көтерудің түрін табу неге қиын? ә) Ефестіктерге 5:15, 16-ғы қандай кеңеске құлақ асқымыз келеді?

4 Осы дүниенің адамды аздыратын істерінен аулақ жүру оңай емес. Өйткені Шайтан оларды сондай тартымды әрі оңай қол жеткізетіндей етіп қойған. Әсіресе тынығып, көңіл көтергенде, азғын істерден бойды аулақ ұстау қиын. Осы дүниенің ұсынып отырғандарының басым көпшілігі “арам құмарлықтарды” оятуға арналған (Петірдің 1-хаты 2:11). Зиянды болып келетін көңіл көтерудің түрін сыртта ғана емес, үйде де басылым беттерінен, теледидардан, Интернет пен бейнефильмдерден табуға болады. Сондықтан Құдай Сөзі мәсіхшілерге мынадай дана кеңес береді: “Парасатсыз емес, парасатты өмір сүруге ерекше ден қойыңдар: Өздеріңе қолайлы уақыттың құнын өтеп алыңдар, өйткені бұл күндер зұлымдыққа толы” (Ефестіктерге 5:15, 16, ЖД). Осы кеңеске барынша құлақ асқан жағдайда ғана зиянды көңіл көтеруге азғырылып, беріліп кетпейтінімізге сенімді бола аламыз. Ондай көңіл көтеру тіпті Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзып, түбінде жойылып кетуіміз мүмкін (Жақып 1:14, 15).

5. Жанымыз неден көбірек рақат табады?

5 Мәсіхшілердің істейтін істері толып жатқандықтан, арагідік демалып, көңіл көтеруді қажет ететіндері түсінікті жайт. Екклесиаст 3:4-те “күлетін” және “билейтін уақыт” бар делінген. Демек, Киелі кітап тынығып, көңіл көтеруді уақытты босқа өткізу деп қарастырмайды. Бірақ көңіл көтеру рухани күйімізге қауіп төндіретіндей не рухани істерге кедергі жасайтындай емес, жанымызды сергітетіндей болу керек. Толысқан мәсіхшілер зор бақыт өзгеге ‘бергеннен’ келетінін өз тәжірибелерінен біледі. Олар Ехобаның еркін орындауды өмірлерінде бірінші орынға қояды. Сондай-ақ Исаның ыңғайлы қамытын алып, ‘жандарына [нағыз] рақат табады’ (Матай 11:29, 30, ЖД; Елшілердің істері 20:35).

Демалудың лайықты түрін таңдау

6, 7. Көңіл көтерудің лайықты болатын-болмайтынын анықтауға не көмектеседі?

6 Көңіл көтерудің қай түрі мәсіхшілерге лайықты болатынын қалай білуге болады? Бұл мәселеде ата-аналар балаларына басшылық береді, сондай-ақ ақсақалдар да көмектеседі. Алайда бізге қандай да бір кітап, кинофильм, ойын, би не әннің жарамды-жарамсыз екенін міндетті түрде басқалар айту керек емес. Пауыл ‘рухани кемеліне келгендер байыппен ойлауға дағдыланғандықтан да жақсы мен жаманды айыра білетінін’ айтқан (Еврейлерге 5:14; Қорынттықтарға 1-хат 14:20). Киелі кітапта басшылыққа алатын принциптер бар. Құдай Сөзімен тәрбиеленген ар-ұжданымыз да, егер оған құлақ ассақ, бізге көмектеседі (Тімотеге 1-хат 1:19).

7 Иса: “Ағаш жемісімен танылар”,— деген (Матай 12:33). Егер көңіл көтерудің жемісі жаман болатын болса, яғни адамды зорлық-зомбылыққа, азғындық не спиритизмге итермелеп тұрса, онда мұндай көңіл көтерудің түрінен бас тарту керек. Сонымен қатар әлдекімнің өміріне яки денсаулығына қауіп төндіретін, шығынға ұшыратып немесе көңіл қалдыратын, я болмаса өзгелердің сүрінуіне себеп болатын көңіл көтерулер де орынсыз болып табылады. Елші Пауыл бауырласымыздың ар-ұжданын жарақаттағанымыз күнә жасағанымыз екенін айтқан. Ол: “Бауырластарыңның дүдамал ар-ұждандарын жарақаттап, оларға қарсы күнә жасауыңмен Мәсіхке қарсы да күнә жасайсың. Сондықтан, егер жейтін тамағым бауырласымды күнәға батырса, оны күнәдан сақтау үшін мен бұдан былай ешқашан да базардан алынған етті жемейтін боламын”,— деп жазды (Қорынттықтарға 1-хат 8:12, 13).

8. Электрондық ойындар мен бейнефильмдерде қандай қауіп болуы мүмкін?

8 Дүкендер әр түрлі электрондық ойындар мен бейнефильмдерге толы. Олардың кейбіреуі күлдіріп, көңілді көтеретін шығар, бірақ олардың ішінде Киелі кітапта айыпталатын нәрселер көбейіп барады. Егер қандай да бір ойын біреуге зақым келтіруді, өлтіруді не азғындық істерді істеуді талап ететін болса, әрине, оны жай ғана залалсыз күлкі дей алмайсың. Ехоба ‘зорлық-зомбылықты сүйетіндерді’ жек көреді (Забур 10:5; Нақыл сөздер 3:31; Қолостықтарға 3:5, 6). Егер ойнаған ойын бойыңда ашкөздік не жүгенсіз ашу-ыза тудыратын, әбден қажытып, не алтын уақытыңды ұрлайтын болса, онда рухани күйіңе залал келіп жатқанын мойындап, дереу өзгерістер жаса (Матай 18:8, 9).

Қалай бой жазып, демалған дұрыс?

9, 10. Парасатты адамдар демалуға деген қажеттіліктерін қалай қанағаттандырады?

9 Кейде мәсіхшілер: “Қалай бой жазып, демалған дұрыс? Осы дүниенің ұсынып жатқандарының көбісі Киелі кітап нормаларына қайшы келеді ғой”,— деуі мүмкін. Дегенмен демалыстың бойды да, ойды да сергітетін пайдалы түрін табуға болады. Ол үшін алдын ала жақсылап ойластырып, жоспарлау қажет. Бұл әсіресе ата-аналарға қатысты. Көп адамдар отбасымен және қауымдағы бауырластармен бірге демалғанның пайдалы да жағымды екенін байқаған. Дастарқан басында жайбарақат отырып, күндіз болған оқиғалар жайлы не рухани тақырыптарға әңгімелесу қуанышқа бөлейді. Сондай-ақ табиғатқа шығып тынығу, серуендеп келу, қызықты ойындар ұйымдастыру да пайдалы. Осылайша көңіл көтеріп, бой жазуға болады.

10 Үш бала өсірген бір ақсақал мен жұбайы былай дейді: “Демалысқа қайда баратынымызды шешкенде, жастайынан балаларымыздың ойын білетінбіз. Кейде оларға көңілді болу үшін әрқайсысына жақын достарын шақыруға рұқсат ететінбіз. Сондай-ақ балаларымыздың өміріндегі маңызды сәттерді де елеусіз қалдырмайтынбыз. Ал кейде қауымдағы отбасылар мен достарымызды үйімізге шақырып тұратынбыз. Далада бірге тамақ жеп, ойындар ойнайтынбыз. Кейде көлікпен не жаяу табиғат аясына шығып, Ехобаның жаратылыстарымен танысатынбыз”.

11, 12. а) Демалуды жоспарлағанда, қалай ‘пейілімізді кең жая’ аламыз? ә) Көпшілігіне қандай отырыстар есте қаларлықтай болған?

11 Демалуды жоспарлағанда, өзің не отбасың болып анда-санда басқаларды да шақырып, ‘пейілдеріңді кең жая’ аласыңдар ма? Мысалы, жігерге мұқтаж жесір әйелдер, жалғыз бастылар немесе әкесі я шешесі жоқ отбасылары бар шығар (Лұқа 14:12—14). Қауымға жаңадан келіп жүргендерді де шақыруға болады. Бірақ олардың басқаларға жаман әсері болмауын қадағалау керек (Тімотеге 2-хат 2:20, 21). Ал егер сырқат не қарт бауырластарға үйлерінен шығу қиын болса, онда өздеріңмен бірге тамақ ала келіп, солардың үйінде бас қосуға болады (Еврейлерге 13:1, 2).

12 Көбісіне қарапайым дастарқан басында жиналып, бауырластардың қалай шындыққа келгенін тыңдап, сондай-ақ оларға Ехобаға адал болып қалуға не көмектескені жайлы әңгіме болатын отырыстар естен кетпестей әсер қалдырады. Киелі кітапқа негізделген тақырыптарға әңгіме қозғап, отырғандардың бәрін де, балаларды да, әңгімеге тартуға болады. Бұл ешкімнің қысылмай, не ыңғайсыз сезінбей, қайта, емін-еркін отырып, бір-бірін жігерлендіруге көмектеседі.

13. Иса мен Пауыл қонақжайлылық көрсету мен оны қабыл алуға қатысты қандай керемет үлгі қалдырды?

13 Иса қонақжайлылық көрсету мен оны қабыл алуға қатысты керемет үлгі көрсетті. Ол мұндай сәттерді әрдайым рухани нәрселер айтуға қолданатын (Лұқа 5:27—39; 10:42; 19:1—10; 24:28—32). Ертедегі шәкірттері де оған еліктеген (Елшілердің істері 2:46, 47). Елші Пауыл: “Өздеріңді көруді қатты аңсаудамын. Сендерді күшейту үшін рухани дарындарыммен бөліссем, яғни сендермен болған кезімде Құдайға деген ортақ сенімімізді көріп, бір-бірімізді жігерлендірсек деймін”,— деп жазды (Римдіктерге 1:11, 12). Біз де бас қосқанда, осылай бір-бірімізді жігерлендіретіндей жағдай жасауымыз керек (Римдіктерге 12:13; 15:1, 2).

Есте ұстап, сақ болатын жайттар

14. Неге бас қосуда көп болып жиналмаған дұрыс?

14 Әдетте көп болып жиналмаған дұрыс, өйткені көпшілікті қадағалау оңайға соқпайды. Рухани істерге кедергі болмайтын уақытта, кейде бірнеше отбасы бірге табиғатқа шығып тынығуды немесе бақталастық рухын тудырмайтын қандай да бір ойындар ойнауды ұйымдастыруы мүмкін. Бас қосуларға ақсақалдардың, қызмет көмекшілері не басқа да толысқан бауырластардың бірінің келгені уақытты пайдалы да бой сергітерліктей етіп өткізуге ықпал етеді.

15. Неге қонақ күтуші жақсы бақылаудың болуын да ойластыру керек?

15 Бас қосуды ұйымдастырушылар онда жақсы бақылау болу керектігін ескерулері керек. Қонақжайлылық танытуды ұнатқаныңмен, қандай да бір жайтқа мән бермегеннің кесірінен қонақтардың бірі үйіңдегі болған жайттан рухани сүрініп қалғанын білсең, қатты өкінбес пе едің? Заңды қайталау 22:8-гі принципті қарастырайықшы. Жаңа үй соққан исраилдік жиі қонақ орны ретінде қолданатын үйдің төбесіне айналдыра қоршау жасау керек болатын. Не үшін? ‘Біреу одан құлап кетіп, үйіне оның қанын жүктемес үшін’. Сол сияқты біз де қонақтарымыздың — әрине, оларға ақылға қонымсыз шектеулер қоймай — тәндік және рухани игілігін ойлауымыз керек.

16. Қонақтарға спирттік ішімдіктер ұсынған жағдайда қалай мұқият болу керек?

16 Егер қонақтарға спирттік ішімдіктер ұсынылатын болса, өте мұқият болу керек. Қонақ күтуші мәсіхшілердің көбісі қонақтарының не ішетінін және қандай мөлшерде ішетінін қадағалай алатын болса ғана, спирттік ішімдіктерді ұсынуды шешеді. Біреуді рухани мағынада сүріндіретін немесе шамадан тыс көп ішуге азғыратын еш нәрсеге жол бермеу керек (Ефестіктерге 5:18, 19). Әр түрлі себеппен кейбір қонақтар ішімдік ішуден бас тартуы мүмкін. Көп жерлерде белгілі бір жасқа келмейінше, ішімдік ішуге заң жүзінде тыйым салынады. Мәсіхшілерге бұл шектеу тым қатаң болып көрінсе де, олар орнатылған тәртіпке мойынсұнады (Римдіктерге 13:5).

17. а) Бас қосуларда музыка болған жағдайда үй иесінің өте талғампаз болғаны неге маңызды? ә) Отырыста би болған жағдайда, қалай әдептілік сақталу керек?

17 Үй иесі музыканың, би мен басқа да көңіл көтеретін нәрселердің Киелі кітап принциптеріне қайшы келмейтініне көзін жеткізіп алу керек. Әркімнің музыкаға деген талғамы әр түрлі, оның үстіне, музыканың небір түрі бар. Бірақ қазіргі музыканың көпшілігі бүлікшіл рухқа, азғындық пен зорлық-зомбылыққа итермелейді. Сондықтан оларды жақсылап таңдай білу қажет. Баяу ойналатын әуендер ғана тыңдауға тұрарлық деуге болмайды. Бірақ олар орынсыз сезім оятатындай не тұрпайы, даусы мен ырғағы тым күшті болмау керек. Абайла, музыканы таңдауды даусы тым қатты болмау керектігін әлі де түсінбейтін адамға тапсырып жүрме. Әдепсіз қимылдары бар, мысалы, бөксемен не кеудемен эротикалық қимылдар жасалатын билер, сөз жоқ, мәсіхшілер үшін орынсыз болып табылады (Тімотеге 1-хат 2:8—10).

18. Ата-аналар балаларының баратын отырыстарын қадағалау арқылы оларды қалай қорғай алады?

18 Мәсіхші ата-аналар балалары шақырылған отырыстарда не жоспарланғанын алдымен біліп алулары керек. Сөйтіп, көп жағдайда өздерінің де бірге барғандары дұрыс болар еді. Өкінішке қарай, кейбір ата-ана балаларының ешкім бас-көз болмаған кештерге баруына жол берген. Ол жерде біразы азғындыққа не басқа да әдепсіз қылықтарға барған (Ефестіктерге 6:1—4). Балалар тіпті есейіп, өздерін сенім артуға тұрарлықтай көрсеткен күнде де, бәрібір оларға ‘жастықтың құмарлықтарынан бас тартуға’ көмектесу қажет (Тімотеге 2-хат 2:22).

19. Не нәрсені түсінгеніміз ең алдымен Патшалықтың қамын ойлауға көмектеседі?

19 Арагідік бойды сергітіп, жақсылап көңіл көтеріп, демалып тұру өмірімізді әлдеқайда қуанышты етеді. Ехоба бізге демалып, көңіл көтеруден бас тарт демейді, бірақ оның құр өзі көкте байлық жинауға көмектеспейтінін жақсы түсінеміз (Матай 6:19—21). Иса шәкірттеріне өмірде ең маңыздысы — ‘Тәңірге мойынсұнбағандар тынымсыз ұмтылып жатқан’ ішіп-жеу яки киім кию емес, ‘[Құдайдың] Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылу’ екенін түсінуге көмектескен (Матай 6:31—34).

20. Жомарт Құдай Ехобаның адал қызметшілері болашақтан не күтеді?

20 Иә, жомарт Құдайымызға ризашылығымызды білдіре отырып, сондай-ақ берген сыйларын өз орнымен қолдана отырып, ‘не ішіп-жесек те, не істесек те, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істей’ аламыз (Қорынттықтарға 1-хат 10:31). Жақында орнайтын жер бетіндегі Жұмақта Құдайдың талаптарын орындайтын адамдардың арасында өмір сүріп, Ехобаның жомарттығының рақатын толық көретін мүмкіндіктер сансыз көп болады (Забур 144:16; Ишая 25:6; Қорынттықтарға 2-хат 7:1).

Естеріңде ме?

• Неге мәсіхшілер үшін демалудың не көңіл көтерудің лайықты түрін табу қиын?

• Мәсіхші отбасыларына ұнайтын демалудың не көңіл көтерудің қандай түрлері бар?

• Көңіл көтергенде есте ұстайтын және сақ болатын қандай жайттар бар?

[24-беттегі сурет]

Демалу мен көңіл көтерудің жақсы жеміс беретін түрін таңдаңдар

[25-беттегі суреттер]

Мәсіхшілер көңіл көтеру мен демалудың қандай түрлерінен бас тартады?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу