Жиырма бірінші тарау
Ехобаның ниеті керемет түрде жүзеге асады
1, 2. а) Саналы жаратылыстарына қатысты Ехобаның ниеті қандай? ә) Құдайдың бірігіп ғибадат еткен отбасы кімдерден тұратын?
ЕХОБАНЫҢ сүйіспеншілікке толы ниеті — барлық саналы жаратылыстардың жалғыз шынайы Құдайға бірігіп ғибадат етіп, бәрінің де Құдайдың рухани балаларының салтанатты бостандығына ие болуы. Мұны әділдікті шын жүректен жақсы көретіндердің бәрі де қалайды.
2 Ехоба бұл ұлы ниетін жаратуды бастаған кезде-ақ жүзеге асыра бастады. Оның ең алғашқы жаратылысы қайта тірілгеннен кейін, “Құдайдың салтанатты ұлылығы... Тәңірдің болмысының дәлме-дәл сипаты” болып табылатын Ұлы болған (Еврейлерге 1:1—3). Ол — Құдайдың тікелей өзі жаратқан ерекше Ұлы. Ал кейін осы Ұлы арқылы өзге жаратылыстар, алдымен көктегі періштелер, кейін жердегі адамдар жаратылды (Әйүп 38:7; Лұқа 3:38). Бұлардың бәрі бір отбасын құрады. Ехоба бәрінің Құдайы, Әлемнің Әміршісі және сүйікті Әкелері болған.
3. а) Барлығымыз ата-бабамыздан нені мұра еттік? ә) Адамның ұрпақтарына қатысты Ехоба қандай жағдай жасады?
3 Біле тұра жасаған күнәлары үшін өлімге кесілген алғашқы ата-бабамыз Едемнен қуылып, Құдай олардан бас тартқан болатын. Олар бір отбасының мүшелері болмай қалды (Жаратылыс 3:22—24; Заңды қайталау 32:4, 5). Бәріміз де солардың ұрпағымыз, сондықтан да күнәкар бейімділіктермен туыламыз. Алайда Ехоба Адам мен Хауаның ұрпақтарының ішінде әділдікті жақсы көретіндердің болатынын білген. Сондықтан да ол сүйіспеншілікпен олардың “Құдайдың рухани балаларының салтанатты... бостандығына” жетулеріне жағдай жасады (Римдіктерге 8:20, 21).
Исраил Құдайдың шапағатынан айырылды
4. Ертедегі Исраилге Ехоба қандай мүмкіндік берді?
4 Адам жаратылғаннан кейін шамамен 2 500 жылдан соң, Ехоба кейбір адамдарға өзімен ерекше қарым-қатынаста болуға мүмкіндік берді. Ол ертедегі Исраил халқын таңдап алып, оларға өз Заңын берді (Жаратылыс 12:1, 2). Осы жаңадан құрылған халқын Құдай өз ниетін жүзеге асыруға қолданды (Заңды қайталау 14:1, 2; Ишая 43:1). Алайда исраилдіктер күнә мен өлімнің билігінде қала берді, яғни олардың о баста Адам мен Хауа ие болған сияқты салтанатты бостандықтары жоқ еді.
5. Исраилдіктер қалайша Құдаймен ерекше қарым-қатынасын жоғалтып алды?
5 Дегенмен исраилдіктер Құдайдың шапағатына ие еді. Олар Ехобаны өз Әкелеріндей құрметтеп, Оның еркіне сай әрекет етуге міндетті еді. Мұның маңыздылығын Иса атап өткен болатын (Матай 5:43—48). Алайда Исраил халқы бұл міндеттерін атқармады. Яһудилер “Біздің бір ғана рухани атамыз бар, Ол — Құдай!” деп айтқанымен, Иса олардың істері мен танытып жатқан рухтары бұған қайшы екенін айтқан (Жохан 8:41, 44, 47). Б. з. 33 жылы Құдай Заңның күшін жойып, Исраилдің Онымен ерекше қарым-қатынасы үзілді. Бірақ бұл енді адамдар ешқашан Құдайдың шапағатына ие бола алмайды дегенді білдірді ме?
‘Көктегіні’ жинау
6. Пауыл Ефестіктерге 1:9, 10-да айтқандай, ‘жоспарды іске асырудағы’ Құдайдың мақсаты қандай?
6 Елші Пауыл кейбір адамдардың Құдаймен ерекше қарым-қатынаста бола алатынын айтқан. Мысалы, Ехоба сенім білдіргендердің Өз отбасының мүшелері бола алуларына қам жасаған. Пауыл бұл туралы былай деген: “[Құдай] Өзінің құпия жоспарын — Мәсіхке байланысты алға қойған ізгі ниетін ашып берді. Ол мұны белгілі уақыты жеткенде іске асырып, бүкіл әлемді, көк пен жердегінің бәрін де біріктіріп, Бастығы ретінде Мәсіхтің билігіне тапсыратын болады” (Ефестіктерге 1:9, 10). ‘Жоспарды іске асыруда’ негізгі рөлді атқаратын Иса Мәсіх. Сол арқылы адамдар Құдайдың қолдауына ие бола алады. Саны шектеулі адамдардың көкте өмір сүру келешегі бар. Алайда адамдардың көпшілігі жер бетінде өмір сүретін болады.
7. ‘Көктегілер’ деген кімдер?
7 Бастапқыда, б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамынан бастап, барлық назар ‘көктегілерге’, яғни Мәсіх сияқты көктегі Патшалықты мұра ететіндерге, аударылған болатын. Исаның құрбандығының құнына деген сенімдерінің арқасында оларды Құдай әділетті деп тапты (Римдіктерге 5:1, 2). Уақыт өте, бұларға яһудилер де, яһуди еместер де қосылып, олардың барлық саны 144 000 болды (Ғалаттықтарға 3:26—29; Аян 14:1). Қазір жер бетінде олардың тамтығы ғана қалды.
‘Жердегілерді’ жинау
8. ‘Жердегілер’ кімдер және олардың Ехобамен қарым-қатынастары қандай?
8 ‘Жоспарды іске асыруға’ ‘жердегілерді’ жинау да кіреді. Қазір жер бетінде мәңгі өмір сүруге деген келешегі бар миллиондаған адамдар жиналуда. Патшалықтың қалған тамтығымен бірге олар Ехобаның есімін дәріптеп, Оған деген ғибадатты асқақтатуда (Ишая 2:2, 3; Софония 3:9). Олар да Ехобаға Әкелері ретінде қарайды, өйткені Оның өмір бұлағы екенін мойындайды. Олар Исаның төгілген қанына деген сенімдерінің арқасында Құдайдың қолдауына ие болған (Аян 7:9, 14). Әйтсе де, олар әлі кемелсіз және тек келешекте ғана Құдайдың нағыз балалары бола алады.
9. Римдіктерге 8:21-де адамзатқа не уәде етіледі?
9 Жерде өмір сүруге үміті барлар адамзаттың ‘өткіншіліктің құлдығынан босатылатын’ уақытын тағатсыздана күтуде (Римдіктерге 8:21). Бұл бостандық Мәсіх пен оның көктегі әскері Һар-Магедонда ауыр азапты тоқтатқаннан кейін басталады. Шайтанның зұлым заманы толығымен жойылады да, содан кейін мол баталар әкелетін Патша Мәсіхтің Мыңжылдық билігі басталады (Аян 19:17—21; 20:6).
10. Ехобаның қызметшілері қандай мадақтау жырын айтатын болады?
10 Жердегі Ехобаның қызметшілері өз дауыстарын Оның көктегі қызметшілеріне қосып: “Бүкіл әлемнің Иесі — Құдай, Сенің істерің ұлы да керемет! Халықтардың Патшасы, Сенің жолдарың шынымен әділ де дұрыс! Жаратқан Ие, кім Сенен қорықпас? Сенің атыңның ұлылығын жариялаудан кім бас тартпақ? Жалғыз Сен ғана толықтай қасиеттісің! Барлық халықтар Сенің алдыңа келіп, бас ұрып ғибадат ететін болады. Себебі Сенің әділ үкімдерің айқын болды”,— деп масаттана жырлағанда, қандай қуаныш болмақ! (Аян 15:3, 4). Иә, Ехобаның барлық қызметшілері жалғыз шынайы Құдайға ғибадат етуде бірігетін болады. Тіпті өлгендер де қайта тіріліп, өзгелермен бірге Ехобаны мадақтауға мүмкіндік алады (Елшілердің істері 24:15).
Алда ғажайып бостандық
11. Ауыр азаптан аман өткендер қандай бостандыққа қол жеткізеді?
11 Ауыр азап пен оның шарықтау шегі Һар-Магедоннан кейін жер беті зұлымдықтан тазарып, енді Шайтан Ібіліс ‘осы күнәкар дүниенің “тәңірі”’ болмайды. Ехобаға бас иетіндердің бұдан былай Шайтанның жаман ықпалымен күресулеріне тура келмейді (2 Қорынттықтарға 4:4; Аян 20:1, 2). Жалған дін енді Ехобаны жаман атты қыла алмайды, сондай-ақ адамзат қоғамын жікке бөлетін ықпалын жүргізе алмайды. Шынайы Құдайдың қызметшілері ешқашан әділетсіздікке кезікпейтін, үкімет тарапынан қысым көрмейтін болады. Қандай ғажайып бостандық!
12. Барлығы күнә мен оның салдарынан қалай құтылады?
12 ‘Адамзаттың күнәсын өз мойнына артатын’ Құдайдың құрбандыққа жіберген “Тоқтысы” ретінде Иса өзінің төлем құрбандығының құнын адамдарды күнәдан арылтуға қолданады (Жохан 1:29). Иса жер бетінде болған кезінде, ол өзгелердің күнәсін кешіріп, оның дәлелі ретінде сол адамды сауықтырған (Матай 9:1—7; 15:30, 31). Сол сияқты Иса Мәсіх көктегі Құдай Патшалығының Патшасы ретінде керемет түрде зағиптарды, мылқаулар мен саңырауларды, кемтарлар мен ақыл-есінен адасқандарды, сондай-ақ тағы да өзге ауруларды сауықтырады (Аян 21:3, 4). Барлық тіл алғыш адамдар ‘күнәкар құмарлыққа кіріптар ететін’ заңдылықтың билігінен босап, олардың ойлары да, іс-әрекеттері де өздеріне ғана емес, Құдайға да жағымды болады (Римдіктерге 7:21—23). Мәсіхтің Мыңжылдық билігінің соңында олар Құдайға рухани жағынан ұқсап кемелділікке жеткізіледі (Жаратылыс 1:26).
13. Мыңжылдық билігінің соңында Мәсіх не істейді және бұның нәтижесі қандай болады?
13 Мәсіх адамзатты кемелділікке жеткізген соң, осы істі жүзеге асыру үшін берілген билікті Әкесіне қайтарады: — Мәсіх қарсы тұратын күллі билік пен күш атаулыны жойып жіберіп, өз Патшалығын Құдай Әкесіне тапсырады. Құдай “барлық жауларын аяғына жығып бергенше”, Мәсіх билік жүргізуге тиіс (1 Қорынттықтарға 15:24, 25). Мыңжылдық билігі кезінде Патшалық өз мақсатын жүзеге асырады, осылайша Ехоба мен адамзат арасындағы қосымша үкіметтің бұдан былай қажеті болмай қалады. Сондай-ақ күнә мен өлім толығымен жойылатындықтан, Исаға Құтқарушы болудың қажеті болмайды. Киелі кітап: “Құдайдың рухани Ұлы да әлемді Өзіне бағындырып берген Әкесіне мойынсұнады. Осылай Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізетін болады”,— деп түсіндіреді (1 Қорынттықтарға 15:28).
14. Кемелділікке жеткен адамдар неге кезігеді және неліктен?
14 Осыдан кейін кемелділікке жеткен адамдарға жалғыз шынайы Құдайға мәңгі қызмет еткілері келетіндігін дәлелдеуге мүмкіндік беріледі. Міне, сол үшін де, Ехоба өз балалары ретінде қабылдамас бұрын барлық кемелді адамдарды соңғы рет сынақтан өткізеді. Шайтан мен жын-перілері тұңғиықтан босатылады. Ехобаны шынымен жақсы көретіндер бұдан қалпына келмейтіндей зиян шекпейді. Ал Ехобаға адал болмай, Оған мойынсұнғысы келмегендер алғашқы бүлікші мен оның жын-перілерімен бірге мәңгілікке жойылады (Аян 20:7—10).
15. Ехобаның барлық саналы жаратылыстары қайтадан қандай қуанышқа кенеледі?
15 Осыдан соң Ехоба соңғы сынақта өзінің билігін қолдаған кемелді адамдарды өз балалары ретінде қабылдайды. Сол уақыттан бастап, олар Құдайдың біріккен отбасының мүшелері ретінде Құдайдың рухани балаларының салтанатты бостандығының толығымен рақатын көреді. Көк пен жердегі барлық саналы жаратылыстар жалғыз шынайы Құдайға ғибадат етуде қайта бірігеді. Ехобаның ниеті ғажайып түрде жүзеге асады! Осы бақытты әрі мәңгі болашағы бар отбасының мүшесі болғың келе ме? Егер болғың келсе, Киелі кітапта 1 Жохан 2:17-де жазылған мына сөздерді көңіліңе жақсылап түйіп ал: “Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Едемде бүлік шыққанға дейін, Ехобаға ғибадат етушілердің Онымен қарым-қатынасы қандай болған?
• Құдайға қызмет етушілердің қандай міндеті бар?
• Тағы кімдер Құдайдың рухани балалары болады және бұл Ехобаның бірігіп ғибадат етуге қатысты ниетімен қалай байланысты?
[190-беттегі сурет]
Тіл алғыш адамзат жұмақ орнаған жерде өмір сүретін болады