Жиырмасыншы тарау
Ехобаның күнін естеріңде берік ұстаңдар
1. Осы зұлым заманда бастан кешіріп отырған қайғы-қасіреттерден құтылатын уақыт жақындап келе жатқанын алғаш рет білгенде, қандай сезімде болдың?
КИЕЛІ КІТАПТЫ алғаш оқи бастағанда, Ехобаның ниеті жер бетінің бәрін жұмаққа айналдыру екенін білдің. Ол жаңа дүниеде соғыс та, қылмыс та, жоқшылық пен ауру да, қайғы-қасірет пен өлім де болмайды. Өлген адамдар қайта тіріледі. Қандай ғажайып болашақ! Мұның жақын екенін білеміз, өйткені Мәсіхтің Патша ретінде 1914 жылдан бері көзге көрінбей басшылық етіп отырғандығына және сол жылы-ақ осы зұлым дүниенің соңғы күндері басталғанына куәлік ететін дәлелдер бар. Осы соңғы күндер аяқталғанда, Ехоба осы заманды жойып, уәде етіп отырған жаңа дүниесін орнатады.
2. “Ехобаның күні” деген не?
2 Киелі кітап бұл жақындап келе жатқан жойылу уақытын “Ехобаның күні” деп атайды (2 Петір 3:10, ЖД). Бұл — бүкіл Шайтанның дүниесіне қарсы “Ехобаның қаһары қайнайтын күн” (Софония 2:3, ЖД). Бұл күн өзінің шарықтау шегіне “еврейше Һар-Магедон” деп аталатын ‘Құдайдың ұлы соты күні’ жетеді. Сол күні ‘күнәкар дүниенің күллі патшалары’ жойылады (Аян 16:14, 16). Сенің өмір-салтың “Ехобаның күні” жақын қалғанына сенімді екеніңді көрсете ме? (Софония 1:14—18, ЖД; Еремия 25:33).
3. а) Ехобаның күні қашан келеді? ә) Ехобаның ‘сол күнді, сол сәтті’ айтпағандығының қандай пайдасы бар?
3 Киелі кітап Иса Мәсіхтің Ехобаның тағайындауымен осы Шайтанның дүниесіне шығарылған үкімді Орындаушы ретінде келетін күнін нақты айтпаған. Иса бұл жөнінде: “Сол күннің, сол сәттің қашан болатынын ешкім білмейді, бұл жайт көктегі періштелерге де, Құдайдың рухани Ұлына да белгілі емес, жалғыз Оның Әкесіне ғана мәлім”,— деген (Марқа 13:32). Ехобаны шын мәнінде жақсы көрмейтіндер осы дүниенің құмарлықтарын жоғары қойып, бұл күнді саналарында кейінге шегіндіреді. Ал Ехобаны шын мәнінде жақсы көретіндер болса, бұл зұлым дүниенің соңы келетін уақыттың алыс-жақындығына қарамай, Оған шын жүректен қызмет ете береді (Забур 36:4; 1 Жохан 5:3).
4. Иса нені ескертті?
4 Ехобаны жақсы көретіндердің бәріне Иса: “Ұдайы сақ та сергек болыңдар... Себебі Менің қайтып келген кезімнің қашан болатынын білмейсіңдер”,— деп ескертті (Марқа 13:33—37). Ол біздерді тамақ пен ішіп-жеу немесе ‘күнделікті тұрмыс’ қамы санамызды қай уақытта өмір сүріп жатқанымызды ұмыттырып жіберерліктей соншалықты жаулап алмауын қадағалауға шақырған (Лұқа 21:34—36; Матай 24:37—42).
5. Петір түсіндіргендей, Ехобаның күнінде қандай жайттар болады?
5 Сол сияқты Петір де ‘аспан қатты шумен жоқ болып, дүниенің құрамдас бөліктері өртеніп құрып кететін’ Ехобаның күнін есімізде мықтап ұстауға шақырды. Барлық адамзат үкіметтері, яғни “аспан” жойылып, түгел алғандағы зұлым адамзат қоғамын білдіретін “жер” мен оның “құрамдас бөліктері”, яғни осы дүниенің Құдайдан тәуелсіз рухы, азғындық және байлыққа ұмтылу сияқты көзқарастары да сондай күйге ұшырайды. Мұның бәрі ‘әділдік орнаған жаңа аспан [көктегі Құдай Патшалығы] мен жаңа жермен [жердегі жаңа қоғамымен]’ алмастырылады (2 Петір 3:10—13). Әлемді түбегейлі өзгертетін бұл өзгерістер аяқ астынан, күтпеген күні және күтпеген сәтте басталады (Матай 24:44).
Белгінің орындалуын мұқият қадағалаңдар
6. а) Исаның шәкірттеріне берген жауабының қандай шамада яһуди жүйесінің аяқталуына қатысты? ә) Исаның жауабының қай бөлігі 1914 жылдан басталған оқиғалар мен адамдардың танытатын ой-қалпына назар аударады?
6 Қай уақытта өмір сүріп жатқанымызды ескере отырып, соңғы күндердің немесе ‘заманның ақырының’ құраушы белгісімен егжей-тегжейлі танысып алуымыз керек. Матай 24:4, (ЖД), 5—22 тармақтарда жазылғандардың кейбіреуі (бұл шәкірттердің 3-тармақта қойған сұрағына Исаның берген жауабының бір бөлігі) кішкене көлемде б. з. 33—70 жылдар аралығындағы яһуди жүйесіне қатысты орындалғанын есте ұстайық. Ал пайғамбарлықтың негізгі орындалуы 1914 жылдан басталған Мәсіхтің патшалыққа ‘келгені мен заманның ақыры жақындаған’ кезеңге тура келеді. Матай 24:23—28 дейінгі тармақтарда б. з. 70 жылынан бастап, Мәсіхтің патшалыққа келгендігі айқын болатын кезеңге дейінгі оқиғалар туралы айтылады. Бұған Исаның патшалыққа келіп отырған кезеңі түгел кіреді. Ал Матай 24:29-25:46-да айтылғандар заманның ақырында болады.
7. а) Біздің күндерімізде белгінің қалай орындалып жатқанын неліктен қадағалап отыруымыз керек? ә) Абзацтың соңында келтірілген сұрақтарға жауап бере отырып, белгінің 1914 жылдан бастап қалай орындалып жатқанын ойланып көр.
7 Бәріміз де белгіні құрайтын оқиғалар мен адамдардың қандай ой-қалпын танытып жатқанын мұқият қадағалауымыз қажет. Байқағандарымызды Киелі кітаптағы пайғамбарлықтармен салыстырғанымыз Ехобаның күнін есімізде берік ұстауға көмектеседі. Ал бұл өзгелерге осы күннің жақын екенін сенімділікпен ескертуге септігін тигізеді (Ишая 61:1, 2). Осы мақсаттарды есте ұстап, Матай 24:7 мен Лұқа 21:10, 11-де жазылған белгіні құрайтын мәселелерге назар аударатын сұрақтарды қарастырып көрейікші.
1914 жылдан бастап ‘ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады’ деген пайғамбарлық қалайша ерекше түрде орындала бастады? Соғысты алатын болсақ, әлі де не болып жатыр?
1918 жылы қандай індет бірінші дүниежүзілік соғыстағыдан да көп адамның өмірін алып кетті? Медицина дамығанымен, қандай аурулар адамдарды әлі де жалмауда?
Соңғы ғасырдың ғылыми жетістіктеріне қарамастан, тамақ тапшылығы қаншалықты сезіліп отыр?
2 Тімотеге 3:1—5, 13-те өмірдің барлық уақытта осылай болғанын емес, соңғы күндердің аяқталуына сай жағдайдың күннен-күнге нашарлай беретіні айтылғандығына сенің көзіңді не жеткізеді?
Адамдардың бөлінуі
8. а) Матай 13:24—30, 36—43-те жазылғандай, Иса осы зұлым заманның соңғы кезеңіне байланысты тағы не айтқан? ә) Исаның көрнекті мысалы нені білдіреді?
8 Иса осы зұлым дүниенің соңғы кезеңіне байланысты көңіл қоярлық басқа да жайттарды айтқан. Олардың бірі — “Құдай Патшалығының адамдары” мен “әзәзілдің адамдарының” бөлінуі. Бұл жөнінде Иса дұшпан келіп бидайықтың тұқымын сеуіп кететін бидай егіндігі туралы астарлы әңгімесінде айтқан. Бұл көрнекті мысалдағы “бидай” адал майланған мәсіхшілерді білдіреді. “Бидайық” — өздерін мәсіхшілерміз деп айтатын, бірақ шын мәнісінде “әзәзілдің адамдары” болып табылатындар. Өйткені олар Шайтан басқарып тұрған дүниеден айырылғылары келмейді. Олар “Құдай Патшалығының адамдарынан” бөлінген, сондай-ақ оларды жойылу күтіп тұр (Матай 13:24—30, 36—43). Бұл бөліну шын мәнінде орын алды ма?
9. а) Өздерін мәсіхшіміз деп атағандар Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін қандай екі топқа бөлінді? ә) Майланған мәсіхшілердің Патшалықтың шынайы қызметшілері екендіктері қалайша айқын болды?
9 Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін өздерін мәсіхшіміз деп атағандар екіге бөлінді: 1) Ұлттық Лиганы (қазір бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы) қолдай отырып, өз ұлтының мүддесіне адал болған христиан әлемі мен олардың ізбасарлары. 2) Осы дүниенің ұлттарын емес, толығымен Мәсіхтің Патшалығын қолдаған соғыстан кейінгі шынайы мәсіхшілер (Жохан 17:16). ‘Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабарды’ дүние жүзіне уағыздау арқылы, олар Құдай Патшалығының шынайы қызметшілері екендерін дәлелдеді (Матай 24:14). Бұл уағыздаудың нәтижесі қандай болды?
10. Патшалық туралы уағыздаудың алғашқы нәтижесі қандай болды?
10 Алғашқыда майланған мәсіхшілер тамтығы Құдайдың киелі рухымен майланып, көктегі Патшалықта Мәсіхпен бірге болуға үміті барлар жиналды. Олар әр елде өмір сүргенімен, біріккен ұйымның бір бөлігі болды. Майланғандардың таңбалануы жақында аяқталады (Аян 7:3, 4).
11. а) Кімдерді жинау әлі жалғасуда және мұнымен қандай пайғамбарлық орындалуда? ә) Бұл пайғамбарлықтың орындалуы нені көрсетеді?
11 Кейін Исаның басшылығымен ‘әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан’ “өте үлкен тобырды” жинау басталды. ‘Басқа қойлардың’ қатарына жататын бұл адамдар ‘ауыр азаптан’ аман өтіп, Құдайдың жаңа дүниесіне кіретін болады (Аян 7:9, 14; Жохан 10:16). Осы зұлым заманның соңына дейін жүргізілетін Құдай Патшалығы туралы осы іс қазіргі уақытта да жалғасуда. Басқа қойлардың өте үлкен тобыры Патшалық туралы құтқаратын хабарды жариялауда майланғандар тамтығына адалдықпен көмектесуде. Олар қазір миллиондап саналады. Бұл хабарды барлық халық естуде.
Алда не күтіп тұр?
12. Ехобаның күні келгенше, уағыздауға қатысты қанша іс атқарылу керек?
12 Жоғарыда айтылғандардың бәрі жақында соңғы күндер кезеңінің аяқталатынына және Ехобаның күні жақын екендігіне куәлік етеді. Алайда осы қаһарлы күн төнгенше, қандай да бір пайғамбарлықтар орындалу керек пе? Иә. Біріншіден, адамдардың Патшалыққа қатысты бөлінуі әлі аяқталған жоқ. Уағыздау ісіне жылдар бойы қарсылық көрсетіп келген кейбір жерлерде қазір жаңа шәкірттердің көбеюі байқалады. Тіпті ізгі хабарды қабылдаудан бас тартып жатқан жерлерде де куәлік етуімізбен Ехобаның мейірімділігін көрсетеміз. Осы істі атқаруда еш босаңсымайық! Иса бұл іс аяқталғанда, осы зұлым дүниенің жойылатынына сендіреді.
13. 1 Салониқалықтарға 5:2, 3-ке сәйкес, қандай маңызды оқиға болу керек және бұл біз үшін нені білдіреді?
13 Киелі кітаптағы тағы бір маңызды пайғамбарлық былай дейді: “Жұрт “Бәрі тыныш, қауіпсіз” деп жүргенде апат аяғы ауыр әйелдің толғағындай табан астынан болады. Сонда ешкім қашып құтыла алмайды” (1 Салониқалықтарға 5:2, 3). Қалайша “бәрі тыныш, қауіпсіз” деп жарияланатынын әлі алда көреміз. Бірақ бұл әлем басшылары адамзат алдындағы проблемаларды шын мәнінде шешеді дегенді білдірмейтіні анық. “Бәрі тыныш, қауіпсіз” деп жарияланған сөздер Ехобаның күнін естерінде берік ұстағандарды адастырмайды. Олар осыдан кейін кенеттен жойылу болатынын біледі.
14. Ауыр азап кезінде қандай оқиғалар орын алады және қандай кезекпен?
14 Ауыр азаптың басында үкімет басшылары Ұлы Бабылға, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясына, қарсы көтеріліп, оны жояды (Матай 24:21; Аян 17:15, 16). Осыдан кейін халықтар Ехобаның билігін қолдаушыларға қарсы шығады. Бұл үкіметтер мен оның жақтаушыларына қарсы Құдайдың ашуын келтіріп, олардың түгелімен жойылуына алып келеді. Бұл ауыр азаптың шарықтау шегі Һар-Магедонда болады. Кейін Шайтан мен жын-перілері түпсіз тұңғиыққа тасталып, адамдарға әсерін тигізе алмайтын болады. Есімі ақталатын Ехобаның күні осылай аяқталады (Езекиел 38:18, 22, 23; Аян 19:11—20:3).
15. Ехобаның күні әлі алыста деп ойлау неліктен даналыққа жатпас еді?
15 Осы заманның жойылуы Құдайдың белгілеген уақытында келеді. Ол кешікпейді (Аббақұқ 2:3). Б. з. 70 жылы Иерусалимнің қирауы тез арада келгенін — мұны яһудилер қатер артта қалды деп ойлап, олар күтпеген уақытта келгенін — естеріңе түсіріңдерші. Ал ежелгі Бабылмен не болды? Бұл ықпалы зор, берік қабырғалармен қоршалған қала болатын. Бірақ ол бір-ақ түннің ішінде құлады. Сол сияқты қазіргі зұлым заман да кенеттен жойылады. Бұл күн келгенде, шынайы ғибадат етушілермен бірге болу үшін, Ехобаның күнін есімізде берік ұсталық!
Қайталауға арналған сұрақтар
• Ехобаның күнін есімізде берік ұстағанымыз неліктен маңызды? Мұны қалай істей аламыз?
• Адамдардың бөлінуі жеке өзімізге қалай әсер ету керек?
• Ехобаның күні басталмас бұрын қандай оқиғалар болу керек? Осыған байланысты жеке өзіміз не істеуіміз керек?
[180-беттегі сурет]
Соңғы күндер аяқталуға жақын: жақында Шайтанның дүниесі жойылады.