Он тоғызыншы тарау
Құдай Сөзін батылдықпен уағыздай беріңдер
1. а) Исаның шәкірттері қандай ізгі хабарды жариялады және бұған кейбір яһудилер қалай қарады? ә) Осыған байланысты қандай сұрақтар қоюымызға болады?
ОСЫДАН шамамен 2 000 жыл бұрын Құдай Ұлы Иса Мәсіх бүкіл жер бетіне билік ететін Патша ретінде майланған болатын. Діни қарсыластарының арандатуымен Иса өлтірілді, бірақ Ехоба оны қайта тірілтті. Иса арқылы мәңгілік өмірге жол ашылды. Алайда Исаның шәкірттері осы ізгі хабарды бүкіл халыққа жариялай бастағанда, қатты қудалауға кезікті. Шәкірттердің кейбіреулері түрмеге жабылып, тіпті дүре соғылып, Иса туралы айтуға қатаң тиым салынды (Елшілердің істері 4:1—3, 17; 5:17, 18, 40). Олар не істеулері керек еді? Сен не істер едің? Батылдықпен куәлік етуді жалғастыра берер ме едің?
2. а) Біздің күндерімізде қандай керемет хабар жариялану керек? ә) Ізгі хабарды уағыздау жауапкершілігі кімге жүктелген?
2 1914 жылы Иса Мәсіх ‘жауларының арасында’ билік жүргізу үшін Құдай Патшалығының Патшасы ретінде таққа отырды (Забур 110:2, ЖД). Кейін Шайтан мен жын-перілері жер бетіне қуылды (Аян 12:1—5, 7—12). Сол кезде қазіргі зұлым дүниенің соңғы күндері басталды. Осы кезең аяқталған соң, Құдай бүкіл Шайтанның дүниесін құртады (Даниял 2:44; Матай 24:21). Құтқарылғандардың жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндіктері бар. Осы ізгі хабарды қабыл алған болсаң, оны өзгелермен бөлісуге деген ықыласың пайда болады (Матай 24:14). Алайда олар мұны қалай қабылдайды?
3. а) Патшалық туралы хабарды адамдар қалай қабылдайды? ә) Өзімізге қандай сұрақ қоюымыз керек?
3 Ізгі хабарды жариялаған кезіңде, бәлкім, кейбіреулері жақсы қабылдар, алайда көпшілігі селқостық танытуы мүмкін (Матай 24:37—39). Кейбіреулері болса келеке етуі немесе қарсылық көрсетуі мүмкін. Иса қарсылықтардың тіпті өз туыстарыңның тарапынан болуы мүмкін екендігін ескерткен (Лұқа 21:16—19). Қарсылықтармен сондай-ақ жұмыста не мектепте кезігуің де мүмкін. Кейбір елдерде Ехоба Куәгерлерінің ісіне үкімет тіпті тиым салған. Осындай жағдайларға тап болсаң, Құдай сөзін батылдықпен айтуды жалғастырып, ‘сеніміңде берік’ тұрасың ба? (1 Қорынттықтарға 16:13).
Өз күшімізге сенім артпайық
4. а) Құдайдың адал қызметшісі болып қалуымыз үшін бізге не қажет? ә) Неліктен мәсіхші кездесулері өте маңызды?
4 Ехобаның адал қызметшісі болып қала беруіміз үшін, Оның біздің рухани игілігіміз үшін қарастырған шаралары өте қажет. Сондай шаралардың бірі — қауым кездесулері. Киелі жазбалар бұларға жеңіл-желпі қарамау керектігін ескертеді (Еврейлерге 10:23—25). Ехобаның адал қызметшілері бір сенімдегілермен бірге қауым кездесулеріне үзбей қатысуға бар күшін салады. Бұл кездесулерде Киелі кітапқа негізделген білімімізді тереңдете түсеміз. Оның үстіне, өзіміз білетін шындықтарды толығырақ түсініп, олардың өзімізді ғана емес, өзгелерді де қайрау үшін қалай көмектесе алатынын айқын көреміз. Құдайға бірігіп ғибадат етіп жатқан мәсіхші бауырластарымызға жақындай түсіп, Құдайдың еркін орындау үшін нығаямыз. Ехобаның киелі рухы бізге басшылықты қауым арқылы береді де, осы рух арқылы Иса біздің арамызда болады (Матай 18:20; Аян 3:6).
5. Ехоба Куәгерлері істеріне тиым салынған жағдайда, кездесулерін қалай өткізеді?
5 Қауым кездесулеріне үнемі қатысып және ол жерде естігендеріңді өміріңде қолданасың ба? Кейде, Ехоба Куәгерлерінің ісіне тиым салынған жағдайда, қауым кездесулерін шағын топ болып, жеке үйлерде өткізуге тура келеді. Кездесуді өткізетін уақыт пен орны өзгеріп тұруы мүмкін, сонымен қатар олар барлық уақытта ыңғайлы бола бермеуі мүмкін, мысалы кейбір кездесулер тым кеш өткізіледі. Бірақ қолайсыз не қауіпті болғанына қарамастан, адал бауырластар әрбір кездесуге келуге барынша күш салады.
6. Ехобаға сенім артатынымызды қалай көрсете аламыз және бұл батылдықпен уағыздай беруімізге қалай көмектесе алады?
6 Оның көмегіне мұқтаж екенімізді түсініп, үнемі әрі шын жүректен дұға ететін болсақ, Ехобаға сеніміміз арта түседі. Сен осылай етесің бе? Иса жердегі қызметінің барысында жиі дұға айтқан (Лұқа 3:21; 6:12, 13; 22:39—44). Бағанаға шегеленер алдында ол шәкірттерін: “Азғырылмау үшін сергек болып сиынып мінажат етіңдер!” — деп шақырған болатын (Марқа 14:38). Уағыздаған адамдарымыздың Патшалық туралы хабарға селқос қарауы біз үшін “азғыру” болып, қызметті бәсеңдетуге әсер етуі мүмкін. Егер бізді келеке-мазақ етіп немесе қудалайтын болса, қиындықтардан аулақ болу үшін уағыздауды тоқтатқымыз да келер. Алайда егер батылдықпен уағыздауды жалғастыруымызға Құдайдан киелі рухының көмегін сұрап шын жүректен дұға етер болсақ, осындай азғыруларға төтеп бере аламыз (Лұқа 11:13; Ефестіктерге 6:18—20).
Батылдықпен уағыздағандар
7. а) Неліктен Елшілердің істері кітабындағы мәліметтер біз үшін аса қажет? ә) Абзацтың соңында келтірілген сұрақтарға жауап бере отырып, бұл мәліметтердің бізге қандай пайдасы бар екендігі жөнінде ойланып көр.
7 Елшілердің істері кітабында біздер үшін аса қажетті мәліметтер бар. Онда елшілер мен өзге де ертедегі шәкірттердің — біздікіндей сезімдері болған адамдардың — Ехобаның батыл да адал куәгерлері ретінде қиыншылықтарды қалайша жеңе білгендігі туралы айтылған. Келесі сұрақтар мен келтірілген тармақтардың көмегімен осы кітаптың кейбір үзінділерін қарастырып көрейікші. Қарастыру барысында, оқығандарыңның жеке өзіңе қандай пайдасы бар екендігін ойланып көр.
Елшілер жоғары білімді болған ба? Олар қандай жағдайға тап болғанына қарамастан, қорқынышқа бой алдырмайтын адамдар болған ба? (Жохан 18:17, 25—27; 20:19; Елшілердің істері 4:13).
Құдай Ұлына үкім шығарған яһуди сотының алдында Петірге батылдықпен уағыздауға не көмектесті? (Матай 10:19, 20; Елшілердің істері 4:8).
Елшілер Жоғарғы кеңестің алдына әкелінгенге дейін, бірнеше апта бойы не істеді? (Елшілердің істері 1:14; 2:1, 42).
Басшылар Исаның атынан уағыздауға тиым салғанда, Петір мен Жохан қалай жауап берді? (Елшілердің істері 4:19, 20).
Елшілерді босатқан соң, олар көмекті кімнен іздеді? Олар қудалаулар тоқтасын деп дұға етті ме, әлде басқа нәрсе сұрады ма? (Елшілердің істері 4:24—31).
Қарсыластары уағыздауды тоқтатуға тырысқанда, Ехоба кім арқылы көмек көрсетті? (Елшілердің істері 5:17—20).
Елшілердің неге босатылғандарын түсінгендіктері неден көрінеді? (Елшілердің істері 5:21, 41, 42).
Шәкірттер қуғынның салдарынана жан-жаққа тарап кетсе де, не істеуді тоқтатпады? (Елшілердің істері 8:3, 4; 11:19—21).
8. Ертедегі мәсіхшілердің қызметінің қандай қуантарлық нәтижелері болды және неліктен біз де сол іске қатыса аламыз?
8 Ізгі хабарды уағыздау ісі өз жемісін берді. Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында 3000-ға жуық адам шомылдыру рәсімінен өтті. “Көп кісілер — әйелдер мен еркектер топ-тобымен Иеміздің қауымына қосылып жатты” (Елшілердің істері 2:41; 4:4; 5:14). Уақыт өте, тіпті Құдай халқының қас жауы болған Тарстан шыққан Саул да мәсіхші болып, шындық туралы батылдықпен уағыздай бастады. Кейіннен ол елші Пауыл ретінде әйгілі болды (Ғалаттықтарға 1:22—24). Бірінші ғасырда басталған іс әлі тоқтаған жоқ. Ол осы соңғы күндері жаңа қарқынмен кең етек алып, дүние жүзіне тарады. Біздің осы іске қатысуға керемет мүмкіндігіміз бар, осы істі атқара отырып, бізге дейінгі адал куәгерлердің қалдырған үлгілерінен үйрене аламыз.
9. а) Пауыл куәлік ету үшін қандай мүмкіндіктерді пайдаланған? ә) Патшалық туралы хабарды уағыздау үшін сен қандай мүмкіндіктерді пайдаланудасың?
9 Пауыл Иса Мәсіх туралы шындықты білгенде, не істеді? Ол “Көп кешікпей... Исаның Құдай Ұлы екені туралы уағыздай бастады” (Елшілердің істері 9:20). Пауыл Құдайдың өзіне көрсеткен рақымына риза болды, сондай-ақ ол естіген ізгі хабарының әрбір адамға қажет екенін түсінді. Пауыл яһуди болған, сол кездегі әдет бойынша, ол мәжілісханаға барып, сонда куәлік ететін. Сондай-ақ ол үйден үйге уағыздайтын, адамдармен базарда әңгімелесетін. Ізгі хабарды уағыздау үшін жаңа жерлерге дайындықпен аттанатын (Елшілердің істері 17:17; 20:20; Римдіктерге 15:23, 24).
10. а) Куәлік еткенде, Пауылдың батыл ғана емес, қырағы да болғаны неден көрінеді? ә) Туысқандарымызға, қызметтестеріміз бен сыныптастарымызға куәлік еткенде, Пауылдың қасиетіндей қасиеттерді қалай таныта аламыз?
10 Пауыл батыл ғана емес, қырағы да болған. Бізге де сондай болу керек. Ол яһудилермен сөйлескенде, ата-бабаларына берілген уәдені әңгіменің негізі етті. Ал гректермен әңгімесінде оларға жақын таныс нәрселерді негіз етіп алды. Кейде куәлік беру үшін ол өзінің шындықты қалай танығаны туралы айтып берген. Ол: “Осының бәрін Ізгі хабардың таралуы үшін істеп жүрмін”,— деді (1 Қорынттықтарға 9:20—23; Елшілердің істері 22:3—21).
11. а) Пауыл қарсыластарымен үнемі қақтығысудан аулақ болу үшін не істеген? ә) Пауылдың үлгісіне қай уақытта еліктеген дұрыс және мұны қалай істей аламыз? ә) Батылдықпен уағыздауды жалғастыру үшін күшті қайдан аламыз?
11 Қарсылық туындағаннан өзге бір жерде уағыздай тұру дұрыстау болып көрінгенде, Пауыл осылай әрекет еткен: ол қарсыластарымен үнемі қақтығысудан аулақ болған (Елшілердің істері 14:5—7; 18:5—7; Римдіктерге 12:18). Алайда ол ізгі хабар үшін ешқашан ұялмаған (Римдіктерге 1:16). Қарсыластарының қатыгездігі, тіпті зұлымдығы қаншама жағымсыз болса да, Пауыл ‘Құдайға сене отырып... Ізгі хабарды жариялауға батылы барды’. Ол былай деді: ‘Иеміз маған жар болып, әр ұлттық адамдардың естуі үшін Ізгі хабарды толықтай жариялауға күш-қуат берді’ (1 Салониқалықтарға 2:2; 2 Тімотеге 4:17). Мәсіхшілер қауымының Басы Иса өзінің біздің күндерімізге қатысты алдын ала айтқан ісін атқару үшін қажет күшті әлі де беруде (Марқа 13:10).
12. Мәсіхшілердің батылдығы неден көрінеді және бұған қандай негіз бар?
12 Иса мен бірінші ғасырдағы Құдайдың адал қызметшілері сияқты Құдай сөзін батылдықпен айтуды жалғастыруға бізде барлық негіз бар. Бұл өзімізді дөрекі ұстау немесе ізгі хабарды тіптен тыңдағысы келмейтін адамдарға қайтсек те айту дегенді білдірмейді. Алайда адамдардың селқостық танытқандарына қарамастан, біз берілмейміз; бізге қарсылық көрсетсе де, үндемей қалмаймыз. Иса сияқты, біз де дүние жүзінің заңды үкіметі ретінде Құдай Патшалығы туралы куәлік етеміз. Біз Ехобаның, яғни Әлемнің Әміршісінің, өкілі болғандықтан, сенімділікпен уағыздаймыз, өйткені жариялап жүрген хабарымыз өзіміздікі емес, Құдайдікі. Ал Ехобаны мадақтаудағы ең басты қозғаушы күш біздің сүйіспеншілігіміз болу керек (Філіпіліктерге 1:27, 28; 1 Салониқалықтарға 2:13).
Қайталауға арналған сұрақтар
• Неліктен Патшалық туралы хабарды мүмкіндігінше бәрімен бөліскеніміз маңызды және адамдардың көзқарастары қандай болады деп күтеміз?
• Ехобаға қызметімізде өз күшімізге сенім артпайтынымызды қалай көрсете аламыз?
• Елшілердің істері кітабынан қандай құнды сабақтар алуға болады?
[173-беттегі сурет]
Ертедегідей, бүгінгі таңда да Ехобаның қызметшілері Құдай сөзін батылдықпен айтуда.