Он төртінші тарау
Ехоба өзінің ұйымына қалай басшылық беруде?
1. Киелі кітапта Ехобаның ұйымы туралы қандай мәліметтер бар және бізге оны білу неліктен маңызды?
ҚҰДАЙДЫҢ ұйымы бар ма? Киелі жазбалар Құдайдың ұйымының бар екенін айтады. Құдай өз Сөзінде осы ұйымның көктегі бөлігінің әсерлі көрінісі арқылы біраз түсінік береді (Езекиел 1:1, 4—14; Даниял 7:9, 10, 13, 14). Біз оны көрмесек те, оның бүгінгі Құдайдың қызметшілеріне тигізетін ықпалы өте зор (4 Патшалықтар 6:15—17). Жер бетінде Ехобаның ұйымының көзге көрінетін де бөлігі бар. Киелі кітап мұның қандай ұйым екенін және ол арқылы Ехоба қалай басшылық жүргізіп жатқанын түсінуімізге көмектеседі.
Ұйымның көзге көрінетін бөлігі
2. Құдай қандай жаңа қауым құрды?
2 1 545 жыл бойы Исраил халқы Құдайдың қауымы болды (Елшілердің істері 7:38). Алайда Исраил Құдайдың заңдарын бұзып, оның Ұлынан бас тартты. Нәтижесінде, Ехоба бұл қауымнан бас тартты. Иса яһудилерге: “Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады”,— деген еді (Матай 23:38). Кейіннен Құдай жаңа келісім жасасып, жаңа қауым құрды. Бұл қауым Ұлымен бірге болу үшін Құдайдың өзі таңдаған 144 000 адамнан құралуы керек еді (Аян 14:1—4).
3. Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында болған қандай оқиға Құдайдың жаңа қауымды қолдана бастағанының айқын дәлелі болды?
3 Бұл жаңа қауымның алғашқы мүшелері б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында Ехобаның киелі рухымен майланған болатын. Бұл маңызды оқиға Киелі кітапта былайша суреттеледі: ‘Алғашқы өнім мейрамы келгенде, сенушілердің бәрі бірге болды. Сонда кенеттен көктен бір қатты дауыл соққандай шу естіліп, олар отырған бүкіл үйді алып кетті. Оларға жалындай жалаңдаған тілдер көрінді де, бөлініп-бөлініп әрқайсысының үстіне бір-бірден қонды. Бәрі Киелі Рухқа кенелді’ (Елшілердің істері 2:1—4). Осылайша, Құдай өз еркін орындау үшін енді көктегі Иса Мәсіх басшылық ететін осы топты қолданатындығына өзінің рухы арқылы айқын куәлік етті.
4. Бүгінде Ехобаның көзге көрінетін ұйымын кімдер құрайды?
4 Бүгінгі таңда жер бетінде 144 000-ның тамтығы ғана бар. Алайда Киелі кітаптағы пайғамбарлықтың орындалуына сай, майланған тамтықпен миллиондаған адамдар — ‘басқа қойлардың’ ‘өте үлкен тобыры’ — қызмет етуде. Иса, Ізгі Бағушы, осы ‘басқа қойлардың’ тамтықпен басын қосты, осылайша олар бір-ақ Бағушысы бар біртұтас отар болды (Аян 7:9; Жохан 10:11, 16). Бұлар бірлесе отырып біріккен қауымды — Ехобаның көзге көрінетін ұйымын — құрайды.
Теократиялық жолмен құрылған
5. Құдайдың ұйымын кім басқарады және қалай?
5 Киелі кітаптағы “Құдайдың қауымы” деген сөз тіркесі бұл қауымды кім басқарып тұрғанын анық көрсетеді. Бұл ұйым — теократиялық жолмен құрылған, яғни Құдай басқаратын ұйым. Ехоба өз халқына қауымның көзге көрінбейтін Басы етіп тағайындаған Иса арқылы және өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы басшылық етеді (1 Тімотеге 3:14, 15; Ефестіктерге 1:22, 23; 2 Тімотеге 3:16, 17).
6. а) Бірінші ғасырдағы қауымға көктен басшылық етілгені неден көрінеді? ә) Исаның әлі де қауымның Басы екені қайдан белгілі?
6 Бұндай басшылық Алғашқы өнім мейрамында өте айқын көрінді (Елшілердің істері 2:14—18, 32, 33). Сондай-ақ басшылық Ехобаның періштесі ізгі хабардың Африкаға да жетуіне шара қолданғанда, Тарстан шыққан Саул бет бұрар кезде, Исаның даусы нұсқаулар бергенде және Петір басқа ұлттарға уағыздай бастағанда айқын берілген еді (Елшілердің істері 8:26, 27; 9:3—7; 10:9—16, 19—22). Алайда уақыт өте келе, көктен дауыс шықпайтын да, періштелер көрінбейтін де, ешкім де рухтың керемет жасайтын сыйын алмайтын да болды. Бірақ та Иса: “Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!” — деп уәде еткен болатын (Матай 28:20; 1 Қорынттықтарға 13:8). Бүгінде Ехобаның Куәгерлері Исаның басшылығын мойындайды. Бұл басшылықсыз, кезігіп отырған қатты қарсылықтарды ескерер болсақ, Патшалық туралы хабарды уағыздау мүмкін болмас еді.
7. а) ‘Адал да саналы қызметші’ кім және неліктен олай жауап бересің? ә) Бұл “қызметшіге” қандай тапсырма берілген?
7 Өліміне аз уақыт қалғанда, Иса шәкірттеріне Қожайынынан, яғни Исадан, ерекше тапсырма алатын ‘адал да саналы қызметші’ туралы айтқан болатын. Бұл “қызметші” Иса көкке кетпей тұрғанда болу керек еді, сондай-ақ ол Мәсіхтің Патшалық билікті қолына алып, көзге көрінбей қайтып келген кезінде де қызмет етіп жатқан болуы керек тұғын. Мұндай бейнелеу бір ғана адамға қатысты деу қиын, бұл майланған мәсіхшілердің қауымына сәйкес келеді. Иса оны өзінің қанының құнымен иемденді, міне, сондықтан да ол оны “қызметшім” деген. Ол осы қауымның мүшелеріне шәкірттер дайындауды, сондай-ақ оларға рухани “ас-суларын уақтылы” беруді тапсырды (Матай 24:45—47; 28:19; Ишая 43:10; Лұқа 12:42; 1 Петір 4:10).
8. а) Қызметші табына қандай жауапкершілік жүктелген? ә) Неліктен Құдайдың арна арқылы беріп отырған басшылығын қабыл алу маңызды?
8 1914 жылы Қожайын көзге көрінбей қайтып келгенде, қызметші табы өзіне тапсырылған жұмысты адал орындауда еді. Сондықтан да 1919 жылы, деректерге қарағанда, оларға одан да үлкен жауапкершілік жүктелді. Содан бері дүние жүзінде Патшалық туралы куәлік етілуде. Біздің күнімізде ауыр азаптан аман қалатын Ехобаға ғибадат етуші өте үлкен тобырды жинау жалғасуда (Матай 24:14, 21, 22; Аян 7:9, 10). Бұларға да рухани тамақ қажет. Мұны оларға қызметші табы беруде. Осылайша, Ехобаға ұнамды болғымыз келсе, оның осы арна арқылы беріп отырған басшылығын қабыл алып, соған сай әрекет етуіміз қажет.
9, 10. а) Бірінші ғасырда ілімдерге қатысты мәселелер қалай шешілді және ізгі хабарды уағыздауда басшылық қалай берілді? ә) Бүгінде Ехобаның халқының ісін ұйымдастыруда басшылық қалай жүргізілуде?
9 Кейде ілімдерге немесе ұйымның құрылымына байланысты сұрақтар туындайды. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Елшілердің істері кітабының 15-тарауында мәсіхшілікті қабыл алған басқа ұлттың адамдарына қатысты көтерілген мәселенің қалай шешілгендігі жөнінде жазылған. Бұл мәселені шешу Иерусалимдегі басқарушы кеңесті құрайтын елшілер мен қауым жетекшілеріне тапсырылды. Бұлар да кемелсіз еді, әйтсе де Құдай оларды қолданған. Олар осы мәселеге қатысты Жазбаларда не айтылғанын қарастырып, сондай-ақ басқа ұлттарға уағыздау ісі Құдайдың рухының көмегімен ашылғандығын растайтын деректерді ескерді. Сонан соң шешім қабылдады. Құдай мұндай құрылымға батасын берді (Елшілердің істері 15:1—29; 16:4, 5). Сол кездегі басқарушы кеңес Патшалықты уағыздауға кімді және қайда жіберу керектігін шешіп отырған.
10 Бүгінде Ехобаның көзге көрінетін ұйымының Басқарушы кеңесінің құрамына әр түрлі елдердегі киелі рухпен майланған бауырластар кіреді. Сондай-ақ бұл кеңес Ехоба Куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасында орналасқан. Иса Мәсіхтің басшылығымен Басқарушы кеңес ондаған мың қауымдағы Ехоба Куәгерлерінің уағыздау ісін ұйымдастыруда басшылық етіп, барлық елдегі таза ғибадаттың мүддесіне қызмет етуде. Басқарушы кеңестің мүшелері елші Пауылдың мәсіхшілерге жазған: “Сенімдеріңе өктемдік еткіміз келмей, қуаныштарың үшін өздеріңмен бірге еңбектенеміз. Өйткені сенімдерің арқылы беріксіңдер”,— деген көзқарасына еліктейді (2 Қорынттықтарға 1:24).
11. а) Ақсақалдар мен қызмет көмекшілері қалай тағайындалады? ә) Тағайындалған бауырластармен неліктен тығыз қызметтес болуымыз керек?
11 Дүние жүзіндегі Ехоба Куәгерлері Басқарушы кеңес қауымдарға ақсақалдар мен қызмет көмекшілерін тағайындауға жауапты ер бауырластарды сайлайды деп күтеді. Қауымның жайын ойлауға тағайындалатындарға қойылатын талаптар Киелі кітапта жазылған және бұл ер бауырластардың да кемелсіз, қателесулері мүмкін екенін ескереді. Әлдекімді ұсынған ақсақалдар мен сол ұсынылған бауырластарды тағайындаушыларға Құдай үлкен жауапкершілік жүктейді (1 Тімотеге 3:1—10, 12, 13; Титке 1:5—9). Сондықтан олар Құдайдан киелі рухын сұрап дұға етеді және оның рухымен жазылған Сөзінен басшылық іздейді (Елшілердің істері 6:2—4, 6; 14:23). “Сенімімізде бірлікке” жетуге көмектесетін осы “адамдар кейпіндегі тартуларға” ризашылығымызды білдірейік. (Ефестіктерге 4:8, 11—16, ЖД).
12. Ехоба Теократиялық құрылымында әйелдерді қалай қолданады?
12 Киелі жазбаларға сай, қауымдағы бақылау жұмысын ер кісілер қолға алу керек. Бұл ешқандай да әйелдерді төмен санағандық емес. Өйткені олардың кейбіреулері Патшалықтың мұрагерлері, сондай-ақ уағыздау ісінде әйелдер көп іс атқаруда (Забур 67:12). Бұдан басқа, отбасындағы міндеттерін адал орындай отырып, әйелдер қауымның жақсы атаққа ие болуына септігін тигізуде (Титке 2:3—5). Бірақ қауымда тәлім беру тағайындалған ер кісілерге тапсырылған (1 Тімотеге 2:12, 13).
13. а) Киелі кітапқа сәйкес, ақсақалдар өздерінің дәрежелерін қалай қарастырулары керек? ә) Бәріміздің де қандай тамаша мүмкіндігіміз бар?
13 Осы дүниеде дәрежелі адамдарды жоғары тұтады. Алайда Құдайдың ұйымында басқа ереже орныққан: “Араларыңда ең кішік кім болса, ең ұлыларың сол” (Лұқа 9:46—48; 22:24—26). Киелі кітап ақсақалдарға Құдайдың меншігіне өктемдік етуден сақ болып, қайта, отарға үлгі-өнеге көрсетулерін насихаттайды (1 Петір 5:2, 3). Тағайындалғандар ғана емес, барлық Ехоба Куәгерлерінің, әйелдердің де, ерлердің де, кішіпейілділікпен Құдайдың атынан сөйлеп және барлық адамдарға оның Патшалығы туралы айтып, Әлемнің Әміршісінің өкілдері ретінде қызмет етуге тамаша мүмкіндігі бар.
14. Келтірілген тармақтарды қолдана отырып, абзацтың соңындағы сұрақтарды талқылаңдар.
14 Әрбіріміз өзімізден: “Ехобаның көзге көрінетін ұйымына басшылық беруге қолданып отырған шараларын шынында да бағалаймын ба? Бұны көзқарасым, сөздерім мен іс-әрекетім қалай көрсетеді?” — деп сұрағанымыз жөн. Келесі бөлімдердің үстінен ой жүгірткеніміз өзімізді тексеруге көмектеседі.
Мәсіхке шынымен қауымның Басы ретінде мойынсұнатын болсам, келесі тармақтарға сәйкес, не істер едім? (Матай 24:14; 28:19, 20; Жохан 13:34, 35).
Қызметші табы мен оның Басқарушы кеңесі арқылы берілген рухани тартуларды ризашылықпен қабыл алғанда, кімге құрмет көрсетемін? (Лұқа 10:16).
Қауым мүшелерінің, әсіресе ақсақалдардың, өзгелермен қарым-қатынасы қандай болу керек? (Римдіктерге 12:10).
15. а) Ехобаның көзге көрінетін құрылымына қатысты көзқарасымызбен және іс-әрекетімізбен нені көрсетеміз? ә) Қалай Ехобаның жүрегін қуантып, Ібілістің өтірікші екенін дәлелдей аламыз?
15 Бүгінде Ехоба бізді өзінің Мәсіх басқарған, көзге көрінетін ұйымы арқылы жетелейді. Осы құрылымға қатысты көзқарасымыз бен іс-әрекетіміз даулы сұрақта кімнің жағында екендігімізді көрсетеді (Еврейлерге 13:17). Шайтан бізді бірінші кезекте өз қамымыз қызықтырады деп сендіреді. Бірақ даярлықпен өзгелерге қызмет етіп, өзімізге көңіл аударатын нәрселерден аулақ болсақ, Ібілістің өтірікші екенін дәлелдейміз. Арамыздағы басшылықты қолға алғандарды жақсы көріп, құрметтер болсақ, сондай-ақ ‘бас пайдамыз үшін мақтанып, өзгелерге жағымпазданбасақ’, Ехобаның жүрегін қуантамыз (Яһуда 16; Еврейлерге 13:7). Ехобаның ұйымына адал бола отырып, оның біздің Құдайымыз екенін және оған ғибадат етуде бірлікте екендігімізді көрсетеміз (1 Қорынттықтарға 15:58).
Қайталауға арналған сұрақтар
• Бүгінде Ехобаның көзге көрінетін ұйымы деген не? Оның мақсаты қандай?
• Қауымның тағайындалған Басы кім және ол қандай көзге көрінетін құрылым арқылы бізге сүйіспеншілікке толы басшылығын беріп отыр?
• Ехобаның ұйымындағыларға қатысты қандай дұрыс көзқарасты дамытуымыз керек?
[133-беттегі сурет]
Ехоба бізді өзінің Мәсіх басқарған, көзге көрінетін ұйымы арқылы жетелейді