Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • wt 13-тар., 120—127 бет.
  • Ехобаның тағының алдындағы өте үлкен тобыр

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның тағының алдындағы өте үлкен тобыр
  • Жалғыз шынайы Құдайға ғибадат етіңдер
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Өте үлкен тобырды анықтау
  • Лайық болу
  • Қазіргі баталар
  • “Ұлы жамағат” деген кімдер?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
  • Олар “өмір суының” бұлақтарына жетелеуге лайық
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ұлы жамағат Құдайды және Мәсіхті мадақтайды
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
  • Ехобаның батасына кенелген сансыз ұлы жамағат
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2019)
Жалғыз шынайы Құдайға ғибадат етіңдер
wt 13-тар., 120—127 бет.

Он үшінші тарау

Ехобаның тағының алдындағы өте үлкен тобыр

1. а) Мәсіхшілерге дейінгі Құдайдың қызметшілері мен 144 000 өз сыйларын алу үшін бастарынан не өткерулері керек? ә) Бүгінгі “өте үлкен тобырдың” келешегі қандай?

ӘБІЛДЕН бастап, шомылдыру рәсімін жасаушы Жоханға дейінгі Ехобаның адал қызметшілері үшін өмірдегі ең маңыздысы Құдайдың еркін орындау болған. Алайда олардың бәрі өліп кетті, енді олар Құдайдың жаңа дүниесінде жер бетіне қайта тірілуді күтіп жатыр. Құдай Патшалығында Мәсіхпен бірге билік ететін 144 000 да өз сыйларын алу үшін өлуге тиіс. Бірақ Аян 7:9-да көрсетілгендей, осы соңғы күндері әрбір ұлттан шыққан “өте үлкен тобыр” жинақталады. Олар өлім көрмейді, сондай-ақ олардың жер бетінде мәңгі өмір сүру мүмкіндігі бар. Сен де солардың арасындасың ба?

Өте үлкен тобырды анықтау

2. Аян 7:9-ғы өте үлкен тобырдың кім екендігі қалайша біртіндеп түсінікті бола бастады?

2 1923 жылы Ехобаның қызметшілері Исаның Матай 25:31—46 дейінгі тармақтарында айтылған мысалындағы “қойлар” мен Жохан 10:16-да жазылған ‘басқа қойлардың’ жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміті бар адамдарды бейнелейтінін түсінді. 1931 жылы Езекиел 9:1—11 дейінгі тармақтарда жазылған маңдайына белгі қойылғандардың да жерде өмір сүруге үміті барлар екендігі түсінікті болды. Кейінірек, 1935 жылы, өте үлкен тобырдың Исаның айтқан басқа қойларының қатарына кіретіндігі айқын болды. Бүгінде Құдай қолдаған бұл өте үлкен тобырдың саны миллиондап есептеледі.

3. Неліктен ‘тағының... алдында тұру’ деген көктегі тапқа нұсқамайды?

3 Аян 7:9-да үлкен тобыр көкте деп айтылмаған. Құдайдың ‘тағының... алдында тұру’ үшін міндетті түрде көкте болу қажет емес. Бұл адамдар жай ғана Ехобаның көз алдында (Забур 10:4). “Ешбір адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобыр” көктегі тапқа жатпайды. Мұны өте үлкен тобырдың санының нақты айтылмағанын ескеріп және Аян 7:4—8 бен Аян 14:1—4 дейінгі тармақтарды салыстыра отырып көруге болады. Бұл жазба орындарында көкке алынатындардың саны 144 000 екені айтылған.

4. а) Өте үлкен тобыр аман қалатын “ауыр азап” дегеніміз не? ә) Аян 7:11, 12-ге сәйкес, өте үлкен тобырды бақылап және олармен бірге ғибадат етіп жатқандар кім?

4 Аян 7:14-те (сілтемені қара) өте үлкен тобыр туралы: “Бұлар ауыр азапталу кезеңінен өткендер”,— делінген. Олар адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ең ауыр азаптан аман қалады (Матай 24:21, сілтемені қара). Өздерінің аман қалғандары үшін олар Құдай мен Мәсіхке ризашылығын білдіргенде, көктегі барлық адал жаратылыстар оларға қосылып, былай деп жар салады: “Аумин! Дәріптеу, ұлылық пен даналық, шүкірлік, құрмет, құдірет пен билік біздің Құдайға арналған мәңгілік! Аумин” (Аян 7:11, 12).

Лайық болу

5. Өте үлкен тобырдың бір бөлігі болғысы келетіндерден не талап етілетіндігін қайдан білуге болады?

5 Өте үлкен тобырдың құтқарылуы Ехобаның әділетті нормаларына сай жүзеге асады. Құтқарылатындарды ерекшелендіретін қасиеттер Киелі кітапта анық жазылған. Осылайша, әділдікті жақсы көретін адамдар құтқарылуға лайық болу үшін қазірден бастап әрекет ете алады. Олар не істеулері керек?

6. Неліктен өте үлкен тобырды қойлармен салыстырған орынды?

6 Қойлар момын әрі тіл алғыш. Олай болса, Иса көктегі тапқа жатпайтын басқа да қойларым бар дегенде, тек қана жер бетінде мәңгі өмір сүруді қалайтындарды емес, өзінің ілімдеріне құлақ салатын адамдарды ойға тұтқан еді. “Менің “қойларым” даусымды естіп, бағынады”,— деді ол (Жохан 10:16, 27). Мұндай адамдар Исаға толық мойынсұнғандықтан, оның шәкірттері болады.

7. Исаның ізбасарлары қандай қасиеттерді дамытулары қажет?

7 Исаның әрбір ізбасары тағы қандай қасиеттерді дамыту керек? Құдай Сөзі былай деп жауап береді: “Ескі күнәкар болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар! Рухтарың мен ақыл-ойларың түгелдей жаңарсын; осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болып өмір сүріңдер!” (Ефестіктерге 4:22—24). Олар Құдайдың қызметшілерінің арасындағы бірліктің нығая түсуіне септігін тигізетін қасиеттерді дамытады. Бұл қасиеттер — “сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық” (Ғалаттықтарға 5:22, 23).

8. Тамтыққа қолдау көрсетуде өте үлкен тобыр не нәрсеге кезігуде?

8 Өте үлкен тобыр көкте өмір сүруге үміті бар және уағыздау ісінде басшылықты қолына алған шағын топқа қолдау көрсетуде (Матай 24:14; 25:40). Осы соңғы күндердің басында Иса періштелерімен бірге Шайтанды және оның жын-перілерін көктен қуғандықтан, басқа қойлар қарсылықтарға кезігетіндерін білсе де, шағын топты қолдауда. Мұның нәтижесі қандай болды? ‘Жерде... тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы’ (Аян 12:7—12). Осы зұлым дүниенің ақыры жақындаған сайын, Шайтанның Құдайдың қызметшілеріне көрсетіп жатқан қысымы да күшеюде.

9. Құдайдың қызметшілерінің ізгі хабарды уағыздау ісі қаншалықты алға жылжуда және неліктен?

9 Қатты қарсылықтарға қарамастан, уағыздау ісі алға жылжуда. Бірінші Дүниежүзілік соғыстың аяғында Патшалықтың жариялаушыларының саны бірнеше мыңдаған ғана болса, қазір олардың саны миллиондаған. Өйткені Ехоба: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады”,— деп уәде еткен (Ишая 54:17). Тіпті бірінші ғасырда өмір сүрген яһудилердің жоғарғы сотының бір мүшесі Құдайдың ісіне кедергі жасау мүмкін емес екенін мойындаған. Ол Исаның шәкірттері туралы парызшылдарға: “Бұл кісілерге тимеңіздер, босатып жіберіңіздер. Себебі егер бұл әрекет адам бастаған іс болса, ол өзінен-өзі құриды, бірақ Құдайдан болса, оны құрта алмайсыздар, тіпті Құдайға қарсы күресетін боласыздар”,— деген (Елшілердің істері 5:38, 39).

10. а) Өте үлкен тобырға қойылған “белгі” нені білдіреді? ә) Құдайдың қызметшілерінің ‘көктегі дауысқа’ құлақ асатындары неден көрінеді?

10 Өте үлкен тобырға жататындарды құтқарылу үшін таңбаланғандар дейді (Езекиел 9:4—6). Оларға қойылған “белгі” өздерін Құдайға бағыштап, Исаның шәкірттері ретінде шомылдыру рәсімінен өтіп, Мәсіхке тән қасиеттерді дамытуға тырысып жатқандарына куәлік етеді. Олар: “Одан шық, халқым Менің, одан шық! Әйтпесе оның күнәларына араласып, басына түсетін пәлелерін де бөлісесің”,— деп, Шайтанның дүниесіндегі жалған діндер туралы ‘көктегі дауысқа’ құлақ асады (Аян 18:1—5).

11. Ехобаның қызметшілері екенін өте үлкен тобыр қалай көрсетуде?

11 Бұдан басқа, Иса шәкірттеріне: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жохан 13:35). Бұған керісінше, осы дүниенің дінін ұстанатындар соғыстарда өз дінінің өкілдерін жиі ұлты басқа болғаны үшін ғана өлтіріп жатады! Құдай Сөзінде былай дейді: “Құдайдың рухани балаларын шайтанның адамдарынан мынадан ажыратуға болады: әділ өмір сүрмейтін, әсіресе бауырласын сүймейтін, әркім Құдайдың рухани баласы емес... Бір-бірімізді сүюіміз керек! Інісін ұрып өлтірген шайтанның адамы Қабылға ұқсамаңдар!” (1 Жохан 3:10—12).

12. Ауыр азап кезінде Ехоба діндерді, яғни нашар жеміс беретін ‘ағаштарды’, не істейді?

12 Иса: “Әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді. Жақсы ағаш нашар жеміс, нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды ғой. Ал жақсы жеміс бермейтін әр ағашты кесіп тастап, отқа жағады. Сол сияқты, адамдарды да “жемістерінен” танып білесіңдер”,— деген (Матай 7:17—20). Осы дүниенің діндерінің жемістеріне қарап, оларды Ехоба жақында ауыр азапта жоятын нашар ‘ағашқа’ жатқызуға болады (Аян 17:16).

13. Өте үлкен тобырдың бірігіп, Ехобаның ‘тағының алдында тұрғандығы’ қалай көрінеді?

13 Аян 7:9—15-те өте үлкен тобырдың не себептен құтқарылатынына көңіл аударылады. Осы тармақтардан көрінетіндей, бұл адамдар Ехобаның жоғарғы билігін мойындап, бәрі бірігіп, оның ‘тағының алдында тұр’. Олар “шапандарын Тоқтының төгілген қанымен “жуып” аппақ қылды”, осылайша, Исаның төлем құрбандығын жоғары бағалайтындарын білдірді (Жохан 1:29). Олар өздерін Құдайға бағыштап, мұнысын суға шомылдыру рәсімінен өту арқылы көрсетті. Құдайдың алдында олар таза, мұны аппақ киімдері көрсетеді және ‘Оған күні-түні... қызмет етеді’. Осы айтылғандарға өмірің сәйкес келу үшін, сеніңше, не істеуің қажет?

Қазіргі баталар

14. Ехобаның қызметшілерінің қазірдің өзінде алып жатқан кейбір керемет баталары қандай?

14 Ехобаға қызмет етіп жатқандардың қазірдің өзінде қандай таңғаларлық баталарға ие болып жатқандығын байқаған боларсың. Мысалы, сен Ехобаның әділетті ниеттері туралы оқып білгенде, оның адамзатқа керемет болашақты ойластырып қойғанын түсіндің. Енді өмірің мағынаға ие болды. Бұл — жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміттене отырып, шынайы Құдайға қызмет ету. Иә, Патша Иса Мәсіх “[өте үлкен тобырды] “өмір суының” бұлақтарына жетелейді” (Аян 7:17).

15. Саясатқа және өнегелілікке қатысты Киелі кітаптың принциптерін ұстануларының арқасында Ехоба Куәгерлері қандай баталарға ие?

15 Өте үлкен тобырдың ие болып жатқан керемет баталары — сүйіспеншілік және дүние жүзіндегі Ехобаның қызметшілерінің арасында орын алған ынтымақ пен бірлік. Бәріміз бірдей рухани тамақпен тамақтанатындықтан, бәріміздің басшылыққа алатын Құдай Сөзіндегі заңдарымыз да, принциптеріміз де бірдей. Міне, сондықтан да саяси және ұлттық идеологиялардан туындап жатқан жікке бөлінушілік — бізге жат. Оның үстіне, біз Құдайдың өз халқына орнатқан жоғары өнегелілік нормаларын ұстанамыз (1 Қорынттықтарға 6:9—11). Сол себепті Ехобаның халқының арасында осы дүниеде кеңінен тараған қастық, алауыздық пен азғындықты кездестірмейсің. Керісінше олар, былайша айтқанда, рухани жұмақта өмір сүруде. Бұл жайттың Ишая 65:13, 14-те қалай суреттелетініне назар аударыңдаршы.

16. Осы дүниеде кездестіріп жатқан қиыншылықтарына қарамастан, өте үлкен тобырдың қандай үміті бар?

16 Ехобаға қызмет етушілер, әрине, кемелді емес. Осы дүниедегі көптеген адамдар кезігіп жатқан қиыншылықтарға олар да кезігеді: бастарынан небір азапты өткізіп, тіпті халықтар арасындағы соғыстардың кінәсіз құрбаны болып та жатады. Аурудың, қайғы-қасірет пен өлімнің не екенін олар да біледі. Бірақ олар жаңа дүниеде Құдайдың ‘барлық көздің жастарын сүртіп тастайтынына,... енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайтынына’ сенімді (Аян 21:4).

17. Қазір қандай жағдайға кезіксе де, шынайы Құдайға ғибадат етушілерді қандай ғажайып болашақ күтіп тұр?

17 Тіпті қазір жасың келгеннен, аурудан, қуғыннан немесе бақытсыз жағдайдан өміріңді жоғалтсаң да, Ехоба сені Жұмақтағы өмірге қайта тірілтеді (Елшілердің істері 24:15). Сен қайтадан рухани ұлы тойға ораласың, бұл той Мәсіхтің билік ететін Мыңжылдығы бойына жалғасады. Құдайдың ниеттері ғажайып түрде қалай орындалып жатқанын көргеніңде, оған деген сүйіспеншілігің одан бетер арта түседі. Бұған Ехобаның адамдардың физикалық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп жатқаны да себеп болады (Ишая 25:6—9). Құдайдың халқын неткен ғажайып болашақ күтіп тұр!

Қайталауға арналған сұрақтар

• Өте үлкен тобыр жайлы Киелі кітапта қандай ерекше маңызды оқиғамен байланысты айтылады?

• Құдай қолдайтын өте үлкен тобырдың қатарында болғымыз келсе, қазірден бастап не істеуіміз керек?

• Өте үлкен тобырдың қазірдің өзінде ие болып отырған және келешекте Құдайдың жаңа дүниесінде ие болатын баталарының сен үшін маңызы қандай?

[123-беттегі сурет]

Миллиондаған өте үлкен тобыр шынайы Құдайға бірігіп ғибадат етуде

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу