50-САБАҚ
Жүрекке жеткізіп сөйлеуге тырыс
СЕНІҢ мақсатың — адамдарға куәлік беріп қою ғана емес, олардың жүректеріне әсер етуге тырысу. Киелі кітапта адамның сыртқы көрінісінің ішкі дүниесінен, яғни жүрегінен, айырмашылығы болатыны жайлы жиі айтылады. Адамның бейнелі жүрегі оның ішкі дүниесін: сезімдерін, не туралы ойлайтыны мен не үшін оны ойлайтынын, сондай-ақ осы ойларының іс-әрекетіне қалай әсер ететінін көрсетеді. Шындықтың тұқымы дәл осы бейнелі жүрекке себіледі (Мат. 13:19). Құдайға мойынсұну ықыласы да осы жүректен шығады (Нақ. с. 3:1; Рим. 6:17).
Тәлім бергенде жүрек түкпіріне жету үшін мыналарды істеуге тырыс: 1) тыңдаушыңның жүрегіне не әсер етіп келгенін анықтап ал; 2) оның жақсы қасиеттерін, мысалы, сүйіспеншілігі мен Құдайға ұнамды қорқынышын нығайт; 3) Ехобаға барынша ұнамды болу үшін оны ішкі ниеттерін тексеруге талпындыр.
Қырағылық қажет. Адамдар шындықты түрліше себептермен қабылдамайды. Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізгенде, кейде оқушыға адамдарды бөліп-жарып қараудан аулақ болуына көмектесу не өзге де дұрыс емес көзқарастарды жоққа шығару үшін айғақтар мен дәлелдер келтіру қажет болады. Өзіңнен былай деп сұрап көр: “Адам ретінде ол өзінің рухани мұқтаждықтары бар екенін сезіне ме? Құдайға қаншалықты сенеді? Не нәрсеге сенбейді? Неге сондай көзқарас қалыптасқан? Шындықты білудің арқасында жүктелетін жауапкершіліктерді мойнына алуға кедергі болатын қалауларын жеңуге көмектесу керек емес пе?”
Адамның белгілі бір нәрсеге не үшін сенетінін түсіну барлық уақытта оңай бола бермейді. “Адамның ой-ниеті тұңғиық судай болар,— дейді Нақыл сөздер 20:5-те,— ақылды адам олардан сарқып алар”. Бұл жердегі “ақылды” деп аударылған еврей сөзі “қырағы” дегенді де білдіреді. Қырағылық — ә дегенде байқала бермейтін нәрсені көре білу қабілеті. Ол үшін өте аңғарымпаз болып, адамдарға қызығушылықпен көңіл бөлу керек.
Әңгімелесуде сөздер ғана маңызды емес. Кейбір тақырыпты қозғағанда, адамның бет-жүзінен не даусынан қандай да бір өзгерісті байқауға болады. Өміріндегі жаңа әсердің балаға ықпал етіп жатқанын ата-ана, сөзсіз, оның жүріс-тұрысындағы өзгерістен байқайды. Сондықтан мұның бәрін назардан тыс қалдырма. Мұндай өзгерістер — адамның ішкі дүниесінің көрінісі.
Жақсы ойластырылған сұрақтар адамның жүрегіндегісін сарқып алуыңа көмектеседі. Мысалы, “Сіз мынаған қалай қарайсыз?” “Неге... дегенге сенімдісіз?” “Егерде... болса, не істер едіңіз?” деп сұрап көрсең болады. Бірақ бір дегеннен көп сұрақты жаудырып тастаудан абай бол. Бәлкім, сұрақ қояр алдында: “Егер бір нәрсе сұрасам, қарсы болмайсыз ба?”— деп, әдеппен рұқсат сұраған дұрыс болар. Жүректегіні “сарқып” алу — асықпастан, біраз маңдай терді төгетін іс. Көп жағдайда, адамдар өз сезімдерімен бөлісу үшін өзара сенімді қарым-қатынас орнатып алулары қажет, ал бұған уақыт керек. Бірақ сол кезде де сақ болу керек, өйткені адамға өзіңе қатысы жоқ нәрсені сұрап жатқандай көрінуің мүмкін (Пет. 1-х. 4:15).
Адамның айтқандарын дұрыс қабылдай білуің үшін де қырағылық қажет. Сенің мақсатың оны түсіну, сондай-ақ оған Киелі кітаптағы қандай мәлімет қажет екенін анықтау болып табылатынын естен шығарма. Оның қателесіп тұрғанын көрсете қою ниетіңді тез басып таста. Мұның орнына, сөздерінен не сезініп тұрғанын түсінуге тырыс. Сонда қалай жауап қайтаруға болатынын білесің, ал Киелі кітапты зерттеп жүрген адам болса өзін түсінгеніңді байқап, сөздеріңе байыппен қарай бастауы әбден ықтимал (Нақ. с. 16:23).
Бір топ адамға сөйлегенде де, араларындағы кейбіреулерін қандай да бір шамада іс-әрекетке талпындыруға болады. Егер тыңдаушыларыңмен көз арқылы байланыс жасап, жүздерін байқап, ойлануға талпындыратын сұрақтар қойсаң, айтып тұрғандарыңды қалай қабылдап жатқандарын көресің. Ал тыңдаушыларыңды жақсы білетін болсаң, олардың жағдайларын ескеріп жатқаныңды көрсет. Кездесулерде Құдай Сөзінің көмегімен ой түзгенде, қауымның жалпы рухын ескер (Ғал. 6:18).
Тыңдаушыларыңның бойында жағымды сезімдерді оят. Адамның не нәрсеге сенетінін, неге сенбейтінін және мұның себебін түсінгенің әңгімені әрі қарай жалғастыру үшін жақсы негіз болып табылады. Қайта тірілгеннен соң, Иса шәкірттеріне таяуда болған оқиғалармен байланыстыра отырып, “Киелі жазбалардың мәнін ашып бергенде”, бұл олардың жүректеріне қатты әсер еткен (Лұқа 24:32). Саған да адамның өз өмірінде кезігіп жатқан жайттары мен аңсаған нәрселерінің Киелі кітаптан білгендерімен байланысын көрсетуге тырысу керек. Адам: “Бұл — ШЫНДЫҚ”,— деп айқын түсінгенде ғана оның жүрегіне жеткен боласың.
Ехобаның ізгілігіне, сүйіспеншілігі мен рақымдылығына және оның әділ жолдарына назар аудара отырып, тәлім беріп жатқан адамдарға Құдайға деген сүйіспеншіліктерін арттыруға көмектесесің. Тыңдаушыларыңа Құдай олардың әрқайсысындағы жақсы қасиеттерді байқайтынын көрсетуге уақыт бөл. Сонда олар Құдаймен жеке қарым-қатынаста бола алатындарына сене алады. Бұл үшін Забур 138:1—3, Лұқа 21:1—4 және Жохан 6:44 сияқты тармақтардың үстінен ой жүгірту керек, сондай-ақ Ехоба өзінің адал қызметшілерін қаншалықты терең сүйетінін түсінулеріне көмектесу қажет (Рим. 8:38, 39). Ехоба қателерімізді ғана көріп қоймайтынын, біздің өміріміз туралы бәрін білетінін, таза ғибадатқа деген құлшынысымыз бен оның есіміне деген сүйіспеншілігімізді де көретінін түсіндір (Шеж. 2-ж. 19:2, 3; Ев. 6:10). Ол тіпті біздің мінез-құлқымызды бүге-шігесіне дейін есінде сақтайды және ‘қабірдегілердің бәрін’ ғажайып түрде қайта тірілтеді (Жох. 5:28, 29; Лұқа 12:6, 7). Адам Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылғандықтан, оның қасиеттері жайлы сөйлесу жиі адамның жан дүниесін тебірентеді (Жар. 1:27).
Өзгелерге Ехоба сияқты қарауды үйренгенде де, адамның жүрегі өзгереді. Ехоба әрбірімізге жылы-жұмсақ қарап, көңіл қойып жатқан болса, онда оның адамдардың бәрін де шыққан тегі, ұлты не нәсіліне қарамастан, бірдей бағалайтыны да қисынды (Ел. іс. 10:34, 35). Осындай қорытындыға келгенде, адам өз жүрегінен жек көрушілік пен алалаушылықты алып тастауына Жазбаларға негізделген келелі себептер бар екенін көреді. Құдайдың еркін орындауды үйрене отырып, ол айналасындағылармен ынтымақта өмір сүре алады.
Құдайға ұнамды қорқыныш — адамдарға дамытуға көмектесуің керек тағы бір сезім (Заб. 110:10; Аян 14:6, 7). Құдайды терең қастерлеу, немесе одан қорқу, адамды өз күшімен жете алмайтын нәрсеге қол жеткізуге талпындырады. Ехобаның шын мәнінде жан тебірентетін істері мен оның сүйіспеншілікке толы мейірімі жайлы айтып, өзгелерге Құдайға ұнамсыз болып қалудан қорқу сезімін дамытуға көмектесе аласың (Заб. 65:5; Ер. 32:40).
Тыңдаушыларыңа қалай жүріп-тұратындары Құдайға бәрібір емес екенін міндетті түрде көрсет. Оның сезімі бар, сондықтан өсиеттерін қалай қабылдайтынымыз оны қуантуы не ренжітуі мүмкін (Заб. 77:40—42). Олардың жүріс-тұрыстарының Шайтанның Құдайға қарсы көтерген дауына берілетін жауаптың қандай болатынына әсері барын көрсет (Нақ. с. 27:11).
Тыңдаушыларыңа Құдайдың талаптарына сай өмір сүрудің пайдалы екенін көруге көмектес (Иш. 48:17). Мысалы, Құдайдың даналығынан бас тартудың — мейлі, қысқа уақытқа болса да — тәндік және эмоциялық жағынан кері әсері болатынын көрсетсең болады. Күнәнің бізді Құдайдан алыстататынын, өзгелерді біз арқылы шындықты үйрену мүмкіндігінен айыратынын, сондай-ақ олардың құқықтарына қол салғызатынын түсіндір (Сал. 1-х. 4:6). Тыңдаушыларыңды Құдайдың заңдарын ұстанудың нәтижесінде ие болған баталарын бағалай білуге талпындыр. Ехобаның әділ жолдары көптеген бақытсыздықтардан сақтап отырғаны үшін ризашылықтарын арттыра түс. Құдайдың жолдарының пайдалы екеніне адамның көзі жетсе, оларға қайшы келетін нәрселердің бәрінен бас тартады (Заб. 118:104). Мойынсұнуды ол ауыртпалық демей, қайта, Ехобаға деген сүйіспеншілігі мен адалдығын көрсетудің жолы деп қарастырады.
Адамдарға өздерін тексеруге көмектес. Рухани өсе беру үшін адам өз жүрегінде не болып жатқанын байқай білуді үйренуі керек. Бұған Киелі кітаптың қалай көмектесетінін түсіндір.
Тыңдаушыларыңа Киелі кітап — тек қана өсиеттер, кеңестер, тарихи оқиғалар мен пайғамбарлықтар жазылған кітап еместігін түсінулеріне көмектес. Ол бізге Құдайдың ой-қалпын ашады. Жақып 1:22—25 дейінгі тармақтарда Құдай Сөзі айнаға теңеледі. Ондағы хабарға және Ехобаның өз ниетін қалайша жүзеге асырып жатқанына қалай қарайтынымыз жүрегіміздің күйін көрсетеді. Осылайша Киелі кітап ‘жүректі сынаушы’ Ехобаның көз алдында қандай екенімізді көрсетеді (Нақ. с. 17:3). Тыңдаушыларыңды осыны үнемі есте ұстауға шақыр. Оларды Құдайдың Киелі кітапта біз үшін жаздырғандары жайлы әрі оған көбірек ұнамды болу үшін өмірлерінде қандай өзгерістер жасау керектігі жөнінде терең ойлануға талпындыр. Киелі кітапты оқуды Ехобаның ‘ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізге’ қандай баға беретінін көру мен қажетті өзгерістер жасау үшін Құдаймен қызметтес болудың мүмкіндігі деп қарастыруларына көмектес (Ев. 4:12; Рим. 15:4).
Киелі кітапты зерттеп жүргендердің кейбірі үйреніп жатқандарына сай әрекет еткісі келеді, бірақ олар өзгелер не ойлайды деп мазаланады. Кейбіреулері, бәлкім, тәннің күшті құмарлықтарымен күресуде шығар. Ал әлдебіреуі болса жаман әдеттерін тастамай-ақ Құдайға қызмет ете берудің амалын табуға тырысар. Осындай екі жақты болудың артында тұрған қауіпті көрсет (Пат. 3-ж. 18:21). Оларды Құдайдан жүректерін сынап, ‘тазалауын’ сұрап дұға етуге талпындыр (Заб. 26:2, ЖД [25:2]; 138:23, 24).
Күрестерінің қаншалықты ауыр екенін Ехобаның түсінетінін және Киелі кітап оның мәнісі неде екенін түсіндіретінін көрсет (Рим. 7:22, 23). Кемелсіз жүректің ырқына беріліп кетпеуді қадағалап отыруларына көмектес (Нақ. с. 3:5, 6; 28:26; Ер. 17:9, 10).
Бірдеңені қандай ниет-пиғылмен істейтінін тексеріп отыруға шақыр. Адамға өзіне мынадай сұрақтарды қоюды үйрет: неге мұны істегім келеді? Бұл әрекетім Ехобаның маған жасағандарының бәрін де бағалайтынымды көрсете ме? Ехобамен жақсы қарым-қатынаста болу — адам үшін ең қымбат нәрсе екеніне деген сенімділіктерін нығайтуға тырыс.
Тыңдаушыларыңа Ехобаға “шын жүректен” қызмет ету дегеннің не екенін түсінулеріне көмектес (Лұқа 10:27). Бұл адамның сезімі, қалаулары мен ниеттерінің бәрі де Құдайдың жолдарына сай келуін білдіреді. Сондықтан адамдарға тек жасаған әрекеттерін ғана емес, Құдайдың талаптарына деген көзқарастары мен қандай пейілмен қызмет етіп жатқанын тексеруді үйрет (Заб. 36:4). Қай жағынан өзгерулері керектігін байқағанда, оларды ‘есімінен қорқу үшін жүрегін біртұтас етуді’ Ехобадан сұрап дұға етуге шақыр (Заб. 86:11, ЖД [85:11]).
Ехобамен жеке қарым-қатынас дамытқан кезде, Киелі кітапты зерттеп жүрген адам Құдайға сен талпындырып жатқандықтан мойынсұнбайды, бұған сенімі талпындыратын болады. Сөйтіп, енді ол өзі “Құдайға не ұнайтынын біліп”, яғни көз жеткізіп жүретін болады (Ефес. 5:10; Філіп. 2:12). Осындай шын жүректен мойынсұну Ехобаны қуанышқа кенелтеді (Нақ. с. 23:15).
Жүректі Ехобаның өзі таразыға салатынын және өзімен қарым-қатынаста болу үшін адамдарды өзі жақындатып тартатынын ұмытпа (Нақ. с. 21:2; Жох. 6:44). Біздің үлесіміз — онымен қызметтес болу (Қор. 1-х. 3:9). Бұл ‘біз арқылы Тәңірдің Өзі адамдарға ескертіп’ жатқандай (Қор. 2-х. 5:20; Ел. іс. 16:14). Ехоба ешкімді де шындықты қабылдауға мәжбүрлемейді, бірақ Жазбаларды оқып жатқанымызда, ол адамдарға қойған сұрақтарына, бәлкім, тіпті дұғаларына жауап естіп тұрғанын сезінулеріне көмектеседі. Тәлім берудің әрбір мүмкіндігін осылай деп қарастыр және Ехобадан шын жүректен басшылық пен көмек сұра (Шеж. 1-ж. 29:18, 19; Ефес. 1:16—18).