Шәкірттердің жүрегіне жеткізіп тәлім берейік
1. Исаның тәлімі тыңдаушыларына қалай әсер еткен?
1 Иса Мәсіх тәлімдерін тыңдаушыларының жүрегіне жеткізе білген. Мысалы, ол шәкірттеріне Жазбаларды анық түсіндіріп бергенде, олардың “жүрегі жалындап кетті” (Лұқа 24:32). Иә, адамды Құдайға мойынсұнуға жүрегі талпындыру керек. Ендеше, өмірінде өзгерістер жасауға қозғау салу үшін, қалай оның жүрегіне жеткізіп тәлім бере аламыз? (Рим. 6:17)
2. Ілтипаттылық танытып, адамды түсіне білу неліктен маңызды?
2 Ілтипаттылық танытып, түсіне біл. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып қана қойғанымыз адамдардың көбісін әрекетке талпындыра қоймайды. Ал жазба орындарын оқтай жаудырып, діни нанымдарын жоққа шығарсақ, ол тіптен сөйлеспей қоюы мүмкін. Сондықтан бізге алдымен оның нанымдары мен әрекеттерінің артында не тұрғанын көре білу қажет. Ой-пікірін білуге көмектесетін, жақсы ойластырылған әрі ілтипаттылықпен қойылған сұрақтар оны ішкі ойларын ақтарып айтуға талпындырады (Нақ. с. 20:5). Сонда ғана оның жүрегіне әсер ететін жазба орындарын анықтай аламыз. Ендеше, адамға шын көңіл бөлейік әрі шыдамдылық танытайық (Нақ. с. 25:15). Әркімнің әртүрлі қарқынмен рухани өсетінін ескер. Ехобаның киелі рухы адамның ойы мен іс-әрекетіне әсер ететін уақытты шыдамдылықпен күт (Мар. 4:26—29).
3. Шәкірттерге жақсы қасиеттер дамытуға қалай көмектесе аламыз?
3 Жақсы қасиеттер дамытуға көмектес. Ехобаның ізгілігі мен сүйіспеншілігін көрсететін Киелі кітап үзінділері шәкірттерге жақсы қасиеттерді дамытуға көмектесе алады. Құдайдың әрқайсысымызға жеке көңіл бөлетінін көрсету үшін Зәбүр 139:1—4, Лұқа 12:6, 7 сияқты тармақтарға назар аударуға болады. Жүректері Ехобаның рақымы үшін ризашылыққа толса, олардың Құдайға деген сүйіспеншілігі мен адалдығы артады (Рим. 5:6—8; Жох. 1-х. 4:19). Ал іс-әрекеттері Ехобаны қуантатынын не ренжітетінін білгендері оларды Құдайға ұнамды әрі мадақ әкелетіндей жүріп-тұруға талпындыруы мүмкін (Зәб. 78:40, 41; Нақ. с. 23:15).
4. Тәлім бергенде, адамның таңдау еркін құрметтейтінімізді қалай көрсетеміз?
4 Ехоба ешкімді өзінің талаптарын орындауға мәжбүрлемейді. Қайта, оның кеңестеріне құлақ асу даналыққа жататынын көрсетеді (Ишая 48:17, 18). Біз де тәлім бергенде Ехобаға еліктеп, адамға өз тұжырымын жасауға көмектесуіміз керек. Егер адам өмірінде өзгеріс жасау керек екеніне өзі көз жеткізсе, мұны шын ықыласпен істейді (Рим. 12:2). Нәтижесінде ол “адамның жүрегін тексеріп сынайтын” Ехобаға жақындай түседі (Нақ. с. 17:3).