Қалай жауап беру керектігін білу
КЕЙБІР сұрақтар негізгі бөлігі судың астында көрінбей жатқан мұзтауға ұқсайды. Мұндай сұрақтардың астарында жатқан мәселе сұрақтың өзінен де маңызды болуы мүмкін.
Қойған сұрағының жауабын адам қанша білгісі келіп тұрғанымен, оған қалай жауап беру керектігін білу керек. Бұл үшін қанша айтып, мәселені қай жағынан қарастыру керектігін білуің қажет (Жох. 16:12). Иса елшілеріне айтқандай, адамдар кейде білуге қақылары жоқ, я болмаса оларға ешқандай да пайдасы жоқ мәліметтерді сұрауы мүмкін (Ел. іс. 1:6, 7).
Киелі кітап бізге: “Сөйлескенде ұдайы... сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенін біліңдер”,— деп кеңес береді (Қол. 4:6). Сондықтан да жауап беруден бұрын не айтатынымызды ғана емес, қалай айтатынымызды да ойлануымыз керек.
Сұрақ қойған адамның көзқарасын біліп ал
Саддукейлер Исаны тығырыққа тіреу мақсатымен бірнеше рет күйеуге шыққан әйелдің қайта тірілуі туралы сұрақ қояды. Бірақ Иса олардың қайта тірілуге сенбейтінін білетін, сондықтан жауап бергенде, сол сұрақтың астарында жатқан олардың дұрыс емес көзқарастарын жоққа шығарғысы келді. Ол бұлтартпайтындай қисынды ой түзіп, әрі Жазбалардан оларға жақсы таныс мысалды қолданып, назарларын бұрын ойламаған жайттарға аударды, яғни Құдайдың өлгендерді шынымен тірілтетініне нақты дәлелдер келтірді. Оның берген жауабы қарсыластарын таңғалдырғаны соншалық, бұдан кейін сұрақ қоюға батылдары бармады (Лұқа 20:27—40).
Қалай жауап беру керектігін білу үшін, Иса сияқты сен де сұрақ қойған адамның көзқарасын және оны не қызықтыратынын біліп алуың керек. Мысалы, сыныптасың немесе қызметтесің Жаңа жылды неге тойламайтыныңды сұрауы мүмкін. Ол бұл сұрақты қандай мақсатпен қойды? Шынымен себебін білу үшін бе, жоқ әлде жай сенің көңіл көтеретін кештерге баратын-бармайтыныңды білу үшін бе? Мұны анықтау үшін бұл сұрақты не үшін қойғанын одан ашық сұрасаң болады. Сонан соң қайтарған жауабына сәйкес жауап бер. Мүмкіндікті пайдаланып, Киелі кітаптағы басшылық мейрамдардан кейін болатын көңілдің қалуы сияқты сезімнен не өзге де жағымсыз жайттардан қалай қорғайтынын көрсетсең болады.
Сенен оқушылардың не студенттердің алдында Ехоба Куәгерлері туралы айтып беруді сұрады делік. Айтып біткен соң, саған сұрақтар қоюы мүмкін. Таза ниетпен берілген ашық сұрақтарға тікелей жауап бергенің дұрыс. Ал егер сұрақтың астарында кеңінен тараған дұрыс емес көзқарастар жатса, онда сұраққа жауап бермес бұрын, қоғамда неліктен ондай көзқарас таралып жатқанын және Ехоба Куәгерлері неге Киелі кітапты басшылық ретінде ұстанатынын қысқаша айтып өтсең болады. Мейлі, әдейі қаскөйлікпен қойылғандай болса да, мұндай сұрақтарды олай қабылдамаған абзал. Оларды тыңдаушыларыңды шынымен мазалап жүрген сұрақтар ретінде қабылда. Сенің жауабың оларға мәселеге жан-жақты қарауға және тура мәлімет алуға, сондай-ақ сеніміміз Киелі кітапқа негізделгенін көруге мүмкіндік береді.
Ал егер жұмыстағы бастығың конгреске баруға рұқсат бермесе, оған не дейсің? Алдымен, жағдайға оның көзқарасымен қарауға тырыс. Мүмкін, орнына басқа уақытта жұмыс істеп беруді ұсынарсың? Бәлкім, конгресте алатын тәлімнің бізге адал және сенімді жұмысшы болуымызға көмектесетінін түсіндіргенің дұрыс болар? Егерде оның да игілігін ойлайтыныңды көрсетсең, сен үшін маңызды нәрселерге ол да оң көзбен қарауы мүмкін. Ал егер ол Киелі кітапқа қайшы келетін нәрселерді істеуді талап етсе ше? Онда қарсы екеніңді ашық айтып, мұны Киелі кітаптың сөздерімен растағаның жөн. Немесе онымен бірге ой жүгіртіп, бүгін біреу үшін өтірік айтып, ұрлық жасаған адам ертең оның өзін алдап, соның затын ұрлауы мүмкін екенін көрсеткенің әлдеқайда жақсы болар.
Ал Киелі кітапқа қайшы келетін істерге қатысқысы келмейтін оқушылар не істесе болады? Мұғалімнің сенің көзқарасыңды қолдамауы мүмкін екенін және сыныпта тәртіптің болуына сол жауапты екенін есіңнен шығарма. Саған 1) оны мазалап жатқан нәрсені дұрыс түсіне білу, 2) көзқарасыңды сыпайылықпен айтып түсіндіру, 3) Ехобаға ұнамды нәрселерде табанды бола білу керек болады. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін өз сенімің жайлы қысқа да нұсқа айтып қоя салудан да көп нәрсе қажет болуы мүмкін (Нақ. с. 15:28). Ал егер қалай жауап беру керектігін білмей жатсаң, ата-анаң саған міндетті түрде көмектеседі.
Кейде қолында билігі барлардың бізге таққан жалған айыптарын жоққа шығаруға тура келеді. Полиция қызметкері, мемлекет қызметшісі немесе судья қандай да бір заңға бағынуға, мәсіхшілердің бейтараптығы не патриоттық іс-шараларға байланысты көзқарасың туралы сұрақтарға жауап беруіңді талап етуі мүмкін. Мұндай жағдайларда қалай жауап беруге болады? Киелі кітап: “Тек ілтипат, құрмет танытып сөйлеңдер”,— деп кеңес береді (Пет. 1-х. 3:15). Бұл сұрақ оларды не үшін қызықтырып жатқанын ойланып, олардың не үшін мазаланып жатқанын түсінетіндігіңді құрметпен айтып жеткіз. Әрі қарай не істеу керек? Елші Пауыл өз заманындағы римдіктердің заңына сүйене білген, сол сияқты сен де заңды құқықтарыңды айтсаң болады (Ел. іс. 22:25—29). Ертедегі мәсіхшілердің әрекеттері мен бүгінгі дүние жүзіндегі Ехоба Куәгерлерінің қалай әрекет етіп жатқандарын көрсететін қандай да бір деректер адамның көзқарасын жөндеуіне көмектесер. Сонымен қатар Құдайдың билігін мойындайтын адам мемлекеттік заңдардың өзінің сеніміне қайшы келмейтіндеріне мойынсұнғыш болып келетінін айтып өтсең болады (Рим. 13:1—14). Көзқарасыңның Киелі кітапқа негізделген себептерін осылай түсіндіріп берер болсаң, билік иелері сені түсініп әрекет етуге тырысуы мүмкін.
Сұрақ қойған адамның Киелі кітапқа деген көзқарасы
Сұрақ қойған адамға жауап берерде, оның Киелі жазбаларға деген көзқарасын ескер. Иса саддукейлердің қайта тірілуге қатысты сұрағына жауап бергенде осылай еткен. Олардың тек Мұса жазған кітаптарға ғана сенетінін ескеріп, Иса Бес кітапта жазылған оқиғаны негізге алып: “Ал өлгендердің қайта тірілетінін Мұса да... білдірген”,— деді (Лұқа 20:37). Осы сияқты сенің де сұрақ қойған адамың сенетін және оған таныс Киелі кітаптың бөліктерінен үзінді келтіргенің пайдалы болар.
Ал егер адам Киелі кітапты бедел тұтпаса ше? Елші Пауылдың Елшілердің істері 17:22—31 дейінгі тармақтарындағы Ареопагта тұрып айтқан сөздеріне назар аударшы. Ол тікелей Жазбалардан оқып берген жоқ, дегенмен сондағы шындықтар туралы айтқан. Сондай жағдайға тап болсаң, сенің де осылай етуіңе болады. Кейбір жерлерде Киелі кітаптан тікелей көрсетпес бұрын, адаммен бірнеше рет сөйлесу керек болады. Ал егер Киелі кітапты қолдануға болады деп шешсең, алдымен оны неге Құдай Сөзі деп сенуге болатынының бірнеше дәлелін келтіріп, содан кейін Киелі кітаптан оқып бергенің жөн. Мұндағы сенің мақсатың — Құдайдың ниеті туралы жақсы куәлік беріп, Киелі кітап бұл туралы не дейтінін тыңдаушының өз көзімен көруіне көмектесу. Біздің сөзімізге қарағанда, Киелі кітап әлдеқайда күшті сендіреді (Ев. 4:12).
Сөздерің “әрқашан игі” болсын
Киелі кітап Ехобаның қызметшілерін сөйлегенде сөздері ‘әрқашан игі де дәмді болсын’ деп шақырады, өйткені Ехобаның өзі адамдарға қайырымдылықпен қарайды (Қол. 4:6, ЖД; Мыс. ш. 34:6). Бұл барлық уақытта, тіпті олай етуге ешқандай негіз көріп тұрмағандай болсақ та, сөзімізден мейірім сезіліп тұру керек дегенді білдіреді. Сөйлеген сөзіміз жағымды да әдепті, ешбір дөрекі болмау керек.
Көп адамдар өмірлерінде үнемі қысым сезініп, әрі дөрекі сөздер естиді. Сондықтан біз барғанда, олар бізбен де дөрекі сөйлесуі мүмкін. Мұндай жағдайда не істеген дұрыс? Киелі кітап: “Биязы жауап ашуды басар”,— деп кеңес береді. Биязы жауап бізге қатты қарсы болып тұрған адамдарды жұмсарта алады (Нақ. с. 15:1; 25:15). Даусымыз бен қалай сөйлегенімізден байқалып тұрған мейірімділіктің күнде дөрекі сөздерді естіп жүрген адамдарды баурап алатыны соншалық, олар тіпті ізгі хабарға құлақ асуы мүмкін.
Шындықты бағаламайтын адамдармен сөз таластырудың еш қажеті жоқ. Мұның орнына, Киелі жазбалардың көмегімен ой жүгіртуге дайын адамдарды іздегіміз келеді. Қандай жағдайға тап болмайық, мейіріммен және Құдайдың құнды уәделерінің орындалатынына деген зор сеніммен жауап беруді естен шығармайық (Сал. 1-х. 1:5).
Адамның жеке шешімі және ар-ұжданға қатысты мәселелер
Киелі кітапты зерттеп жүрген адам немесе бір бауырлас қандай да бір жағдайда қалай әрекет ету керектігін сұраса, қалай жауап бергенің дұрыс? “Оның орнында болсам, былай істер едім”,— деп ойлауың мүмкін. Бірақ әркім өз шешіміне өзі жауап береді (Ғал. 6:5, сілтемені қара). Елші Пауыл өзі уағыздаған адамдар арасында “мойынсұнушылықтың сенім арқылы” тарағанын қалаған (Рим. 16:26, ЖД). Бұл — біз үшін керемет үлгі. Егер адам шешім қабылдауда Киелі кітапты оқытып жүрген адамына немесе өзге біреуге жағуды ойласа, онда оның адамдарға қызмет етіп жүргені, әрі сенімімен өмір сүріп жатпағаны (Ғал. 1:10). Сондықтан да қойылған сұраққа тіке жауап бере салу сұрақ қойған адамға пайдалы болмауы мүмкін.
Онда Киелі кітаптың басшылығын ескере отырып, қалай жауап беруге болады? Адамның назарын белгілі бір принципке не Киелі кітапта келтірілген мысалға аударуыңа болады. Кейде Киелі кітаптан өзі басшылық таба алу үшін қалай іздену керектігін үйреткенің пайдалы. Сондай-ақ ол адаммен қандай да бір принципті және мысалды нақты бір жағдайға тікелей қолданбастан, бірге талқылап көрсең болады. Бұдан дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін ойларды байқады ма, соны сұра. Оны Ехобаның еркін ескере отырып, осы принциптің не мысалдың үстінен ой жүгіртуге талпындыр. Осылайша оған ‘жақсы мен жаманды айыра білуді’ үйренуге көмектесесің (Ев. 5:14).
Қауым кездесулерінде жауап беру
Мәсіхшілердің қауым кездесулері жұрт алдында сенімімізді паш етуге мүмкіндік береді. Оның бір жолы — қойылған сұрақтарға жауап беру. Бірақ қалай жауап беруге болады? Бізде Ехобаны мадақтауға, яғни ол жайлы игі нәрселерді айтуға деген ықылас болу керек. Дәуіт “жиналыстарда” дәл осылай мадақтаған (Заб. 25:12). Оның үстіне, жауаптарымыз бауырластарды жігерлендіріп, оларды елші Пауыл шақырғандай, “өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салуға” талпындыратындай болу керек (Ев. 10:23—25). Бұған қол жеткізу үшін талқыланатын материалды алдын ала зертте.
Сенен сұрайтын болса, қысқа да нұсқа әрі түсінікті етіп жауап бер. Бүкіл абзацты айтып шықпай, бір ғана ойға тоқтал. Осылайша өзгелердің қосымша жауап берулеріне мүмкіндік бересің. Әсіресе мақалада келтірілген тармақтарға тоқталғаның маңызды. Сол кезде тармақтың талқыланып жатқан сұраққа қатысты бөлігіне ғана назар аударуға тырыс. Абзацтан тікелей оқып бергеннен гөрі, өз сөзіңмен жауап беруді үйрен. Егер жауабың ойдағыдай шықпаса, көңілің түспесін. Мұндай жағдай бәрінің де басында болады.
Қалай жауап бере білу — жай сұрақтың жауабын біліп қою ғана емес екені айдан анық. Бұл көрегендікті талап етеді. Дегенмен жауабымыз шын көңілден шығып және тыңдаушылардың жүрегіне әсер еткенде, қандай қанағат аламыз десеңші! (Нақ. с. 15:23).