Хат жазу
ХАТТАР миллиондаған адамдарға өмірлерін өзгертіп, жүріс-тұрыстарын жақсартуға көмектескен. Мәсіхшілердің Грек жазбаларына кіретін кітаптардың көпшілігі хаттар болып табылады. Бүгінде хаттар достарымызбен байланысып тұруға, шындыққа жаңадан келгендерді нығайтып, жаңадан тағайындалған немесе жаңа міндеттер алған бауырластарды жігерлендіруге, сондай-ақ әр түрлі қиындықтармен күресіп жатқандарға қолдау көрсетуге және қауым ісімен байланысты мәліметтерді жеткізуге көмектеседі (Сал. 1-х. 1:1—7; 5:27; Пет. 2-х. 3:1, 2).
Бұдан басқа, хат куәлік етудің жақсы мүмкіншілігі болып табылады. Қазір көп жерлерде оңайлықпен кіре алмайтын, қатаң күзет қойылған үйлер мен аумақтар пайда болды. Кейбір адамдар көбінесе үйлерінде болмайтындықтан, оларды үйме-үй уағыздағанда еш жолықтыра алмаймыз. Ал кейбіреулері болса жырақта тұрады.
Кейде аурудың, қолайсыз ауа-райының кесірінен немесе коменданттық сағат орнатылғандықтан үйден шыға алмауымыз мүмкін. Осындай уақытты пайдаланып, туысқандарыңа немесе бейресми куәлік еткен адамдарыңа хат жазып, Киелі кітапқа негізделген әңгімеңді жалғастыра аласың ба? Егер Киелі кітапты бірге зерттеген адамдарыңның бірі көшіп кеткен болса, оның шындыққа деген қызығушылығын суытпай отыруыңа хаттың пайдасы зор. Сонымен қатар сәбилі болғандарға, отау тіккендер мен жақын адамдарын жоғалтқандарға хат жазып, Киелі кітаптағы орынды болып табылатын ойлармен бөлісуге болады.
Хат арқылы куәлік ету
Бейтаныс адамға хат жазғанда, ең алдымен, өзіңді таныстыр. Өзіңнің дүние жүзі бойынша жүргізіліп жатқан іске ерікті түрде қатысатыныңды түсіндіріп, егер орынды деп тапсаң, Ехоба Куәгері екеніңді айтуыңа болады. Не үшін өзің келмей, хат жазуға тура келгенін түсіндір. Хатты адаммен бетпе-бет сөйлесіп отырғандай жаз. Бірақ “жыландай көреген, көгершіндей ақ көңіл болыңдар” деген кеңесті есте ұстай отырып, өзің туралы нені жазып, нені жазбау керектігін алдын ала жақсылап ойланып ал (Мат. 10:16).
Хатыңда адаммен жүзбе-жүз сөйлескенде не айтар едің, соны жаз. Бұл үшін ұсыныстарды “Киелі кітап тақырыбына әңгіме бастап, оны жалғастырудың жолдары” брошюрасынан немесе “Біздің патшалық қызметіміздің” соңғы сандарынан алуға болады. Мысалы, адамға қандай да бір сұрақ қойып, сол жөнінде ойланып көруге талпындыруыңа болады. Кейбір жариялаушылар біздің арнайы тегін білім беру бағдарламасы бар екенін және оның көмегімен Киелі кітапқа негізделген сұрақтарға жауап табуға болатынын айтып, Киелі кітапты зерттеуге арналған әдебиеттердің біріндегі бірнеше тараудың атауын жазып жібереді. Куәлік беруге арналған хаттың үлгісі 73-бетте келтірілген. Соны негіз етіп алсаң болады, дегенмен адамдар қайта-қайта бірдей хат алмаулары үшін оның мазмұнын өзгертіп тұрғаның жөн.
Бейтаныс адамнан алған ұзын хаттарды адамдардың бәрі бірдей қуана оқи бермейді. Сондықтан хатты аяғына дейін оқымай, ысырып тастамас үшін шағын етіп жазған дұрыс. Хатпен бірге Патшалық Сарайында өтетін кездесуге шақыру қағазын салып жіберуге болады. Сондай-ақ трактат, брошюра немесе “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналын салып жіберуге болады. Егер қаласа, бұл әдебиеттерді үнемі салып тұруға болатынын түсіндіруге немесе үйінде кездесіп, әңгімені жалғастыруға болатынын ұсынуға болады.
Хат жайлы бірер сөз
Осында келтірілген хаттың үлгісін қарап, мына нәрселерге назар аудар: 1) хат ұқыпты әрі тиянақты жазылған; 2) хатқалта жоғалып кеткен жағдайда, хаттың өзінде салушының аты мен мекен-жайы көрсетілген; 3) бірінші абзацта-ақ хаттың мақсаты анық түсіндірілген; 4) әрбір жаңа ой абзацтармен бөлінген; 5) мақсатына сай хат не аса ресми, не тым еркінсіп жазылмаған.
Ресмилеу хаттарда, мысалы, қауым хатшысының филиалға жазған хатында, қауымның қалай аталатыны, хатшының есімі мен мекен-жайы және ай-күні көрсетілу керек. Сондай-ақ кімге немесе қандай ұйымға жазылғанын көрсету керек. Содан соң сәлемдесу сөздері жазылады. Хатты түріне қарай әдетте “Құрметпен...” деген сияқты сөздермен аяқтап, соңынан қол қойылады.
Хат кімге арнап жазылса да, ұқыпты, ешбір орфографиялық, грамматикалық және пунктуациялық қателерсіз жазылу керек. Сонда оны алған адам ішіндегі хабарды көңіл қойып оқуға тұрарлық деп көреді.
Хатқалтаның сыртына әрқашан кері мекен-жайды, мүмкіндігінше, өз мекен-жайыңды жазып жіберу керек. Егер бейтаныс адамға куәлік етуде өз мекен-жайыңды жазбағаның дұрыс деп есептесең, ақсақалдардан жергілікті Патшалық Сарайының не қауымға келетін поштаны алып жүрген ақсақалдың мекен-жайын жазуға болатын-болмайтынын сұрап көр. Мұндай жағдайда филиалдың мекен-жайын қолданба, өйткені хат алушы оны филиал жіберген екен деп дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Егер хаттың ішіне әдебиет салынып, бірақ қайдан келгені көрсетілмесе, оны да филиалдан келген деп түсініп қалуы мүмкін.
Хатқалтаға қажетінше марка жапсыру керек, мұны әсіресе әдебиет салғанда ұмытпау керек. Егер маркалары жеткіліксіз болса, қалған бағасын хатты алушыға төлетуі мүмкін. Ал бұл хабарымыздың құндылығын төмендетер. Көп елдерде хатпен бірге журнал не брошюра салғанда, оның бағасы қымбатырақ болатынын ұмытпа.
Лайықты мәнерде жаз
Хатты жазып біткен соң, оның қалай жазылғанын тексеріп шық. Қандай мәнерде жазылған: достық, сыйластық мәнерде ме? Сүйіспеншілік пен қайырымдылық өзгелермен араласқанда ерекшелендіріп тұратын қасиеттер болу керек (Ғал. 5:22, 23). Егер хатыңда жағымсыз мәнермен не адамды түңілдіретіндей етіп жазылған жерлерін байқасаң, оны дереу өзгерт.
Хат өзіміз жете алмайтын жерлерге жете алады. Сол үшін де оны қызметтегі маңызды құралымыздың бірі десе болады. Жазған хатың сенің кім екеніңді, көзқарастарыңды көрсететіндіктен, не жөнінде және қандай мәнерде жазылғанына, сондай-ақ сыртқы көрінісіне көңіл бөл. Жазған хатың Ехобаның көз алдында қымбат болып табылатын тағы бір жанның өмір жолына түсуіне көмектесуі, я болмаса осы жолда жүрген әлдекімді нығайтып, жігерлендіруі мүмкін.