Қауымға арналған баяндамаларды дайындау
ТЕОКРАТИЯЛЫҚ қызмет мектебінің бағдарламасы қауымға тәлім беру үшін ұйымдастырылған. Құнды мәліметтер өзге де қауым кездесулерінде, сондай-ақ конгрестерде беріледі. Егер осы кездесулердің бірінде баяндама айту тапсырылса, бұл — саған үлкен жауапкершілік жүктелді деген сөз. Елші Пауыл мәсіхші бақылаушы Тімотені қалай үйретіп жатқанына мұқият ықылас аударуға шақырған (Тім. 1-х. 4:16). Жиналыста отырғандар — арнайы алтын уақыттарын бөліп келгендер. Олардың кейбіреуіне Құдаймен қарым-қатынастарына қатысты тәлім алу үшін көп күш салуға тура келеді. Мұндай тәлім беру — зор мәртебе! Осындай тапсырмаларды қалай жақсы дайындауға болады?
Киелі кітаптағы көңіл бұрарлық ойлар
Мектеп бағдарламасының бұл бөлігі апта сайын оқылатын Киелі кітаптың тарауларына негізделген. Мұнда басты назарды сондағы мәліметті бүгінгі күні қалай қолдануға болатынына аудару керек. Нехемия 8:8-де Езра мен оның жанындағылар халықтың алдында Құдай Сөзін оқып, оның ‘мағынасын түсіндіргені’ айтылған. Егер саған Киелі кітаптағы көңіл бұрарлық ойлармен бөлісу тапсырылса, осындай мүмкіндіктің саған да берілгені.
Мұндай тапсырманы қалай дайындаған дұрыс? Егер мүмкін болса, берілген тарауларды бір апта не одан да ертерек оқып шық. Сонан соң қауымың мен оның қажеттіліктері туралы ойлан. Бұл туралы дұғада сұра. Киелі кітаптың сол үзіндісінде осы қажеттіліктерге қатысты қандай кеңестер, мысалдар немесе принциптер бар?
Бұл жерде ізденудің маңызы орасан зор. Өзің түсінетін тілде “Күзет мұнарасы басылымдарының индексі” не компакт-дискіге жазылған “Күзет мұнарасының кітапханасы” бар ма? Егер бар болса, оларды жақсылап қолдан. Таңдаған тармақтарыңа қатысты мәліметтерді басылымдардан іздестіре отырып, олардың қандай жағдайда жазылғанын, ол тармақтардан Ехоба туралы не білуге болатынын және қандай принциптерді көруге болатынын біле аласың. Тым көп ойды қамтуға тырыспа. Бірнеше тармаққа ғана көңіл бөл. Аз болса да, саз болатындай етіп бірнеше тармақты ғана қарастырған жақсы.
Бәлкім, саған тыңдаушылардан Киелі кітаптың сол аптаға берілген тарауларынан қандай құнды ойларды байқағандарын сұрау керек болар. Олар жеке не отбасымен бірге Киелі кітапты зерттеуде, қызметтерінде немесе өмірлерінде пайдалы болып табылатын қандай ойларды байқапты? Белгілі бір адамдармен не халықпен қарым-қатынасынан Ехобаның қандай қасиеттерін көрді? Сенімдерін нығайтқан не Ехобаға ризашылықтарын арттыра түскен қандай да бір ойларды байқапты ма? Қандай да бір сандарға не айғақтарға көп тоқтала бермей, таңдап алынған ойлардың мағынасы мен өмірде қолданарлық тұстарына көңіл бөл.
Тәлім беруге арналған баяндама
Бұл баяндама басылымдарға, мысалы, “Күзет мұнарасындағы” мақалаға не болмаса кітаптың үзіндісіне негізделген. Көбінесе ол материалдың көлемі берілген уақытта айтып шығу үшін көптеу болады. Сондықтан мәліметті қалай айтуың керек? Оқығандарының мазмұнын жай қайталап айтып бере салмай, тәлім беріп сөйлеу керек. Ақсақал “қабілетті оқытушы” болу керек (Тім. 1-х. 3:2).
Дайындықты берілген материалды зерттеуден баста. Барлық Жазба орындарын ашып қара. Ой жүгірт. Мұны қауым алдына шығып сөйлегенге дейін, күні бұрын істеуге тырыс. Ер бауырластар бұл баяндамаға негіз болатын материалды алдын ала оқып келуге шақырылатынын есіңнен шығарма. Бұл баяндама өз сөзіңмен айтып беруге не қысқа шолу жасауға ғана емес, мәліметті өмірде қалай қолдануға болатынын көрсетуге де арналған. Лайықты үзіндіні таңдап алып, қауымға шын мәнісінде пайдалы болатындай етіп жеткіз.
Әрбір қауымның, әрбір бала сияқты өзіне тән ерекшеліктері бар. Баланың жүрегіне жол табуға тырысатын ата-ана оларға тек өсиет-өнеге айта бермейді. Қайта, олармен бірге ой түзеді. Оның мінезі мен кезігіп жатқан қиыншылықтарын ескереді. Сол сияқты тәлім берушілер де қауымның қажеттіліктерін көре білуге және сөзін оған бейімдеуге тырысады. Алайда қырағы тәлімгер біреуді ыңғайсыз жағдайға қалдыратын мысалдар келтіруден аулақ болады. Ол Ехобаның жолымен жүрудің нәтижесінде осы уақытқа дейін ие болған баталарды атап көрсетіп, қауымдағылардың күнделікті қиыншылықтарды жеңулеріне көмектесетін Жазбаларда берілген кеңестерге көңілдерін бұрады.
Жақсы тәлімгер тыңдаушылардың жүрегіне жеткізіп түсіндіре біледі. Сондықтан қандай да бір деректерді келтіріп қоймастан, олардың төркінін түсіндіре білу керек. Бұл үшін тәлім беріп жатқан адамдарға шын ықыластан көңіл қоюың керек. Рухани бақташылар өз отарын жақсы білулері қажет. Егер олар қауымдағы бауырластарды жақсы көріп, қиыншылықтарын есте ұстар болса, сөздерінен түсінушілік пен жанашырлық, мейірім сезіліп, айтқандары адамды жігерлендіреді.
Жақсы тәлімгерлер әрбір баяндаманың нақты мақсаты болу керектігін біледі. Оны негізгі ойларды адам көре білетіндей әрі есінде сақтап қалатындай етіп жеткізу керек. Тыңдаушылардың естерінде өмірлеріне әсер ететін нақты ойлар қалу керек.
Қызмет кездесуі
“Біздің патшалық қызметіміздегі” мақалаға негізделген баяндама тапсырылса, онда мақсатың сәл өзгешелеу болады. Енді сенен тыңдаушыларыңа көбірек лайық келетін нәрселерді таңдау емес, мақалада жазылғандарды түгел жеткізу талап етіледі. Оларға берілген кеңестерге негіз болатын Киелі кітап тармақтарының үстінен ой жүгіртуге көмектес (Тит. 1:9). Уақыт әдетте шектеулі болғандықтан, қосымша мәліметтер келтіруге мүмкіндік болмайды.
Саған “Біздің патшалық қызметіміздегі” мақалаларға негізделмеген баяндама дайындауды да тапсыруы мүмкін. Ол “Күзет мұнарасындағы” мақалаға немесе бірнеше қысқаша нұсқауларға негізделуі мүмкін. Мұндай жағдайда саған, тәлім беруші ретінде, осы материалды қауымның қажеттіліктерін ескере отырып қарастыру керек болады. Мүмкін, қысқа да нұсқа көрнекі мысал не болмаса лайықты бір оқиға айту керек болар. Мақсатың тек қана берілген тапсырманы айтып шығу емес, қауымға Құдай Сөзінде айтылған істі атқаруға және одан қуаныш табуға көмектесу екенін есіңнен шығарма (Ел. іс. 20:20, 21).
Тапсырмаңды дайындағанда кейбір қауым мүшелерінің жағдайы туралы ойлан. Бауырластарға атқарып жүрген істері үшін мақтау айт. Берілген материалдағы кеңестерді қолданғандары қызметтерін жемісті ете түсулеріне және қуаныштарын арттыруларына қалай көмектеседі?
Кейде берілген тапсырма көрсету дайындауды не сұхбат алуды да қамтиды. Бұл жағдайда оларды мүмкіндігінше ертерек дайындау керек. Кейде мұны дайындауды өзге біреуге тапсыра салам деген ой келуі мүмкін, бірақ бұл барлық уақытта ойдағыдай нәтиже бермейді. Көрсету не сұхбатты, мүмкіндігінше, кездесу өтетін күнге дейін қайталап жаттық. Тапсырмаңның осы бөлігі де қауымға тәлім беруде өз үлесін қосатындай болсын.
Конгрестер
Рухани қасиеттерді дамытқан, жақсы баяндамашы әрі тәлім беруші ер бауырластарды конгрестің бағдарламасына қатысуға шақыруы мүмкін. Конгрестер теократиялық білім берудің ерекше мүмкіндіктері болып табылады. Бағдарламаны дайындайтындар дайын мәтінді, баяндама жоспарын, Киелі кітапқа негізделген драманың қазіргі уақытта қолданылуы туралы басшылықты, я болмаса жай ғана бірнеше жазбаша нұсқауларды алады. Егер саған да осындай керемет мүмкіндік берілген болса, алған материалыңды мұқият зертте. Онымен құндылығын жете түсінгеніңше жұмыс істе.
Баяндаманың дайын мәтінін алғандар оны сөзбе-сөз оқып шығулары керек болады. Олар сөйлемдерді өзгертіп, не абзацтардың орындарын ауыстыра алмайды. Негізгі ойлар мен олардың қалай өрбіп жатқанын анықтап алу үшін мәтінді жақсылап зерттеу керек. Логикалық екпінді дұрыс қоймайынша, сондай-ақ шабыттанып, жылулықпен, сезіммен, ынта-ықыласпен әрі сенімді оқымайынша және қалың жұртқа жақсы естілетіндей етіп оқып үйренбейінше, баяндаманы дауыстап оқып жаттығу керек.
Баяндаманың жоспарын ғана алған бауырлас оны сол жоспарға сай дайындау керек. Жоспардан тікелей оқып немесе баяндаманы толығымен жазып алудың орнына, баяндамашы жақсылап дайындалып, еркін әрі жан-тәнімен айту керек. Барлық басты ойларды айқын аша алу үшін жоспарда көрсетілген уақытты ұстану маңызды. Сондай-ақ жоспарда келтірілген қосымша ойлар мен Жазба орындарын да жақсылап ашып беру қажет. Ондағы ойлардың орнына өзі қалаған ойларды қосуына болмайды. Берілетін тәлімнің бәрі де, әрине, Құдай Сөзіне негізделу керек. Мәсіхші ақсақалдардың міндеті — ‘Құдай сөзін уағыздау’ (Тім. 2-х. 4:1, 2). Сондықтан да баяндамашы жоспарда көрсетілген Киелі кітаптың тармақтарына ерекше көңіл бөлуі қажет: оларды талқылап, қалай қолдануға болатынын көрсету керек.
Кейінге қалдырма
Кейбір қауымдарда баяндама айтуға жиі мүмкіндік болып тұрады. Қалайша әрбір тапсырмаға жеткілікті түрде көңіл бөлуге болады? Уақыт таяп қалғанда дайындалудан аулақ бол.
Айтатындарың қауымға пайдалы болу үшін оны алдын ала жақсылап ойластыру керек. Сондықтан тапсырмаңды қолға тие салысымен оқып шығуды әдетке айналдыр. Бұл басқа істермен айналысып жүргенде де, оны ойластыра жүруіңе мүмкіндік береді. Қауым алдына шығатын уақытқа дейін мәліметті жақсырақ жеткізуіңе көмектесетін ойлар естіп қалуың мүмкін. Сондай-ақ тақырыбыңның дер кезінде беріліп отырғанын көрсететін қандай да бір жағдайлар туып қалуы мүмкін. Материалыңды ала салысымен оқып шығу және ойлану үшін, әрине, уақыт бөлу керек. Әйтсе де, бұл уақытың далаға кетпейді. Жоспарыңды құруға кіріскенде, барлығын алдын ала ойластырып қойғаныңның пайдасын көресің. Тапсырмаларыңды дәл осылай дайындаудың арқасында абыржымай, айтқандарыңды өмірде қолдануға болатындай әрі жүрекке әсер ететіндей ете аласың.
Ехобаның беріп отырған мүмкіндігін — халқына тәлім беру бағдарламасына қатысу мүмкіндігін — қай дәрежеде бағаласаң, сондай дәрежеде Ехобаның атына даңқ әкеліп, оны сүйетіндер үшін бата болып табыласың (Иш. 54:13; Рим. 12:6—8).