Көпшілікке арналған баяндаманы дайындау
АПТА сайын Ехоба Куәгерлерінің қауымдарының басым көпшілігінде Киелі кітап тақырыптарына негізделген көпшілікке арналған баяндамалар айтылады. Егер сен ақсақал не қызмет көмекшісі болсаң, орындап жүрген тапсырмаларыңнан шешен әрі жақсы тәлім беруші екенің көріне ме? Егер солай болса, онда көпшілікке арналған баяндама айтуға шақырылуың мүмкін. Теократиялық қызмет мектебінен білім алғандары ондаған мың бауырласқа қызметтің осы саласын игеруге көмектесті. Егер саған көпшілікке арналған баяндама айту тапсырылса, неден бастауың керек?
Жоспарды зерттеп шық
Ізденуге кіріспес бұрын жоспарыңды оқып, мәнін жете түсінгенше үстінен ой жүгірт. Баяндамаңның тақырыбын анықтап ал. Әдетте, оны баяндаманың атауынан көруге болады. Тыңдаушыларыңа не үйретуің керек? Мақсатың қандай?
Басты тақырыпшалармен танысып шық, олар баяндамаңның негізгі ойлары. Сонан соң оларға талдау жаса. Оның әрқайсысы тақырыппен қалай байланысқан? Әрбір негізгі ойдың астында бірнеше қосымша ойлар, ал олардың астында осы қосымша ойларды ашатын тағы да ойлар келтірілген. Жоспардың әрбір бөлігі алдыңғысымен қалай байланысқанын, келесі бөлігіне қалай жетелейтінін және баяндаманың жалпы мақсатына жетуге қалай көмектесетінін ойлан. Баяндамаңның тақырыбын, мақсатын және негізгі ойлардың осы мақсатқа қол жеткізуге қалай көмектесетінін түсініп алған соң, материалыңмен жұмыс істеуге кірісуіңе болады.
Бастапқыда баяндамаңды әрқайсысының өзінің негізгі ойы бар төрт не бес қысқа баяндамалар ретінде қарастырғаның жеңіл болар. Сонан соң әрқайсысын кезегімен жеке-жеке дайында.
Саған берілген жоспар тек дайындық үшін қажет. Ол баяндаманы айтып жатқанда қолдануға арналмаған. Оны баяндамаңның қаңқасы деуге болады. Сен оған тән беріп, жүрек салып, тірілтуің керек.
Жазба орындарын қолдан
Иса Мәсіх пен оның шәкірттері Жазбаларға сүйене отырып тәлім берген (Лұқа 4:16—21; 24:27; Ел. іс. 17:2, 3). Сен де солай істей аласың. Жазбалар баяндамаңның негізі болу керек. Жоспарда келтірілген тұжырымдарды түсіндіріп қана қоймай, оларды Киелі кітап қалай растайтынын ойланып, Жазбалардың көмегімен тәлім бер.
Дайындық барысында келтірілген әрбір тармақты жан-жақты зертте. Мәнмәтінге назар аудар. Кейбір тармақтар тек қосымша мәліметтер үшін берілген. Баяндама барысында барлық тармақтарды оқып не түсіндіріп жатудың қажеті жоқ, тек тыңдаушыларыңа лайықтысын таңдап ал. Егер жоспарда келтірілген тармақтарға көңіл қоятын болсаң, басқа қосымша тармақтарды іздеп жатудың қажеті бола қоймас.
Баяндамаңның жақсы шығуы қанша тармақты оқитыныңа емес, қаншалықты жақсы тәлім беретініңе байланысты. Тармақты оқымас бұрын, оның не үшін келтіріліп тұрғанын түсіндір. Оны қалай қолдануға болатынын көрсетуге де уақыт бөл. Жазба орнын оқығаннан кейін, оны түсіндіру барысында Киелі кітабыңды жаппа. Сонда тыңдаушыларың да Киелі кітаптарын ашып отырады. Тыңдаушылардың қызығушылығын оятуға және Құдай Сөзіне терең үңілулеріне қалай көмектесуге болады? (Нех. 8:8, 12). Мұны түсіндіру, көрнекі мысалдар мен Жазбалардың қолданылуын көрсету арқылы істеуіңе болады.
Түсіндіру. Негізгі тармақты түсіндіруге дайындалғанда, өзіңнен былай деп сұра: бұл тармақ нені білдіреді? Мұны баяндамада не үшін қолданамын? Тыңдаушыларда осы тармаққа қатысты қандай сұрақтар туындауы мүмкін? Бәлкім, саған мәнмәтініне, қандай жағдайда жазылғанына талдау жасап, Құдай рухымен жазылған осы сөздердің жазылу себебі мен мақсатын, сондай-ақ олардың әсері туралы ойланып көруге тура келер. Мұның бәрі де ізденуді қажет етеді. “Адал да ақылды құл” қамтамасыз етіп отырған басылымдардан мол мәліметтер таба аласың (Мат. 24:45—47, ЖД). Тармақ туралы мәліметтің бәрін айтып берудің қажеті жоқ. Тыңдаушыларыңнан бұл тармақты не үшін оқуға шақырып отырғаныңды және оның қарастырып отырған сұрағыңа қандай қатысы бар екенін түсіндірсең жеткілікті.
Көрнекі мысалдар. Көрнекі мысалдардың мақсаты — тыңдаушыларға айтқандарыңды терең түсінулеріне не ондағы ойды немесе принциптерді естерінде жақсы сақтап қалуларына көмектесу. Мысалдар адамға айтып тұрған нәрселеріңді өзінің білетіндерімен салыстырып көруіне көмектеседі. Бұл Исаның Таудағы уағызынан жақсы көрінеді. “Әуедегі құстар”, “даладағы қызғалдақтар”, “тар қақпа”, “жартасқа қаланған үй” — осының бәрі және басқа да теңеулері оның тәлімін нақты, айқын, есте оңай қалатындай еткен (Мат. 5—7 тар.).
Қолданылуы. Тармақтарды түсіндіру мен көрнекі мысалдар келтіру тыңдаушыларға білімді жеткізуге көмектеседі, бірақ өмірде қолданғанда ғана сол білімнің пайдасын көруге болады. Киелі кітаптағы хабарға сай әрекет ете ме, жоқ па мұны, әрине, тыңдаушылардың өздері шешеді. Бірақ сен олардың қалай әрекет ету керектігін түсінулеріне көмектесе аласың. Егер тыңдаушыларыңның тармақты жақсы түсініп, талқылап отырған оймен байланысын көре білгеніне көзің жетсе, сол тармақтың олардың нанымдары мен жүріс-тұрыстарына қалай әсер ету керектігін көрсетуге уақыт бөл. Талқылап жатқан шындыққа қайшы келетін дұрыс емес көзқарастар мен іс-әрекеттерден бас тартқандарының пайдасына баса назар аудар.
Берілген тармақтарды қалай қолдану керектігін ойластырғанда, тыңдаушыларыңның арасында әр түрлі ортадан шыққан, әр түрлі жағдайда күн кешіп жатқан адамдар бар екенін ескер. Бұл адамдар жаңадан қызығушылық білдіріп жүргендер, жастар, кәрілер, сондай-ақ жеке басының ауыртпалықтарымен күресіп жүргендер болуы мүмкін. Баяндамаң пайдалы және өмірде қолданарлықтай болсын. Отырғандардың арасындағы әлдекімге айтып жатқандай әсер қалдыратын кеңестерден қаш.
Баяндамашының өзі шешетін нәрселер
Баяндамаңа қатысты кейбір нәрселер шешіліп қойылған. Негізгі ойлар нақты берілген және әр бөлімді талқылауға қажет уақыт анық көрсетілген. Қалғандарын өзің шешуің керек. Мысалы, бір қосымша ойға — көбірек, өзгесіне азырақ уақыт бөлу өз еркіңде. Барлығын бірдей деңгейде ашып түсіндіру керек деп ойлама. Бұлай етер болсаң, саған асығыс айтуға тура келеді де, тыңдаушыларыңа оның бәрін қабыл алу қиын болады. Алайда қандай ойларды толық ашып, ал қайсысын жай ескеріп кетуге болатынын қалай анықтауға болады? Бұл үшін өзіңнен: “Қайсы ойлар баяндаманың негізгі ойын жеткізуге көмектеседі? Олардың қайсысы тыңдаушыларым үшін әсіресе пайдалы болып табылады? Қандай да бір тармақты не онымен байланысты ойды қалдырып кетсем, келтірілген дәлелдерім қиыспай қалмай ма?”— деп сұрап көр.
Баяндамаңда толық дәлелденбеген мәліметтерді келтіруден не болмаса жеке ойыңды айтудан барынша сақ бол. Тіпті Құдай Ұлы Иса Мәсіх те өз ойынан айтпаған (Жох. 14:10). Адамдар Ехоба Куәгерлерінің кездесулеріне Киелі кітаптың талқылануын тыңдау үшін келетінін естен шығармаған дұрыс. Егер сені жақсы баяндамашы деп есептесе, онда үнемі тыңдаушылардың назарын өзіңе емес, Құдай Сөзіне аударатындығыңнан болар. Міне, сондықтан да баяндамаң тыңдаушыларыңа ұнайды (Філіп. 1:10, 11).
Осылай қолыңда жай ғана “жалаң” жоспар емес, Киелі жазбалар жақсылап талқыланған баяндама тұр, енді оны қайталап жаттығу керек. Баяндаманы дауыстап оқыған пайдалы. Барлық ойлар есіңде жақсы қалғанын тексеріп ал. Сен қызықты әрі сенімді сөйлеп, шындықты бар ынта-ықыласыңмен жеткізуің керек. Баяндама айтпас бұрын оның мақсаты қандай екенін ойлан. Өзіңе мынадай сұрақтар қой: негізгі ойлар айқын көріне ме? Баяндамамды шын мәнінде Жазбаларға негізделген деуге бола ма? Бір негізгі ой екіншісімен ұласып кететіндей ме? Баяндама тыңдаушылардың Ехобаға деген сүйіспеншіліктері мен оның біз үшін істеп жатқан істерінің бәріне деген ризашылықтарын арттыра ма? Жасайтын қорытындым тақырыппен тікелей байланысқан ба? Сондай-ақ ол тыңдаушыларға не істеу керектігін көрсетіп, соны істеуге талпындыра ма? Егер осы сұрақтардың бәріне қанағаттанарлық жауап берсең, Ехобаны мадақтайтын және қауымға пайдасын тигізетін “игілікті білім беруге” дайын болғаның (Нақ. с. 15:2).