6-бөлім
Құдайдың қайғы-қасіретке жол беру себебі
1, 2. Құдай сыйлаған керемет бастаманы бабаларымыз қалай бұзып алды?
ҚҰДАЙДЫҢ Едем бағында бабаларымызға берген керемет бастамасы қалай және ненің себебінен бүлінді? Неге жұмақтағы тыныштық пен үйлесімділіктің орнына, ғасырларға созылған зұлымдық пен қайғы-қасірет үстемдік етуде?
2 Бұл, Адам мен Хауа қалау еркіндігін дұрыс қолданбағаннан болды. Олар Құдай мен оның заңдарынсыз табысты бола алмайтындықтарын естен шығарып алды. Өмірін жақсартамыз деген оймен, олар Құдайдан тәуелсіз болуды шешті. Осылайша бабаларымыз Құдай берген қалау еркіндігінің шегінен шықты (Жаратылыс 3-тарау).
Бүкіл әлемдік билікке байланысты көтерілген даулы сұрақ
3—5. Құдай неге Адам мен Хауаны жойып, бәрін қайтадан бастамады?
3 Неге Құдай Адам мен Хауаны жойып жіберіп, басқа адам жұбын жаратып бәрін қайта бастамады? Себебі оның бүкіл әлемге жүргізген билігі, яғни тартып алынбайтын басшылық ету құқы дауға салынды.
4 Мәселе басшылық етуге кімнің құқы бар және кімнің басшылығы дұрыс деген сұрақта. Құдайдың құдіретті әрі барлық жаратылыстың Жаратушысы болуы оған басшылық етуге құқ береді. Ол шексіз даналықтың иесі болғандықтан, оның ғана басшылығы барлық жаратылыстары үшін ең жақсы басшылық. Бірақ ол уақытта Құдайдың басшылығы дауға салынған еді. Оның үстіне, адамның жаратылысына байланысты кейбір нәрселерге күмән туды. Кейінірек, бұл дауға адамның адалдық сақтауының қандай қатысы бар екенін қарастырамыз.
5 Адамдар Құдайдан тәуелсіз болғандықтан, басқа жанама сұрақ пайда болды: Құдайдың басшылығынсыз адамдар анағұрлым табысты бола ала ма? Жаратушы жауабын анық білген, бірақ бұны адамдардың өздері анықтау үшін, ең дұрысы оларға өздері аңсаған толық еркіндікті беру болды. Бұл бағытты өз еріктерімен қалағандықтан, Құдай оларға таңдаған жолдарына түсуге мүмкіндік берді.
6, 7. Неге Құдай адамдарға осыншама уақыт толық еркіндікте болуға жол берді?
6 Құдай толық еркіндікті тәжірибеден өткізуге адамдарға жеткілікті уақыт берді. Бұл Құдайдың басшылығы мен тәуелсіз болудың қайсысы жақсы екенін біржола анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан берілген уақыт, адамдардың саясатта, өнеркәсіпте, ғылым мен медицинада шарықтау биігі дейтін жетістіктерге жетуіне жеткілікті болу керек еді.
7 Сондықтан, Құдайдан тәуелсіз адам басшылығы табысты бола ма деген сұрақтың жауабы толық айқындалуы үшін, Құдай осы уақытқа дейін адамға еркін билік етуге жол берді. Осылайша адам жақсылық пен жамандықтың, сүйіспеншілік пен жек көрушіліктің, әділеттілік пен әділетсіздіктің бірін таңдауға мүмкіндік алды. Бірақ оны, шешімінің нәтижесі болатын, жақсылық пен бейбітшілік немесе зұлымдық пен қайғы-қасірет күтіп тұрды.
Рухани жаратылыстардың бүлігі
8, 9. а) Рухани әлемдегі бүлік қалай басталды? ә) Шайтан, Адам мен Хауадан басқа тағы кімдердің бүлік шығаруына түрткі болды?
8 Тағы да бір ескеретін жай бар. Құдайдың басшылық етуіне қарсы бүлік көтерген тек бабаларымыз емес. Ол уақытта тағы кімдер тіршілік етті? Рухани жаратылыстар. Адам баласын жаратпастан бұрын, Құдай аспан әлемінде өмір сүруге анағұрлым жоғары тіршіліктің түрі — көптеген періштелерді жаратқан. Олар да қалау еркіндігіне ие болып, және Құдайдың басшылығына бағынуға тиіс болып жаратылған болатын (Аюп 38:7; Забур 103:4; Аян 5:11).
9 Киелі кітап бүліктің алдымен рухани әлемде басталғанын айтады. Бір рухани жаратылыс мүлдем еркін болуды, тіпті өзіне адамдардың сиынғанын қалады (Матай 4:8, 9). Осы бүлікші рухани жаратылыс, Құдай адамдардан бір жақсы нәрсені жасыруда деген өтірікті айтып, Адам мен Хауаның да бүлік шығаруына себепші болды (Жаратылыс 3:1—5). Сондықтан оны Ібіліс (жалақор) және Шайтан (қарсылас) деп атады. Кейінірек ол бүлік шығаруға басқа да рухани жаратылыстарды еліктірді. Олар жын-перілер ретінде белгілі болды (Заңды қайталау 32:17; Аян 12:9; 16:14).
10. Адамдар мен рухани жаратылыстардың бүлігінің нәтижесі қандай болды?
10 Құдайға қарсы бүлік көтерулерінің нәтижесінде адамдар Шайтан мен оның жын-перілерінің ықпалына душар болды. Міне сондықтан да Киелі кітап «[сенбейтіндердің] саналарын соқыр еткен» Шайтанды «осы дүниенің құдайы» дейді. Сол себепті Құдай Сөзінде «дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр» деп жазылған. Иса Мәсіхтің өзі де Шайтанды «дүниенің әміршісі» деп атады (2 Қорынттықтарға 4:4; 1 Жохан 5:19; Жохан 12:31).
Даулы екі мәселе
11. Шайтан басқа қандай мәселені қозғап, Құдайға қарсы дау көтерді?
11 Шайтан Құдайға қарсы тағы басқа дау көтерді. Бұл дау, шын мәнісінде, адам баласы дұрыс жаратылмады, олар қысым көрсе жақсылық жасаудан бет бұрады деген Құдайға қарсы айыптау еді. Дәлірек айтқанда, сынақ кезінде олар тіпті Құдайға лағынет айтады деп мәлімдеді (Аюп 2:1—5). Осылайша Шайтан адамдардың адалдығына күмән келтірді.
12—14. Шайтан көтерген екі даулы мәселенің дұрыс-бұрыстығын уақыт қалай көрсету керек еді?
12 Сондықтан Құдай, осы даулы мәселе мен Құдайдың бүкіл әлемге жүргізетін билігіне байланысты даулы мәселенің қалай шешілетінін барлық ақыл-есті жаратылыстары көре алатындай, жеткілікті уақыт берді. (Мысырдан көшу 9:16, салыстыр.) Осы екі даулы мәселеге қатысты шындық, адамзаттың бастан кешірген тарихының нәтижесінде көріну керек еді.
13 Берілген уақыт, Құдайдың бүкіл әлемге жүргізген билігі мен басшылығының әділдігіне байланысты ең алдымен нені көрсетеді? Адамдар өз-өздеріне басшылықты Құдайдан жақсы жүргізе ала ма? Соғыстар, қылмыс пен әділетсіздіктер болмайтын бақытты дүниені адамзаттың қандай да бір басқару жүйесі орната ала ма? Олардың қайсы-бірі болмасын жоқшылықты жойып, барлық адамдардың қажетін толық қанағаттандыра ала ма? Қандай да бір басшылық жүйесі ауруларды, кәрілікті және өлімді тоқтата ала ма? Құдайдың басшылығымен осының бәрі жүзеге асу керек еді (Жаратылыс 1:26—31).
14 Ал екінші даулы мәселеге келсек, уақыт адам бойындағы қасиеттердің сапасын қалай көрсетеді? Құдай адамдарды осылай жаратуымен қателік жасады ма? Сынаққа түскенде жақсылық жасайтындары бола ма? Тәуелсіз адамның емес, Құдайдың басшылығын қалайтынын көрсететіндері бола ма?
[13-беттегі сурет]
Адамдар өз жетістіктерінің шарықтау шегіне жетуі үшін, Құдай уақыт берді.
[Түпдерек]
Shuttle: Based on NASA photo