5-бөлім
Қалау еркіндігі — ерекше қабілет
1, 2. Біздің бойымызда қандай ерекше қабілет бар?
ҚҰДАЙДЫҢ қайғы қасіретке жол беруінің себебін түсіну үшін және соған байланысты қандай шаралар қолданатынын білмес бұрын, оның бізді қалай жаратқанын түсіну қажет. Ол бізге тек тән мен ми беріп қана қойған жоқ. Ол бізге ерекше ойлау қабілеті мен сезіну қасиеттерін де бере отырып жаратты.
2 Ойлау мен сезіну болмысымыз қалау еркіндігіне негізделген. Иә, Құдай бізге еркін таңдай алуды табиғи қасиетіміз етіп берген. Бұл шын мәнінде де ерекше қабілет.
Біздің жаратылысымыз
3—5. Біз қалау еркіндігімізді неліктен бағалаймыз?
3 Құдайдың қайғы-қасіретке жол беруіне қалау еркіндігіміздің қандай қатысы бар екенін қарастырайық. Алдымен мына жайында ойланып көрші: не істеп, не сөйлейтініңді, не жеп, не киетініңді және немен шұғылданатыныңды, қай жерде және қалай өмір сүретініңді таңдауға еркіндігің болғанын бағалайсың ба? Әлде сен не айтып, не қоятыныңды өмір бойы біреудің шешіп отырғанын дұрыс көресің бе?
4 Ешбір парасатты адам өміріне біреудің қожайындық жасағанын қаламайды. Неге? Өйткені Құдай бізді осылай етіп жаратқан. Киелі кітаптың айтуынша, Құдай адамды өзіне «рухани жағынан ұқсас» етіп жаратқан, ал қалау еркіндігі Құдай қасиеттерінің бірі болып табылады (Жаратылыс 1:26; Заңды қайталау 7:6). Ол адамды жаратқанда оған осындай тамаша құқық бере отырып, яғни еркін қалау қабілетімен жаратқан. Міне сондықтан бізді қатал билеушілер қанағанда өзімізді езілгендей сезінеміз.
5 Сонымен еркіндікті аңсауымыз бекер емес, өйткені Құдай — еркіндіктің Құдайы. Киелі кітап былай дейді: «Тәңірдің Рухы бар жерде, еркіндік бар» (2 Қорынттықтарға 3:17). Демек Құдай бізге қалау еркіндігін табиғи бөлігіміз етіп берген. Оған ақыл-парасатымыз бен сезіміміздің қалай жұмыс істейтіні мәлім болғандықтан, қалау еркіндігінің бізді әлдеқайда бақытты етерін білген.
6. Құдай қалай миымызды қалау еркіндігімен бірге өзара қатынаса отырып жұмыс істейтіндей етіп жаратқан?
6 Қалау еркіндігімен қатар Құдай бізге ойлау, ақылға салып шешім қабылдау мен ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра білу сияқты қабілеттерді берді (Еврейлерге 5:14). Осылайша қалау еркіндігі саналы түрде жасаған таңдауға негізделуі керек еді. Біз қалау еркіндігі жоқ, ақыл-ессіз робот болып, жануарлар сияқты инстинктің күшімен іс-әрекет жасайтындай жаратылған емеспіз. Керісінше, біздің керемет миымыз қалау еркіндігімен өзара қатынаса отырып жұмыс істейтіндей құрастырылған.
Ең жақсы бастама
7, 8. Бабаларымызға Құдай қандай тамаша бастама берген?
7 Құдайдың қамқорлығы, бабаларымыз — Адам мен Хауаның ерекше қалау еркіндігімен қатар, қажетті нәрселердің бәріне ие болғандығынан көрінеді. Олар үлкен саябаққа ұқсаған жұмаққа қоныстандырылды. Оларда өмір үшін қажетті нәрселердің бәрі мол болатын. Тәні мен ойлау қабілеті кемелді болғандықтан, олар қартаймауы, ауырмауы немесе өлмеуі керек еді, яғни мәңгілік өмір сүре алар еді. Олардан туылған балалар да осылайша бақытты да мәңгі-бақи кемелді болып өмір сүру керек еді. Бірте-бірте көбейіп отыратын жер тұрғындарын, бүкіл жер бетін жұмаққа айналдыру мақсатындағы қанағаттанарлық жұмыс күтіп тұрған еді (Жаратылыс 1:26—30; 2:15).
8 Олар үшін жасалған жағдайларға байланысты Киелі кітап былай дейді: «Құдай Өзі жасағанның бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді» (Жаратылыс 1:31). Құдай туралы Киелі кітап тағы былай дейді: «Оның істері кемелді» (Заңды қайталау 32:4). Иә, Жаратушы адамзат отбасына кемелді бастама берген. Бұдан артық жақсы бастаманың болуы мүмкін емес еді. Құдай қандай қамқорлық көрсетті десеңші!
Белгілі шегі бар еркіндік
9, 10. Неге қалау еркіндігі дұрыс қолданылуы керек?
9 Алайда Құдайдың мақсаты шектеусіз қалау еркіндігі ме еді? Жол ережесі жоқ қалада сансыз көліктердің кез келген бағытта, кез келген жылдамдықпен жүріп жатқанын көз алдыңа елестетші. Осындай жағдайда көлікке мініп жүргің келе ме? Жоқ, бұл апатқа толы жол үстіндегі анархия болар еді.
10 Құдай дарытқан қабілет — қалау еркіндігіне де байланысты жағдай осындай. Шексіз еркіндік қоғамды анархияға жеткізген болар еді. Адамзаттың іс-әрекетін ретке келтіріп отыратын заңдар болуы керек! Құдай Сөзі былай дейді: «Еркіндігі бар адамдай болыңдар, және ешқашан еркіндіктеріңді зұлымдықты ақтауға қолданбаңдар» (1 Петір 2:16, «Иерусалим Киелі кітабы»). Құдай барлығының игілігі үшін қалау еркіндігі бақылау астында болғанын қалайды. Ол біздің толық емес, салыстырмалы шамадағы тәртіпке бағынған еркіндікке ие болғанымызды қалаған еді.
Кімнің заңына?
11. Біз кімнің заңына бағынуымыз керек?
11 Кімнің заңына бағынуымыз керек еді? 1 Петір 2:16-тармағының (ИКк) келесі бөлігінде былай делінген: «Сендер Құдайдан басқа ешкімге құл емессіңдер». Бұл құлдықтың езгісіне түскенімізді емес, Құдайдың заңына бағына отырып, анағұрлым бақытты болу үшін жаратылғанымызды білдіреді (Матай 22:35—40). Оның заңдары кез келген адам ойлап тапқан заңдарға қарағанда ең жақсы жетекшілік береді. «Мен Тәңірмін, сені пайдалы нәрселерге үйретуші, дұрыс жолмен жетелеуші Құдайыңмын» (Ишая 48:17).
12. Құдайдың заңдарын бұзбай іс-әрекет жасауға қандай еркіндігіміз бар?
12 Оған қоса, Құдайдың заңдарын бұзбай әрекет жасауға үлкен еркіндік берілген. Соның арқасында өмір түрлі нәрселерге толып, бұл адамзат отбасына көрік береді. Бүкіл әлемдегі тағамның, киім-кешектің, ән-күйдің, өнер мен тұрғын үйлердің сан алуан түрлілігі туралы ойланшы. Осы нәрселерге қатысты мәселені біз үшін бөтен біреу емес, өзіміз шешкенді қалайтынымыз сөзсіз.
13. Бізге қандай физикалық заңдарға бағынған пайдалы?
13 Сонымен, адамның тәртібіне байланысты берілген Құдайдың заңына бағына отырып, әлдеқайда бақытты болатындай жаратылғанбыз. Бұны Құдайдың физикалық заңдарына бағынумен салыстыруға болады. Мысалы, тартылыс заңын елемей, биік жерден секірсек, не ауыр жарақат аламыз, не өмірмен біржолата қоштасамыз. Ал егер организміміздің ішкі құрылысының заңына немқұрайды қарап, ас-су ішуді немесе тыныс алуды тоқтататын болсақ, өмір сүруді де тоқтатамыз.
14. Адамдар Құдайдан тәуелсіз болу үшін жаратылмағанын қайдан білеміз?
14 Құдайдың физикалық заңына бағынуға тиіс болып жаратылғандай, Оның құлықтылық пен қоғамдық заңдарына да бағынуға тиіс болып жаратылғанбыз (Матай 4:4). Адамдар Құрастырушыдан тәуелсіз өмір сүріп, іс-әрекеттерінде табысты бола алатындай жаратылмаған. Еремия пайғамбар былай деген: «Өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес» (Еремия 10:23, 24). Сондықтан, адамдар барлық жағынан өзінің емес, Құдайдың басшылығымен өмір сүретіндей етіп жаратылған.
15. Адам мен Хауа үшін Құдайдың заңдары ауыртпалық болуы керек пе еді?
15 Құдайдың заңдарына бағыну бабаларымызға ауыртпалық болмауы керек еді. Керісінше, олардың да, бүкіл адамзат отбасының да көркейе беруіне септігін тигізуі керек еді. Алғашқы адам жұбы Құдай заңдарының белгілі шегінен шықпаған жағдайда, осының бәрі ойдағыдай іске асар еді. Біз қазір араларында сүйіспеншілік орнаған тату-тәтті адамзат отбасындай рақатқа толы ғажап жұмақта өмір сүріп жатқан болар едік! Зұлымдық, қайғы-қасірет және өлім болмас еді.
[11-беттегі сурет]
Жаратушы адамзатқа кемелді бастама берген.
[12-беттегі сурет]
Жол ережесі жоқ, көліктерге лық толы көшеде көлікке мініп жүруді қалайсың ба?