Адамгершіл болыңыз
Шындық
Біреудің өзгешеліктеріне көп мән бере берсек, сол өзгешеліктеріне кемшілік деп қарай бастауымыз мүмкін. Содан ол адамды кемсіте бастауымыз да ғажап емес. Осындай теріс көзқарасты жүгендемесек, басқаларға адамгершілікпен қарау қиындай бастайды. Ал өзгеге адамгершіл болмау — өте ауыр кеселдің басы. Бұл кеселдің аты — алалау.
Киелі кітап қағидасы
“Қуанғандардың қуанышына, қайғырғандардың қайғысына ортақ болыңдар” (РИМДІКТЕРГЕ 12:15).
Қағиданың мәні. Бір сөзбен айтар болсақ, өзіңізді өзгенің орнына қойып, жанын ұға біліңіз.
Адамгершіл адам азбас
Адамгершіліктен аттамай, басқаны түсіне білсек, ол да өзіміздей-ақ адам екенін көреміз. Оның қалай ойланатыны, не сезінетіні дәл біздікіндей екенін ұғамыз. Адамгершіл болсаңыз, қандай мәдениеттен шықпасын адамдардың бәрі бір атадан тараған үлкен отбасы екенін көресіз. Оларға қай жағынан ұқсас екеніңізге мән берген сайын, сол адамдар туралы ойыңыз да жақсы жаққа өзгере береді.
Адамгершілігі бар адам басқаны құрметтей алады. Сенегалда тұратын Анна-Мари деген әйел қоғамдарында төмен деп есептелетін таптың адамдарын менсінбейтін. Бірақ адамгершілік қасиетінің арқасында оларға деген ойы өзгере бастаған. Анна-Мари былай дейді: “Төменгі таптың адамдары қалай қиналып жүргенін көргенде, өзіме сұрақ қойдым: “Солардың орнында болсам, өзімді қалай сезінер едім? Менің алып бара жатқан еш артықшылығым жоқ, олардан мені жоғары етіп тұрған дәрежеме де өз еңбегіммен жеткен жоқпын. Онда мен несіне өзінше боламын?!” Иә, басқалардың қиындықтарын сезінген адам оларды сынап-мінеуден аулақ болады.
Ойда болсын
Кейбір адамдарға жағымсыз сезімдеріңіз болса, айырмашылықтарыңызды ғана көре бермей, ұқсастықтарыңызды да байқаңыз. Мына жағдайда олар не сезінетінін ойлап көріңіз:
Бір-бірімізге түсіне қарасақ, бәріміз бір атадан тараған бауырлар екенімізді көреміз
өз отбасыларымен дастарқандас болғанда;
ауыр жұмысты бітіргенде;
жора-жолдастарымен бас қосқанда;
сүйікті әндерін тыңдағанда.
Ұқсастықтарыңыз бар ма екен?
Ал енді өзіңізді олардың орнына қойып көріңіз. Бұл үшін мына сұрақтарға жауап беріңіз:
Біреу мені адам құрлы көрмесе, өзімді қалай сезінер едім?
Біреу мені білмей жатып сыртымнан тон пішсе, қайтер едім?
Сол адамның орнында мен болсам, басқалардың маған қалай қарағанын қалар едім?