Кей адамдардың сенімі
Индуизмді ұстанушылар
адам осы өмірінде не өткен өмірінде істеген әрекеттерінің кесірінен қасірет көреді деп сенеді. Олардың айтуынша, адам мокшаға жеткен кезде ғана, яғни қайта туылу тізбегін тоқтатқан кезде ғана қайғы-қасіреттен құтылады.
Мұсылмандар
қайғы-қасіретті құдайсыздарға күнәлары үшін жіберілген жаза деп, ал сенушілерге олардың сабырын сынау үшін берілген сынақ деп есептейді. Солтүстік Америкадағы Ислам діни қоғамдастығының президенті Саид Саед мырзаның айтуынша, басқа түскен бақытсыздықтар “Жаратушының жасаған жақсылықтарына әрдайым шүкіршілік етуді, сондай-ақ мұқтаж жандарға көмек беру керектігін” еске салып тұрады.
Иудаизмді ұстанушылар
адам бақытсыздыққа өз іс-әрекетінің кесірінен ұшырайды деп сенеді. Кейбір еврейлер қайта тірілу болады, сол кезде жазықсыз жапа шеккен бейкүнә адамдар үшін әділдік орнайды деп айтады. Иудаизмнің каббала деген тылсым ағымы болса реинкарнацияға үйретеді. Бұл ілім бойынша, адам бірнеше рет қайта туылып, күнәларын өтеуге мүмкіндік алады.
Буддистер
адам жаман істерін, жаман сезімдері мен нәпсісін тыймайынша, қайта-қайта туылып, қайғы-қасірет шеге береді деп сенеді. Егер ол даналыққа ие болып, жақсылық жасап, ақыл-ойын қадағалай алса, нирванаға жетеді. Сол күйге жеткенде, адам барлық қайғы-қасіретінен арылады дейді.
Конфуцийшілдер
діндер туралы салыстырмалы сөздікте айтылғандай, қайғы мен бақытсыздық негізінен “адамның шалыс басуынан, күнә-қателігінен болады” деп есептейді. Конфуций ілімі бойынша, дұрыс өмір жолын ұстану арқылы қайғы-қасіретті азайтуға болады. Бірақ қайғының көбісі “адамдардан әлдеқайда күшті рухтардың әсерінен болғандықтан, тағдырдың жазғанына көнуден басқа амал қалмайды”.
Кейбір тайпалық діндер
бақытсыздықтың себебін сиқыршылықпен түсіндіреді. Олардың сенімі бойынша, бақсылар адамның жолын ашып бере алады не пәлеге душар ете алады, сондай-ақ олар жіберген қасіретті түрлі рәсімдердің көмегімен азайтуға да болады. Бұл тайпалық діндер егер біреу аурудан қиналып жүрсе, тәуіптер ем-дом мен рәсімдер жасап, дуаны қайтара алады деп үйретеді.
Христиандар
Киелі кітапта Мұсаның 1-жазбасында жазылғандай, қайғы-қасіретті түп ата-анамыздың жасаған күнәсінің салдары деп түсіндіреді. Алайда христиан дінінің көп ағымы бұл ілімге өз ойларын қосып жіберген. Мәселен, кейбір католиктердің айтуынша, адам өзінің қасіретін “Құдайға тарту ретінде” ұсынып, есесіне Құдайдан қандай да бір шіркеуді жарылқауын не басқа бір адамды құтқаруын өтіне алады.
КӨБІРЕК БІЛГІМ КЕЛЕДІ ДЕСЕҢІЗ
jw.org сайтынан “Құдай Тағала барлық дінді құп көре ме?” деген видеоны қараңыз.