ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАҢЫЗ
“Сұрай беріңдер, сонда беріледі”
“Ием, дұға етуді бізге үйретші” (Лұқа 11:1). Кезінде Иса пайғамбардың бір шәкірті одан осылай деп өтінген еді. Оған берген жауабында Иса пайғамбар екі мысал келтірді. Бұл мысалдан Құдай тілегімізді қабыл алуы үшін қалай дұға ету керектігін білеміз. Айтып жүрген дұғаларымды Құдай ести ме, жоқ па деп ойланған болсаңыз, Иса пайғамбардың шәкіртіне берген жауабы сізді қызықтырары сөзсіз (Лұқа 11:5—13 оқыңыз).
Бірінші мысалдан қалай дұға ету керектігін үйренеміз (Лұқа 11:5—8). Бұл мысалда бір кісі жөнінде сөз етіледі. Түнде оның үйіне қонақ келіп, дастарқанға қояр ештеңесі болмай қалады. Осы жағдайда үй иесіне шұғыл әрекет ету керек еді. Ол түн ортасы болғанына қарамай, досының үйіне барып, қарызға нан сұрайды. Досы бала-шағасымен жатып қалғандықтан, тұруға зауқы соқпайды. Бірақ әлгі табанды кісі досы орнынан тұрып, оған сұрағанын бермейінше, қадалып сұрай бередіa.
Бұл мысалдан дұға ету туралы не нәрсеге үйренеміз? Иса пайғамбар бізді табанды болуға — сұрай беруге, іздей беруге, есікті қаға беруге — шақырады (Лұқа 11:9, 10). Неліктен мұншалықты табанды болу керек? Иса мұнысымен Құдайдың біз айтқан дұғаларды бірден тыңдауға зауқы жоқ дегісі келді ме? Жоқ. Қайта, сеніммен дұға ететін болсақ, Құдай әлгі ықыласы жоқ досқа қарағанда, айтқан орынды өтініштерімізді орындауға асық. Ал сенім болса табандылықпен дұға еткенімізден көрінеді. Осылай қайта-қайта сұрай берсек, сұрап жатқанымыз бізге аса қажет екенін және Құдайға ұнамды болса, ол қалауымызды орындай алатынына шынымен сенетінімізді көрсетеміз (Марқа 11:24; Жоханның 1-хаты 5:14).
Екінші мысалдан дұғаларды тыңдайтын Ехоба Құдай жайлы білеміз (Забур 64:3). Иса пайғамбар: “Қандай әке баласы нан сұраса, тас, немесе балық сұраса, жылан берер еді? Ал жұмыртқа сұраса, шаян берер еді?”— деген сұрақ қойған. Мұның жауабы бәрімізге мәлім: ешқандай қамқор әке баласына жаман нәрсе бермейді. Әрі қарай ол мысалдың мәнін түсіндірді: жердегі кемелсіз әкенің өзі баласына “жақсы сыйлық” беруді білсе, онда көктегі кемелді “Әкенің киелі рух беретіні”, яғни өзіне жүгінген жердегі балаларына ең жақсы сыйлық беретіні шүбәсіз емес пе?!b (Лұқа 11:11—13; Матай 7:11).
Құдай өзіне сеніммен дұға ететіндердің орынды өтініштерін орындауға асық
Бұл мысалдан дұғаларды тыңдайтын Ехоба Құдай жайында не білеміз? Иса пайғамбар бізді Ехоба Құдайды балаларының қажеттілігін қамтамасыз етуге дайын қамқор әкедей көруге шақырады. Сондықтан Ехобаға ғибадат етушілер ішкі қалауларын оған емін-еркін айтуларына болады. Құдай олар үшін ненің жақсы әрі пайдалы екенін білетініне сенетіндіктен, олар Құдайдың кез келген жауабын, тіпті өздері ойлағаннан да басқа жауапты қабыл алуға дайынc.
Сәуірде оқитын Киелі кітап үзіндісі:
a Иса пайғамбардың бұл мысалы сол кездегі яһудилердің салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі қандай болғанын көрсетеді. Олар қонақжайлылық танытуды қасиетті парыз деп санаған. Отбасылар бір күнге жетерліктей нан пісіріп қоятын, сондықтан нан таусылып қалса, оны қарызға алу кәдімгі жағдай еді. Сондай-ақ қандай да бір отбасының тұрмысы нашар болса, үй ішіндегілердің бәрі бір бөлмеде еденге жатып ұйықтайтын.
b Иса пайғамбар кішкентай нәрсені үлкенмен салыстыру тәсілін жиі қолданған. Ол жоғарыдағы мысалды Құдайдың жұмыр басты пендеден әлдеқайда жақсы екенін көрсету үшін айтқан.
c Құдай тілегімізді қабыл алуы үшін қалай дұға ету керектігі жайында көбірек мәлімет Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 17-тарауында жазылған.