Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w13 1.4. 12—15 бет.
  • Ол “Құдаймен тығыз байланыста жүрген”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ол “Құдаймен тығыз байланыста жүрген”
  • 2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЗҰЛЫМ ДҮНИЕДЕГІ КІНӘРАТСЫЗ КІСІ
  • “КЕМЕ ТҰРҒЫЗ”
  • “КЕМЕГЕ КІР”
  • Ол “Құдай жолымен жүрді”
    Сенімін серік еткендер
  • “Онымен бірге жеті адам аман қалды”
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Нұхтың кеме соғуы
    Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым
  • Нұх Құдайдың рақымына ие болған. Мұның бізге қандай қатысы бар?
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w13 1.4. 12—15 бет.

ОЛАРДЫҢ СЕНІМДЕРІН ҮЛГІ ЕТЕЙІК

Ол “Құдаймен тығыз байланыста жүрген”

ТҰЛА бойы шаршап, белін жазып тұрған Нұх пайғамбарды көз алдыңызға елестетіңізші. Бір сәтке тынығу үшін ол бір бөрененің үстіне отыра кетіп, жасап жатқан үлкен кемесінің қаңқасына көз салады. Мұрынға қара шайырдың өткір иісі келеді. Құрал-саймандардың тарс-тұрс еткен дыбысы да естіледі. Отырған жерінен ол кеменің әртүрлі тұсында жұмыс істеп жатқан ұлдарына қарайды. Нұх пайғамбар кеме соғу жобасын бастағанынан бері ондаған жыл өтті. Бұл іске оның ұлдарымен қоса, келіндері мен өзінің аяулы жары да тер төгіп үлес қосуда. Біраз жұмыс артта қалғанмен, алда әлі көп іс күтіп тұрды!

Сол аймақта тұратын адамдар Нұх пайғамбар мен оның отбасын есінен адасқандар деп есептейді. Кеме неғұрлым бой көтерген сайын, соғұрлым олардың келеке-мазағы да үдей түседі. Жер бетін топан су басып кетеді деген Нұх пайғамбардың ескертуін олар ақымақтық деп санайды. Кемені соғуға өзі ғана емес, әйелі мен бала-шағасын да араластырып, бүкіл өмірін сарп еткені олардың ақылына сыяр емес. Алайда Нұх пайғамбар сиынатын Құдай Ехобаның оған деген көзқарасы мүлдем басқаша еді.

Құдай Сөзі Киелі кітапта: “Нұх Құдаймен тығыз байланыста жүрген адам еді”,— делінген (Жаратылыс 6:9). Бұл сөздерді қалай түсінуге болады? Бұл оның көкке барғанын немесе Құдайдың жер бетінде жүргенін білдіре ме? Жоқ. Нұх пайғамбар Құдайдың айтқанын бұлжытпай орындаған әрі оған деген сүйіспеншілігі зор болған. Осы мағынада олар достар іспетті бірге жүрді. Ғасырлар өте ол жайлы Киелі кітапта: “Ол сенімі арқылы дүниені айыптады”,— деп жазылды (Еврейлерге 11:7). Бұл қалайша болды екен? Бүгінде біз оның сенімін қалай үлгі ете аламыз?

ЗҰЛЫМ ДҮНИЕДЕГІ КІНӘРАТСЫЗ КІСІ

Нұх пайғамбар зұлымдық зор қарқынмен өршіп жатқан кезеңде дүниеге келді. Оның арғы атасы Енох пайғамбардың заманында да адамдар зұлым болған еді. Ол жер бетіндегі құдайсыз адамдардың сотталатын күні келетінін алдын ала айтқан. Ал Нұх пайғамбардың заманында жағдай ушыға түсті. Сондықтан Киелі кітапта: “Құдайдың көз алдында дүние бұзылған әрі зұлымдыққа толы еді”,— деп жазылған (Жаратылыс 5:22; 6:11; Яһуда 14, 15). Жер бетінің мұндай күйге ұшырауына не түрткі болды екен?

Көкте бір сұмдық жайт орын алды: кейбір періштелер Ехоба Құдайға қарсы бас көтерді. Олардың бірі бұған дейін Құдайды қаралап әрі Адам ата мен Хауа ананы күнәға азғырып, көкте бүлік шығарған еді. Осылай ол Шайтан Ібіліске айналды. Нұхтың заманында басқа періштелер де оның бүлігіне қосылып, Құдайдың әділ билігіне қарсы шықты. Олар Құдай белгілеген көктегі орындарын тастап, адам кейпіне еніп, жерге түсті. Сөйтіп, сұлу қыздарды әйелдікке алды. Осы өркөкірек те өзімшіл періштелер адамзатқа жаман әсер етіп, көп зиян әкелді (Жаратылыс 3:1—5; 6:1, 2; Яһуда 6, 7).

Бұл аздай, адам кейпіндегі періштелер мен әйелдердің табиғатқа жат қарым-қатынастарынан күштері зор әрі үлкен балалар туыла бастады. Өсе келе олар бұзақы алыптарға айналып, айналасындағы адамдарды ұрып-соғатын болды. Осы арсыз алыптар сол кездегі қатыгез әрі құдайсыз дүниенің одан бетер бұзылуына ықпал етті. Сонда “Жаратқан Ие адамдардың жер бетінде әбден азғындыққа салынғанын көрді: олардың жүректеріндегі барлық ой-ниеттері әр уақытта зұлымдыққа бейім болды”. Сол себепті Ехоба Құдай бұл зұлым қоғамды 120 жылдан соң жоюды шешті (Жаратылыс 6:3—5).

Нұх пен әйелі балаларын жаман ортаның әсерінен қорғаған

Осындай дүниеде отау көтеріп, бала-шаға тәрбиелеу оңайға соқпасы анық. Алайда бұл Нұх пайғамбардың қолынан келді. Ол өзіне жақсы әйел таңдады. Ал 500 шамасынан асқан жастаa үш баланың әкесі болды. Олардың есімдері Шам, Хам, Япші еді. Ата-анасына осы үш баласын сол кездегі қоршаған ортаның жаман әсерінен қорғау қажет еді. Кішкентай балалар әлгі аты шулы алыптарға қатты тамсанып, қызығып қараған болар. Нұх пайғамбар мен әйеліне сол бұзақы алыптардың істері жайлы тараған кез келген әңгімеден ұлдарын қалқалау оңайға соқпаса керек. Алайда олар зұлымдық атаулыны жек көретін Ехоба Құдай туралы шындықты айтып отырған. Сондай-ақ дүниені жайлап кеткен зұлымдық пен бүлікті көріп, Ехобаның жүрегі ауыратынын балаларына түсіндірген (Жаратылыс 6:6).

Бүгіндегі ата-аналар Нұх пайғамбар мен оның әйелін жақсы түсінеді. Өйткені біздің дүниеміз де қатыгездік пен бүлікке толы. Тіпті балаларға арналған көңіл көтеру түрлері жайында да осылай деуге болады. Дана ата-аналар зұлымдықты түптамырымен құртатын тыныштықтың Құдайы Ехоба жайлы балаларына тәлім бере отырып, оларды дүниенің зиянды ықпалынан қорғай алады (Забур 10:5; 36:10, 11). Бұны істеу оңайға соқпайтын шығар, бірақ бұл қолдан келмейтін іс емес. Нұх пайғамбар мен әйелі бұл міндетін жақсы атқара алды. Олардың балалары жақсы азамат болып өсті әрі өздері сияқты, шынайы Құдай Ехобаға әрдайым қызмет етуге дайын қыздарға үйленді.

“КЕМЕ ТҰРҒЫЗ”

Күндердің күнінде Нұх пайғамбардың өмірі күрт өзгерді. Ехоба Құдай өзінің сүйікті қызметшісі Нұх пайғамбарға сол кездегі дүниені құртатынын айтып, оған: “Сен мықты ағаштан сандық тәрізді кеме тұрғыз”,— деп бұйырады (Жаратылыс 6:14).

Бұл кеме қазіргі замандағы кемелерге мүлдем ұқсамаған. Оның пішіні үлкен сандық тәрізді еді. Ехоба Құдай Нұх пайғамбарға кеменің көлемі мен құрылысына қатысты нақты басшылық беріп, іші-сыртын қара шайырмен майлау керектігін айтады. Мұның себебін былай деп түсіндіреді: “Біліп ал: Мен... жер бетіне топан су қаптатамын. Жер бетіндегінің барлығы құруға тиіс”. Ал пайғамбардың өзіне: “Өзің де, ұлдарың, әйелің және келіндерің де кемеге кіресіңдер”,— дейді. Бұған қоса, Нұх пайғамбар кемеге жан-жануардың барлық түрінен кіргізуі керек еді. Төніп келе жатқан топан судан кемеге кіргендер ғана аман қалмақ еді (Жаратылыс 6:17—20).

Нұх пайғамбардың алдында өте үлкен тапсырма тұрды. Өйткені кеме көлемі жағынан өте аумақты болмақ еді: ұзындығы шамамен 133, ені 22, ал биіктігі 13 метр болу керек-тін. Қазіргі замандағы ең үлкен ағаш кемесінің өзі мұнымен салыстыруға да келмейді. Оңайға соқпайтын осы тапсырмадан Нұх пайғамбар жалтаруға тырысты ма? Я болмаса тапсырманың ауыр екеніне шағымданып, наразыланды ма? Бәлкім, жұмысын жеңілдету үшін кеменің кейбір тұстарын өзгерткен болар? Жоқ. Өйткені Киелі кітапта былай делінген: “Нұх бұларды мұқият орындады. Ол барлығын да Құдайдың өзіне бұйырғанындай істеді” (Жаратылыс 6:22).

Бұл жұмысты орындау үшін ағаштарды кесу, бөренелерді тасу, оларды өңдеп, бір-бірімен біріктіру қажет еді. Кеме үш қабаттан тұрған, ішінде бірнеше бөлімі, ал бүйірінде есігі болған. Жоғарғы жағында терезелер орналасып, ал шатыры сүйірлеу болғанға ұқсайды. Сырты қара шайырмен майланған бұл шатырдан жаңбыр суы тез ағып кетер еді. Бас-аяғы бұл жұмыс шамамен 40-50 жылға созылды (Жаратылыс 6:14—16).

Арада жылдар өтіп, кеменің қаңқасы көріне бастады. Осы уақыттың бәрінде Нұх пайғамбар отбасының қолдау көрсеткеніне қуанышты болған шығар! Бірақ оның жұмысы кеме соғумен ғана шектелмеді. Киелі кітапта Нұх пайғамбар “әділдіктің уағыздаушысы” деп аталған (Петірдің 2-хаты 2:5). Әділдікті уағыздау кеме соғудан да зор табандылықты талап ететін. Ол адамдарға зұлым әрі құдайсыз қоғамның жойылғалы тұрғанын батыл ескертіп, бұл істе керемет үлгі көрсеткен. Адамдар бұл ескертуге қалай қарады? Ғасырлар өте Иса пайғамбар сол заманды еске түсіріп, адамдардың “еш ойланбағанын” айтты. Олар күнделікті күйбең тірліктерімен айналысып, ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір кешіп жатты. Ешкім Нұх пайғамбардың айтқанына құлақ түрмеді (Матай 24:37—39). Көпшілігі оның өзін де, отбасын да келеке-мазақ еткені айтпаса да түсінікті. Тіпті кейбіреулері оларға қоқан-лоқы жасап, күш көрсетуден де тайынбаған шығар.

Құдайдың Нұх пайғамбарды жарылқап жатқаны айқын болса да, жұрт оны мазақтап, айтқан хабарына ден қоймаған

Әйтсе де Нұх пайғамбар отбасымен бірге бастаған ісін тоқтатқан жоқ. Тек қара басының қамын ойлайтын заманда кеме соғу ісі басқаларға ақымақтық, түк пайдасы жоқ бос іс болып көрінгеніне қарамастан, олар кеме құрылысын жалғастыра берді. Бүгінде Ехоба Құдайға ғибадат ететін отбасылар сенімдері мықты болған Нұх пайғамбар мен оның үй ішінен көп нәрсеге үйрене алады. Өйткені, сайып келгенде, біз де Киелі кітапта айтылған “соңғы күндері” өмір сүрудеміз (Тімөтеге 2-хат 3:1). Иса пайғамбар біздің заманымыз Нұх пайғамбардың заманына ұқсайтынын алдын ала айтқан. Егер Құдай патшалығы жайлы хабарды айтқаны үшін мәсіхшілерді адамдар жақтырмаса, мазақ қылса не қудаласа, Нұх пайғамбарды есте тұтқан жөн. Өйткені ол дәл осындай қиындықтарға кезіккен.

“КЕМЕГЕ КІР”

Арада біраз жыл өтіп, кеме құрылысы өз мәресіне жетті. 600 жасқа таяп қалған Нұх пайғамбар туыстарының кейбірінен айырылып қалады. Оның әкесі Ләмех қайтыс боладыb. Бес жылдан соң атасы Мәтусал 969 жасында көз жұмады, ол Киелі кітапта есімі келтірілген кісілердің ең ұзақ жасағаны еді (Жаратылыс 5:27). Мәтусал да, Ләмех те Адам атамен замандас болған.

Атасы қайтыс болған жылы рубасы Нұх Ехоба Құдайдан: “Үй ішіңмен бірге кемеге кір!”— деген бұйрық алады. Бұған қоса, жануарлардың барлық түрін — құрбандыққа шалынатын адал жануарларды жеті-жетіден, ал қалғандарын екі-екіден — кемеге кіргізуі керек-тін (Жаратылыс 7:1—3).

Бұл ешқашан ұмытылмайтын ғажап көрініс еді! Көкжиектен бойлары мен пішіндері әртүрлі жануарлар мен жыртқыш аңдар көрініп, бірі жүріп, екіншілері ұшып, басқалары бауырымен жорғалап, ағылып келе жатты. Нұх пайғамбар кейбір жануарларды кеменің ішіндегі шағын орындарына айқайлап айдап, ал жыртқыштарын майда тілмен көндіріп кіргізбеген. Себебі Киелі кітапта бәрінің де кемеге өздері кіргені жазылған (Жаратылыс 7:9).

Кейбір сыншылар былай деп сұрайтын шығар: “Бұл қалай болуы мүмкін? Жан-жануарлардың бәрі жабық кеменің ішінде өзара тату тұруы мүмкін бе?” Бірақ мынаны ойлап көрейікші: бүкіл әлемді Жаратушы Құдай өзі жаратқан жануарларды қадағалап, қажет болса, үй жануарындай жуасыта алмай ма? Ехоба Құдайдың Қызыл теңізді қақ жарғаны, Күнді өз орнында тоқтатып қойғаны есіңізде болар. Олай болса, Нұх пайғамбардың жағдайында да ол барлық істі өз бақылауына алғанында күмән жоқ.

Жан-жануарларды дәл осылай аман сақтағанынан Құдайдың даналығы көрінеді. Әрине, ол басқаша жолмен де құтқара алар еді, бірақ дәл осылай істегенінен жануарларға қамқоршылық етуді о баста адамдарға міндеттегені есімізге түседі (Жаратылыс 1:28). Бүгінде көптеген ата-ана балаларына Нұх пайғамбардың оқиғасын айта отырып, Ехоба үшін өзі жаратқан жануарлар мен адамдардың өмірі өте қымбат екенін түсіндіреді.

Құдай Нұх пайғамбарға топан судың жеті күннен кейін келетінін мәлімдеді. Отбасы үшін енді нағыз қарбалас мезгіл туса керек. Нұх пайғамбардың үш ұлымен барлық жануарды кемедегі орындарына жайғастырып, олардың қоректерін және өздеріне қажетті заттардың бәрін тасып жатқанын, ал әйелі мен үш келінінің осы кеменің ішін жайлы етудің қамымен жүргенін елестету қиын емес.

Ал басқа адамдар жөнінде не деуге болады? Олар әлі де, тіпті Ехоба Құдайдың Нұх пайғамбарды жарылқап, еңбегіне батасын төккеніне куә болса да, “еш ойланбады”. Жан-жануарлардың кемеге кіріп жатқанын байқаса да, міз бақпады. Бірақ олардың мұндай немкеттілігі бізді таңғалдырмау керек. Өйткені қазіргі кездегі адамдар да осы дүниенің соңғы күндерінде өмір сүріп жатқанымыздың айқын дәлелдеріне назар аудармайды. Елші Петір алдын ала айтқандай, мазақтаушылар пайда болып, Құдайдың ескертуіне құлақ түретін адамдарды келеке етуде (Петірдің 2-хаты 3:3—6). Нұх пайғамбар мен оның отбасы да осындай мазаққа ұшырағаны сөзсіз.

Нұх пайғамбардың кезіндегі адамдар келеке-мазақ етуін қашан доғарды? Киелі кітапта ол отбасымен бірге және барлық жануарлар кемеге кіргеннен кейін, “Жаратқан Иенің есікті жауып тастағаны” айтылған. Егер жақын маңда жүрген мазақтаушылардың кейбірі мұны көрген болса, жым болғандары сөзсіз. Ал жаңбыр құя бастағанда, мазақтаушылардың бәрінің көңілі су сепкендей басылды. Жаңбыр болса шелектеп жауа берді, жауа берді. Ақырында, Ехоба Құдай айтқандай, жер беті топан судың астында қалды (Жаратылыс 7:16—21).

Зұлымдардың өлгеніне Ехоба қуанды ма? Жоқ! (Езекиел 33:11). Қайта, кезінде оларға өмірлерін өзгертіп, тура жолмен жүруге талай мүмкіндік берген еді ғой! Мұндай өзгеріс жасау олардың қолынан келер ме еді? Нұх пайғамбардың қалай өмір сүргеніне үңілсек, иә деген жауап аламыз. Ол Ехоба Құдаймен бірге жүріп, барлық жағдайда оған мойынсұну арқылы құтқарылу мүмкін екенін дәлелдеді. Осылайша ол сенімімен сол кездегі дүниені айыптады, яғни замандастарының зұлымдықтарын әшкерелеп, Құдайға ұнамды өмір салтын ұстануға болатынын дәлелдеді. Сенімнің арқасында Нұх пайғамбардың өзі де, отбасы да аман қалды. Егер оның сенімін үлгі етсеңіз, өзіңізді де, сүйіктілеріңізді де аман сақтай аласыз. Сіз де Нұх пайғамбар сияқты Ехоба Құдаймен дос іспетті бірге жүре аласыз. Ал мұндай достық мәңгіге ұласады!

a Сол кездегі заманда адамдар қазіргіге қарағанда әлдеқайда ұзақ өмір сүрген. Себебі олар бір кездері Адам ата мен Хауа ана иеленіп, бірақ кейіннен айырылып қалған мықты денсаулық пен кемелділікке бір табан жақын болған.

b Ләмех өз ұлына Нұх деген есім берген. Оның мағынасы “тыным”, “жұбаныш” дегенді білдірсе керек. Ол Нұх пайғамбардың қарғыс атқан жерде бейнет шегіп жүрген адамзатқа жұбаныш әкелетінін алдын ала айтқан (Жаратылыс 5:28, 29). Бірақ қайтыс болып кеткендіктен, бұл пайғамбарлықтың орындалғанын көре алмады.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу