СІЗ БІЛГЕНСІЗ БЕ?
Неге ежелгі Ниневи “қантөгіске толы қала” деп аталған?
Қабырғаға түсірілген бедер: Сарбаздар жауларының бастарын үйіндіге әкеліп лақтырып жатыр
Ниневи Ассирия империясының астанасы болған. Ол зәулім сарайлары мен ғибадатханалары бар, көшелері кең, еңселі дуалмен қоршалған мықты қала еді. Еврей пайғамбары Нақұм оның қанқұмар қала екенін айтқан (Нақұм 3:1).
Бұл қаланы осылай суреттеу әбден орынды, себебі Сеннахиримнің Ниневидегі сарайынан табылған қабырғаға түсірілген бедерден ассириялықтардың жауыздықтары анық көрінеді. Олардың бірінде бір қанішердің жерге шаншылған тұтқынның тілін суырып жатқаны бейнеленген. Жазбаларда тұтқындардың мұрындарына не еріндеріне ілмек салып, жетекке алынатыны мақтанышпен суреттеледі. Қолға түскен беделді адамдардың мойындарына патшаларының басын “алқа” қылып тағып қоятын.
Ассириялогия маманы Арчибальд Генри Сейс қандай да бір қала жаулап алынғаннан кейінгі жантүршігерлік жайтты былай суреттейді: “Жеңімпаздар өтетін жолдың бойына төбе-төбе етіп адамның бастары үйіліп қойылатын. Ұл-қыздар тірідей отқа өртелетін немесе одан да сорақы тағдырын күтетін; ер кісілерді бөренеге шегелейтін, тірідей терісін сыпыратын, қол-аяғын шабатын не құлақтары мен мұрындарын кесіп тастайтын”.
Неге яһудилер үйлерінің төбесіне айналдыра қоршау жасайтын болған?
Құдай яһудилерге былай деп бұйырған: “Жаңа үй салғанда, жалпақ төбесін айналдыра жақтау жаса. Сонда үйіңнің төбесінен ешкім құлап, оның қаны сенің үй ішіңе жүктелмейді” (Заңды қайталау 22:8). Мұндай сақтық шарасы орынды еді, өйткені көне замандағы яһуди отбасылары үйлерінің төбесіне жиі шығатын.
Исраилдіктердің басым көпшілігі үйлерінің төбесін жалпақ етіп салатын. Үйдің төбесі күн шуағында жайбарақат отыруға, таза ауа жұтуға немесе үй тірлігімен айналысуға ыңғайлы орын болған. Ал жазда бұл ұйықтау үшін таптырмайтын жер еді (Патшалықтар 1-жазба 9:26). Сондай-ақ онда диірменнен өткізетін астықты не інжір, жүзім сияқты жемістерді кептіретін (Ешуа 2:6).
Сонымен қатар үйлерінің төбесінде жұрт шынайы Құдайға не жалған тәңірлерге ғибадат ететін (Нехемия 8:16—18; Еремия 19:13). Мысалы, елші Петір күндіз үй төбесіне көтеріліп, дұға еткен (Елшілердің істері 10:9—16). Жүзім бұтасымен не пальма жапырақтарымен көлегейленген үй төбесі өте жайлы жер болған.
Бір еңбекте исраилдіктердің үйлерінің сыртында аула арқылы үй төбесіне көтерілетін баспалдақтың болғаны айтылған (“The Land and the Book”). Сондықтан олар үйлеріне кірмей-ақ, төмен түсе алатын. Осыны ескерсек, қаладан қашқанда кідірмеуге қатысты Исаның айтқан келесі сөздері таңғалдырмайды: “Кім үй төбесінде болса, үйінен бір нәрсе алу үшін төмен түспесін” (Матай 24:17).