Оқырман сауалдары
Һаронның ұлдары Надаб пен Әбиһу жазаланғаннан кейін, олардың бауырлары Елазар мен Ітамарға Мұса неліктен ашуланды және неге бірден райынан қайтты? (Леу. 10:16—20).
Діни қызметкерлер киелі шатырда қызмет етуге тағайындалғаннан соң көп ұзамай, Һаронның ұлдары Надаб пен Әбиһу Ехобаның алдында заңсыз от алып келгендері үшін өліммен жазаланды (Леу. 10:1, 2). Ал Һаронның басқа ұлдарына Мұса қаза болған бауырларын жоқтамауды бұйырды. Алайда кейін күнәнің төлемін өтеу құрбандығы ретінде әкелінген ешкінің еті желінбегенін көріп, ол Елазар мен Ітамарға ашуланды (Леу. 9:3). Мұсаны ашуландырған не еді?
Ехобаның Мұсаға берген нақты нұсқаулар бойынша, күнәнің төлемін өтеу үшін әкелінген құрбандықты шалған діни қызметкер оның белгілі бір бөлігін кездесу шатырының ауласында жеуге тиіс еді. Осылайша ол құрбандықты алып келген адамның күнәсін өз мойнына алады деп қарастырылатын. Алайда кейбір құрбандықтың шамалы қанын діни қызметкер киелі орынға, яғни киелі шатырдың бірінші бөлігіне алып кіретін. Мұндайда құрбандық желінбей, түгел өртелетін болған (Леу. 6:24—26, 30).
Сол күнгі қайғылы оқиғадан кейін, Мұса Ехобаның бұйрықтары қалай орындалып жатқанын тексермек болғанға ұқсайды. Сонда күнәнің төлемі үшін құрбандыққа әкелінген ешкінің өртелгенін байқайды. Ал құрбандықтың қаны киелі орынға Ехобаның алдына ұсынылмағандықтан, ол Елазар мен Ітамарға ашуланып, неге құрбандық етін жемегендерін сұрайды (Леу. 10:17, 18).
Мұсаның сұрағына Һарон жауап береді, өйткені аман қалған діни қызметкерлер соның рұқсатымен әрекет еткен болса керек. Екі ұлының жазаға тартылғанын ескерсек, Һаронды сол күні күнә үшін әкелінген құрбандықтан діни қызметкерлердің қайсысы болса да таза ар-ұжданмен жей ала ма деген сұрақ мазалаған болар. Ол Надаб пен Әбиһудің күнәсіна тікелей жауапты болмаса да, құрбандықтың етін жегендері Ехобаға ұнамайды деп ойлаған шығар (Леу. 10:19).
Һаронның түсінігі бойынша, оның отбасы мүшелері алдымен өздерінің діни міндеттерін атқаруға кіріскен күні Құдайға тіпті кішігірім істерде де ұнамды болудың қамын ойлауға тиіс. Алайда Надаб пен Әбиһу Ехобаның есіміне кір келтіргендіктен, олар Құдайдың қаһарына ұшырады. Сондықтан Һарон осындай күнә жасалған отбасындағы басқа діни қызметкерлердің қасиетті құрбандықты жегені дұрыс емес деп есептесе керек.
Бауырының жауабына Мұсаның көңілі толғанға ұқсайды, өйткені бұл туралы: “Мұса осыны естіді де, келісімін берді”,— делінген (Леу. 10:20). Һаронның жауабы Ехобаның да көңілінен шықты деуге негіз бар.