Оқырман сауалдары
Ехобаның пұтқа табынуға тыйым салатыны белгілі. Ендеше, неге ол алтын бұзау жасағаны үшін Һаронды жазаға тартпады?
Мысырдан шығу кітабының 32-тарауында Һаронның алтын бұзау жасағаны айтылған. Бұл Құдайдың пұтқа табынбауға қатысты заңына қайшы әрекет еді (Мыс. ш. 20:3—5). Сондықтан ‘Жаратушы Ие Һаронға ашуланып, оны өлтірмекші болды; сол кезде [Мұса] Һарон үшін де дұға етті’ (Заң. қ. 9:20). Әділ Мұсаның сол кезде айтқан дұғасының “күші орасан зор” болды ма? (Жақ. 5:16). Иә, Ехоба Мұсаның өтінішіне бола Һаронды кешіргенге ұқсайды. Сонымен қатар оның бұлай етуіне, кем дегенде, тағы екі себеп болған сияқты.
Біріншісі — Һаронның әрқашан адал адам болғаны. Мұсаға перғауынның алдына бару және исраилдіктерді Мысырдан алып шығу тапсырылғанда, Һарон Мұсаға еріп жүріп, оның атынан сөйлеуге тағайындалды (Мыс. ш. 4:10—16). Ехобаның тілін алған екеуіне Мысырдың қыңыр патшасының алдына бірнеше қайтара барып, оның дөрекі сөздерін тыңдауға тура келген. Демек, Мысырда жүрген кезінде-ақ Һарон Ехобаның адал да табанды қызметшісі екенін іс-жүзінде дәлелдеді (Мыс. ш. 4:21).
Сондай-ақ бұл оқиғаның қандай жағдайда орын алғанына назар аударайықшы. Мұсаның Синай тауына көтерілгеніне 40 күн болды. Оның “тау басынан ұзақ уақыт бойы төмен түспегенін көрген халық” Һароннан өздеріне тәңір мүсінін жасап беруін талап етті. Сонда Һарон алтыннан бұзаудың мүсінін жасады (Мыс. ш. 32:1—6). Ол мұны халықтан қорыққандықтан жасаған болса керек, өйткені кейінгі әрекеттерінен Һаронның пұтқа табынушылықты қолдамағаны анық көрінеді. Мәселен, пұтқа табынғандар әділ жазаға тартыларда, барлық леуіліктер Ехобаның жағында екенін көрсетті. Олардың арасында Һарон да бар еді. Ал пұтқа табынушылыққа тікелей кінәлі болған үш мыңдай адам өлімге кесілді (Мыс. ш. 32:25—29).
Содан соң Мұса халыққа: “Сендер зор күнә жасадыңдар”,— деді (Мыс. ш. 32:30). Яғни күнә жасалғанына Һарон ғана кінәлі емес еді. Сондықтан Һарон да, бүкіл халық та Ехобаның кешіріміне мұқтаж болды.
Осы оқиғадан кейін Ехоба Һаронды бас діни қызметкер етіп тағайындауды бұйырды. Ол Мұсаға: “Һаронға арнайы киімдерін кигізіп, май жағу рәсімін орындап, оны діни қызметкерім болуға Өзіме бағышта”,— деді (Мыс. ш. 40:12, 13). Ехоба Һаронның әлсіздіктен жасаған күнәсін кешіргені анық. Өйткені Һарон пұтқа табынушы емес, Ехобаға шын берілген қызметші болған.