Құдайға жақында
“Ол әрқайсымыздан алыс емес”
ОСЫ ұлан-ғайыр әлеммен салыстырғанда, адам түкке тұрғысыз болып қалады. Бәлкім, сіз: “Қарапайым пенделер үшін құдіреті шексіз Құдаймен жақын қарым-қатынаста болу мүмкін бе?”— деп ойлаған боларсыз. Бұл Ехоба Құдайдың өзі қаласа ғана мүмкін болмақ. Ал ол мұны қалай ма? Осы сұрақтың көңіл жұбатарлық жауабы Елшілердің істері 17:24—27 тармақтардағы елші Пауылдың Афины қаласының білімдар адамдарына айтқан әсерлі сөздерінен көрінеді. Онда Пауыл Ехобаға қатысты төрт нәрсеге назар аударады.
Біріншіден, Пауыл Құдайдың ‘әлемді және ондағының бәрін жаратқанын’ айтады (24-тармақ). Әлемнің сұлулығы мен ондағы жаратылыстардың сан алуандығы жанымызды рақатқа бөлеп, Жаратушымыздың қамқорлығы мен сүйіспеншілігін паш етеді (Римдіктерге 1:20). Осындай Құдай өзіне қымбат жаратылыстарынан алшақ жүргісі келеді деп ойлаудың өзі ақылға сыймайтын нәрсе емес пе?
Екіншіден, Ехоба “барлығына өмір, дем және қажеттінің бәрін сыйлайды” (25-тармақ). Құдай — өмірдің қайнар көзі (Забур 35:10). Өмірімізге аса қажет ауа, су және азық-түлік оның сый-тартулары болып табылады (Жақып 1:17). Олай болса, жомарт Құдайымыз өзі туралы білім алып, оған жақындауымызға мүмкіндік бермеу үшін бізден жасырынады деп ойлау қисынсыз емес пе?
Үшіншіден, Құдай ‘бір адамнан бар ұлттарды таратқан’ (26-тармақ). Ехоба бет-жүзге қарамайды және ешкімді алаламайды (Елшілердің істері 10:34). Оның басқаша болуы мүмкін емес те. Құдай “бір адамды”, яғни Адам атаны жаратып, одан барлық ұлт пен нәсіл таратты. Сондықтан ол “барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды” (Тімотеге 1-хат 2:4). Демек, кез келген нәсілден, ұлттан және этникалық топтан шыққан адамдардың Құдайға жақындайтын мүмкіндіктері бар.
Төртіншіден, Пауыл: “Ол әрқайсымыздан алыс емес”,— деп ең зор жұбаныш беретін шындықты айтқан (27-тармақ). Ехобаның асқақтығына қарамастан, ақ жүректі адамдар оған әрқашан жақындай алады. Киелі кітапта біз Құдайды ‘шақырсақ болды, қасымыздан табылатыны’ айтылған (Заңды қайталау 4:7).
Пауылдың сөздерінен Құдай біздің өзімен жақын қарым-қатынаста болғанымызды қалайтынын анық көруге болады. Алайда ол мұндай мүмкіндікті өзін ‘іздейтін’ және ‘қарманып жүргендей іздестіретін’ адамдарға ғана береді (27-тармақ). Киелі кітап аудармашыларына арналған бір еңбекте “бұл етістіктің екеуі де қол жеткізуге болатын мүмкіндікке... немесе қалауға нұсқайтыны” айтылған. Мысалы, қараңғы, бірақ таныс бөлмеде жарық қосқышты немесе есікті қарманып іздеуіміз мүмкін, алайда оны тауып алатынымызға сенімдіміз. Тура сол сияқты Құдайды шын жүректен іздейтін болсақ, оны табатынымызға сенімді болуымызға болады. Пауыл Құдайды ‘тауып алатынымызды’ сенімділікпен айтқан (27-тармақ).
Сіз Құдайға жақындағыңыз келе ме? Егер Құдайды сеніммен ‘іздеп’, ‘қарманып жүргендей іздестіретін’ болсаңыз, бұған ешқашан өкінбейсіз. Ехобаны табу қиын емес, себебі “Ол әрқайсымыздан алыс емес”.