Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w08 1.10. 4—9 бет.
  • Қайғымен қалай күресуге болады?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Қайғымен қалай күресуге болады?
  • 2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Қайғы деген не?
  • Қайғымен күресу
  • Құдайға жақындаңыз
  • Қайта тірілуге деген үміт
  • “Қайғырғандардың қайғысына ортақ болыңдар”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Бұл санда: Қайғырған жүректің емі
    Ояныңдар! 2018
  • Кіріспе
    Ояныңдар! 2018
  • Жақын адам өмірден өткенде
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (көпшілікке арналған). 2019
Көбірек мәлімет
2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w08 1.10. 4—9 бет.

Қайғымен қалай күресуге болады?

“[Жақыптың] қасына ұл-қыздары келіп, әкелерін жұбатпақшы болды. Бірақ ол: “Мен о дүниеге ұлымның қасына аттанғанша қайғырып өтемін”,— деп жұбанбады. Әкесі ұлын осылайша зар жылап жоқтай берді” (ЖАРАТЫЛЫС 37:35).

РУБАСЫ ЖАҚЫП баласы туралы суық хабар естігенде, қатты қайғырды. Ол өле-өлгенше қайғырып өтемін деп ойлады. Бәлкім, сіз де жақыныңыздан айырылғанда, қайғыдан ешқашан арыла алмаспын деп ойлаған шығарсыз. Мұндай зор қайғыға батқанымыз Құдайға деген сенімнің әлсіздігін білдіре ме? Әрине, жоқ!

Киелі кітапта Жақыптың сенімі зор кісі болғаны айтылған. Ол атасы Ыбырайым мен әкесі Ысқақ сияқты берік сенім танытқаны үшін мақталған (Еврейлерге 11:8, 9, 13). Бірде Жақып Құдайдың батасына ие болу үшін тіпті түні бойы періштемен күрескен! (Жаратылыс 32:24—30). Жақыптың Құдаймен қарым-қатынасы берік болғаны анық. Олай болса, оның қасірет шеккенінен не білуге болады? Адам қайғыға батса, бұл оның Құдайға деген сенімінің әлсіз екенін білдірмейді. Жақыны қайтыс болған адамның қайғырғаны — кәдімгі нәрсе.

Қайғы деген не?

Қайғы бізге әртүрлі әсер етуі мүмкін, бірақ адамдардың көбісіне өлім үлкен күйзеліс әкеледі. Леонардоның мысалын қарастырайық. Оның әкесі жүрек пен тыныс алу жүйелері ауыруынан қайтыс болғанда, Леонардоның жасы 14-те еді. Туысқан апасы суық хабар алып келген күнді Леонардо ешқашан ұмытпайды. Алғашқыда ол бұған сене алмады. Тіпті әкесін жерлеп жатқанда да, бұл оған сенгісіз нәрсе болып көрінді. Леонардо алты айға жуық уақыт бойы жылай алмады. Жиі оған әкесі жұмыстан келіп, үйге кіріп келетіндей болып көрінетін. Ол шамамен бір жылдан кейін ғана әкесінің жоқ екенін түсіне бастады. Сонда өзін жападан жалғыз қалғандай сезінді. Әсіресе, бос үйге кіргенде, әкесінің жоқтығы есіне түсетін. Осындай сәттерде ол жаны күйзеліп, қатты жылайтын. Леонардоның сол кездегі сағынышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!

Леонардоның жағдайынан жақсы көрініп тұрғандай, қайғы жанға қатты батуы ықтимал. Сөйтсе де уақыт емші деген. Тәнге түскен жара жазылу үшін уақыт қажет, сол сияқты жан жарасы да айлап, жылдап тіпті бұдан да ұзақ уақыт бойы жазылуы мүмкін. Алайда уақыт өте келе адамның қайғысы жеңілдеп, өмірдің мәні мен сәні қайта қалпына келе бастайды.

Қайғыны сыртқа шығару жан жарасы жазылып, жаңа жағдайларға бейімделуге жақсы көмектеседі. Жақын адам өмірден өткенде, оның орны босап қалатындықтан, енді онсыз өмір сүруге бейімделуіміз керек. Қайғыны сыртқа шығарсақ, жеңілдік сезініп қаламыз. Әрине, әркім әртүрлі жолмен шер шығарады. Алайда бір нәрсені нақты айтуға болады: Егер іштен тына беретін болсаңыз, бұл ойыңызға, сезіміңізге және тәніңізге зиянын тигізуі мүмкін. Олай болса, қалай шер шығарған пайдалы? Киелі кітапта бұған қатысты тиімді кеңестер беріледіa.

Қайғымен күресу

Жақынынан айырылған көп адам сөйлесудің пайдалы екенін түсінген. Мысалы, он баласының бәрі қайтыс болған және басқа да қасірет шеккен Әйүп деген кісінің сөздеріне көңіл бөліңізші. Ол былай деді: “Өмірімнен жаным түңіліп кетті; қайғыма берілейінші [“шерімді шығарайыншы”, ЖД]; жанымды ашындырған жайт жайлы сөйлейтін болайын” (Әйүп 1:2, 18, 19; 10:1). Байқасаңыз, Әйүпке шерін шығарып алу керек болған. Қалайша? Ол: “Сөйлейтін болайын”,— деген.

Анасы қайтыс болған Пауло: “Маған анам туралы сөз қозғау көп көмектесті”,— дейді. Иә, сенім артатын доспен сөйлесіп, шер тарқатқанда, әдетте, адам жеңілденіп қалады (Нақыл сөздер 17:17). Ионенің анасы қайтыс болғанда, ол мәсіхші бауырластарынан жиі келіп тұруын өтінген. Ол: “Сөйлескенде жеңілдеп қалатынмын”,— деп есіне алды. Жанашыр адаммен сөйлесіп, мұң шаққанның арқасында қайғымен күресуіңіз де жеңілірек болуы мүмкін.

Жазудың да көп пайдасы бар. Кейбір адамдарға сөйлескеннен гөрі, ішкі сезімдерін қағаз бетіне түсіру оңай болуы мүмкін. Адал кісі Дәуіт Саул мен Жонатанның өлімінен кейін ішіндегісін ақтарып, жоқтау жырын жазады. Осы жоқтау жыры Киелі кітапта жазылған (Патшалықтар 2-жазба 1:17—27).

Жылау да жеңілденіп қалуға көмектеседі. Киелі кітапта бәрінің өз уақыты бар және жылап-сықтаудың да уақыты бар екені айтылған (Екклесиаст 3:1, 4). Иә, жақынымыздың өмірден өтуі “жылап-сықтаудың уақыты” болып табылады. Адам қайғырғандықтан жыласа, онысы ұят болып есептелмейді. Киелі кітапта адалдық танытқан көптеген ерлер мен әйелдердің қайғысы суреттелген. Олар көз жастарын жасыруға тырыспаған (Жаратылыс 23:2; Патшалықтар 2-жазба 1:11, 12). Мысалы, Иса Мәсіх жаңа қайтыс болған досы Елазардың қабірінің басына барып, ‘көзіне жас алған’ (Жохан 11:33, 35).

Жақынынан айырылған адамның ішкі дүниесі алай-түлей болатындықтан, мұндай күймен күресу үшін шыдамдылық қажет. Көз жасын жасырудың қажеті жоқ екенін ұмытпаңыз. Құдайдың көптеген адал қызметшілері адамның қайғыдан жылағаны орынды екенін, әрі бұл жеңілдік сезіну үшін мұның қажет екенін білген.

Құдайға жақындаңыз

Киелі кітапта: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”,— делінген (Жақып 4:8). Құдайға жақындаудың негізгі жолдарының бірі — дұға ету. Дұғаға немкетті қарамаңыз. Құдай Сөзінде: “Жаратушы жүректері шерлі пенделерге жақын жүреді және рухы күйрегендерді құтқарады”,— деген уәде жазылған (Забур 33:19). Сондай-ақ онда: “Өзіңнің шаруаңды Жаратушыға тапсыр, және де Ол сені қолдайды. Тақуа адамның шайқатылуына Ол ешқашан жол бермейді”,— делінген (Забур 54:23). Осы жөнінде ойланып көріңізші. Жоғарыда айтқанымыздай, көп адам сенімді досымен сөйлесіп, шер тарқатудың пайдалы екенін байқаған. Олай болса, жұбаныш беруді уәде етіп жатқан Құдайға ішіміздегіні ақтарғанымыз одан да пайдалы болмай ма? (Салониқалықтарға 2-хат 2:16, 17).

Жоғарыда айтылып кеткен Пауло былай дейді: “Қайғы қабырғамды қайыстырып, төзімім таусылған кезде, тізерлеп отыра қалып, Құдайға дұға айтатынмын. Оның көмегін сұрап жалбарынатынмын”. Пауло дұғаның көп көмегін көрді. Табандылықпен айтқан дұғаларыңызға жауап ретінде “жұбаныш атаулының қайнар көзі” — Жаратушы Ие сізге де қайғымен күресуге күш-жігер береді (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4; Римдіктерге 12:12).

Қайта тірілуге деген үміт

Иса: “Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін. Маған сенетін адам өлсе де, шынайы өмір сүретін болады”,— деген (Жохан 11:25). Киелі кітапта өлген адамдардың тірілетіні айтылғанb. Иса жерге келгенде, өлген адамдарды қайта тірілте алатынын көрсеткен. Бір жолы ол 12 жасар қызды тірілткен. Бұл оның ата-анасына қалай әсер еткен еді? “Олардың қуанышында шек болмады” (Марқа 5:42 ЖД). Құдайдың көктегі Патшалығы келгенде, оның Патшасы Иса Мәсіх татулық пен әділдік орнаған жер бетіне сансыз көп адамды қайта тірілтеді (Елшілердің істері 24:15; Петірдің 2-хаты 3:13). Өліп кеткен жақындарымен қайта қауышқанда, адамдардың қалай қуанатынын көз алдарыңызға елестетіп көріңізші!

Клаудет ұшақ апатында қайтыс болған ұлы Ренатоның суретін тоңазытқыштың үстіне қойып қойған. Ол жиі ұлының суретіне қарап: “Сен тірілгенде қайта қауышатын боламыз”,— дейді. Ал Леонардо болса Құдай уәде еткен жаңа дүниеде әкесімен қайтып кездесіп жатқанын көз алдына елестетеді. Расында да, қайта тірілу үміті осы адамдар үшін және жақынынан айырылған басқа да сансыз көп адамдар үшін нағыз жұбаныштың көзі болып табылады. Мұндай жұбанышқа сіз де ие бола аласыз!

[Сілтемелер]

a Жақын адам қайтыс болғанда, балаларға қалай көмектесуге болатыны осы журналдың 24—26 беттеріндегі “Балаңызға қайғымен күресуге көмектесіңіз” деп аталатын мақалада жазылған.

b Киелі кітапта айтылған қайта тірілуге қатысты көбірек мәлімет алу үшін, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 7-тарауын қараңыз.

[7-беттегі қоршау/сурет]

“Құдай Әкеміз, жұбаныш атаулының қайнар көзі”

“Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдай мадақталсын! Ол — қайырымды Құдай Әкеміз, жұбаныш атаулының қайнар көзі” (Қорынттықтарға 2-хат 1:3).

Киелі кітаптағы осы тармақтан Құдай өзінің адал қызметшілеріне кез келген қиындыққа төзуге көмектесетінін көреміз. Ол бізге жұбаныш беру үшін бір сенімдегі достарымызды не туыстарымызды қолданады.

Әкесі қайтыс болған Леонардо өзіне жігер мен жұбаныш берген оқиғаны есіне алады. Бірде ол үйіне келгенде, онда ешкімнің жоқ екені есіне түсіп кетеді де, өз-өзін тоқтата алмай жылай бастайды. Бұдан соң жақын арадағы саябаққа барып, орындыққа отырады. Көз жасын тыя алмаған ол Құдайға жалбарынып көмек сұрайды. Сол сәтте оның жанынан өтіп бара жатқан көлік тоқтай қалады да, ішінен өзі танитын мәсіхші бауырласы шығады. Көлігімен заттар тасып жүрген бұл кісі байқаусызда басқа жолға түсіп кеткен екен. Оның қасында болғанының өзі Леонардоға зор жұбаныш берді.

Бірде жұбайы қайтыс болған бір кісі жалғыздық жанына батып қатты қиналады. Өмірден түңіліп кеткен ол өзін-өзі тоқтата алмай ұзақ жылайды. Ақырында ол Құдайға жалбарынып көмек сұрай бастайды. Сол сәтте немере қызы оған телефон шалады. Кейінірек, бұл кісі былай деп есіне алады: “Біз қысқа ғана сөйлестік, бірақ осының өзі маған күш берді. Бұл Құдайдың дұғама берген жауабы болды. Басқаша болуы мүмкін емес”.

[9-беттегі қоршау]

Басқаларға жұбаныш беру

“[Құдай] бізді барлық азаптарымызда жігерлендіреді. Осылай Құдайдың өзімізді жігерлендірген жұбанышымен біз де әр түрлі қайғы-қасірет шегіп жүргендерді жігерлендіре аламыз” (Қорынттықтарға 2-хат 1:4).

Көптеген шынайы мәсіхшілер осы сөздердің растығына көз жеткізген. Жақындарынан айырылғанда жұбаныш алған олар енді, басқаларды жігерлендіріп, жұбата алатындарын біледі.

Басқаларға Киелі кітапқа негізделген сенімі туралы үнемі айтатын Клаудеттің мысалын қарастырайық. Ұлы қайтыс болмай тұрғанда, ол баласы аққан ауруынан қайтыс болған бір әйелге барып жүретін. Бұл әйел Клаудеттің келгенін ұнататын, алайда Клаудет өзін ешқашан толығымен түсіне алмас деп ойлайтын. Клаудеттің ұлы қайтыс болған соң, көп ұзамай бұл әйел оған тағы барып, оның сенімі бұрынғы күйінде қалған-қалмағанын көру үшін келгенін айтады. Клаудеттің берік сеніміне таңғалған ол бүгінде Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеп жүр және Құдай Сөзінен зор жұбаныш алуда.

Леонардо әкесінен айырылған соң, Киелі кітаптың жұбаныш беретін хабарын саңырау адамдарға жеткізу үшін ым тілін үйрене бастайды және мұның өзіне де зор пайдасы тиіп жатқанын байқайды. Ол былай дейді: “Қайғының түбіне түсіп кетпеуіме көмектескен нәрселердің бірі — саңырау адамдарға Құдай жайында білуге көмектесуге деген ықыласым. Мен оларға көмектесу үшін көп уақыт пен күш жұмсадым. Ал менімен Киелі кітап зерттеген адамдардың алғашқысы шомылдыру рәсімінен өткенде, жүректегі шерім қуанышқа ұласты! Сол сәтте, әкем өлгеннен кейін, мен алғаш рет шын жүректен қуандым” (Елшілердің істері 20:35).

[5-беттегі сурет]

Біреумен сөйлесіп, шер тарқатудың арқасында адам жеңілдеп қалады

[6-беттегі сурет]

Ішкі сезімдерімізді қағаз бетіне түсіргеніміз жақсы көмектеседі

[6-беттегі сурет]

Қайта тірілу жайлы оқу нағыз жұбаныш береді

[8, 9-беттердегі сурет]

Иса өзіне сенетін адамдарды қайта тірілтетінін айтып, уәде етті

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу